Пресс-конференцияға театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл, театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов, театр директорының кеңесшісі Есмұхан Обаев, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаев, театрдың «Әдебиет бөлімінің» меңгерушісі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Әлия Бөпежанова және «Музей» бөлімінің жетекшісі Наргиз Тамабекқызы қатысты. Жиынның модераторы театрдың «Баспасөз қызметі» бөлімінің жетекшісі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бақыт Беделхан болды.
Көрменің ашылу салтанатында Әуезов театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов құттықтау лебізін жеткізді. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Сәбит Әбдіхалықов, Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театрынан Қанат Қаражанов ұжымдарының атынан ақ пейіл, ақжарма тілектерін жеткізді.
Құттықтау сөздерінен соң көрменің лентасы қиылып, Әуезов театры «Музей» бөлімінің жетекшісі Наргиз Тамабекқызы көрмеге қойылған құнды жәдігерлермен таныстырды.
Алматы қаласындағы 8 театрдың қатысуымен тұңғыш рет ұйымдастырылған көрменің мақсаты – өскелең ұрпаққа, театр өнеріне қызығатын ізденушілерге, жалпы өнерсүйгіш қауымға қазақ өнерінің қарашаңырағы, 92 жылдық тарихы бар М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының құрылған кезеңінен бастап бүгінгі күнге дейінгі өнер шежіресінен сыр шертіп және Алматы қаласында орналасқан мәдени ордалардың
басын қосу арқылы олардың тарихын бір арнада тоғыстырып, театр музейінің тыныс-тіршілігінен хабар бере отырып, мол мұра, құнды жәдігерлері туралы мағлұмат беру.
Көрмеге қазақ өнерінің қарашаңырағы – М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры, Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театры, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Республикалық неміс драма театры, Мемлекеттік Республикалық корей музыкалық комедия театры, Н.Сац атындағы Мемлекеттік орыс балалар мен жасөспірімдер театры, Қ.Қожамьяров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театры және М.Ю. Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының құнды жәдігерлері қойылды.
8 театр музейінің басын қосып көрме ұйымдастырудың мақсаты – ұлт руханиятының тұтастығын ту қылып, еліміздегі барлық театрлардың музейіндегі құндылықтар мен жәдігер-мұралардың басын біріктіретін республикалық деңгейде көрме ұйымдастыру. Бұл қазақ театр өнеріндегі ұлттық қазынамыздың қайнар бұлағы, жаңған шырағы болмақ.
Көрменің салтанатты ашылу рәсімінен соң қарашаңыраққа жиналған қауым М.Әуезовтің «Абай» трагедиясын тамашалады. Ұлы жазушының классикалық шығармасымен жаңа маусымның шымылдығы түрілді.
Театр ұжымының 92-ші маусымда өткізетін іс-шаралары мен мерейтой кештері жылдағыдан көп болмақ. Осы маусымда театр көрермендері көрнекті театр сыншысы Әшірбек Сығайдың 70 жылдығын, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығын, белгілі жазушы-драматург Дулат Исабековтің 75 жас мерейтойын және т.б. театр өнері қайраткерлерінің мерейтойын атап өтеді. Жаңа маусымда А.Сүлейменовтің «Адасқақ» шығармасын Әлия Бөпежанованың сахналық нұсқасымен Әубәкір Рахимов, ал жас драматург А.Мұратқызының «Бір күндік ғұмыр» пьесасын Есләм Нұртазин қоймақ.
Әуезов театры өз сахнасында есімі белгілі қаламгерлер мен жас буынның шығармасын қатар қою арқылы, дәстүр сабақтастығын жалғастыруды көздейді. Осы мақсатты басты назарда ұстаған театр ұжымы, жас дарындардың шыңдалуы үшін, бар мүмкіндікті жасамақ ниетте...