Театр фестивалі – бұл тек заманауи өнер оқиғасы ғана емес, сонымен бірге мәдени-туристік құбылыс, белгілі бір қаланы, облысты, елді танымал етуге бағытталған көрініс. Елімізде фестивальдік қозғалыстың аясы жылдан жылға кеңіп жатқанын баршамыз көріп отырмыз. Солардың ішінде соңғы жылдары өзінің тұрақтылығымен, қызықты бағдарламасымен, кәсіби театр сыншыларынан құралған қазылар алқасының пікір‑таластарымен көзге түсіп жүрген фестиваль – Көкшетаудағы Ақмола облыстық орыс драма театры ұйымдастырып жүрген «Те-ART-Көкше» халықаралық театр фестивалі. Фестивальдің арт‑директоры Б.Бахтыгереевтің басшылығымен жас мамандардың мәдениет пен өнердің заманауи түрлерінің көкжиегін кеңейтуге, мәдени ортаны қалыптастыруға, тарихи-театрлық мұра мен әлемдік мәдениеттердің дәстүрлі құндылықтарына терең бойлауға шақыратын форум‑зертхананың жұмысымен мерекелік іс‑шараны жалғастырып отыр.
Жер шоқтығы атанған Көкшетаудың әсем де көрікті Бурабайында орналасқан «Зеренді» шипажайында 13-18 қыркүйек аралығында «Те-ART-Көкше» Халықаралық театр фестивалінің форум‑зертханасы өтті. Ақмола облыстық орыс драма театрының ұйымдастыруымен екінші рет өткізіліп отырған бұл іс‑шараның басты мақсаты – бүгінгі театр мамандарының біліктілігін арттырумен қатар шығармашылық байланыстар орнату, жаңа жобалардың бастамасында тұру. «Өрелі өзгеріс – ілкімді істер бастауы!» айдарымен өткен форум Ақмола облысы әкімдігінің және Қазақстандағы Ресей ғылым және мәдениет «Русский дом» орталығының қолдауымен жоғары деңгейде болды. «Менеджмент және креативті продюссерлеу», «Актерлік шеберлік», «Театр журналистикасы», «Режиссура» бағыттары бойынша жүргізген Ресейлік және отандық мамандардың шеберлік‑сыныптары мен дәрістеріне еліміздің бірқатар театр режиссерлері, актерлері мен әдебиет бөлімінің меңгерушілері, БАҚ қызметкерлері үшін таптырмас тәжірибе көзіне айналды.
Осы күндері «Режиссура» бағыты бойынша қатысқан мамандармен Қалмақ Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Батыр Колаев «Қозы‑Көрпеш – Баян сұлу», режиссер Вячеслав Виттих «Еңлік – Кебек», режиссер Аян Әлімбаев «Өлгендер қайтып келмейді» пьесалары бойынша қойылым нобайларын жасап, форумның соңында көрермен назарына ұсынды. Ал, арнайы шақыртумен Ресей театр өнері академиясынан (бұрыңғы ГИТИС) келген педагогтар: Олег Волынцевтың сахна қозғалысынан, Татьяна Васильеваның сахна тілінен, Татьяна Морозованың актерлік шеберліктен берген тәжірибелік дәрістері де біздің жас мамандарға үлкен сабақ болғанын қатысушылардың өздері де жасырмады. Орыстың ұлы шеберлері мен басқа елдердің мектептерінің әдістемесінің негізін бұзбай, әр актерді актерлік өнерді оқытудың әдістемелері мен әдістерін түзетуге егжей-тегжейлі салыстырмалы талдау жүргізіп тәжірибелік жаттығулар арқылы нақты қарастырады.
Еліміздің театр менеджментінің білгір мамандары деп танылып жүрген Алматы мемлекеттік қуыршақ театрының директоры Есеналиев Талғат Қамқабайұлы мен Ақмола облыстық орыс драма театрының басшысы Бахтыгереев Бейбіт Салауатұлының бүгінгі театр өндірісін қалай дамыту керектігіне жауап беретін дәрістері өте қызықты әрі сахна өнерін ұйымдастырудың қыры мен сырын, отандық әрі шетелдік тәжірибені салыстыра, байланыстыра отырып айтылуы да мағыналы болды. Ресейден келген тағы бір спикер –Inter Media ақпараттық агенттігінің бас редакторы, журналист Евгений Сафронов өз саласының қатысушыларына қазіргі театр өнерін ақпараттық құралдар мен интернет желілерінде насихаттау жұмыстарына тоқталды. Айта кететін жайт, еліміздің мамандарының да шетелдік мамандардан бір елі қалыспай, өз істерінің нағыз шеберлері екеніне қуана көз жеткіздік.
Форум аясында Қазақстанның театр директорларының Кеңесі де өзінің кезекті мәжілісін өткізді. Жиында Кеңестің төрағасы, форумның арнайы қонағы М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театрының директоры Еркін Тілеуқұлұлы Жуасбек қазіргі басшылардың алдына көлденеңдеп келіп тұрған сұрақтарға баса назар аударып, профсоюз мәселесі бойынша «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Иманқұлова Светлана Кеңесқызы мен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақстандық авторлық қоғам» РҚБ бас директоры, белгілі актер Есеналиев Байғали Мақұлбекұлымен арнайы кездесу жасап көкейкесті мәселелерді көтерді. Астана, Алматы, Қарағанды, Түркістан, Шымкент, Өскемен, Ақтау, Петропавлдан келген театр басшылары өз пікірлерімен бөлісіп, отандық театр өнерін ұйымдастыру жұмыстарына, менеджментіне байланысты біршама ұсыныстар жасады.
Сонымен қатар, Ақмола облыстық орыс драма театры форумның қатысушылары мен қонақтарына жаңа қойылымдарын ұсынды. М.Әуезовтың «Көксерек» әңгімесі бойынша арнайы Татарстаннан шақыртылған режиссер Тимур Куловтың қойылымы интерпретациялық шешімімен таңқалдырды. Вестерн жанрында шешілген бұл спектакльде адам мен табиғат арасындағы байланысқа терең бойлап, автор идеясын, өзінің ой-тұжырымын актер ойыны арқылы жүзеге асырған. Орындаушылардың әр сөздің астарын ашып, екінші планды сезінуінің арқасында спектакльде актерлік ансамбль, сахналық тұтастық бар. Қасқырдың психологиясының сан-қилы қалтарысын ақтарып, кейіпкерлердің оқыс қимылға баруы осы қойылымда айқын көрініс берген. Актерлердің бірнеше рольді қатар атқарып, бір бейнеден екінші бейнеге ауысу сәттерінің өзі органикалық болуы, түрлі аспаптар арқылы әуенмен көмкеруі, пластикасының нақтылығы қойылымның темпоритмін бір қалыпта ұстауға мүмкіндік берген. Бәрімізге бала кезімізден таныс оқиғаның өзі қазақ даласында емес, Жабайы Батыстың салунында (салун – кавбойлардың кафесі) өтуі – екі түрлі мәдениетті, жағрапиялық жағынан бір‑бірінен мүлдем алыс жерлерді байланыстырып қана отырмай, сондай‑ақ, бала мен бөлтірік, адам мен қасқыр, адамзат пен табиғаттың арасындағы қарым‑қатынасының бүкіл әлемге ортақ екендігін дәлелдей түскендей. Және әр көрініс кейіпкерлер әрекет жасайтын оқиға орны ғана емес, олардың тағдырының жалғасы, басы мен аяқталуы бар өмірдің жанды суреті іспеттес.
Ал, келесі ұсынған А.П.Чеховтың «Шағала» қойылымының жанры иллюзия және жалғыздық деп алыныпты. Спектакльдің режиссері, сценографы мәскеулік Петер Норец. Режиссер әр кейіпкердің мінезін бүгінгі замандастарға жақындатып, өз‑өзіне сенімсіз, психологиялық тұрақсыздыққа толы, бір‑бірімен сөйлесіп тұрып, өз сөзінен басқа ештенені естімейтін, жалғыздықтан қажыса да өздері сол жалғыздықты қалап тұрған Чеховтың шағаласына айналдырған. Режиссердің ой‑тұжырымы, алға тартқан идеясы анық оқылғанмен көріністердің арасында бастарына ұзын тұмсықты құстың маскасын киген кейіпкерлерді шығаруы біріншіден қойылымның уақытын созып жіберсе, екіншіден темпоритмін де бәсеңдетіп отырды. Сондай‑ақ, спектакль бойы сахнада шағаланың бейнесінде жүрген кейіпкердің де атқарар жүгі анық болмады.
Үшінші ұсынған қойылым атақты жапон жазушысы Акутагава Рюнокэнің «Расемон» әңгімесі Қалмақ Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Батыр Колаевтың интерпретациясында ұсынылды. Камералық сахнада қойылған бұл шығарма кабуки өнеріне сілтеме жасап, карикатуралық тәсілге сүйенген. Театрдағы театр әдісі пайдаланып, сахна сыртында отырған актер түрлі аспаптармен оқиғаны сүйемелдеп, бір‑екі ауыз жапон тілінде айтылған кейіпкерлердің сөзін орысша баяндауы қойылымның ерекшелігі болды.
Үл түрлі режиссерлік қолтаңбамен, стилистикамен қойылған бұл спектакльдер театрдың репертуарлық саясатқа мұқиятпен қарайтынын, үнемі ізденіс үстінде жүргенін, жаңа тенденциялардан қалыспауға тырысып жатқанын айқын көрсетті.
Форум еліміздің мәдени өміріне шығармашылық инвестицияларды енгізу, театр аралық, мамандар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту жолында үлкен іс атқарғанын дәлелдеді. Бұл іс‑шара жас театр мамандарының біліктілігін шыңдайтын білім беру алаңына айналып, ал форум аясында көрсетілген қойылымдар мен жобалар қарапайым көрерменге де қолжетімді болды.
«Те-ART-Көкше» Халықаралық театр фестивалінің форум‑зертханасы қазақстандық театрлардың шығармашылық әлеуетін ашуға, заманауи театр өнерінің даму тенденцияларын анықтауға, облыс орталығының мәдени ортасын қалыптастырудағы театрдың ролін арттырды. Осы фестиваль мен форумның арқасында Көкшетаудың Қазақтанның театрлық, мәдени және туристік орталығы ретіндегі мәртебесі нығая түсті. Екінші рет өткізіліп отырған форум еліміздің театр режиссерлері мен актерлерінің сүйікті кездесу, қарым-қатынас және шығармашылық тәжірибе алмасу орнына айналғаны сөзсіз.