Мақала
Хадиша Бөкеева – Қазақ театр өнерінің заңғар тұлғасы
Порталымыздың тұрақты авторы, өнертану докторы, театртанушы Бақыт Нұрпейісті «Сахнагер - 2017»  I ұлттық театр сыйлығының, «Үздік театртанушы»  жүлдесімен құттықтай отырып, «Хадиша Бөкеева – қазақ театр өнерінің заңғар тұлғасы»  атты мақаласын назарларыңызға ұсынамыз
Бөлім: Театр
Датасы: 29.03.2017
Авторы: Бақыт Нұрпейіс
Мақала
Хадиша Бөкеева – Қазақ театр өнерінің заңғар тұлғасы
Порталымыздың тұрақты авторы, өнертану докторы, театртанушы Бақыт Нұрпейісті «Сахнагер - 2017»  I ұлттық театр сыйлығының, «Үздік театртанушы»  жүлдесімен құттықтай отырып, «Хадиша Бөкеева – қазақ театр өнерінің заңғар тұлғасы»  атты мақаласын назарларыңызға ұсынамыз
Бөлім: Театр
Датасы: 29.03.2017
Авторы: Бақыт Нұрпейіс
Хадиша Бөкеева – Қазақ  театр өнерінің заңғар тұлғасы
Хадиша Бөкеева

Қазақ сахна өнері тарихында бір өзі бір театрға айналған тұлғалар аз емес. Бүгінде туғанына 100 жыл толып отырған Қазақстан және КСРО халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Хадиша Бөкеева сондай қайталанбас дара шеберлердің бірі. Майталман актриса қазақ сахна өнерін айрықша мазмұнға, рухани-мәдени мағынаға бөлеген ғажайып талант иесі болып театр тарихында мәңгіге бедерленді. Өзінің саналы ғұмырында жасындай жарқылдап, нөсердей төгіп өткен тума дарынның соңында өшпес мұралары қалды.

Актерлік өнер асқан ұқыптылықты, үлкен жауапкершілікті талап ететін нәзік те, күрделі өнер екені баршамызға жақсы мәлім. Ол артистік дарындылықты, терең толғану мен ойлануды тілейтін, зейнеті мен бейнеті қатар жүретін өнер. Осындай күрделі жолды таңдаған Х.Бөкеева 1938 жылы Ленинградтың мемлекеттік сахна өнері техникумын (қазіргі Санкт-Петербургтың Театр, музыка және кинематография институты) тәмәмдаған курсаттарымен бірге қазақ театр өнерінің керуенді көшіне араласып кетті.

Жас актрисаның алғашқы кәсіби шығармашылық қызметі Шымкент облыстық қазақ драма театрынан (1938) басталды. Аталған театр сахнасында Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат» трагедиясында Луизаны, А.Н.Островскийдің «Кешіккен махаббатындағы» Людмиланы, ұлттық классикадан М.Әуезовтың «Еңлік-Кебегінде» Еңлікті, Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері - Ақтоқтысында» Ақтоқтыны ойнады. Аз уақыт аралығында осындай рөлдерді сомдап дараланып көрінген Х.Бөкеева 1942 жылы Алматыдағы Қазақтың мем­лекеттік академиялық драма театрына ауысып келеді. Әрине, бұл театрдың сахнасында ұлттық театрымыздың негізін қалаған Қ.Қуанышбаев, С.Қожамқұлов, Е.Өмірзақов сынды т.б. алыптар тобымен қатар жүріп, талай асуларға көтерілді. Тәжірибе жинақтау, шеберлік ұштау, ел алдында өзіңді еркін ұстап, сахналас серіктестермен ұғынысу аса маңызды. Х.Бөкеева қазақ сахна өнерінің алып тұлғалары Ш.Айманов, С.Майқанова, Б.Римова, Н.Жантөрин т.б. сахналас бола жүріп, өзінің шеберлігін жетілдіре түсті. Әсіресе, ұлттық бояуы мол, ішкі толғанысы толассыз ағыл-тегіл дарын иесі Шәкен Аймановтың рольмен жұмыс жасаудағы ізденістері қайран қалдыратын. Шетінен жүйірік, ешкімге көлеңкесін түсірмей, тек қана шуақ шашатын, текті тарландармен сахналас болу бақытына ие болған Х.Бөкеева тамсана жүріп өзі де түледі. Адамды шыңдайтын, ұшыратын – ортасы. Расында да, ұлағат пен ұлылықтың қасиетті мекеніне айналған бұл театрда тау тұлғалы жұлдыздармен еңбек еткен Хадиша Бөкеева алға өрлей берді.

Егер Х.Бөкееваның шығармашылығына үңілсек онда талантты актрисаның драмалық, трагедиялық және комедиялық рөлдерді бірдей шеберлікпен ойнағанына көз жеткізесіз. Майталман актриса В.Шекспир, К.Гольдони, Ф.Шиллер Ж.Мольер, Н.Хикмет, М.Каору, М.Горький, Н.Гоголь, А.Толстой, А.Островский, Лопе де Вега, В.Куприянов т.б. драматургтердің пьесаларында табысты ойнады. Ұлттық драматургиямыздан М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев, Ә.Әбішев, Қ.Мұқамеджанов, Т.Ахтанов т.б. қаламгерлердің туындыларында кесек бейнелер сомдады.

Бұған дейін Х.Бөкееваның актерлік шеберлігіне қатысты әр жылдарда талай мақалалар жазылды. Отандық театртанушы ғалымдарымыз Қ.Қуандықов, Б.Құндақбайұлы, Л.Богатенкова, Ә.Сығай, С.Қабдиевадан басқа сахнада бірге ойнаған әріптестерінің де біраз естеліктері бар. Кеңес дәуірі кезінде жарық көрген «История советского театра» кітабының қазақ театры туралы жазылған бөлімінде және О.Кайдалованың «Традиции и современность. Театральное искусство Средней Азии и Казахстана» деп аталатын монографиясында, сонымен қоса «Қазақ театр тарихының» екінші томында Х.Бөкееваның бірнеше рөлдеріне кәсіби талдаулар жасалған. Соңғы жылдары жарық көрген С.Латиеваның кітабы да құнды мәліметтерге толы.

Әрине, актриса мүсіндеген жүзден астам сан түрлі бейнелердің бәрін бірдей қамтып, талдау жасау қыруар уақыт пен ізденісті керек етеді. Дегенмен де, Х.Бөкееваның қайталанбас даралығы мен хас талантының үздік көрсеткіші болып қазақ театр тарихының беттеріне алтын әріппен жазылған В.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясындағы Катарина, М.Әуезовтың «Қара қыпшақ Қобыланды» драма-дастанындағы Қарлыға, Т.Ахтановтың «Сәуле» драмасындағы «Сәуле», Н.Хикметтің «Фархад - Шырынындағы» Мехменебану, А.Островскийдің «Найзағайындағы» Катерина, Лопе де Веганың «Қызғаныштан-махаббатындағы» Диана, Абай спектакліндегі Бастаушы бейнелері айрықша аталады.

Қазақ театрының дүниежүзілік классиканы меңгерудегі аса зор табыстарының бірі саналатын Қазақ академиялық драма театры сахнасына орыс режиссерлері О.И.Пыжова мен Б.В.Бибиков қойған Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясы болғаны баршамызға жақсы мәлім. Осы спектакльдегі Петруччио-Ш.Айманов пен Катарина-Х.Бөкееваның ойындары аңызға айналып, бүкіл Кеңестер Одағы театрларының үздік спектакльдерінің қатарына қосылды. Екі дүлдүл актердің ғажайып дуэтінен туындаған шынайы ойынды көреремендердің ширек ғасыр көз алмай тамашалауы үлкен құбылыс болды. Х.Бөкееваның Катаринасы орта ғасырлық әдет - ғұрыпқа қарсы тұра алатын, пікір бостандығы мен өз еркіндігін қорғай білетін қайратты, өткір мінезді қыз болып бейнеленді. Орындаушының әрбір тіл қатуы ойнақы қалжың мен әдепті әзілге құрылып асау бойжеткеннің назды қылықтары елітіп отырды. Бұл туралы О.Кайдалова: «Столь же стремительно и полновластно охватывала любовь непокорную причудницу Катарину (Х.Букеева). Как вихрь врывалась она в комнату, но, встретившись взглядом с Петруччио, останавливалась, словно пораженная громом, пытаясь принять прежний, надменно-независимый вид. Уже в первых фразах разговора с Петруччио гневное негодование Катарины сменялось уважением и восхищением человеком, который вызывал у гордой девушки внутреннее смятение и робость. Весь последующий поединок Катарина–Букеева вела, ощущая с каждой минутой все с каждой минутой все сильнее и сильнее свое поражение и радуясь ему, а в конце диалога растерянно умолкала, поняв, как властно охватывает ее новое чувство» [1,163 С.] деп өз бағасын білетін ақылды қыздың мінезініндегі өзгешеліктерді актрисаның шебер жеткізе алғандығын жазған.

Белгілі театр сыншысы Ә.Сығай бұл рольді сомдау актрисаға қиын соққанын жаза келіп: «Үш сағатқа жуық жүретін қойылым көлемінде Катаринаның сөзі небәрі үш парақтан аспайды. Бірақ, соған қарамастан, Хадишаның қисынды іс-әрекеті Катарина қасиеттерін көрушісіне дәл жеткізе алды.

Қысқасы, Катарина-Хадишада тіл қатудан гөрі, ыммен, ишаратпен ұқтыру сәттері мол ұшырасады. Шебер актриса бейне шоқтығын осылай өсіре келіп, Катаринаны мейірімді, мархаббаты, сыйласқыш, кіршіксіз таза махаббатқа берік жан дәрежесіне дейін көтереді» [2,108 б.] – деген. Шынымен де, Х.Бөкеева Катаринаның іштегі шиыршық атқан ойы мен сезім арпалыстарын, тапқырлығы мен өткірлігін сенімді өрнектеді. Бұл роль актрисаның шығармашылық өмірбаянындағы алғашқы белді белестерінің бірі болып саналады.

М.Әуезовтың «Қара қыпшақ Қобыланды» пьесасындағы Қарлыға да қайшылығы мен қақтығысы қатар өрілген күрделі кейіпкердің бірі. Х.Бөкеева Қызылбастар ханы Көбіктінің ерке де, сұлу қызы Қарлығаның қыпшақ батыры Қобыландыға ғашық болуын ғана емес, басында бостандығы жоқ әйел баласының нәзік жан дүниесін көрсетуге мән берді. Содан болар намыс пен әділдікті ту еткен дархан көңілді қыздың жүрек қалауымен батыл шешімдерге бара алатын қадамы көрермендерді ерекше сезімге бөлейді. Қобландының жолында бәрін пида етіп, туған бауырының қылышынан қаза табатын батыл Қарлығаныңасыл қасиетіне бас игізе білді.

Х.Бөкеевамен көптеген рөлдерді бірге ойнаған Б.Римова: «Біздің Хадишаның өзгемізден ерекше бір қасиеті-өз ісіне әмсе есеп беріп отыратын ойлылығында, өз кемшілігін өзі көріп, соны түзету жолында қандай қиындық кездессе де, жеңуге тырысатын қайсарлығында. Өзін аямай еңбектенетін іскерлігінде» [3,103 б.] депҚарлыға ролін сомдау үшін де актрисаның көп ізденгенін толғана еске алған.

Қазақ академиялық драма театрының сахнасына 1950 жылы А.Островскийдің «Найзағай» пьесасы Е.Г.Маркованың режиссурасымен сәтті қойылды. Спектакльде ХІХ ғасырдағы Ресей өмірі мен олардың тұрмыстық ерекшеліктерін көрсету бірінші кезекке қойылды. Бұл үшін режиссер орындаушылардан орыстың ұлттық мінезін жасауды талап етті. Пьесадағы барлық кейіпкерлерден дараланып көрінетін Катерина ролін сомдау Х.Бөкееваға тапсырылды. Бұл рольді шығару жолында көп ізденістерге барған актриса жан дүниесі таза, үнемі ой үстінде жүретін жас әйелдің сезімталдығын терең бейнеледі. Қазақ театр тарихында актрисаның роль шығарудағы даралығы кәсіби талданған. Онда: «Ол Катеринаның бостандыққа ұмтылатындығын, еркіндікті сүйетіндігін, табиғаттың сұлулығына құмарлығын, ешқандай қорлық-зорлыққа көнбейтін қайсар мінезін көрсетуге тырысты. Оның Катеринасы іштей терең, сырттай сұлу, мінезі сабырлы, қимыл-қозғалыстары сыпайы да, сараң. Оның өткір және ойлы көз қарастарынан, салмақты түр-тұрпатынан ақыл-парасаты, адамгершілігі, рухани байлығы өзгеше көзге түседі» [4,113 б.] – дей келіп Катеринаның еркіндікке құмар жаратылысын актрисаның психологиялық шындықпен ашып бергендігіне жан-жақты тоқталған. Иә, қашанда ізденуден жалықпаған терең ойлы өнерпаздың Катеринасы орыс классикасын меңгерудегі озық табыс болып бағаланды.

Т.Ахтановтың «Сәуле драмасындағы Сәуле қоғам қайраткері, облыстық партия ұйымының хатшысы. Бұл спектакль театр репертуарында ұзақ сақталған, сол заманның сұранысына жауап берген шығармалардың бірі болды. Спектакльдегі Сәуле Х.Бөкеева ойынында жұмысқа берілген, партиялық принциптен таймайтын іскер басшы болып бейнеленді. Колхоз мәдениетін көтеріп, ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуда батыл ұсыныстар жасап, үнемі адам тағдырын есте ұстап отыратын парасатты жан. Х.Бөкеева өз кейіпкерінің алуан астарлы, ішкі қайшылығы мол жан тебіреністерін шебер жеткізе алды. Қазақ театр тарихында Х.Бөкеева алғаш рет Сәуледей күрескер қоғам қайраткерінің, басшы әйелдің толыққанды бейнесін жасап берді.

Х.Бөкеева қай рольде ойнаса да үлкен суреткерге тән дүниетанымының молдығын танытып отырды. Адам жанына терең бойлау, сахнада кейіпкер бейнесін толыққанды мүсіндеу, кейіпкер мінезін психологиялық талдау жолымен айшықтау оның басты тәсілі болды. Шығармадағы дәуір шындығын жан-жақты игеріп, көркемдік талапқа сай бейнелеу, өмірлік деректер мен оқиғаларды шынайы көрсетіп, кейіпкер мінезін психологиялық тереңдікпен ашу актрисаның негізгі ұстанымына айналды. Оның әрбір рөлі актрисаның суреткерлік өресін, мәдениеті мен білімін, қарымын жіті танытып спектакльдің идеялық мазмұнының ашылуына зор септігін тигізді.

Актриса жасаған бейнелерде тек шынайылық қана емес, ұлттық мінез–құлық, адамзатқа тән табиғи болмыс аңғарылады. Сахнадан сан тағдырлы, алуан мінезді қыз-келіншектер мен әйел-аналардың қайталанбас бейнесін бедерлеген Х.Бөкеева өзімен бірге ойнаған жас буын актерлердің шыңдалуына зор әсерін тигізді.

Х.Бөкеева ұлттық кино өнеріне де өз қолтаңбасын қалдырды. Атап айтқанда «Райхан» (1940 ж.) фильміндегі инженер қыз Райхан, «Асау Ертіс жағасында» (1959 ж.) парторг Фатима, «Тұлпар­дың ізінде» (1964 ж.) Ділдә бейнелерінің қазақ кинематографиясында өзіндік орны бар дүниелер екені сөзсіз.Хадиша Бөкеева сахнамен қатар педагогикалық қызметті белсенді ұштастыра білді. Біртуар өнерпаз 1965 жылдан бері Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында дәріс беріп, сан буын шәкірттер тәрбиелеп шығарды. Оның жетекшілігімен бітірген түлектер республикамызға ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де жақсы мәлім.

Ұлы актрисаның айналысындағы адамдармен қарым-қатынасы ерекше болды. Асыл жүрегі өнер деп соққан ардақты апамыз соңына ерген жастарға қайырымдылық пен мейірімділіктің озық үлгісін көрсетіп берді. Тоқсан жастың төбесіне шықса да ақылы мен әсемдігін қатар ұстап, ақсүйектік болмысын танытты. Оның соңына қалдырған мол мұрасы болашақ ұрпақтар үшін үлкен қазына, таптырмайтын рухани бастау болып қала беретіні сөзсіз. Олай болса өнерпаз шығармашылығын әр қырынан зерттеу жалғасын тауып, Хадиша Бөкеева әлемінің құпиясын ашу алдағыуақыттың міндетіне жатады.

Қолданылған материалдар:

1. Кайдалова О. Традиции и современность. Театральное искусство Средней Азии и
Казахстана. – Москва:  «Искусство», 1977 г. – 294 С.

2. Сығай Ә. Сахна саңлақтары. –Алматы:  «Жалын», 1998 ж. –512 б.

3. Римова Б. Еңлікгүлім. –Алматы:  «Өнер», 1987 ж. –151 б.

4. Қазақ театрының тарихы. . –Алматы:  «Ғылым», 1978 ж. –430 б.