28 қыркүйек күні Алматы қаласының академиялық драма театрларының жаңа маусымын ашу тізгінін М.Ю. Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры ұстады. 85 жылдығын атап өткен іргелі театр биылғы жылы да өз көрермендерін жағымды жаңалықтарымен қуантпаққа асығуда. Оның бірден-бір дәлелі – театр маусымының шымылдығын ашып берген премьера. Бұл – поляк драматургы Тадеуш Слободзянектің қаламынан 10 жыл бұрын туған «Наш класс. История в 14 уроках» пьесасының Қазақстанда осымен екінші рет қойылуы. Бұған дейін ол Б. Омаров атындағы «Жас сахна» театрының репертуарынан ойып орын алғаны театр сүйер көпшілікке аян. Спектакль алғаш рет Қазақстанда 2015 жылдың 5 мамырында тәуелсіз «Жас сахна» театрының көркемдік жетекшісі әрі режиссері Барзу Абдураззаковтың режиссерлігімен қойылған болатын. Санкт-Петербург қаласында өткен «ArtОкраина» халықаралық фестивалінің гран-при иегері атанған қойылым премьерадан кейін де өз көрерменін жоғалтқан емес. Керісінше, уақыт өткен сайын, ізденімпаз театрдың аудиториясы кеңейіп, ондағы сан түрлі спектакльдерге деген қызығушылық та артып келеді. Алматылық театрсүйерлер үшін бүгінде жас ұжымның төлқұжатына айналған спектакльді енді шетелдік режиссердің сахналауымен академиялық театр сахнасынан тамашалау мүмкіндігі туып отыр. Грузиялық атақты режиссер Георгий Маргвелашвили қойған спектакльдің премьерасы да жоғары деңгейде өтіп, көпшіліктің оң бағасына ие болды. Соңғы жылдары шетелден арнайы режиссер шақырту арқылы спектакль қою, тәжірибе алмасу мәселесі қолға алынып, отандық театр өнерінің кемелденуі жолында бірқатар еңбектер жасалынып жатқаны қуантады.
Ендігі жерде екі театрдың спектакльдеріндегі ерекше атап өтуге тұрарлық үлкенді-кішілі айырмашылықтарын саралап өтуді жөн көрдік. Спектакльдерді бір-бірімен салыстыру, бірінің екіншісінен артықшылықтары мен әттеген-ай тұстарын жіпке тізу – тек кәсіби мамандардың ғана емес, қатардағы көрермендердің талқылауына ұласты. Алғаш қойылған – «Жас сахналықтар» пьесаны «Одноклассники. Уроки жизни» деген атпен өзгертіп, көрерменге ұсынса, кеше ғана премьерасы өткен орыс театры «Наш класс. История в 14 уроках» деп аталатын пьеса атауының түпнұсқасын қалдырған. Режиссерлердің екі түрлі идеясы мен стилистикасына байланысты, сценографиясындағы элементтер мүлде бір-бірімен тоғыспайды. Грузин режиссерінің нұсқасы декорация мен реквизиттерге әлдеқайда «бай» болғанын байқау қиын емес. Ал, жас театр режиссері Барзу Хабибуллаевич жай орындықтарды ғана пайдаланып, күллі оқиғаны мінсіз режиссуралық шеберлікпен жеткізді. Бір айта кететін жайт, екі қойылымның да мизансценалары ұтымды қойылып, ерекше әсрмен оқылып отырады. Сондай-ақ, актер ойынына зер сала отырып байқайтын дүниеміз – екі режиссердің актерларға қойған талаптары мен сұраныстарының әркелкілігінде жатыр.
Иә, бір оқиға негізінде сахналанған. Иә, сол бірдей образдар. Алайда, бейнелердің актер жанынан туылуы әркелкі болуы – қызықты фактор. Актерлік ойын турасында айтар болсақ, әрбір әртіс өзіндік ойын өрнегімен, өзіне тән шеберлік деңгейімен ерекшеленеді. Мәселен, Абрам бейнесін жасауда екі трауппаның да актерлерінде (В. Баласов, М. Сарыбай) сыртқы тұлғасы мен кейіпкержандылық процесін пайдалануда ұқсастықтары бар. Рахельканы ойнаған актриса Виктория Павленконың ойынынан оқушыдан егде жастағы әйелге дейін өсу процесі шеберлікпен жасалғанын атап айтуға болады. Жалпы, «Наш класс. История в 14 уроках» спектакліндегі барлық кейіпкерлер ешқандай грим көмегінсіз кейіпкерлердің есеюін ішкі пластикамен көркем жеткізе білген. Ал, Абдураззаков спектаклінде, әдеттегідей формалық ерекшелік пен қойылымның ішкі жан тебіренісіне, көрерменмен арадағы көпірге көбірек мән берілген.
Академиялық театр спектакльді антрактсыз 3 сағат 30 минут бойы ойнап шықса, «Жас сахна» шығарма мәтінін интерпретациялап, 2 сағат 10 минутқа ықшамдап қойған. 2009 жылы Лондондағы Ұлттық театрда әлемдік деңгейде тұсауын кескен спектакльдің арқауы болған пьеса – Польшаның бас әдеби жүлдесін жеңіп алған. Осыған қарап-ақ шығарма материалының ізденімпаз режиссерлердің назарына ілігу себебін болжау қиын емес. Бір ғана идеямен көкжиегі шектелмеген драмалық шығарманың берері мол. Адами құндылықтардан бастап, саяси өмірге дейін қамтыған пьеса көптің көңілінен орын алатындығына сенім осыдан пайда болса керек. Кейіпкерлерінің барлығының прототипі бар оқиға тарих төңірегінен болғандықтан, оны 2 тарап та мейлінше шынайы жеткізуге тырысқан.
27 қыркүйек күні болған «жабық репетициядан» кейін труппа мен режиссер қатысуымен спектакльдің ашық талқылауы өткен болатын. Талқылауға арнайы шақырылған БАҚ өкілдері, театр актерлері мен қызметкерлері, студенттер, сондай-ақ «Жас сахна» театрының «Одноклассники. Уроки жизни» спектаклінің толық құрамы бой көрсетті. Кеш барысында қарапайым көрермен актерлардың шеберлігі турасында, режиссердің жасаған еңбегі бойынша, жалпы, біртұтас жұмыстың құрылымы мен стилі жайында, спектакльдің сәтті не сәтсіз шығуы хақындағы ойларын ортаға салды. Ақырында, екі театрдың туындысын салыстыра келе, екіжақты пікірге бөліну орын алды. Бірінші тарап «Жас сахна» театрының қойылымынан кейін екінші нұсқада қабылдау ауырға соққанын, бірінші алған әсердей болмағандығын айтып, кәсіби тұрғыда емес сыни ескертпелер жасаған көрермендер болса, екіншілері – «3 сағаттан астам уақыт бойы сахнаға жанын берген актерлердің еңбегін жоққа шығаруға болмайды» деген ойды алға тартқан театр актерларының аға буын өкілдері мен өзге де қызметкерлері еді. Еркін форматта өткен жиында кез келген көрермен актерлік құрамға жүрекжарды тілектерін де, түзетуге сұранып тұрған кем-кетік тұстарын да айтуға құқылы екені ескертілген. Әйткенмен де, Лермонтов театрының актерлері мен жалпы, спектакль тарапына айтылған осынау пікірлер қойылымның көркемдің қуатының төмендігі туралы айтып тұрған жоқ. Керісінше, оның көрерменді осылайша сан-салалы ойда қалдыруы – ұжымдық төгілген терді ақтап, спектакльдің миссиясының орындалғанын дәлелдегендей.
Біткен іске сыншы көп. Осы орайда, ашық талқылау – театр мен қоғамды бір қадамға жақындастыра түсетін әдістердің бірі деп қарастыруға болады.
Сын-ескертпе жасалар, айтылар, жазылар – қабылдауға кеудесі мен зейінін тосқан өнерге қызмет етушілер табылса.