"Фарфор өнеріндегі Жібек жолы жайлы Бейжің аңызы" атты көрме ашылады

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі мен Art Market галереясы "Фарфор өнеріндегі Жібек жолы жайлы Бейжің аңызы" атты Қытай заманауи бейнелеу өнерінің көрмесін ашады.
"Фарфор өнеріндегі Жібек жолы жайлы Бейжің аңызы" атты көрме ашылады

2017 жылдың 11-қарашасында, сағат 15.00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі мен Art Market галереясы "Фарфор өнеріндегі Жібек жолы жайлы Бейжің аңызы" атты Қытай заманауи бейнелеу өнерінің көрмесін ашады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің соңғы он бес жыл ішінде жүргізген кешенді шараларының бірі – әлемнің түрлі елдерімен мәдениет саласында халықаралық байланысты насихаттау болып табылады.  Музейде Қазақстанда аккредиттелген шет мемлекет Елшіліктері және консулдықтарымен бірлесе түрлі тақырыптық көрмелер, іс-шаралар ұйымдастырып өткізу дәстүрге айналған. Осының бір нақты дәлелі – көрермендер назарына ұсынылып отырған "Фарфор өнеріндегі Жібек жолы жайлы Бейжің аңызы" атты Қытай заманауи бейнелеу өнері көрмесі. Мыңдаған жылдар бойы қытай халқы фарфор бұйымдарын өз мемлекетінің атынан достасқан елдеріне, дипломаттарға табыстап белгілі адамдарға сыйлағаны белгілі. Осындай байланыстар арқылы Қытайдың өзге елдермен қарым-қатынасы нығайып, түрлі ұлттардың достығы тереңдеп, қытай мәдениеті әлемге таралды.

 

 

 

Көрменің басты мақсаты – қазақстандықтарды ежелгі қытай халқының мәдениеті, өркениеті, сәндік-қолданбалы өнері, құнды мұраларынан хабардар ету.

Тағдырдың өзі шектесе өмір сүріп, көршілік байланыста болуды жазған қазақ пен қытай халқының сонау көне замандар қойнауынан бастау алатын тарихи достық қарым-қатынасы бүгінде қарқынды дамуда. Әлемге әйгілі Ұлы Жібек жолы шектес елдердің өзара қарым-қатынасының дамуына жол ашты.

Ежелден-ақ күллі әлемге танымал болған Қытай фарфоры қытайдың дәстүрлі мәдениетінің бір бөлігі болып табылады. Араб тілінен аударғанда "фарфорлы зат" сөзінің мәні "қытайлық", "Қытайдан" деген ұғымды білдіреді екен. Фарфор ежелгі Қытай шеберлерінің қолтумасы саналса да, әлі күнге дейін өз сапасы, әсемдігі бойынша  жоғары бағаланады.

 

 

Көрмеде Қытай суретшілер қауымдастығының мүшесі, Art Market кескіндеме институтының вице-президенті Ма Хайфан; Қытай суретшілер ассоциациясы кеңесінің басқарма төрағасы Ли Чынсю; Бейжің мәдениет және тарих институты, Қытай суретшілер ассоциациясы, Бейжің суретшілер ассоциация кеңесінің мүшесі Чжэн Шанлу; Бейжің кескіндеме академиясы суретшілер комитетінің орынбасары Чжуан Сяолей; Цзинань университеті өнер академиясының президенті Чжан Тэлин; танымал суретші Чэн Маочан; Қытай суретшілер ассоциациясы, Ляонинск институты көркем жазу және кескіндеме кеңесінің мүшесі Ли Сювэй сынды кәсіби суретшілердің жұмыстары қойылады.

Сағат 16.00-17.00 аралығында Қазақстанның Мәдениет және өнер қайраткерлері мен Қытай суретшілерінің шығармашылық өткізіледі.

Міне, аспанасты елінің баға жетпес құндылықтары – көне мәдени мұрасын енді Алматы жұртшылығы мен қонақтары да тамашалау мүмкіндігіне ие болады.

Көрме қараша айының 14-не дейін жалғасады. 

Сізге қызық болуы мүмкін: