Жас драматургтердің көшін бастап жүргендердің бірісіз. Қандай ерекшеліктеріңізбен ұттыңыз?
Қандай ерекшелігіммен ұттым?! Оған бас қатырып қажеті жоқ, формуласы қарапайым. Мен Құдайдың берген талантын еңбекпен ұштастыра білдім деп ойлаймын. Басты ерекшелігім өнер акедемиясындағы ұстаздардан алған білімді шығармашылығыма пайдалана алдым. Бізде көп адам өзін ақылды санайды. Бос сөз. Адам өзіне жақын ақылдардың жиынтығымен жүреді. Түсініктірек айтсақ, ақылды болудың жүйесін игереді. Ал, ол жүйе өзін басқаларға білімді көрсетеді.
Жас драматургтердің кемшілігі неде деп ойлайсыз?
Кемшілік деп кесіп айту артық шығар. Кемшілік іздесең Шекспирден де табасың. Жастарда өмірлік тәжірибе мен шеберлік жетіспей жатады. Соның ішінде өзім де бармын. Бастысы көзіңе көрінген заттан ой қорыта алу керек. Драматургке ең басты керек зат – қиялдың шексіздігі. Не құрлым қиял әлемің мен өмірден ой қорыта алатын түйсігің болса, жақсы дүниелер жасау мүмкіндігің жоғары болады.
Қай драматургты үлгі тұтасыз?
Нақты мынау менің кумирім деп жата жабысып алу, мүмкін, артықтау болар. Көне миф, аңыздардан бастап, үнді-еуропалық жүйенің басында тұрған грек дрматургтерінен тартып, бүгінгі күнгі жазушыларға дейін өз дәуірінің озық тәсілдерінен үлгі алуға тырысамын.
Қай бағыттағы шығарма жазып жүрсіз?
Қазір (өзім үшін үлкен) бір эксперименттік шығарма жазып жатырмын. Сіз менің «Бөтен» деген әңгімемді оқыдыңыз ба?! Соның стиліне жақындайды. Өзімнің қиял мүмкіндігімнің шама-шарқы қаншалықты екенін тексеріп жатырмын. Ол шығарманы көпшілік қауымға ұсынбауым да мүмкін. Егер, шыққан жағдайда, қазіргі көзі ашық оқырманға қызықты болады деген ойдамын. Шынын айтқанда, қоғам жасаған саналар қақтығысынан мүмкіндігім келгенше шығуға тырысып жатырмын. Ал осы жақын уақыттарда (егер менің шығармашылығымды бақылап отыратын адам болса...) тек жабық финалға құрылған туындыларды жазуым мүмкін. Қалғанын уақыт көрсетеді...
Бүгінде қандай іспен айналысып жүрсіз?
Қазір магистрлік диссертациямды қорғау үшін еңбек етіп жатырмын.
Өзіңізді болашақта ғылым саласында қалай елестететіз?
Осы уақытқа дейін шығармашылықта жасаған эксперименттік тәжірибелерімнен байқағаным, жастардың өсуіне титтей болса да ықпал ете алады екенмін. Яғни, еңбектің жемісі бар.
Өз орныңызды таптыңыз ба?
Жоқ. Өз орнымды тапқан күні мені жерлей берсеңіздер болады.
Сұхбаттасқаныңыз үшін рахмет! Қаламыңыз ұштала берсін деп тілейміз!