Мақала
Әнуар Молдабековтың актерлік тағылымы
Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Әнуар Молдабековтың туғанына 80 жыл
Бөлім: Театр
Датасы: 30.04.2018
Авторы: Бақыт Нұрпейіс
Мақала
Әнуар Молдабековтың актерлік тағылымы
Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Әнуар Молдабековтың туғанына 80 жыл
Бөлім: Театр
Датасы: 30.04.2018
Авторы: Бақыт Нұрпейіс
Әнуар Молдабековтың актерлік тағылымы

Қазақ театр өнерінде өзіне ғана тән орындаушылық ерекшелігімен, көркем-эстетикалық талғамымен дараланып есімі қазақ театр тарихына алтын әріппен жазылған ұлы тұлғаларымыздың бірі - Әнуар Молдабеков. Дарынды суреткер қазақ актерлік өнерін озық өреге, әлемдік тұғырға көтеріп, актерлік бақытты басынан кешкен, өз еңбегінің зейнетін көрген, халқына тынбай қызмет еткен, ұрпақтар зердесіне ұлағат сәулесін сепкен дара тұлға болып қалды.

Ол Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының студиясын қазақ өнерінің қос саңлағы Ә.Мәмбетов пен Н.Жантөриннің жетекшілігімен бітірді. Екі бірдей өнер майталманының курсқа жетекшілік етуі студенттердің тиянақты кәсіби білім алып, таланттарының ашылуына ерекше ықпалын тигізді. Студияны ойдағыдай тәмамдаған Ә.Молдабеков 1960-1964 жылдары С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрынан актерлік еңбек жолын бастады. Бұл театрдың сахнасында М.Әуезовтың «Қобыландысында» Қобыланды, «Түнгі сарынында» Жантас, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» Еркін, Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасында» Тибальт тағы да басқа рольдерді еркін игеріп, актерлік даралығы мен дербестігі бар дарын иесі екенін танытқан еді.

1962 жылдың көктемінде Қарағанды театры өзінің 30 жылдық мерекесін Алматыға келіп тойлады. Сол кезде «Қобыланды» спектаклі жоғары театр сүйер қауымның зор сүйіспеншілігіне бөленді. Әсіресе, жас актер Ә.Молдабековтың сахнадағы ойыны бірден көзге түсті. Бұл туралы театр сыншысы Қ.Қуандықов былай деген: «Қобыланды рөлінде ойнайтын Ә.Молдабеков бітімі кесек, сұлу кескінді, батыр тұлғалы артист. Күңгірлеген зор даусы да құлаққа жағымды. Үлкен қара көздерінен шоқты, ойлы қарас, аңғарғыштық байқалады. Жалындаған жастық, албырт, қызуы да бапты күйінде. Ә.Молдабеков өзінің сымбатты бітімі, сезім дүниесімен де Қобыланды рөлінде еркін ойнай алатын өнерпаз» [1,191 б.], - деп бағалаған еді. Осы рөлінен кейін оның болашағы зор екенін көзқарақты режиссерлер бірден байқап, жалындаған жас актерді Ә.Мәмбетов «Ән қанатында» фильміне шақырған болатын.

Ал 1964 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында актер болып қызмет етті. Үлкен қара шаңырақта таланты марқайып, ой-өрісі кеңейіп, рухани толысқан сайын шеберлігі арта түсті.

Актер қаншама қабілетті болғанымен де, режиссердің қызметіне тәуелді екені әлімсақтан аян. Бұл жағынан келгенде Әнуар Молдабеков жұлдызы жарқырап, жолы болғандардың қатарында. Оның күрделі бейнелердің галлереясын жасауына сол тұста театрдың көркемдік жетекшісі болып тұрған өзінің ұстазы Ә.Мәмбетовтан басқа, Абрам Мадиевский, Виктор Пұсырманов, Есмұқан Обаев, Райымбек Сейтметов, Қадыр Жетпісбаев мол ықпал етті. Дәл сол кезде кілең майталман шеберлерден құралған театр ұжымының әр жұмысы тарихқа айналып жатты. Егер сол дәуірді ұлттық театрдың өсу жолындағы алтын ғасыр десек, ол тікелей Ә.Мәмбетовтың талантты да, қуатты режиссурасымен тұспа-тұс келді.

Ә.Молдабеков өзінің сахналық ізденіс жолдарында актерлермен ортақ тіл тауып, келісті де, көркем бейнелерді дүниеге әкелді. Оның сахнада шынығып, шығармашылық келбетінің қалыптасуына ұлттық театрдың шаңырағын көтерген өнер тарландарымен бірге, өзімен иықтас әріптестері А.Әшімов, С.Оразбаев, Н.Жантөрин, Ы.Ноғайбаев, Ф.Шәріпова, Н.Мышбаева, т.б. өнер шеберлерімен ортақ тіл табысып, әдемі актерлік ансамбльде өнер көрсетуі мол ықпал етті.

Ә.Молдабековтың театр сахнасында сомдаған көркемдік әлемі тұтас бір зерттеу институтының нысаны болардай кесек те келбетті, сырлы да сымбатты дүние. Актердің рольмен жұмыс жасаудағы ерекшелігін қарастырған кезде актерлік шеберлікке қатысты теориялық білімінің тереңдігі бірден аңғарылады. Пьесаның әдеби негізін, сахналық ерекшелігін, рольдің дәнін тауып алуды актер өз жұмысының басты шарты деп санап, соған қарай қимыл-қозғалыс, жүріс-тұрыс, дауыс ырғағы, үні, бет әлпетіндегі өзгерістер, әдет, киім т.б. кейіпкерлердің ерекшеліктерін ашатын бөлшектерді өз бойына шақтап, жұмыс үрдісінде де, бос уақытында да іштей қарастырып жүруі Михаил Чеховтың актерлік тренингтерін жақсы білетінін көрсетеді. Актердің шексіз қиялы, рольмен өзбетінше жұмыс жасауы оның сахнадағы кейіпкерлерін бір-біріне мүлде ұқсастырмай, тасқындаған шабытының молдығын танытатын.

Ұлттық драматургияға келгенде, Ә.Молдабеков шығармашылығының биік шырқауы болып табылатын М.Әуезовтың «Қарақыпшақ Қобландысындағы» Қобыланды, «Еңлік-Кебектегі» Кебек, Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлуындағы» Жантық, М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абайындағы» Керім, Ш.Хұсайыновтың «Алдаркөсе» комедиясындағы Алдаркөсе, Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуіндегі» Досым, Ш.Айтматов пен Қ.Мұхаметжановтың «Көктөбедегі кездесуінде» Мәмбет, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Тәңірберген, О.Бөкеевтің «Құлыным меніңінде» Бозтайлақ т.б. кейіпкерлердің қайталанбас бейнелерін сомдады.

М.Әуезовтың «Қарақыпшақ Қобландысындағы» Қобыланды Ә.Молдабековтың ойынында қызуқанды, халық батыры деңгейіне көтерілді. Актердің күмбірлеген ашық дауысы, ойлы да, өткір көзқарасы, ширақ қимылы, елін, жерін қорғаудағы табандылығы нанымды шықты. Ішкі драматизмге құрылған Қобландының монологтары әсерлі сезімге бөлеп отырды.

Актер шығармашылығының сан қырлылығы, көп бояулығы «Қан мен тердегі» Тәңірберген бейнесінен де анық байқалды. Сұлу кескінді, балуан тұлғалы актердің Тәңірбергені кесек мінезімен, ішіне сыр бүккен ойлылығымен есте қалды. Кейіпкердің ой-өрісі, талғам таразысы, тіршілік тынысы актер ойынында еш боямасыз суреттеліп, Тәңірберген жанының қайғылы жақтарын да асқан шеберлікпен, суреткерлік саналықпен айшықты нұсқалады. Ішкі драмаға мол, жан дүниесі шиыршық атқан, қарама-қайшылық қасиеті қалың да қою күрделі кейіпкер тағдыры ешкімді де бей-жай қалдырмады.

Ә.Молдабеков өзге ұлттың шығармаларында ойнауды шеберлік шыңдаудың таптырмаймайтын мектебі деп ұқты. Көп нәрсені оқуға, саралауға, қиялдауға, қысқасы ізденіске амалсыз апаратын мұндай рольдерді ойнауға ол жан-тәнімен кірісетін. Өзге ұлт өкілінің психологиялық толғанысын, ішкі қайшылығын, әлеуметтік сипатын, өзгенің адамдық болмысын суреттеу шеберлік аясын кеңейтетінін жақсы ұқты.

Шекспирдің «Ричард ІІІ-інде» Ричард, «Асауға тұсауында» Петручио, А.Абдуллиннің «Ұмытпа мені, күнімінде» С.Чекмарев, В.Дельмардың «Өкінішті өмірінде» Джордж, А.П.Чеховтың «Ваня ағайындағы» Иван Войницкий рольдері актердің бағын ашқан сырлы бейнелер. Аталған кейіпкерлерді сомдауда Ә.Молдабеков психофизикалық әрекеттің тұтастығына, рольдің психологиялық шешімі мен пластикалық үлгісін шебер жымдастырып көркемдік бірлікке қол жеткізе алды. Сахналық бейненің сыртқы үлгісін ғана емес, ішкі әлемінің тұтас шығуына күш жұмсады. Кейіпкердің ішкі қайшылығы, айналасындағылармен қарым-қатынасы, өзіндік ой-түсінігі, оқиғаның дамуынан туатын психологиялық толғаныстар Ә.Молдабеков ойынында денені шымырлатып, ойды қозғайтын сиқырлы күшке айналды.

Оның Ваня ағайға берген ой-түсінігі, сахналық суреті, ішкі әрекетті анықтауы, бояу бедерін табудағы жеңісі бүкіл Одаққа танылды. 1982 жылы Мәскеуде көрсетілген «Ваня ағай» спектаклі бүкіл қазақ театрының үлкен жеңісі болып табылды. Мәскеулік театр сыншылары Г.Холодова, И.Шостак, Н.Толченова Ә.Молдабековтың Ваня ағайына жоғары баға беріп, тұтас шыққан сахналық бейне ретінде кәсіби бағалады. Отандық театр сыншылары Б.Құндақбайұлы, Ә.Сығай, Л.Богатенкова Ваня ағай рөліне терең талдаулар жасады.

Мәскеулік сыншы Н.Толченова: « Әнуар Молдабеков орындаған Иван Петрович Войницкий – Ваня ағай образы режиссерлік шешімнің нәтижесінде терең маңызға ие болып, Чеховтың өзі жоғары бағалаған жан сұлулығы мен қажыр-қайраты, адамгершілік қасиеттері барлық ерекшеліктерімен жарқырап көрінген. Ваня ағай – өмірінің бекерге өткенін кеш түсініп, қатал тағдырының ащы азабын арқалаған, көкірегі өкінішке толы, бірақ, жүрегі таза, жаны адал, келер күнге үлкен үмітпен қарайтын қарапайым адам. Бойындағы сарқылмас күш-жігер мен төзімділік, еңбекқорлық қасиеттері үмітсіз тарлығын іштей сезе тұра, оның өмірден қол үзбейтін күрескер рухын байқатады» [2,28 б.], - деп спектакльден кейін тебірене жазды.

Актер үшін шығармашылық белестің бір асуы іспеттес болған бұл роль, оның ішкі тасқын мен қызулықты көркемдік өлшеммен қолдана алатын шеберлігін танытты. Сол кездегі КСРО Мәдениет министрі Демичев Ә.Молдабековке «Кеңес Одағында Войницкий ролін ең үздік орындағаны үшін» деген сыйлықпен марапаттады. Ұстазы Ә.Мәмбетов: «Өз заманында туған ұлы актер» деген бағасын берді.

Ә.Молдабеков шығармашылығының екінші арнасы кино өнерімен тығыз байланысып жатыр. Ол тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар «Мосфильм», «Қырғызфильм», «Өзбекфильм» киностудияларында да фильмдерге түсіп, естен кетпес жарқын бейнелер сомдады. Бұл салада да актер өзінің сахнадағы принциптерін берік сақтады. От болып жанып, нөсер болып төгіліп, жасындай жарқылдады. Актердің қызу темпераменті, суырыпсалмалық тапқырлығы, ерен жүйріктігі мен хас шеберлігі экранда алмастай жарқылдады.

Отыздан астам көркем фильмге түскен актер әрқилы бағыт-бағдарлармен стильдерді ұстанған, әртүрлі көркемдік мектептердің өкілдері болып табылатын кинорежиссерлермен жұмыс жасады. Бұл Ә.Молдабеков дарынын одан ары байытып, көп қырлылығын ашып, ауқым аясын кеңітіп, масштабын асыра түсті.

Сонымен бірге Ә.Молдабеков көркем фильмдерді қазақ көрерменіне жеткізу ісі – дубляжға көп еңбек сіңірді. Одан басқа радио мен телевидение хабарларына қатысып, мерекелік концерттерде өнер көрсетуден де шеттеп қалған жоқ.

Қазақ театры мен киносына өлшеусіз үлес қосқан Ә.Молдабеков шеберлігі оның көзі тірісінде–ақ театр мен кино сыншыларының оң бағасына ие болды. Дегенмен де, актердің суреткерлік ерешелігін өзек етіп жазылған біртұтас ғылыми еңбек қазақ театртану ғылымында әлі жоқ. Ұлы сахна және кино актері жөнінде монографиялық зерттеулер, деректі-әдістемелік және көрнекі оқу-үйрету құралы боларлық кинофильмдер шығару алдағы уақыттың еншісінде қалып тұр.

Халқымыздың аяулы перзенті, театр мен кино өнерінің сөнбес жұлдызы, өмірін өнермен ұзартқан актердің рухани мұрасы мәңгі жасай бермек. Ә.Молдабековтың өнердегі ұстанған тазалық қағидасы, азаматтық адамгершілік келбеті, ұлтжанды болмысы кейінгі толқын өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болып қалары ақиқат.

Қолданылған материалдар:

  1.    Қ.Қуандықов «Театрда туған ойлар»  –   Алматы, 1972 ж.
  2.     Н.Толченова, «Огонек» журналы, №40, 1982 ж.