Шаймардан Сариевке арналған мерейтойлық көрме ашылады

2017 жылдың 30 наурызы күні сағат 16.00-де Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейі Қазақстанның бейнелеу өнеріне 1960-жылдары келген жарқын суретші Шаймардан Сариевтің туғанына 80 жыл толуына арналған мерейтойлық көрмесі ашылады.
Шаймардан Сариевке арналған мерейтойлық көрме ашылады

Көрмеге ҚР Мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы өнер музейі қорынан, Н.Смағұловтың, Н.Бисеновтың жеке жинақтарынан, Байтасовтар отбасының жеке коллекциясынан алынған туындылар қойылады.

Шаймардан Тілемісұлы Сариев 1937 жылдың 22 желтоқсанында Гурьев облысының Махамбет ауданындағы Забурунье ауылында дүниеге келген. 1959 жылы ол Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, 1962 жылы Харьков көркемсурет институтынан білім алды. 1967 жылдан КСРО СО мүшесі.

Суретші шығармашылығының ұлттық мазмұны терең әрі заман талабына сай болып келді. Туындыларынан Еуропаның қондырғылы кескіндемесі мен Шығыс өнері дәстүрі жетістіктерінің басын қосып, өнерінен тұлғалылыққа, жалпылыққа деген құлшыныс сезіліп тұрды.

Ш.Сариев өзінің шығармашылық жолын кескіндемелік ізденіс жолдары батыс және шығыс дәстүрлерін біріктіруге бағытталған С.Айтбаев, А.Сыдыханов, Т.Тоғысбаев, О.Нұржұмаев, М.Қисаметдинов, Б.Табиев, Т.Досмағамбетов сынды суретшілер тобымен бастаған. Олар ұлттық, дәстүрлі өнердің декоративті жүйесіне және пост-импрессонистердің көркемсуреттік жүйесіне сүйеніп, жанрлық көріністерді қолданды. Сол жылдары халық тағдыры алдында жауапты әрі дарындылардың жүректері мен шығармашықтарында ұлттық өзін-өзі тану идеялары белең алып тұратын. Осы үрдісте Шаймардан Сариевтің шығармашылығы елеулі рөл атқарды.

Суретші шығармашылығында портрет ерекше орын алған. «Тұрар», «Балам Лебіздің портреті», «Өнертанушының портреті», «Болат» өзінің таныстары мен әйелі, баласы сынды жақын туыстарына арналған. «Жібек», «Қыздар» атты туындылары ашық та қалың түстердің ықпалымен, композициялық құрылымдарының ырғақтылығымен және этнографиялық мінездегі толықтырылған бөлшектермен декоративті әсері күшейтіле түседі.  «Шопан», «Балықшылар» атты жұмыстарының мазмұнында жалпылауға және дерексіздікке, эпикалық үндестіктің қаттырақ шығуына деген талпыныс байқалады. Жоғарыда аталған қолданыстардың барлығы қазақстан
бейнелеу өнеріне тән болды.

Шаймардан Сариевтің көрмесінде сондай-ақ бірнеше суреттер топтамасы қойылған. Суретшіні халық сахнасы, фольклорлық образдар, жанрлық сюжеттер қызықтырады. «Асан қайғы», «Орман», «Кеш» т.б. суреттерінде мүсінді-пластикалық бастау мен пішін кеңістігінен қашалған сызықтар көрінеді.

Сандуғаш Мырзабекова – "Қазақстан бейнелеу өнері" орталығы, графика секторының жетекшісі

Сізге қызық болуы мүмкін: