Мақала
Жастық туралы...
Сахнадағы тоғыз жастық кейіпкерлер өмірге тоғыз түрлі баға береді. Спектакльде әрекет жоқ десе де болады. Көрермендерді эмоцияға бай диологтар мен әңгімелер баурап алады. Басты кейіпкер үшін еріксіз уайым шегесіз
Бөлім: Театр
Датасы: 27.02.2017
Авторы: Айжан Ахмет
Мақала
Жастық туралы...
Сахнадағы тоғыз жастық кейіпкерлер өмірге тоғыз түрлі баға береді. Спектакльде әрекет жоқ десе де болады. Көрермендерді эмоцияға бай диологтар мен әңгімелер баурап алады. Басты кейіпкер үшін еріксіз уайым шегесіз
Бөлім: Театр
Датасы: 27.02.2017
Авторы: Айжан Ахмет
Жастық  туралы...

Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында О.Жанайдаровтың «Жастық туралы...» (Душа подушки) (ауд. С.Балғабаев) пьесасы С.Сраилов режиссурасымен қойылды. Ресейлік жас драматург балабақшадағы құс жастықтар арқылы адам болмысын ашуды көздеген. Мұнда сонымен қатар өмірде таңдау жасау керектігі де айтылып тұр. Пьесадағы мәселелер тура мағынасында айтылған. Шығарманың балаларға арналғанын ескерсек бұл тәсіл орынды. Әрбір жастық өзінде ұйықтайтын баланың ерекшелігін аша түседі. Кішкентайларға арналған жарқын шығарманы С.Сраилов ересек көрермендерге лайықтап шешім жасаған. Балалар пайымымен үлкен мәселелерді көтерген. Пьеса кез-келген жастағы көрермендерге түсінікті тілде жазылған. Жастықтар арқылы айтылған күрделі мәселелер жеңіл, түсінікті жеткізіледі. Режиссер осы ерекшеліктерді ескере отырып жұмыс жасағанда спектакль ауқымы кеңейе түсер еді. С.Сраилов пьесаны сахналауда символдық шешімдерге баруға талпынып отыр.

Сахнадағы тоғыз жастық кейіпкерлер өмірге тоғыз түрлі баға береді. Спектакльде әрекет жоқ десе де болады. Көрермендерді эмоцияға бай диологтар мен әңгімелер баурап алады. Басты кейіпкер үшін еріксіз уайым шегесіз. Бұл автордың жеңісі десек қателеспейміз. Бірақ С.Сраиловтың шешімі бойынша адам жастықтардың ықпалына түскен, пьесада керісінше ғой. Бұл оның шығарманы толық түсінбегенін көрсетіп тұр. Қазіргі қазақ режиссурасында актермен роль үстінде жан-жақты жұмыс істеу, олардың шеберлігін ашу, режиссерлік ой-тұжырымды актер ойыны арқылы толық жүзеге асыру жағы кенже қалып барады. Драматургиялық шығарманың мазмұнын, көркемдік-идеялық ерекшелігін терең зерттеп, толық меңгерудің орнына режиссерлер спектакльдің сыртқы пішініне көбірек мән беріп жүр. Соның ықпалынан сахнадағы бейнелер ашылмай қалған. Жеке кейіпкерлердің жиынтық бейнесін жасаудың орнына сыртқы болмысына ден қойған. Режиссер актерлермен жеткілікті жұмыс жасамағандықтан сахнадағы әрбір орындаушы спектакль басталғаннан нәтижені ойнап кеткен.

Апатай рөліндегі Г.Қазақбаева қартайған жастықты физикалық тұрғыда шаршап ойнайды. Қанша тозығы жеткенімен бала жастанып жатқанын ескере отырып балалықты да ұмытпау керек еді. Орындаушы кәрілікті көрсетуге ден қойғандықтан бір жақты ойын байқатты. Түшкіріп отыру кейіпкердің ерекшелігі ретінде ескеріліп спектакль барысында ұмыт қалмаса екен. Актерлік ойында әжелерге тән мейірімділік пен қамқорлықты көрмедік. Г.Қазақбаеваның сахнада өзін ойнауына режиссерлік мақсаттың анық еместігі себеп болған. Сахнадағы апатай лавдоптан қорқатын кейіпте ғана шешім тапқан.

Актриса Ж.Мақашованың орындауындағы Роза өзінің қиял әлемінде өмір сүретін жаны нәзік қыз. Айналасындағы адамдардан еш жамандық күтпейді. Өмірдің мәнін махаббаттан іздеген Роза - Ж.Мақашова өз жұбын жолықтыруды армандайды. Режиссер мен суретшінің шешімі бойынша актриса алқызыл түсті киім киіп, сымбатты қимыл-қозғалысымен кейіпкер ерекшелігінің сыртқы түрін дәл берген. Ж.Мақашеваның Розасы шымылдық ашылғаннан махаббатта жолы болмай, өмірден көңілі қалған кейіпте көрінеді. Ал оқиға бойынша өзіне серік бола алатын махаббат иесін іздейді ғой. Спектакльдегі Розаның әрекеті бұған қарама-қайшы келген. Ол Гречикпен сөйлескен сайын оны аймалап, құшақтап мезі етеді. Режиссер тарапынан кеткен салғырттықтан актриса ойынында бір жақтылық басым болып рольдің өсуі көрінбей қалды.

Спектакльдегі есте қаларлық бейнелердің бірі Пиппи десек қателеспейміз. Басқалар оған көңіл бөлмей, санаспайтынына кішкентай Пиппи көндігіп кеткен. Д.Нұрболаттың ойынынан өз ойын айтуға емес басқалармен бас шұлғып келісе беруге дағдыланып алған «кішкентай адам» психологиясын көреміз. Актриса Пиппиді айналасына үреймен қарап, жалтақтай беретін хал-күйін анық жеткізген. Режиссерлік шешім бойынша Пиппи жанындағылардан қыспақ көріп жүрген кейіпкер. Д.Нұрболат қиындыққа мойымай өз шама-шарқына орай күрескен Пиппиді кейіптеуге талпынады. Дегенмен Гречикпен сөйлескенде жылап-сықтаудың қажеті жоқ еді. Жастықты адамға айналдырудан актриса ұтылып отыр.

Барлығын тәртіпке бағындырып ұстап отырған Білгішович диктатор бейнесінде шешім тапқан екен. Ариерсценада бәрінен сәл биік тұрған ол төбеден төніп қарайды. Ұ.Болатбек ойынынан міз бақпайтын басшы Білгішевичті көрдік. Бала жастанған жастықтың шенеунік болуының қажеті жоқ. Білгіш екі апта кітапханада көпшік болған дегенде түпкі идея жатыр. Оның білімі жаттандылықпен шектелген. Режиссер осы ерекшелікті ескермей Білгішевичті жанды алатын әзірейіл етіп жіберген. Барлығы байланған жіптің басы оның уысында ұстауы осы ойымызға дәлел. Ұ.Болатбек көзілдірікті киіп-шешіп, қабағын түйіп жүру арқылы бақылаушы екенін көрсетеді. Актер бұл жаттанды стериотиптерден ауытқып білімді де, оқыған адамды суреттеудің басқа қырларын іздестіре түсі керек еді. Білгіштің бақылаушы болуының себебін орындаушы терең зерттей отырып рольдің өсу жолын түзген жағдайда ғана жақсы ашылған бейнені көретініміз сөзсіз.

Басқалардан көлемі жағынан үлкен жастық Жомарт өтірік күліп, өз пайдасын ғана ойлайды. Сырты үлкен болғанымен іші тар Жомартты Е.Рамазан өзінің актерлік қарымына сай ойнай білді. Орындаушы басқаларды бақылап отыратын, ешқандай іске араласпайтын кейіпкерді алақ-жұлақ еткен көзқарас пен жасанды, қатты күлкісімен көрсетті. Актер жастықтың адамдарға деген қарым-қатынасын бедерлейді. Орындаушы Жомартты еш оқиғаға қатысы жоқ етіп ашу арқылы ұтымды нәтижеге қол жеткізген. Мұндай шешіммен спектакль соңындағы Е.Рамазан – Жомартының «билікке» ие болуы орынды.

Спектакльде айналасындағыларға ашулы, бәрінен көңілі қалған Эмма деген кейіпкер бар. Пьесада жертөле туралы диологтар арасында айтылуы бекер емес. Лавдоп – жастықтар өмірінің аяқталуының символдық көрінісі. Бұл орын басқалар үшін қорқыныш пен үрейге толы. Жалғыз Эмма үшін ол өскен туған ұясы. Сол жерде ол көртышқан Чачамен танысып, достасты. Ол «лавдоптан» қорықпайды, баруға да қарсы емес. Осы әрекеті оны басқалардан ерекшелеп тұр. Чачаға деген сағыныш кеудесін кернеп жегідей жеп жатыр. Екеуінің бірге болуына қоғам қарсы, ережеге мойын ұсынудан басқа амал жоқ. Қоғамда орнаған жүйе осындай қыспаққа алған. Тәртіп солай. Т.Нұрбекова айналасымен алысып болған Эмманы көрсетеді. Ол ережені бұзуға тырысып тауы шағылған адам психологиясын бедерлейді. Мұнда да актриса өз кейіпкерін адамдық қасиеттерге бай етіп жіберген. Соның салдарынан өмірде жолы болмай, ішімдікке салынған әйелдің бейнесі жасалды. Чачаға (актер – М.Әджібеков) деген махаббат Эмма өмірінің мәні. «Чача» деп қана күн кешкен Эмма бейнесі актриса ойынында толыққанды ашылмаған. Т.Нұрбековаға әлі де жан-жақты іздене түсуқажет.

Спектакль оқиғасы Гречик төңірегінде өрбиді. Басқаларға ұқсамайтын ол өз ерекшелігінен қорқады. Өзге жастықтардың ішінде мамық пен қауырсын болса ол қарақұмықпен толтырылған. Гречик сол өзгешелігін үлкен трагедиялық күйде қабылдайды. Өзіңмен өзің болып қалу үшін көп жағдайда ерлік керек. Ал өзіңнің ерекшелігіңді сақтап қалу өмірден өз орныңды табумен тең. Жан біткен жастықтар әлемінде түс көру қабілеті ішіңде мамық пен қауырсын бар секілді ерекшелік. Е.Садырбаев ештеңені толық түсіне алмай, шатасып жүрген Гречик бейнесі арқылы біздің қоғамда да бар адамдарды көрсетеді. Дегенмен актер адамдар оқиғасының сырттай бақылаушысы екенін ескеруі керек. Е.Садырбаевтың Гречигі өлімші халге түсу арқылы асыра сілтеушілікке бой алдырып отыр. Режиссер актерге рольді түсіндіргенде нақты міндетін анықтап бермегендіктен сылбыр ойынға алып келді. Гречик пен Үміттің бір-бірімен байланысы неде екені спектакльде анық емес. Соның салдарынан Ж.Дүйсенбиеваның Үміті сахнада жай бос тұрып қалатын сәттері өте көп.

Алғаш спектакль басталғандағы ауыр атмосфера спектакльді жеңілдігінен алшақтатып алды. Ұйықтап жатқан Үміт – Ж.Дүйсенбиева оянғанда сахнаға жарық сәуле құйыла кетті. Осы жарқын бейне сахнада толық ашылмайды. Гречикпен сөйлескендегі Ж.Дүйсенбиева – Үміттің бойында балалықты көре алмаймыз. Актриса рольдің желісін үндемей тұрғанда үзіп алады. Орындаушы Үміттің басқалардан ерекшелігі аллергиясы бар болғандығында деген өте тар шешім тапқан. Үміттің жалғыздығының басты себебі спектакльде ашылмаған.

Қойылымның көркемдік тұтастығы мен идеясына жауап беретін тұлға – режиссер. Режиссерлік ой-тұжырым жоғары дәрежеде болғанда ғана спектакльде автор да, актер де, суретші де, композитор да шығармашылық табысқа қол жеткізе алады.

Режиссердің ойын суретші Нұржан Саменовтың декорациясы ашып тұрған жоқ. Ол сахна кеңістігін игере отырып актерлерге әрекет ететін ыңғайлы атмосфера туғыза білген. Дегенмен сахнаның көрінісі мен режиссерлік ой-тұжырым астаспай жатқаны да жасырын емес. Лавдоптан қорқып отырған олар өздері сол жертөледе сияқты. Жоғарыға бағытталған баспалдақтар сөзімізге дәлел бола алады. Қазіргі таңда қазақ театрында сценография саласы кемшін дамып жатыр деген пікірлер көп. Шын мәнінде де қазіргі біздің спектакльдерде иллюстрациялық және фондық сценография көптеп кездеседі. Қойылыммен біте қайнасып, оның ажырамас бөлігіндей өзіндік ой айтып, ойнап тұрған көркемдік деңгейі жоғары декорация саусақпен санарлықтай тым аз.

Спектакльдің соңы жүйені бұза алмаған жастықтардың екінші басшыға бас ұруымен аяқталады. Білгіштің ережесімен өмір сүрмейміз деп қарсы шыққандар Жомарттың ережесіне көнеді. Жастықтар адам өмірін түсінуге талпынбай ережені сырттай бақылағандардың қатарынан болу керек еді. Осы көздеген түпкі ойды режиссер жіптер арқылы шешіп отыр. Бірақ сол табылған символ ары қарай ойналмай қалды.

Премьера алдындағы талқылауда театр сыншылары тарапынан орынды сын айтылған. Көш жүре түзелетінен сеніп, режиссерге он күн ескертпелермен жұмыс істеуге уақыт берілгені де жасырын емес. Айтылған орынды сын-пікірлерді режиссер елемеген. Анық емес режиссерлік ой-тұжырым, актерлік ойынның нашарлығы спектакльдің тұтастығына өз әсерін тигізіп тұр.

Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдертеатрының мол табыстарын ешкім жоққа шығармайды. Алайда театр өнерінде режиссураның көтерер салмағы ауыр. Театрға жаңашыл бағыт әкелу, түптеп келгенде жақсы спектакльдің тууы тікелей режиссураға байланысты. Режиссерлер өз алдарындағы жауапкершілікті ескере отырып спектакль қойса екен деген ой айтамыз.