Гүлзия Сәдуақас
М.Әуезов атындағы Қазақ МАДТ, БАҚ менеджері
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» атты Халықаралық жобасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры желтоқсан айының 19-26 күндері Жапония астанасы Токио қаласына гастрольдік сапарға аттанады. Бұл сапар барысында театр ұжымы репертуардағы «Ақтастағы Ахико» спектаклін сахналап, «Ұлы Дала Елі» атты Ұлт руханиятын ұлықтайтын концерттік бағдарламаны жапондықтардың назарына ұсынып, театр музейінен орын алған құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды танытатын көрме ұйымдастырады.
Еліміз үшін ауқымды Халықаралық жобаның аясындағы «Токио сапарына» дайындық барысында 17 қарашадағы «Ақтастағы Ахико» қойылымын идея авторлары: Н.Дулатбеков, Е.Біләл және Қазақстандағы жапон азаматтары мен жапон тілін меңгеріп жүрген ізденушілер арнайы тамашалап, спектакль соңынан театр ұжымының қатысуымен қойылымға келген қонақтар өз пікірлерімен, қойылымнан алған әсерлерімен бөліскен болатын. Сонымен қатар, бұл ауқымды да салмақты, мазмұны мен мәні терең, мақсаты айқын іс-сапарға театр ұжымы асқан жауапкершілікпен барлық техникалық және шығармашылық мүмкіндіктерді пайдалана отырып қызу дайындық жүргізді.
6 желтоқсан күні театр ұжымының «Токио сапарына» арналған баспасөз конференциясы өтті. Баспасөз конференциясына театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл, театр директорының кеңесшісі, Қазақстанның халық артисі, профессор Есмұхан Обаев, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаев, театрдың «Әдебиет бөлімінің»
меңгерушісі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Әлия Бөпежанова, жазушы-драматург, «Ақтастағы Ахико» драмасының авторы Мадина Омарова қатысты. Жиынның модераторы театрдың «Баспасөз қызметі» бөлімінің жетекшісі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бақыт Беделхан болды.
Ұлт мәдениеті үшін айрықша мәні бар бұл іс-сапардың мақсаты – қазақ театрларының мәртебесін көтеріп, ұлттық құндылықтарымыз бен жәдігерлерімізді ұлықтап, әлемнің ең дамыған мемлекеттерінде таныту. Танытып қана қоймай, екі ел арасындағы ынтымақтастық пен мәдени байланыстарға алтын көпір болып, Токиодағы табысты кездесулер өз нәтижесін береді – деген үміттеміз.
Осылайша, ұлттық санамызға салмақ салатын салиқалы сапардың мәртебесі – сол, Алаш рухы Жапонияда жаңғыратын болады..
Қазақ өнерінің қарашаңырағы саналатын әкем-театрдың – «Токио сапары» ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының бағыт-бағдары негізінде жасалған «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» атты Халықаралық жобасына қосылған сүбелі үлес және қазақ өнерін әлемге танытуда жасалған нық қадам деп түсінгеніміз абзал. Бұл гастрольдік сапар бір ғана театрдың емес, күллі қазақ өнерінің, қазақ мәдениетінің мерейін үстем етіп, мәртебесін көтеретін іс-шара болатынына сенімдіміз.