Егер әлем театрының тарихына көз жүгіртетін болсақ өмірлерін өнермен өрнектеп, қайталанбас бейнелер қалдырған, сонымен қатар қоғамда аңызға айналған Эленора Дузе, Вивен Ли, Вера Федоровна Комиссаржевская, отандық Сәбира Майқанова, Бикен Римова, Әмина Өмірзақова, Хадиша Бөкеева, Фарида Шәріпова сынды тағы да басқа өнер шеберлерінің өмір мен өнердегі тағлымды істері тарихта мәңгіге қалды. Қазіргі таңда аталмыш тарландардың ізін жалғастырып қазақ сахнасының анасына айналған актрисалардың есімдерін аса құрметпен айта аламыз. Олардың қайсысын алсаңыз да театр тарихынан таусылмас сыр шертетін энциклопедиямен пара – пар. Қасымызда жүрген сондай ірі тұлғалардың бірі де бірегейі Қазақстан Республикасының Халық артисі Роза Әшірбекова.
Р.Әшірбекова 1938 жылдың 15 сәуірінде Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданы, «Казгорадок» селосында (қазіргі «Үлгі» ауылы) дүниеге келді. Оның балғын балалық шағы әйгілі Жұмбақтас пен Оқжетпес, Сәкен ақын жырлаған сексен көлдің саясында сөз жетпес сұлулықтың символына айналған Көкшенің бауырында өтті. Ол үш ағасының ортасында ерке өсті. Кеш болса ауылдың қыз – жігіттері әнге салып алтыбақан тепсе, енді бірі ақсүйек ойнап айлы түнді думанға айналдыратын. Осындай ойын – сауықтар Розаның балаң жүрегіне әдемі әсер қалдырды. Ол мектепте озат оқушы атанды. Бос уақытта кітап оқуға асығатын алғыр бойжеткеннің алғаш парақтағаны «Абай жолы», «Адасқандар», «Сұлушаш» еді. Соғыстан оралмаған әкесін жоқтатпай жеткізген анасы мектеп бітіргеннен кейін қызының Алматыдан білім алуына ақ батасын береді. Сөйтіп, ол Қазақтың педагогикалық институтының физика – математика факультетіне оқуға түседі. Институт қабырғасында көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып бір перделі пьесаларда ойнады. Осы сәттерде жан дүниесінің өнерге етене жақындығын анық сезе бастайды. Сахнамен рухани байланысын байқаған көңілде театрға деген құштарлығы біртіндеп арта береді.
Жас бойжеткен алғашқы курсты ойдағыдай тәмамдап ауылға оралады. Бірде ауыл кітапханасында газет – журнал жаңалықтарымен танысып отырып «М.Әуезов театры жанынан актерлік студия ашылады» деген жарнаманы көзі шалып қалады. Арман қанатында қалықтаған уыздай жас қыз театр майталмандары Қ.Қуанышбаев, Х.Бөкеева, Ә.Мәмбетовтың алдынан бірақ шығады. Қабылдау мерзімі аяқталып кеткендіктен де, Ә.Мәмбетов қосымша сабаққа қатысуына рұқсат береді. Уақыт өте келе Р.Әшірбекова ойланбастан актерлік мамандықты таңдап, өнер теңізінде жүзуге жол тартады. Екінші курстан соң толығымен құжаттарын студияға ауыстырады. Қ.Қуанышбаев, Н.Жантөриндей сахна шеберлерінен білім алған сол уақыттағы әріптестерінің барлығы қазақ өнерінің маңдайына біткен біртуар жұлдыздарына айналды. 1958 – 1960 жылдары Ә.Мәмбетов ашқан студияда оқыған Әнуар Молдабеков, Жақып Омаров, Баян Имашаева, Салиха Қожақова, Есболған Жайсаңбаев, Ораз Дүйсенов, Закиша Ысқақова, Аманжол Сәлімбаев, Айымторы Тайғаринова, Шәміл Жүнісов сынды алғашқы түлектердің қатарында Р.Әшірбекова да болды. Бұлар студияны бітіргеннен кейін көбісі облыстық театрларға, бір–екеуі М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына жіберілді. Өнерде де өмірде де әкелік жанашырлық танытқан қос ұстазы Ә.Мәмбетов пен Н.Жантөрин соңғы курста тәлім алып жүрген Р.Әшірбекованы қаладағы жастар театрына режиссердің қарамағына тапсырып жұмысқа кіргізеді.
Сөйтіп, студиядан кейін актриса кәмлеттік жасқа толып үлгірмеген Балалар мен жасөспірімдер театрына жұмысқа алынады. Бұл мерзім театр тарихы үшін көп уақыт емес. Әйтсе де, сол аз ғана жылдың ішінде жастардың сүйікті мәдениет ошағына айналып үлгірген аталмыш өнер ордасының сол тұстағы актерлік құрамы өте мықты болды. Оның тез арада өркендеп, үлкен өріске шығуына ұжымның іргетасын өз қолдарымен қаласып, шаңырағын көтеріскен А.Мәмбетова, Қ.Жәкібаев, Ж.Бектасова, К.Өмірзақов, М.Құланбаев, Ә.Өмірзақова, С.Шәріповтей актерлер легіне кейінірек келіп қосылған Б.Қалтаев, С.Саттарова, К.Қожабеков сынды тағы басқа да өнерпаздардың жарқын талантының, қажымас қайраты мен азаматтық жауапкершілігінің өлшеусіз зор қызмет атқаруынан еді. Осындай шашасына шаң жұқтырмайтын кілең дүлдүл топтың ортасына келіп түскен Р.Әшірбекова өзінің еңбекқорлығының арқасында театр ұжымына тез арада сіңіп кетті. Алдыңғы буын өнер шеберлерінің аялы алақанын сезіне отырып, олардың үлкен мектебінен тәлім алды. Әрбір рөлін асқан сүйіспеншілікпен ойнайтын арқалы актерлермен серіктес бола жүріп, сахна өнерінің қыр-сырына терең бойлай түсті. Олармен бірге талай шығармашылық асуларды бірге асып театр тарихын жасаушылардың алдыңғы сапында болды. Өзімен қатар театрға келген Күләй Хамзина, Матан Мұраталиев, Мәрияш Жақсымбетова, Шапай Зұлқашев, Сейітхан Есенқұлов, Алтынбек Кенжековтай талантты актерлермен театр әлемінің құпия сырын бірге іздеді. Жоғарыда есімдері аталған жас әріптестерімен бірге театрдың даңқын асқақтатуға қажырлы үлес қосты. Балалар мен жастар театрының сол жылдардағы актерлік труппасы туралы профессор Ә.Сығай Р.Әшірбекова туралы жазған мақаласында ерекше тебіреніспен былайша еске алған: «Көбінше Мен Док Ук қойылымдарында жарыса шабыт толғайтын үркердей талантты топ: Алтынбек, Шапай, Мәрияш, Роза бірліктері кез-келген сахналық туындының бағытын белгілеп, көрермендер санасына өзгеше эстетика, өзгеше психологиялық әсер етуімен бедерленіп жатты. Бұлар қойылым тағдырына, аталмыш театрдың даму, ілгерілеу, биіктеу деңгейіне нақтылы ықпал жасады» [1, 288 б.]. Сыншының бұл пікірі театрдың рухани өрлеуіне жас толқын актерлердің мол үлес қосқанын дәлелелдей түседі.
Жалпы, кез-келген халықтың театр тарихында сахнаға шығысымен-ақ ешкімге ұқсамайтын даралығымен бірден ерекшелететіндер өте аз. Осындай сирек актерлердің бірі–Р.Әшірбекова. Ол өзінің алғашқы тұсау кесер рөлі Ж.Жұмақанов пен Б.Тәжібаевтың «Қаракөз қарындасым» пьесасындағы Аннамен көпшіліктің назарын бірден аударып әкетті. Театр сыншысы Қ.Қуандықов спектакльге жазған сын мақаласында Р.Әшірбекованың ойыны туралы: «Сахна –жарастық орны. Жалт еткен талант ұшқыны оның төрінде көзге шалынбай қалмайды. Анна-Р.Әшірбекованы көрген сәтінде-ақ қаракөз қарындасым осы ғой дейсің. Жастықтың қайталанбас сұлу көркі бар. Бұл қолдан жасалмайтын әсемдік табиғат сыйы. Роза бойындағы осы қасиет тілдеспей жатып өзіңді баурап әкетеді, бала мінез сүйкімділік бар көркінде. Толқынды қара шашы, сезімталдық пен ақылдылықты аңғартатын шырайлы кескіні, жаудыраған қарақат көзі, сымбатты бітімі оны өзгелерден ерекшелендіріп тұр. Актриса ойынын айтпағанның өзінде Анна тұлғасы осындай мол бояулармен толықси түскен. Жас актриса көңіл күйін қас пен қабақтан аңғартады, жүрек сыздатқан оның сағыныш шері бір сәт жүйе-жүйеңді босатпай қоймайды [2, 130 б.] - деуінен актрисаның ішкі сезім дүниесінің бай екенін және кейіпкердің болмыс бітімі мен мінез құлқына, психологиясына үңіле алатын алғырлығы байқалады.
Р.Әшірбекованың бұдан кейін сахнада бейнелеген сан алуан тұлғаларының бәрі дерлік театр шығармашылығының белді-белді асуларының белгісіндей көзге түседі. Аққұба жүзі алаулаған, сұңғақ бойлы, талдырмаш актриса ақылына көркі сай арулардың рөлдерін ойнауға білек сыбана кірісті. Ол М.Кәрімнің «Ай тұтылған түнінде» Шафақты, М.Әуезовтың «Жас Абайында» Тоғжанды, С.Мұқановтың «Ботакөзінде» Ботакөзді, «Мөлдір махаббатында» Бәтесті, Б.Майлиннің «Шұғасында» Шұғаны, Т.Ахтановтың «Махаббат мұңындағы» Ләззатты, «Әке мен баласында» Аспирант қызды, Т.Әбдіковтың «Біз үшеу едік» пьесасында Дариғадай бір-біріне мүлде ұқсамайтын әр дәуірдің, әр ұлттың қыз-келіншектерін ойнап, олардың жан дүниесін терең ашып, өзінің табиғи тұнба талантының арқасында сахналық ұмытылмас кесек бейнелер сомдады. Нәзік сезім мен ар тазалығына бөленген кіршіксіз махаббат иелерінің лирикалық жан-күйін таңғы шықтай мөлдірете жеткізді. Тал шыбықтай бұралған жас арулардың өмірінен романтикалық сыр тауып, олардың бойында лаулаған өршіл сезімнен өмірге құштар жаңа күштерді көрсете білді. Содан болар Р.Әшірбекованың кейіпкерлері көрермендерді алға жетелеп, олардың кеудесінде оптимистік оттың шоғын қоздырып, маздатып жіберетін. Сондай рөлдерінің бірі режиссер Мен Дон Ук сахналаған Ш.Айтматовтың «Арманым Әселімдегі» - Хадиша. Оның Хадишасы бар жүрегімен сүйе білетін нәзік сезімнің иесі. Өмірде енді ғана бақытыма жолықтым ба деген кезде, Ілиястың өзін сүймейтінін түсінген әйел оның алдында еңсесін тік ұстап, тәкаппар күйінде шын көңілмен бақыт тілеп шығарып салады. Бірақ қайта оралмас махаббатымен мәңгілікке қоштасу оған қаншалықты ауыр соққанын актриса шебер жеткізе алды. Қос жанары мұңға толып, қайғы теңізіне батқан әйелдің тілмен айтуға келмейтін жан қасіретін нанымды бедерледі.
Театр ұжымы 1967 жылы Мәскеуге 10 күндік іс сапармен барып, бүкіл Одақтың 15 республикасынан жиналған 43 балалар мен жасөспірімдер театрының ішінде өнер көрсетіп, балалар спектакльдерінің байқауына қатысып, ең үздік деген алдыңғы бестіктің қатарынан көрінді. КСРО-ның азулы театр сыншылары еліміздің шеберлері сахналаған Ш.Айтматовтың «Арманым, Әселім!» спектакліне жоғары баға берді. Әсіресе, ақылына көркі сай Р.Әшірбекова сомдаған Хадишаны да ерекше атап өтті. Қазақтың жасөспірімдер мен балалар театрының ашылуына ерен еңбек сіңірген режиссер, театртанушы Н.И.Сац «Өнер адамы үнемі ізденісте болуы шарт. Осылай жұмыс істесең ертең үлкен актриса боласың» - деп актрисаның арқасынан қағып айтқан сөзі оның әр рөлдің тегі мен төркінін терең ұғынып, шынайы әрекет жасайтынына сүйсінгендіктен айтылса керек.
1968 жылы Қазақтың балалар мен жасөспірімдер театрының репертуарынан «Ай тұтылған түн» режиссер Е.Обаевтың сахналауымен орын алды. Спектакль пьесадағы негізгі тартыс иесі Таңқабикенің сахнада бірнеше қырынан сыналуына әкеп тіреуі арқылы ерекшеленді. Режиссер бәйбіше басындағы шытырман өмірді ширықтырып, ірілендіріп көрсете алды. Ол трагедия табиғатын аша түсетіндей режиссерлік тартымды шешімдер таба білді.
Трагедияның кейіпкерлері Ақжігіт, Зүбәржат, Шафақ, Диуана өзгеше бағыт тауып өзінше ұйқасын тапты. Барлығы да басында қайғы тұнған бақытсыз жандар. Ақжігіт пен Зүбаржат некелесу үшін ананың ақ батасына зар, Шафақ жастайынан жар төсегінде жалғыз қалып, өзегін қайғы өртеген жесірліктің азабын шексе, тағдыр жұмбағы өзіне құпия болып, туған анасының қасында тірі жетімге айналған ауру Диуана.
Бақытсыз әулетке бақсыз түскен келін Шафақты Р.Әшірбекова ойнады. Бұл актрисаның режиссер Е.Обаевпен алғашқы шығармашылық жұмысы болды. Бұған дейін бірқатар күрделі бейнелерді жарыққа әкелген актриса тәжірибесінде Ғ.Хайруллина, Т.Сидоров, Қ.Жетпісбаев, Мен Дон Ук сынды талантты режиссерлермен жемісті жетістіктерге қол жеткізген еді. Режиссер ойы мен мақсатын тез ұғынатын актрисамен бір жерден ой тудыру қиын болмады. Р.Әшірбекова трагедия талабына орай кейіпкер тап болған оқиғаға байланысты сахнадан Шафақтың көркем бейнесін дәл табуға бар мүмкіндігін салды. Әдет-ғұрыптың құрбанына айналған кейіпкерін өз-өзімен психологиялық күресу үстінде жасаған сахналық әрекеттері шынайы келісімін тапты. Р.Әшірбекованың ішкі толғанысы мен табиғи талантқа толы болмысы Шафақты барынша сыпайы, адал етіп көрсетті. Таңқабикенің озбыр ісін қолдамаса да енесі болғандықтан кішірейіп, имене сөйлеуі келіннің ибалығын танытып тұрды. Актриса сомдаған Шафақ жалғыздықтан жапа шеккен, оралмас жарынан күдер үзбейтін тағдырына мойынсұнған әйел болып бейнеленді. Әр мінездегі кейіпкерлерді сомдауда ерекше сахналық шешім іздейтін сахна саңлағына Шафақ физикалық емес, психологиялық түйін жасауды талап ететінін аңғарып ішкі әлемін ақтара сипаттайтын жолдарды қарастырды. Режиссер қойған талаптарды орындай жүріп, актриса ретінде кейіпкерге жасаған өз көзқарасын да ұтымды қолдана алды. Шафақтың еркін, жаңадан өмір бастауына рұқсат етпейтін ата - баба салтына әйел ретінде, жалпы адам ретінде наразылығын, іштей қарсылығын таныта алды. Жаңа көзқарастағы жас көрермендерге түсінікті әрі заман қасіретін ұғынықты суреттеп берді. Режиссер Е.Обаевпен алғашқы шығарамшылық ізденістері оң нәтижесін тауып актриса өз мүмкіндігі мен талантының биік дәрежеде екенін көрсете алды. Аталмыш трагедияны сахналаған режиссер Е.Обаев актрисаның ерекшелігін тани түсіп: «Біріншіден, бұл кісіде актрисаға тән барлық табиғи қасиет бойында бар. Ең алдымен жақсы артист болу үшін жақсы адам болуы керек. Бұл кісі бықсықтан, күйкі тіршіліктен ада адам. Роза-драмалық актриса. Оның драмалығы басым» [3, 72 б.] - деген болатын. Кейіннен аталмыш театрда С.Мұқановтың «Ботагөзін», Б.Майлиннің «Шұғасын» сахналаған Е.Обаев екі басты кейіпкерді де (Ботагөз, Шұға) Р.Әшірбековаға сеніп тапсырды.
Р.Әшірбекова көп қырлы, терең сырлы драма актрисасы. Ол қашан да ізденуден жалықпай өнерін ұштап, шеберлігін шыңдауды әдетке айналдырған. Теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, сахнадан алуан қырлы адамдардың толыққанды бейнесін жасаудың хас шебері. Оның өнеріндегі басты ерекшелік – кейіпкердің психологиялық тебіреністегі жан күйін айнытпай бере білетіндігінде. Актриса өзінің қиял көкжиегінің тереңдігімен драмалық, комедиялық, трагедиялық кейіпкерлердің кескін келбетін бір-біріне ұқсастырмай даралай ойнайды. Олардың әрқайсысының ішкі сезім дүниесіне сыртқы әрекетті орайымен жымдастырып, сөздің ырғағы мен екпінін құбылта өзгертуі актриса шеберлігінің айғағы болып табылады. Р.Әшірбекова үнінің тазалығы, дикциясының анықтығы, әр сөздің астарына мұқият үңіліп мағынасын тура жеткізе білетін шеберлігі бөлек әңгімеге арқау болатындай дүние.
Сахна мәдениетіне жетік зерделі актриса бір спектакльде бірнеше жылдар бойы үздіксіз ойнаса да, таптаурынды машыққа салынбай, жаңа бір серпін мен тың бояулар тауып, уақыттың талабына сай жаңғыртып көрермендердің эстетикалық талап – тілегіне лайық үн қата білетіндігінде. Елу жылдан астам уақыттың ішінде көптеген үлкенді-кішілі рөлдерде ойнап, ұлттық театр өнеріне орны бөлек өлшеусіз үлес қосқан Р.Әшірбекованың репертуары төл драматургиямен шектеліп қалған жоқ. Дүниежүзі әдебиетінің алыптары Ж.Б.Мольердің «Скапеннің айласындағы» Глицинта, Б.Брехттің «Әйдік апайындағы» Иветта, А.Брунштейннің «Том ағайдың лашығындағы» Бала, У.Шекспирдің «Гамлетіндегі» Гертруда ханшайым сол тәрізді, орыстың біртуар драматургтері А.Н.Островскийдің «Адам аласы ішіндегі» Мамаева мен А.П.Чеховтың «Шағаласындағы» Аркадина актриса ойынында өзіндік ерекшеліктерімен бейнеленді. Әрбір актердің шеберлігіне көркемдік өлшем болатын Гертруда, Мамаева, Аркадина сияқты күрделі сахналық тұлғалар жасауда, олардың толғаныстары мен ішкі қайшылықтарын ашуда қимыл-қозғалыс, жүріс-тұрыс, дауыс мәнері, бет әлпетіндегі өзгерістер, ишарат өрнектерінің сахналық заңдылықпен қатар ұлттық өзгешеліктерден өркен жаятынын анық танытты. Актриса әрқайсысының қайталанбас бейнесін жарқырата сомдап, зор масштабтағы сахна суреткері екенін таныта алды. Оның бұл рөлдерін кейіпкержандылық мектептің үлгісі деп қарауға да болады. Себебі сахнада еркін көсілген актриса әр қаһарманның өзіне тән мақамы мен машығын, сахналық сыр-сымбатын сәтімен тауып олардың мың құбылған көңіл-күйлерін, жан тебіреністерін еш боямасыз шынайы көрсетті. Белгілі театртанушы өнертану докторы, профессор Б.Құндақбайұлы Р.Әшірбекованың Аркадина рөлін сомдаудағы ерекшелігін былай деп бағалады: «Аркадинаны Роза шын мағынасында жан-жақты меңгерді. Аркадина тумысында көпшіліктің алдында өзін жақсы ұстай алатын, өзінің бағасын білетін, анау-мынауды менсіне бермейтін тәкәппар жан. Роза Аркадинаның өзіндік менмендігін, оның сол қоғамдағы ізетті жан екендігін жақсы көрсете алды. Сондықтан Аркадина Розаның мықты меңгерген рөлдерінің бірі. Жалпы Чеховтың драматургиясын меңгеру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Р.Әшірбекованың Аркадинасы тәжірибелі актрисаның жемісті еңбегінің нәтижесі. Алмас жүзіндей айнымалы, өзінен басқаны ойламайтын тәкаппар Аркадина-Р.Әшірбекованың әрбір қозғалысына селсоқ қарап қалу мүмкін емес. Актриса Аркадинаның ішкі сезім дүниесін, арпалыс сәттерін аса нанымды шебер берді»[4,74 б.]. Сыншы қаламынан туған осы бір жолдар Р.Әшірбекованың рөл шығарудағы ізденістері мен кәсіби шеберлігін анық танытып өтеді.
Бұдан әрі актриса театр сахнасында парасат-пайымы мол, нәзік жанды, жүрегі адал аналарды ойнауды жалғастыра берді. Атап айтқанда: Б.Мұқайдың «Өмірзаясында» Эмма (реж. Р.Сейтметов), Т.Нұрмағанбетовтың «Біз түріктерімізінде» Мехрибан (реж. Р.Сейтметов), М.Ақынжановтың «Алтын сақасында» Мыстан кемпір (реж. Т.Өмірзақов), А.Кирийдің «Зона немесе ши бөрілерінде» Ана (реж. О.Сәрсенбек, ауд. Д.Әшімханов), Ш.Айтматовтың «Миғұла терісі үстіндегі сотында» Айдай (реж. Н.Жақыпбай), О.Дастановтың «Әзірет Сұлтанында» Ана (реж. Ә.Мәмбетов 1988), Қ.Мұхаметжановтың «Бөлтірік бөрік астында» комедиясында Жұпар (реж. А.Әшімов) т.б. рөлдерді келісті сомдады.
Солардың ішінен ерекше орын алатын рөлдерінің бірі О.Бөкейдің «Атау кере» повесі (сахналық жүйесін жасаған Мұхамедия Ахмет-Төре, режиссері Н.Жақыпбай) бойынша қойылған спектакльдегі Нүрке ана. Өзінің шығармашылық өмір жолында талай аналардың сахналық бейнесін жасаған Р.Әшірбекова Нүрке рөліне аса зор дайындықпен келді. Ол өз кейіпкерінің өмір болмысын терең зерттеп оның ерекшелігін дәл тапты. Нүрке-Нюра ұлты орыс болғанына қарамастан қазақ еліне келін болып түскен күннен бастап, сол елдің діні мен тілін, салт-дәстүрін қабылдап, өмірінің соңына дейін қадірлеп өткен аналардың бірі.
Шымылдық ашылған сәттен бастап аппақ төсек үстінде дұғасын оқып, Аллаға жалбарынып отырған ана көрермендердің назарын өзіне бірден аударып әкетеді. Аяғын баса алмай төсекке таңылып отырғанына қарамастан, одан тараған аналық махаббаттың жылуы бүкіл спектакль кейіпкерлеріне нәр беріп, олардың өмірге деген көзқарастарының өзгеруіне ықпалын тигізеді. Бір орнынан жылжымай спектакль оқиғасына белсене араласатын Нүркенің монологтары терең мағынаға толы. Жүзінен жылылық ескен дархан көңілді ана сөйлеп кеткен кезде қазақтың өткен тарихы тірілгендей әсер қалдырып отырады. Оның әңгімесінен халық басына түскен талай тауқыметті қара нардай бірге көтеріскен қазақ аналарының өр рухы сезіледі. Нүрке-Р.Әшірбекованың ойлы көзқарасы, адамшылық болмысы, рухани тереңдігі көрермендердің басқа жаққа бұрылуына мұрсат бермей баурап алған. Ұрпақ болашығын ойлап, солардың тілеуін тілеп отырған ананы сергек те, сезімтал етіп бейнелеген орындаушы осындай аналар бар кезде өмірдің мәңгілікке жалғаса беретіндігін өзгелерге ұқтыра алды.
Сахна төрінде жасындай жарқыраған Р.Әшірбекованың табиғи талантының ұшталып, қайталанбас бейнелер жасауына театрда әр жылдары режиссерлік еткен Мен Дон Уктың, Е.Обаевтың, В.Пұсырмановтың, М.Байсеркеновтың, Ж.Хаджиевтің, Р.Сейтметовтың, Н.Жақыпбайдың, М.Ахмановтың елеулі үлестері бар. Олардың барлығы да актриса мүмкіндігін дұрыс танып талантының халыққа танылуына себепкер болды.
Өнердегі ұлағатты өмірімен халқының қошаметіне бөленген Роза Әшірбекова өзінің сүйікті театрының жаңа белестерден көрінуіне әлі күнге дейін аянбай еңбек етіп келе жатыр.
Биылғы жылы сахналық ғұмырына 60 жыл толып отырған Роза апамыздың 80 жылдық мерейтойына драматург С.Балғабаев «Енелер мен келіндер» деген комедиясын арнайы жазды. Бұл спектакльде Р.Әшірбекова жас буын актерлермен әдемі ансабль түзіп, өз шеберлігімен тәнті етті. Сахнада сергек қимылдап, тез ойланатын өрелі өнерпаздың ойынына көрермендер үлкен ризашылықпен қол соқты. Шынында да, сексеннің сеңгіріне шығып жастармен қатар өнер көрсету Р.Әшірбековадай қажырлы адамның қолынан келетін іс. Театр өнерін пір тұтқан актриса өзінің іс-әрекетімен өнерді қалай қастерлеудің озық үлгісін көрсетіп берді. Біз, мерейтой иесіне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, баянды бақ, толағай табыстар тілейміз!
Қолданылған материалдар:
- Сығай Ә. Роза-гүл Раушан. Толғам. «Парасат журналы». – Алматы, 2004 ж.
- Қ.Қуандықов. Театрда туған ойлар. – Алматы, «Жазушы», 1972 ж.
- Көкшенің кербез сұлуы. Е.Обаев «Саф өнердің иесі». - Алматы. ҚазАқпарат, 2008 ж.
- Көкшенің кербез сұлуы. Құндақбайұлы Б. Ақыл-ойдың актрисасы. - Алматы. ҚазАқпарат, 2008 ж.