2017 жылдың 13-18 наурызы аралығында дәстүрлі «Театр көктемі-2017» фестивалі өтеді. Биылғы фестиваль Қазақстан және КСРО халық артісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Хадиша Бөкееваның 100 жылдығына арналады.
Фестивальге қатысқалы отырған қойылымдарға тоқталып өтер болсақ:
1. Ғ.Мүсірепов «Ақан сері-Ақтоқты» (трагедия). Қазақ ән өнерінің ақиығы Ақан серінің өмірінен жазылған Ғ.Мүсіреповтың бұл пьесасы қазақ драматургиясының классикасы. Қойылым Ақан сері мен Ақтоқты арасындағы махаббат желісіне құрылған. Спектакльде ескі мен жаңаның тартысы, махаббат үшін күрес, өткен замандағы өнер адамының бейнесі жан-жақты көрініс табады.
2. М.Омарова «Ақтастағы Ахико» (драма). Бұл - театрдың Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнайы жасаған қойылым. Спектакль 15 жасында жазықсыз сотталып, КарЛАГ түзету лагеріне түскен Ахико Тецуро атты жапон азаматының қиын да күрделі тағдырын арқау еткен. Қойылымда Ахико бейнесі арқылы ХХ ғасырдың орта шенінде нақақ сотталған Алаш азаматтарының және қазақ халқының кең мінезі мен бауырмалдығы да көрініс тапқан.
3. Р.Куни «Мани-Мани» (комедия). Әйгілі ағылшын драматургі Рей Кунидің күлкімен көмкерілген «Мани-Мани» пьесасы ғайыптан тайып метродан табылған бір чемодан ақшаның төңірегіндегі адамдардың әрекетімен өрбиді. Ақша үшін небір айла мен қулыққа барған кейіпкерлер көрерменін күлдіре отырып, ойландырады.
4. Қ.Мұраттың «Бақыт кілті» (драма). «Бақыт кілті» - қазіргі заман қойылымы. Қараусыз қалған алтын кенін игермекке бел байлап, кәсіпкерлікке бет бұрған Бауыржанның мақсатына жету жолындағы күресі, кедергілер арқылы спектакль мазмұны ашыла түседі. Сәтті таңдалған музыка, спектакль атмосферасын анық беретін декорация бәрі де көрерменін оқиға ішіне енгізеді. Әрі бұл спектакль Елбасының кәсіпкерлікті қолдау, жемқорлықпен күресу туралы бастамаларымен де үндес.
5. М.Омарова «Көмбе нанның дәмі» (драма, прьемера). Қойылым түрлі тарихи жағдайда Қазақстанға жер аударылған ұлттардың тағдырын арқау еткен. Сол сұрқай замандағы адам тағдырын көрсете отырып, досқа құшағы ашық, мейірімі мен қайырымы мол қазақ халқының мәртебесін көтереді. Тарихты негіз еткен қойылымның айтар ойы - кешегі қиын күндер арқылы бүгінгі тыныштық пен берекенің нарқын білуге, бағалауға шақырады.
Сондай-ақ, фестиваль аясында әйгілі театр және кино актерлермен кездесу, шетел театр мамандарының қатысуымен мастер-кластар және «Хадиша Бөкеева және бүгінгі актерлік өнердің мәселелері» атты халықаралық ғылыми практикалық конференция өтеді. Сондай-ақ, БАҚ өкілдерін арнайы марапаттау шарасы болады.
18 наурыз сағ.17.00 КСРО халық артисі Х.Бөкееваны еске алу кеші өтеді,-деп хабарлайды М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының баспасөз қызметі.
Көрнекі фотолар театр сайтынан алынды.