Мақала
Ғибратты ғұмыр иесі
Қазақ театр өнерін насихаттауда құлашын кеңге сілтеп, парасат, білімімен ел-жұртының ыстық ықыласына бөленген Ә.Сығайдың шығармашылық жолына үңілетін болсақ, оның жүріп өткен жолы – бір сыдырғы өмір жолы емес, ұстаздық, сыншылық-жазушылық, буырқана қайнаған шығармашылық еңбек жолы, қосарлана атқарған қызметтер мансап тұғыры ғана емес, азаматтық кісілік болмыс биігін танытады
Бөлім: Театр
Датасы: 26.10.2017
Авторы: Бақыт Нұрпейіс
Мақала
Ғибратты ғұмыр иесі
Қазақ театр өнерін насихаттауда құлашын кеңге сілтеп, парасат, білімімен ел-жұртының ыстық ықыласына бөленген Ә.Сығайдың шығармашылық жолына үңілетін болсақ, оның жүріп өткен жолы – бір сыдырғы өмір жолы емес, ұстаздық, сыншылық-жазушылық, буырқана қайнаған шығармашылық еңбек жолы, қосарлана атқарған қызметтер мансап тұғыры ғана емес, азаматтық кісілік болмыс биігін танытады
Бөлім: Театр
Датасы: 26.10.2017
Авторы: Бақыт Нұрпейіс
Ғибратты ғұмыр иесі

Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығың лауреаты, майталман театр сыншысы, дарынды да қарымды қаламгер, сөз өнерінің хас шебері, профессор Әшірбек Сығайдың есімі туған еліне ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де кеңінен танылған. Тәуелсіз еліміздің руханиятына, театры мен мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Әшірбек Төребайұлының дүниеден озуы – қазақ халқы үшін орны толмас ауыр қаза болды.

Қазақ театр өнерін насихаттауда құлашын кеңге сілтеп, парасат, білімімен ел-жұртының ыстық ықыласына бөленген Ә.Сығайдың шығармашылық жолына үңілетін болсақ, оның жүріп өткен жолы – бір сыдырғы өмір жолы емес, ұстаздық, сыншылық-жазушылық, буырқана қайнаған шығармашылық еңбек жолы, қосарлана атқарған қызметтер мансап тұғыры ғана емес, азаматтық кісілік болмыс биігін танытады.

Сонау 1965 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның актерлік бөліміне түсіп, 1969 жылы сол ұжымда ұстаздық қызметке қалдырылған Әшірбек Төребайұлының алғашқы сыни мақалалары алпысыншы жылдардың соңында жарық көре бастады. Жүрегінің қалауымен таңдаған актерлік мамандықты дау-дамайы көп, бейнеті белшеден, рахмет-алғысы аз театр сынына арнаған Ә.Сығайдың содан бері жазған жоталы еңбектерінің театртану ғылымы үшін берері мол. Зерттеуші қаламынан «Іңкәр шақ» (1978) «Сыр сандық» (1981) «Сахнаға сапар» (1991), «Жарнама алдындағы ой» (1993), «Сахна саңлақтары» (1998), «Театр тағлымы» (2003), «Толғам» (2004), «Талдықорған театры» (2006), «Ой төрінде театр» (2008), «Актер әлемі» (2008), «Таңғажайып театр» (2014) атты сүбелі кітаптарымен қоса мыңға тарта мақалалар туыпты. Бұл бір ғұмыр үшін көл-көсір дүние. Егер аталмыш кітаптарды саралап табиғатына қарай топтап, ой түйер болсақ ұзақ әңгімеге кетеріміз даусыз. Ең бастысы сыншының қай кітабын оқысаңыз да, әр жылдарда қазақ театрларының сахнасында қойылған спектакльдерді қаз-қалпында көргендей әсерге бөленесіз. Қас-қағым сәтте өте шығатын, құдіретті өнердің күрделі пернесін дөп басып, келер ұрпаққа мөлдіретіп жеткізу, толғаныс пен сарыла зерттеуді талап ететіні жақсы мәлім. Аталмыш еңбектерде қазақ театры мен драматургиясының өзекті мәселелері, ұжымның алдында тұрған келелі міндеттері уақыт талабына сай асқан талғампаздықпен, жанашыр жүрекпен жан-жақты сараланған. Сонымен қоса ұлттық театрларымыздың даму бағыты, олардың репертуарлық саясаты, режиссерлік шешімдер мен актерлердің бейне жасаудағы ерекшеліктеріне терең үңіліп, пікірлер түйіндеген.

Театр өнерінде болып жатқан процестерді қалт жібермей сергек зердемен бақылап барып, ой қорытатын сарабдал сыншының гастрольдік сапармен келген облыстық театрлардың спектакльдеріне қатысты айтқан тұшымды ойлары да тым салмақты. Сол театрлардың қол жеткізген табыстарымен бірге, ойсырап ақсап жатқан тұстарын ащы да болса, ашып айтқан. Өнер додасының биік мәресі саналатын республикалық және халықаралық театр фестивальдерінде оза шауып көзге түскен өнер ұжымдарының бүгінгі сахна өнеріне әкелген жаңалықтары мен ізденістері зерттеуші назарынан қағыс қалмай кәсіби деңгейде сараланған.

Әшірбек Төребайұлы өнер адамдарының шығармашылық кескіндемелерін жазуға орасан зор тер төккен сыншы. Оның «Сахна саңлақтары» кітабында қазақ театр өнерінің майталман шеберлерінің өмірлері мен өнерлері асқан ептілікпен өрілген.

«Актер әлемі» деп аталатын екі томдық кітап сол еңбектің заңды жалғасы іспеттес. Мұнда әр дәуірде өмір сүрген, пенделік тағдырлары әртүрлі сабақталған, дүниетанымы бір-бірімен қабыса бермейтін үлкен тұлғалардың қай-қайсын да барынша зерттеп, объективті пайымдаулар жасаған. Театр тарландарының келбетін ашуда бұрын-соңды жинақтаған деректерін сан мәрте електен өткізіп, толықтырып нақты байламдар жасауға күш салған. Алпысқа жуық сахна шеберлерінің, дәлірек айтқанда, қазақ театр өнерінің көшбасшысы, режиссер Жұмат Шаниннен бастап, Қ.Қуанышбаев, С.Қожамқұлов, Қ.Жандарбеков, Қ.Бадыров тағы басқа ұлттық өнеріміздің алып бәйтеректерінің шығармашылық тағдырынан сыр шертіп, әрқайсының өзіне тән даралығы мен сахна төрінде жасаған сан-алуан бейнелерін байыппен таразылаған танымдық еңбек. Мұнда режиссер мен актер өнерінің қоғамдық маңызы, әлеуметтік-эстетикалық құндылығы, қазақ театрының даму үрдісі туралы толғақты ойлар белгілі сахна саңлақтарының өмірі мен шығармашылық жолдарымен сабақтастырыла баяндалған.

Өнер саласында оқитын жоғары оқу орындарына «Қазақ театрының тарихы» пәні бойынша арнайы оқулықтар жазылған жоқ. Соған байланысты ұлттық театр өнерінің бүгінгі жүрек соғысынан хабардар беретін кез-келген еңбекті жұртшылықтың асыға күтетіні рас. Ал сахна өнерінің тыныс-тіршілігін жіті қадағалап, ерінбей жалықпай кітапқа айналдырып отырған Әшірбек Төребайұлы соңғы жылдары 5-6 кітап жазып үлгіріпті. Бұл айтуға жеңіл болғанымен де, көз майыңды таусатын бейнетті жұмыс екенін жақсы білеміз. Осы тұста республикамыздағы өнер ордаларының көпшілігі сыншының кітаптарын энциклопедиядай пайдаланып келе жатқандығын да айта кеткен орынды.

Сыншы қаламыннан туған кез-келген еңбек белгілі бір теориялық дайындығы бар ғылыми ортаға ғана емес, театр өнерінен мағлұмат алуға құштар көпшілік оқырмандарға арналған. Ойы алғыр, қаламы жүрдек сыншы ғылыми стильден гөрі, оқығанда көз ала алмайтындай көрікті тілмен көмкеріп, аса динамикалы, поэтикалық рухта жазады. Содан болар оның кітаптары оқырманын бірден баурап, театр өнерінің сиқырлы әлеміне қызықтырып әкетеді.

Ә.Сығай пьесаларды тәржімалауға да ат салысқан қаламгер. Оның жатық та, көркем тілмен аударған Ж.Б.Мольердің «Еріксіз үйлену», К.Гольдонидің «Күлкілі оқиға», О.Иоселианидің «Арбаның ізімен», Ш.Роквидің «Мазасыз әжей», В.Ежовтың «Бұлбұлдар түні», А.Шайкевичтің «Әлем алақанымызда», Б.Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпай» пьесалары республика театрларының репертуарынан берік орын алған.

Әшірбек Төребайұлының өзіне тән бір ерекшелігі спектакльдердің алғашқы премьерасынан кейін-ақ бірден баспасөз, радио мен теледидар арқылы сұхбаттар беріп пікірін ашық білдіретіндігі еді. Бұл екінің бірінің қолынан келе қалатын оңай шаруа емес. Бұған сыншыға тән сұңғылалық пен өткірлік, аналитикалық ақыл-ой ғана емес, жақсы мен жаманды саралап әділ бағасын бере білетін турашылдық керек. Бұл барлық сыншыға қажетті бірден – бір қасиет. Жылт еткен талант ұшқынын дәл танып, театрдың тамыр соғысын тура басып ашық та, боямасыз жазу мықты ұстанымды талап етеді. Театр сынына алғаш араласқан кезінен бастап осыны ұстанған Ә.Сығайды кезінде біреу ұнатқан шығар, біреу ұнатпаған шығар, бірақ сыншының алған бетінен тайған сәтін көрген емеспіз. Көркемдік сапасы төмен, көрермендердің эстетикалық талғамына жауап бере алмайтын талай спектакльдердің сахнаға қойылуына үзілді-кесілді қарсы шығып, тоқтатып тастаған кездері де болған. Мұның бәрі айналып келгенде Ә.Сығайдың өнерге, театр сынына деген адалдығын танытады.

«От ауызды, орақ тілді» сыншы тек театр төңірегімен шектеліп қалмай ел өміріндегі мәдени іс-шараларға да белсене араласып үлкен жұмыстар тындырды. Ол жетпіске жуық «Сахна», «Сахна саңлақтары» атты телехабарлардың, сол сияқты соңғы жылдары «Хабар» телеарнасындағы «Жансарай» атты хабардың авторы әрі жүргізушісі болды. Республикалық ақындар айтыстарында, театр фестивальдерінде сарапшылар алқасының төрағасы, мүшесі ретінде бірқатар міндеттер атқарды. Сонымен қатар әдебиет пен өнер жолында жүрген азаматтардың мерейтойында жасаған мазмұнды баяндамалары, олардың шығармашылық есеп беру кештерін жүргізіп, халыққа кеңінен дәріптеуі сол өнер иелерінің шабытын ұштап, одан да биік шыңдарға шарықтауларына ықпалын тигізді. Өнер мен мәдениет, әдебиет мәселелеріне арналған халықаралық, республикалық ғылыми-теориялық конференцияларда, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының съездері мен пленумдарында Ә.Сығайдың дауысы жиі естіліп, кесек ойларымен тәнті ететін.

Әшірбек Төребайұлы қызметінің үлкен бір тармақты саласы – оның ұстаздық еңбегі. Ол Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында шәкірттер тәрбиелеу ісіне көп жылдарын арнады. Ал 2011 жылдан бері Қазақ ұлттық өнер университеті «Өнертану» кафедрасының профессоры болып, жаңа оқу орнының өркендеуіне қызу кіріскен болатын.

Оның дәрісін тамсана тыңдаған бір кездегі студент актерлер, режиссерлер, суретшілер қазір республикамыздың түпкір-түпкірінде еңбек етуде. Сондай-ақ, театртану мамандығы бойынша да бірнеше дүркін шәкірттер тобын даярлады. Ә.Сығай қашан да, студенттерінің жан-жақты білімді болуын қадағалап, олардың еркін ойлауына, өз пікірлерін дұрыс болса да, бұрыс болса да, тура айтуға тәрбиелуден танған емес. Әсіресе, «Театртану» инемен құдық қазғандай еңбекті талап ететін күрделі мамандық. Бұл бөлімге түскен жастардың дені институт бітіргенше селеудей селдіреп, адасқанын түсініп, шығып кететіндер көп. Өйткені театр синтездік өнер болғандықтан оның табиғатын дұрыс ұғып, спектакльдің көркемдік-идеялық ерекшелігін түсініп, сөз айту білімділікті, яғни, өнердің барлық түрінен хабардар болуды талап етеді. Көргеніңді, оқыған-түйгеніңді ақ қағазға суреттей салып жазу тек еңбекпен жүзеге асады. Сондықтан да, Ә.Сығай үкілі үмітпен имене басып, аталған мамандықты таңдағысы келген талапкерлерге алтын уақытын сарп етіп, ұзақ әңгімелесетін. Уақыты көптігінен емес, осы мамандықтың көшін түзейтін жастарды іздеуші еді. Солардың арасынан ойлауға-жазуға икемі бар қыз-жігіттерді қателеспей таңдап, құсбегідей баптады. Тіпті бітіріп кеткеннен кейін де, оларды жұмысқа орналастырып, аяқтарын нық басып кеткенше қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай қамқорлығына алып жүрді. Спектакльдердің талқылауларына қатыстырып, сөйлеп үйренулеріне дем беретін.

Ұлағатты ұстаз Әшірбек Төребайұлының шеберханасынан жоғары білім алған театртанушылар өнертану кандидаты Меруерт Жақсылықова, PhD докторы Нартай Ескендіров, өнертану магистрлері Айзат Қадыралиева, Сымбат Гениярова, Тимур Ахметов және т.б. жас ғалымдар ғылым саласында ізденістер үстінде.

Театр сынымен үздіксіз айналысқан Ә.Сығай мемлекеттік жұмыстардың тізгінін де қатар ұстаған дара тұлға. Ол 1974 – 1994 жылдар аралығында Мәдениет министрлігі театр бөлімінің, өнер басқармасының бастығы, министрдің орынбасары, Т.Жүргенов атындағы Театр және көркемсурет институтының ректоры, министрдің бірінші орынбасары, 1979 –1993 жылдар аралығында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мәдениет бөлімінің жауапты қызметкері болып жемісті істер тындырды. 1992 – 1994 жылдар аралығыда Мемлекеттік наградалар және сыйлықтар жөніндегі комитеттің, 1993 жылы Республика Президентінің Мемлекеттік ұлт саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі болып бекітілді. 2003 жылы Мәдениет, туризм және спорт министрлігінің Алматы қаласындағы өкілі болып қызмет етті. Сол жылдары ол қоғамдық, мемлекеттік, мәдени өмірде қыруар істер тындырып, республиканың сан-салалы мәдениетінің өсіп, өркендеуіне қомақты үлес қосты.

Т.Жүргенов атындағы Театр және көркемсурет институтының ректоры болған тұста (1989 – 1991) ұлттық өнер мамандарын даярлауға мол күш жігерін сарп етті. Шығармашылық оқу орнының басты кредосы үнемі шығармашылық жұмыстар жасау екенін талап етті. Әрбір оқытушы мен студенттің бағасын ісіне қарап салмақтады. Қазақстанның өнер ордалары аса зәру болып отырған мамандықтардың ашылуына тікелей мұрындық болды. Атап айтқанда, 1990 жылы «Театртану» мамандандыруын белгілі ғалым, профессор Б.Құндақбайұлы екеуі бірлесіп ашқан еді. Расын айту керек бұрын Ресей мен Өзбекстанның өнер институттарында осы мамандық бойынша бір-екі адам ғана дайындалатын. Ал, қазіргі таңда «театртану», «кинотану», «кинотеледраматург», «өнертану» мамандандырулары бойынша дайындалған мамандар өнеріміздің зерттелуіне сүбелі үлестерін қосып келеді.

Әшірбек Төребайұлы алыс-жақын шетелдермен тығыз шығармашылық байланыстар орнатып, оқытушылар мен студенттердің таным көкжиегін арттыруға мән берген. Германия, Қытай тәрізді үлкен мемлекеттердің оқу орындарымен келісім шарттар жасасып, өзі басқарып отырған институттан сол елдерден келген талантты студенттерді оқытатын арнайы курстар ашты. Бұл Қазақстандағы өнер мамандарын даярлайтын қасиетті қара шаңырақтың өзге елдердегі мәртебесін көтеріп, абыройын асқақтата түсті.

Ұстаздар мен студенттердің тұрмыстық хал-жағдайларын да жіті қадағалады. Ол ректорлық еткен жылдары әркімнің босағасын сағалап, пәтер жалдап тозып жүрген жиырма төрт оқытушы баспанаға қол жеткізді. Мұндай игі істің жүзеге асуына Ә.Сығайдың өзі тікелей ұйытқы болды. Білікті мамандар даярлау үшін, бар өмірлері студенттермен бірге институтта өтетін ұстаздардың мүшкіл халін дер кезінде қозғап, әкімдердің есігін қағып, бастаған жұмысын соңына жеткізуге жеке басының беделі тікелей көмектесті. Осындай қомақты істі, нағыз жұртқа жаны ашитын адамгершілігі мол, үлкен жүректі адам ғана жасай алатыны бесенеден белгілі. Соны әріптестері білді, жақсы адамның жақсылығын айтып, бүгінгі жастарға үлгі тұтып айтып та жүр.

Сыншылық, ұстаздық, қоғамдық қызметтерде халқының көкейіндегі көп ойларды қозғап, оларды шешу жолында бар қабілеті мен еңбегін жұмсаған ардақты азаматына елінің ықыласы да айырықша болды. Ә.Сығайдың қазақ өнеріне, мәдениетіне сіңірген еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, 1989 жылы Қазақстаның еңбек сіңірген өнер қайраткері атағы берілді. 2000 жылы Мемлекеттік сыйлықты иеленді. Кентау, Түркістан қалаларының «Құрметті азаматы», 2004 жылы «Құрмет» орденімен, 2005 жылы тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығымен марапатталды.

Ә.Сығай өнерде, қоғамдық өмірде айтулы істер тындырса да асып, таспаған, іргесін өркөкіректіктен аулақ ұстаған қарапайым жан болды. Үнемі жүзінен жылылық есіп, әзіл-қалжыңы мен көптің көңілін жадыратып, үлкен-кішінің тілін тауып қолынан келер көмегін аямады. Шығармашылық өнегесімен ғана емес, осындай мінез-құлығымен көпшілікті маңайына үйіріп өзіне тарта білді.

«Жарқ етті де, жоқ болды, көрген түстей, сағымдай» дегендей, Әш ағаң бізбен ұзақ жүре алмай, көз алдымыздан ғайып болды да кетті. Ардақты ағамыздың өзі өмірден өтсе де, рухани құнды қазынасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, мәңгі жасай беретіні сөзсіз. Кейінгі толқын жастарға сыншының азаматтық тұлғасы, кісілік келбеті ұлтжанды болмысы, үлгі-өнеге болары ақиқат.