Мақала
Нефертитидің сұлулығы ма, мүсіншінің шеберлігі ме?
Біздің эрамызға дейінгі 1353-1336 жылдар аралығындағы 17 жылдық патшалығы кезінде Мысырда діни реформа жасап, политеизмнен монотеизмге бет бұрған перғауын Эхнатон мен әйелі Нефертити – абсолюттік билікке қол жеткізіп, өздерін құдіретке теңеген патшалар жұбы
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 22.06.2017
Авторы: Зәуре Батаева
Мақала
Нефертитидің сұлулығы ма, мүсіншінің шеберлігі ме?
Біздің эрамызға дейінгі 1353-1336 жылдар аралығындағы 17 жылдық патшалығы кезінде Мысырда діни реформа жасап, политеизмнен монотеизмге бет бұрған перғауын Эхнатон мен әйелі Нефертити – абсолюттік билікке қол жеткізіп, өздерін құдіретке теңеген патшалар жұбы
Бөлім: Бейнелеу өнері
Датасы: 22.06.2017
Авторы: Зәуре Батаева
Нефертитидің сұлулығы ма, мүсіншінің шеберлігі ме?

Нефертити – ежелгі Мысыр тілінде «ару келді» дегенді білдіреді екен. «Әйел сұлулығы» деген түсініктің синонимі мен символына айналған ежелгі Мысыр патшайымының есімін естімеген кемде-кем болар, бірақ ол әлемге қашан мәлім болды?

1912 жылы Нефертитидің жарты метрлік бюстін Амарна қазбалары кезінде неміс археологы Людвиг Борхардт тауып алған. Бұған дейін Нефертити жайлы ешкім ешнәрсе білмеген. Солай. Жүздеген ғасырлар бұрын жер бетінен ғайып болған Нефертити патшайым бізге 3400 жылдан кейін тіл қатты.

Біздің эрамызға дейінгі 1353-1336 жылдар аралығындағы 17 жылдық патшалығы кезінде Мысырда діни реформа жасап, политеизмнен монотеизмге бет бұрған перғауын Эхнатон мен әйелі Нефертити – абсолюттік билікке қол жеткізіп, өздерін құдіретке теңеген патшалар жұбы. Дәулеті мен ықпалы перғауындардан кем болмаған Амон абыздарының мысын басу мақсатында, Эхнатон күнге табыну, яғни құдіретті Атон культін енгізді. Билігін нығайту үшін тіпті жаңа астана –Амарна қаласын да салдырған. Египтолог мамандар Нефертитидің төркіні Атон дініне берік болғаны жайлы нақты деректер тапқан. Сондықтан Эхнатонның бұл саяси амалына ықпал еткен Нефертити деген де болжамды да мамандар жоққа шығармайды. Эхнатон қайтыс болған соң, патшайым Мысырды ер тұлғасында өзі басқарған деген де болжам бар.

Сурет Neues музейінің онлайн мұрағатынан

Эхнатонның ұлы Тутанхамун өзі билік еткен азғантай уақыт аралығында халықты әкесінің қисынсыз реформасы себеп болған саяси хаостан құтқару үшін, Амон дініне қайта оралған. Ал одан кейін билікке келген Хоремхеб Эхнатон мен Нефертитиді «дінсіздер» деп атап, Мысыр тарихынан мүлдем жойып жіберген.

Берлинге жол жүрерде Нефертити жайлы көптеген материалдарды қарап шықтым. Египтология ғылымы – керемет қызықты пән. Бірақ біздің мақаламыз Нефертитидің патшалығы емес, оның Берлин қаласына жылына жарты миллионнан аса турист тартатын бюсті жайлы.

Людвиг Борхардт бастаған неміс экспедициясы қазба жұмыстарына кіріскенде, Мысыр мемлекеті мен Германия археологтары арасында табылған артефактілерді бөліп алу жайлы келісімшарт болған, бірақ бұл бөліс Карлсонның 10 тәтті тоқаштың жетеуін алып алып, үшеуін Балақайға беретін әйгілі математикасына көбірек ұқсайды. Не болса да, қазба жұмыстарын басқарған Людвиг Борхардт бұл мүсіннің мәдени және тарихи құндылығын Мысыр өкіметінен жасырып, 1913 жылы бұл теңдесі жоқ мәдени артефактіні өз еліне күмәнді бір құжаттармен жүйткітіп жіберген. Біреуге пара бергенге ұқсайды.1922 жылы Германия мүсінді Neues музейінің дисплейіне қойып, әлемді шалқасынан түсіргенде, Мысыр өкіметі санын соғып қалған.

Содан бері Мысыр өкіметі бұл олқылықты түзетуге талай күш салды. 1933 жылы Мысыр өкіметі сол кездегі Пруссияның премьер министрі Герман Герингпен мәмілеге келдік-ау деген сәтте, Гитлер бюсті көріп, ес-түссіз ғашық болған. Ол Герингтің шешіміне үзілді-кесілді қарсы болып, «Мен Нефертитиге арнап жаңа Мысыр музейін салдырамын. Ол сарайдың ортасынан тақ орнатып, бұл кереметті сол таққа отырғызамын. Патшайымның басын Мысырға өліп бара жатсам да қайтармаймын!» - деп мәлімдеген.

Екінші Дүниежүзілік соғысының аяғына қарай одақтастар Берлин қаласын бомбылағанда, Neues музейі қатты зардап шеккен екен. Бірақ фашистер Гитлердің жеке коллекциясы мен басқа Еуропа елдерінен тәркіленген өнер туындыларының барлығын тұз кендеріне жасырып үлгірген. 1945 жылы америкалықтар кендерде тығылған заттарды тауып алғанда, Нефертитидің бюсті басқа өнер құндылықтарымен сол жерден табылған. Мысыр өкіметі соны ғана күтіп отырғандай, АҚШ өкіметінен патшайымның басын Мысырға қайтара қоюын өтінген. Бірақ АҚШ табылған заттарды түгел Германияның жаңа өкіметіне қайтарып берген.

Соғыс аяқталғанда, Neues музейі Шығыс Германия иелігінде қалып қойған. Коммунистер басып алған Шығыс Германияның оны қалпына келтіруге әсте қаржысы болмағандықтан, барлық құнды экспонаттар музейдің жертөлесінде 1998 жылы Берлин қабырғасы құлағанға дейін жата берген. 2009 жылы 10 жылға созылған реставрация жұмысы аяқталып, экспонаттар музейден өз орнын тауып, жұртшылық назарына ұсынылды. Нефертитидің 3400 жасар бюсті әдемі ротонда залына орнатылған тұғырға қондырылып, шыны күмбезбен көмкерілді.

Жоғарыда айтылғандай, бұл бюсті көру үшін жылына жарты миллионнан аса адам Берлинге жол тартады. Еш нәрсеге таң қалмайтын 21 ғасыр адамы осыдан 3400 жыл бұрын сомдалған Нефертитидің мүсініне айдан түскендей таң қалады. Әлемде не көп – сұлу әйел көп. Көрермендердің таңдайын қақтыртатын өзін өзі «Нефер-Неферу-Атон Нефертити» , яғни, «Атонның теңдесі жоқ сұлулығы, ару келді» деп дәріптеген патшайымның мінсіз сұлулығы емес, мүсіннің сұлулығы екен. Таң қалмасқа шараңыз жоқ. Бұл бюст – мүсін өнерінің шоқтығы. Осыдан 3400 жыл бұрын ғұмыры шектеулі пенде екенін тас ұмытып, күнмен таласқан перғауындардың тірлігімен шаруасы жоқ, өз жайына бақытқа кенеліп, мәңгілік сұлулық бейнесін сомдаған мүсінші Тутмостың шеберлігі!

Стуккомен өңделген кәдімгі әктен сомдалған бұл мүсін табылғанда, оның қай жағынан болсын сапасының күштілігі соншама, көптеген мамандар бұның тарихи артефакт екеніне күмән келтірген. Мамандарды әсіресе стуккоға жағылған бояудың сол қалпында сақталғаны және адам келбетінің пропорциялық дұрыстығы мен әйел бейнесінің шынайылығы таң қалдырған. 20 ғасырыдың ортасында арнаулы рентгеннің көмегімен мүсіннің шынымен үш мыңжылдан аса уақыт бұрын жасалғаны дәлелденген.

Мүсіннің бір көзінің қарашығы кристалмен безендірілген де, бір көзінің қарашығы жоқ. Бұл зерттеушілердің ойын әр саққа жүгіртті. Олар басында кристалл түсіп қалған деген болжамға келген. Кейін Нефертити патшайымның есімі Эхнатон фараондық еткен 17 жылдың соңғы бес жылында деректерде мүлдем аталмағаны анықталғанда, патшайым сырқатқа ұшырап, бір көзінен айрылып, дүниеден өтті ме деген де болжамдар болған. Артынан бір көзіне кристал ешқашан салынбағаны және бұл мүсіннің шебердің шәкірттеріне арнап жасаған үлгісі, дәріс құралы екені анықталған. Людвиг Борхардт естеліктерінде мүсін табылғанда, бірнеше сөрелі ағаш шкаптың алдында жатқанын жазған. Сөрелерден патшайым суреттелген басқа да туындылар табылған. Эхнатон мен Нефертитидің бір-біріне деген құштарлығының шынайылығы және олардың балалы-шағалы болып, бақытты өмір сүргені жайлы деректер де осы суреттерден табылған.

Сурет автордың жеке жинағынан

Тутмост Эхнатон мен Нефертити Хоремхебдің қаһарына ұшырап, ашулы перғауын олар салған астананың күл-талқанын шығарғанда, мүсінші Нефертитидің бейнесінен басқа мүсіндерді алып, шеберханасын өз үйіне көшіргенге ұқсайды. Нефертитидің мүсіндерін шеберханаға тастап кеткені – оның саяси қуғыннан қорыққанын көрсетеді дейді көптеген египтолог мамандар. Ал кейбір мамандар шебердің патша мен оның тоқалдарын сомдағанда ерекше шеберлік танытпай, барлық ынтасын Нефертитидің бейнесіне салғанына қарағанда, шебер аруға ғашық болған және оның мүсіндерін аруды ұмыту үшін тастап кеткен деген пікірге келген. Олар патшайым мен шебер арасында бір түсіністіктің болғанына бірнеше баланы дүниеге әкеліп, екі қызын жерлеп, қартая бастаған Нефертитидің мүсіні дәлел дейді. Перғауындар халыққа өздерін құдірет ретінде көрсетуге мүдделі болғандықтан, шеберлерінен өздерін әрқашан «жас құдірет» ретінде сомдауды талап еткен. Ал Нефертити патшайымның Тутмосқа өзін пенде ретінде суреттеуге рұқсат бергені – екеуінің арасындағы жақын қарым-қатынастың белгісі.

Сурет Neues музейінің онлайн мұрағатынан

Иә, Амарна аймағынан табылған артефактілер билік құмар топтардың қарапайым халықты идеология құрығынан шығармау саясатының мыңжылдықтарда еш өзгермегенін, адамзаттың даңғойлығы мен билікке ие болу үшін не нәрсені өз жеке пайдасына асыра білу қабілетінің артпаса кемімегенін айғақтай түседі. Сонымен қатар, дарынды шебер өмірдің қайғысы мен қуанышын қатар көріп, қилы-қилы заманда өз орнын таба білген, ақылы көркіне сай Нефертити патшайымның адамзат тарихынан алар орны ерекше тұлға екенін бізге көркем тілімен жеткізіп кеткен.

Берлин қаласына жолыңыз түссе, бұл мүсінді көрмей кетпеңіз. Біріншіден, Берлин қаласындағы бес музейден тұратын «Музейлер аралының» өзі ЮНЕСКО «әлем мирасы» деп таныған сирек нысандардың бірі болып табылады. 19 ғасырдың ортасында жаңа классика стилінде салынған сәулет өнерінің осы шоқжұлдызы өз алдына бір ғаламат. Соның ішінде 1997-2009 жылдар аралығында толық реставрациядан өткен Neues музейіне көп өзгерістер жасалды.

Реставрацияны іске асырған британдық сәулетші Дэвид Чипперфильд музейдің интерьерін ежелгі Мысыр ғибадатханаларының үлгісіне салып өзгертті және ғимараттың екі қанаты тоғысқан аймақтың төбесін ашып, табиғи жарықтың төгілуіне мүмкіндік жасады. Бұрында музей мамандары экспонаттарға табиғи жарық залалын тигізеді деген қағиданы берік ұстанған. Жаңа технологиялардың көмегімен жарықты қажетті деңгейде фильтрден өткізіп, өнер үлгілерін неон емес, табиғи жарықпен тамашалау қазіргі заманда қайта қолға алынуда. Дэвид Чипперфильд бомбылаудан қатты зардап шеккен музейдің өзінің тарихи ерекшеліктерін көрсету жағын да тамаша ойластырған. Бұл мақсатта сәулетші ғимараттың өзінің «ескілігін» сақтап, қабырғалардың бүлінген жерлерін қайта боямай, сол қалпында қалдырған.

Сурет автордың жеке жинағынан

Тағы бір айта кетер жәйт, бұл бекзат туындыға қатысты дау-дамай әлі күнге дейін толастар емес. 2007 және 2009 жылдары Мысыр өтінішін қайта жаңғыртты. Сайып келгенде, Мысыр өкіметінің 100 жылдан аса уақыт бойы түзете алмай жатқаны – тіпті неміс археологының моральдық және заң тұрғысынан бұрыс іс-әрекеті емес, бір ақшақұмар шенеуніктің ақымақтығы.

Қолданылған материалдар:

  1. «Нефертити», Джошуа Марк, Ежелгі Заман Тарихының энциклопедиясы, 2014
  2. «Тутмустың ерекше мүсіндері немесе шебердің музасына деген құпия сезімі», Наталия Климзак, Ancient Origins вебсайты, 2016
  3. «Нефертити: Мысырдың Күн патшайымы», Джойс Тилдисли, Penguin Books баспасы, 2000