Суретші Мұхтар Сыздықовтың «Алтын бесік – туған жер» атты көрмесі

2018 ж. 15 наурыз Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен және Астана Суретшілер одағының «Құрмет» медалімен марапатталған суретші Мұхтар Бәкенұлы Сыздықовтың «Алтын бесік – туған жер» атты мерейтой көрмесі ашылды.
Суретші Мұхтар Сыздықовтың «Алтын бесік – туған жер» атты көрмесі
«Киіз үйді жинау»

Мұхтар Сыздықов Павлодар облысы Қызылқоғам ауылында дүниеге келді. 1977 жылы Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін үздік аяқтаған соң, Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің жолдамасымен Ленинградтағы И.Е. Репин атындағы Көркемсурет академиясына оқуға түсті. 1982 жылы көрме қызметін бастаған ол Бангладеш, Сирия, АҚШ, Чехословакия, Югославия және тағы басқа елдерде болған көптеген халықаралық көрмелерге қатысты. Оның жұмыстары Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінен басқа, Ақ Ордада және Қазақстанның, Ресейдің, Түркияның және Еуропа елдерінің жеке коллекцияларында сақтаулы. 1983 жылы Т. Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтына оқытушылық қызметке жіберілді. Мұхтар Бәкенұлы оқытушылық қызметпен айналыса жүріп, қайталанбас көркемдік тәсілдер тауып, жеке қолтаңба қалыптастырып, өз шәкірттерінің дарынын ашуға ұмтылады.

Мұхтар Сыздықовтың шығармашылығы туған жерге деген шынайы махаббатқа тұнған. Ол жұмысын кеңес мемлекетінің азаматы болып жүрген шағында-ақ бастаған, содан бері оның қазақ ауыз әдебиетіне деген патриоттық сезімі мен махаббаты оның философиялық көзқарастарымен тығыз байланыста беріледі.

"Махаббаттың портреті"

«Туған өлкенің тарихынан» топтамасындағы ең белгілі графикалық жұмыстары Қазақстан графикасының дамуына зор ықпал етті. Оның Отанына деген махаббаты «Менің Отанымның мерекелері», «Киіз үйді жинау» сияқты тағы да басқа да кейінгі жылдардағы кескіндемелік туындыларында да көрініс тапқан. Ұдайы жаңа көркемдік шешімдерді іздестіру жолында жүретін Мұхтар Сыздықов өзінің шығармашылық идеясына адал – адамның рухани әлеміне қайта-қайта оралып отырады: «Ақынның портреті», «Әйелдің портреті», «Шебердің портреті», «Армян ханшайымының портреті», «Махаббаттың портреті»  осының мысалы. Портрет жанры суретшінің шығармашылығында айрықша орын алады. Оның қаһармандары – образдарында мақсатшылдық, рухани сұлулық, ішкі бай әлем сияқты ең жақсы адамдық қасиеттер біткен адамдар. Автор түспен ойнап қана қоймай, сәтті түстік ракурстар тауып, әрбір штрихты дәл анық жазады. Қазақстан табиғатына арнаған «Ертіс таңы», «Баянауыл», «Пейзаж. Түрген өзені» деп аталатын жұмыстарында осы өңірлердің сұлулығын шынайы бейнеленген. Монохромды, салқын колоритті «Ертіс таңы» туындысында оның графикалық жұмыстарға тән  көркемдік мәнері сезіледі.

"Абай елі"

Суретші жақындап қалған күз табиғатын ерекше сезімталдықпен береді. Бұлт басқан аспан мен көл ортасындағы жалғыз қайық ерекше ішкі жабырқау көңіл-күй мен жалғыздықты білдіреді. «Ертіс таңына» табиғаттың өзінің тынысы деуге болатын таңғы салқын таза ауаға толы «Түрген өзені» пейзажын қарама-қарсы қоюға болады. Көк, жасыл, күлгін түстерден тұратын колорит өзінің қанықтығына қарамастан, пейзаждың үйлесімі мен тұтастығын құрайды. Суретші өзінің шығармашылығында талмай ізденетін ізденуші екенін танытады, графикада, кейінірек кескіндемеде, өзінің лирикалық көзқарасын сақтап қалған.

«Алтын бесік – туған жер» көрмесінің экспозициясында автордың 80-нен астам кескіндемелік және графикалық жұмыстары бар, олар – офорт, линогравюра, литография, қондырғылы гравюра, кітап графикасы. Әр түрлі техникада орындалса да, бұл жұмыстардың әрқайсысы ұлттық колорит пен қайталанбас дара стильді бойына сіңірген.

Көрменің кураторы – Гүлнұр Жұбанова.