Сонау 70-80-жылдар бедерінде Алматы мен облыс орталықтары түгіл аудан орталықтарындағы, тіпті ауылдардың өзіндегі кітап дүкендерінде небір жаңа жинақтар, көркем шығармалар көз жауын ала қатар-қатар самсап тұрар еді. Жамбыл облысы, Сарысу ауданының орталығы Саудакент ауылындағы үлкен кітап дүкеніне күніне демейін, аптасына бір рет арнайы баратын едім. Жаңа түскен кітаптарды өзімше саралап, қажет, қызғылықты дегендерін сатып алатынмын. Жеке кітапханамда Әшірбек Сығаев есімді автордың «Іңкәр шақ» атты форматы шағын, жұқа мұқабалы жинағы сол кезде пайда болды. Сағат Әшімбаевтың «Сын мұраты» жинағымен форматтас, әрі бірі әдебиет, бірі өнер туралы болғандықтан да біздің үйдегі ең қымбат жиһаз - кітап шкафының ортаңғы сөресінде қатар тұратын.
«Іңкәр шақ» тылсым өнер, оның ішінде сахна өнері, негізінен замандас сахнагерлер туралы сыр шертетін, тілі шұрайлы, оқуға жеңіл, берер мағлұматы мол жинақ еді. Автор сөз етіп отырған актер, актрисаларын оқырманына да жақын етіп жіберетін. Театр сыншысы Әшірбек Сығай шығармашылығымен таныстығым осылайша басталған-ды. Арада жылдар өткенде Әшірбек ағаны алғаш рет Мәдениет министрлігіндегі бір алқалы жиында көрдім. Ол кезде мен «Қазақ әдебиеті» газетінде өнер бөлімінің меңгерушісі қызметінде едім. Министрлікте өтетін үлкен шаралар, алқалы жиындарға міндетті түрде қатысатынбыз. Мәдениет министрлігінің республика театрларының ахуалына арналған сол жиында сол үлкен мінберден Мәдениет министрінің орынбасары Әшірбек Төребайұлы республика сахна өнерінің өзекті мәселелелері туралы - театрлардағы кадр мәселесі, репертуар, әсіресе, режиссура мен актерлердің жағдайы туралы жалпы теориялық тұрғыдан да, нақты мысалдармен де өткір-өткір сөйледі. Мәселені іштен білетіні, ауқымды көретіні көрініп-ақ тұр. Әрине, тек министр орынбасары ретінде ғана емес, театрлардағы шығармашылық үдерістерді жақсы білетін сыншы ретінде де көп мәселені қаузады. Жалпы көрнекті өнер қайраткері қашанда предметті де ауқымды әңгіме қозғайтын, мәселені шешудің жолдарын да өткір айтатын. Бұл сипаттар оның мерзімді баспасөзде, оның ішінде республикалық «Қазақ әдебиеті» апталығында жарияланған мақалаларында да айқын жүлгеленді.
Көрнекті сыншымен алғашқы әріптестік пікірлесуіміз көрнекті жазушы-драматург Асқар Сүлейменовтің 1996 жылы Мемлекеттік сыйлық берілген «Ситуациялар» триптихінің М.Әуезов театрында 1989 жылы қойылған үшінші драма-диалогы «Төрт тақта – жайнамаз» спектаклі туралы болды. Режиссер Ә.Рахимов сахналап, басты рольдерді көрнекті актерлер - аға буыннан С.Оразбаев пен З.Шәріпова, кейінгі буыннан Т.Мейрамов орындаған спектакль туралы театр сыншысы Ә.Сығай, әдебиет сыншысы С.Әшімбаев үшеуміздің пікіралысуымыз «Қазақ әдебиетінде» «Иман жоқ болса...» деген тақырыппен жарық көрген еді. Сыншы Әшірбек Сығайдың жазушы-драматург Асқар Сүлейменов шығармашылығына деген көзқарасы сол бір жақсы талдауда көрінді. Білуімде, олар жақсы сыйластықта болды. Асекең, әсіресе, Әш-ағаның әкесі Төребай қариямен жақсы дос болыпты. Бұл туралы ол өзі А.Сүлейменов туралы «Парасат падишасы» атты естеліктер кітабындағы («Атамұра», 1999ж.) мақаласында әдемі жазды. Әшірбек аға сол 90-жылдар қарсаңында «Қазақ әдебиетіне» орайы келгенде соғып тұратын. Мұның тағы бір себебі – ол газетте біраз жыл бас редактордың орынбасары, ал, өмірінің соңғы жылдарында бас редактор болған, көрнекті жазушы-драматург Оралхан Бөкеймен жақсы дос еді...
* * *
Еліміз тәуелсіздік алғалы бергі ширек ғасырдай уақытта еліміз ғасырға бергісіз өзгерістерді бастан кешті. Осы ширек ғасыр бойы Ә.Сығай сол биік мінберінен – өнердің мүддесін қорғап, ұлттың сөзін айтудан танбады. Министрдің орынбасары ретінде тәуелсіз Қазақстан өнерінің тынысы ашылып, әлемге танылу баспалдақтарында көп шаруа атқарды. Жалпы «шахтер Төребайдың жалғызы» (өзінің сөзі) бұл деңгейге қалай көтерілгені де халықтың көз алдында өтті. Ата-ана, өскен-өнген ортадан ұлағатты тәрбие, жақсы ұстаздар мен жақсы ағалардың аялы алақанын көрген ол ел ісіне жастайынан араласты, ұзақ жылдар мәдениет саласында лауазымды қызметтерде жүргенде шығармашылық та, ұйымдастырушылық қажырлы еңбегімен елдің, елдік сөз айтты.
Ал, лауазымды қызметінен өз еркімен кетіп, шығармашылық, ұстаздық жолға біржола бет бұрған соң көрнекті сыншының екінші тынысы ашылғандай болды, театрлар өміріне көп араласты, бұрқыратып көп жазды, небір фестивальдарда әділ сөзін білдіріп, төрелік жасады. Театр өнерімен ғана шектеліп қалған жоқ, тәуелсіз қазақ елінің руханиятына байланысты мәселелерге дауысы ерекше естілді. Өйткені ол жоғарыда атап өткеніміздей, қашанда халықтың көкейіндегі сөзді айтатын, сонысымен де әр қазаққа жақын еді. Осының соңғы бір жарқын мысалы - Ә.Сығайдың дүние кешерінен шамалы уақыт ғана бұрын, қазақ өнерінің жоғын жоқтап, парламентарийлер алдында сөйлеген сөзі дей аламыз. Ал, қалың жұртшылық сыншыны өмірінің соңғы екі-үш жылында «Хабар» агенттігінің «Жансарай» хабарында көріп, ойынан нәр, сөз саптауы, ой толғауы, адам тануынан үлгі алатын.
Тәуелсіздік жылдарында көрнекті театр сыншысы Ә.Сығаймен ұлттық руханият мәселелеріне байланысты жиын-жиналыстарда, М.Әуезов театрындағы шараларда жиі бас қостық, пікірлес болдық, сан рет шығармашылық сапарларға шықтық. Республикалық театр фестивальдарында, небір әдебиет-өнер байқауларында Қазылар алқасы құрамында бірге қызмет жасадық. Әшірбек аға көбіне төраға болады. Солардың бірерін айтар болсақ, 2000 жылы Атырауға сапар шектік. Атырау облысында көрнекті мемлекет қайраткері, білікті басшы, атпал азамат Иманғали Тасмағамбетовтің әкім болып тұрған кез. Театр директоры белгілі жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев болатын. Сол жылы Махамбет атындағы Атырау облыстық драма театры республикамыздың батыс аймағындағы театрлардың фестивалін ұйымдастырған. Сол бір күрделі кезең үшін бұл өте жақсы идея еді, фестиваль жақсы деңгейде өтті. Көрнекті сыншының спектакльдерді талдауы бәрімізді тәнті етті. Сыншы Сығайдың ерекшелігі – адамға, драматургке, актерге, режиссерге деген ерекше құрметі, сүйіспеншілігінде ме дедім. Оның сынына ұшыраған актердің өзі ренішке бой алдырмайтынының бір сыры осында болса керек.
Атақты Бауыржан Момышұлының 100 жылдығы қарсаңында Жамбыл облыстық әкімдігі драмалық шығармаларға республикалық байқау жариялады. Үлкен мерейтой қарсаңында Алматыдан Қазылар алқасы төрағасы Әшірбек аға, алқа мүшелері белгілі жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы және осы жолдардың авторы Таразға жүрдек поезбен жол тарттық. Жайлы купеде отырып Әш-ағаның мәнді де мазмұнды әңгімесінен - өмір және шығармашылық жолы, өнердегі әріптестері, ұлттық мұраттарға байланысты небір қиын кездердегі күрес жолына қаныққанымыз бар. Және ара-арасындағы әзіл-қалжыңы қандай!Көрнекті сыншымен бұдан кейін де бірнеше республикалық, аймақтық фестивальдарда, небір драматургиялық конкурстарда және Республикалық «Тәуелсіздік толғауы» байқауларында қызметтес болдық. Сыншы Сығай төрағалық жасаған байқау, фестивальдардың барлығында да Қазылар шешімі қашанда үлкен елдік деңгейден, ұлттық мұрат тұрғысынан шығарылатын.
* * *
Көрнекті театр сыншысының ұстаздық жолы – үлкен жол. Ол Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер Академиясының ректоры болған кезде көрнекті театртанушы Бағыбек Құндақбаев екеуінің үлкен қажырымен ашылған өнертану факультеті, оның ішінде театртану бөлімінің республика театр өнері үшін мән-маңызы өте ерекше. Кеңестік кезеңде бұл сала мамандары Мәскеуде ғана дайындалатын, оны бітірген бірен-саран театртанушы орыс тілінде жазатын, соның өзінде сараң жазатын, қазақ басылымдары олардың материалдарын қазақ тіліне аударып жариялайтын. Тәуелсіздіктің бір жеңісі - ұлттық театртану саласы мамандарға зәруліктен құтылғандай. Бүгінде Бағыбек пен Әшірбек ағалардың шәкірттері көрнекті театр-кино актері, театртанушы ғалым Т.Жаманқұлов, өнертану докторы Б.Нұрпейіс, өнертану кандидаттары Е.Жуасбек, А.Мұқан, А.Еркебай, Ж.Сұлтанова, М.Жақсылықова, З.Исламбаева, театртанушылар М.Тәшімова, С.Әбединова, жас буын А.Қыдырәлі, Ж.Ахметова, Н.Ескендіров, А.Ахмет, С. Әбілғазиева, Н.Сламбек, Н.Жұмабай, тағы да басқалар үлкен бір топ болып, олардың жолын лайықты жалғастырып келеді. Әшірбек аға Астанадағы Өнер университетінде еңбек еткен бірер жылда да жас театртанушы М.Әбілден бастап қаншама жас өскінді тәрбиелеген! Ұлағатты ұстаздың осы жас өскіндерге үлгі болатын қасиеттерінің бірі - еңбекқорлығы мен жазудағы ұшқырлығы деуге болады. Айталық, оның араға жыл салып жарық көрген кітаптары өз алдына, өмірінің соңғы жылдарында «Алматы ақшамында» жарияланған мақала-портреттерінің өзінің берер тәлімі қаншалықты мол еді десеңізші! Бүгінгі ұрпақ айтулы сыншының соңында қалған мол мұрасын әлі зерттейтін, зерделейтін болады.
Әшірбек ағаның тағы бір қасиеті – ағайынға, өзінен кейінгі інілеріне көрсете білген ізеті, үлгі-өнегесі. Абырой сол - оның жақсы інілері де үлкен азамат, ел азаматы деңгейіне көтерілді. Солардың бірі - Әш-ағаның жақын іні туысы, бірталай жылдар басшылық қызметте болып, әлеумет үшін көп еңбек сіңірген Әнафия Медетов пен оның зайыбы Фатима Жұмашева менің студенттік кезден бергі жақсы достарым. Өздері де бүгінде үлкен әулетке айналған достарымның Әшекеңдей аға мен Күләштай жеңгеден де үлкен үлгі алып, олардың отбасына деген ерекше құрметі, ағайыншылығы, сыйластығына сан мәрте куә болдым.
Адамның қалай ғұмыр кешкені оның соңында қалған рухани мұрасымен ғана емес, ең алдымен адами ұрпағымен де бағаланар болса – Әшірбек аға соңында жақсы ұрпақ қалдырды. Ұлдарының бәрі де - үлкені, белгілі продюсер, Әшағаның өзіндей өте орнықты, О.Бөкейдің сөзімен қисындағанда, «ұлы істерді үндемей жүріп тындыратын» Қанаттан бастап - өмірден өз орнын тапқан үлкен азаматтар. Ал, бір есептен, Әшірбек ағаның отбасылық ғұмыры да жас буынға үлгі. Көрнекті сыншының отбасылық өмірімен қоса шығармашылық табыстарының бәріне де - оның алғашқы оқырманы, көмекшісі, тіпті хатшысы болған, өмірлік жар-досы Күләш апай да ортақ десек әбден орынды.
* * *
Ә.Сығай кеңестік кезеңде кенжелеу қалған театртану өнеріндегі қадау-қадау санаулы тұлғалардың бірі және тәуелсіздік алған кезеңде, жоғарыда атап өтілгендей, театртануға жас буынның келуіне тікелей мұрындық және жастарды тәрбиелеуші ұлағатты ұстаз болды - өзінен кейінгілерге шығармашылығымен де, азаматтық қажырлы қарекетімен де үлгі көрсетті. Қазақ сахна өнерінің қай буынында болсын Ә.Сығайдың назарынан тыс қалған ешбір сахнагер жоқ десек, артық айтқандық емес – оның кітаптары қазақ сахна өнерінің шежіресіндей.
Көрнекті сыншы, біздіңше, қазақ театр сыны үшін тосындау эссе жанрының негізін салды. Бұл өте күрделі жанрда жазған Әшірбек ағаның - оқыған адамға жеңіл, тайпалған жорғаға мінгендей әсерлі, ауқымы кең мақалалары, портреттері, тіпті жолжазбаларына дейін жалқы мен жалпының әдемі үйлесімін табатын еді – ол жеке бір актер, режиссер туралы немесе әлдебір фестиваль туралы жазсын мейлі, үнемі және міндетті түрде өнердің өзекті мәселелерін, өнердің қоғамда алатын үлкен орны туралы сөз қозғайтын.
Ә.Сығайдың сонау жас кезіндегі «Іңкәр шақ» жинағынан бастап соңғы еңбектеріне дейін біртұтас қарастырсаңыз - қазақ театр өнерінің тарихи-көркемдік шежіресін, келбетін тұтас таныр едіңіз. Қаламының желі бар көрнекті сыншы ғажайып эсселері, толымды талдауларымен ұлттық театр сыны саласында өз жолын салған тұлға. Осы жолды сыншының шәкірттері, бүгінгі жас театртанушылар лайықты жалғастырып келеді; олар сахна өнеріне, театр қайраткерлерінің шығармашылық идеялары мен төккен маңдай терлеріне ұстаздары сияқты үлкен құрметпен, махаббатпен қарау ілімін терең меңгеріп, білімді де білікті, жаңашыл талдаулар, толымды еңбектерімен көріне берулеріне тілектестік білдіреміз.
Көрнекті сыншы Ә.Сығайдың бүкіл болмысынан, демек, шығармашылығынан да жан жылуы сезілетін. Ол өнер туралы, руханият туралы сөз қозғағанда, тағы да қайталап айту артық емес, үнемі елдік биіктен, ұлттық мүдделерден көрінді. Осының бәрі – ұлттық топырағы мықты, сонау жас кезінен білім жинаған, өз елін өркениетті елдер қатарынан көргісі келіп, өнер саласында аса қажырмен еңбек еткен, Еліміз Тәуелсіздігінің нығая, қанатын кеңге жая түсуіне қызмет жасаған көрнекті тұлғаның еліне, халқына, ұлтына, Отанына деген үлкен махаббатынан туындады. Өйткені ол «шахтер Төребайдың жалғызы» емес, Халықтың перзенті болды! Сондықтан да, оның жарқын бейнесі жадымызды сақталса, ұлағатты шығармашылығы кейінгі сан ұрпаққа қызмет ете береріне күмән жоқ.
10.01.2017
Алматы