Дәрежан Өмірбаев
Кинорежиссер, фотограф
Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап.
Даланы жым-жырт, дел-сал қып,
Түн басады салбырап.
Шаң шығармас жол дағы,
Сілкіне алмас жапырақ.
Тыншығарсың сен дағы,
Сабыр қылсаң азырақ. (62-бет)
Абай Шұбарға қатты қадалып, тіксіне қарады.
– О қалай дегенің? Тәкежанға барса, көзі көрмей отыр ма? Оның өзімен даулы боп, бізді ара ағайын көріп, пана тілеп кеп отырған жоқ па?
– Тәкежан сізге ренжиді ғой. Оның арты тағы беймазалық, тағы дерт... Өзіңізге ауыр ғой. Тағы да өлең, өнер, тыныш еңбек бәрі қалады ғой, содан қорқам!
– Ой, өйтіп, жұрттың көз жасынан тығылып туған өлең адыра қалсын! О несі!? – деп Шұбарға Абай ызалана қарады.
– Жыртқыштық, қорқаулық, жауыздық қиянатты көргенде сендердің сезетінің мен айтатының осы ма? Бүйтіп ақын болмай-ақ қой! (ІІ том, 13-бет)
Биыл қыс жұмсақ басталды да, арты толассыз жауған қарға ұласты. Әсіресе жаңа жылдың алдындағы үш күн, үш түнде бас көтертпей жауған қар, сол шаш етектен жауған қарға мелдеген ел мен жер - ұлы тыныштықтың құшағына тұншығып, мәңгілікке бой суытқандай - жым-жырт. Осындайда кісінің бойын бойкүйездік билеп, ес-ақылдан айырылып, басыңды тұмшалап алып ұйықтай бергің келеді. Далаға шықсаң болды, өз-өзіңнен жиіркеніп, үйіңе қайта кіруге асығар едің. (127-бет)
Айығып келем,
Айығып келем бәрінен.
Емделіп жүрмін,
Жақсылар берген дәрімен.
Мен үшін өмір тарылған емес, әлі кең.
Кеңістіктерге сапарға шығам әлі мен.
Сауығып келем,
Жинап та келем есімді.
Сағынып қалдым,
Саламат өмір кешуді.
Тағат таппастан,
Тартамын алға көшімді,
Жанып бітпестен жазбаған маған өшуді.
Қиын ғой Қиын...
Көшіңді жолға доғарған,
Жана алмай бықсып, ошақта отын жоғалған,
Жаға алмай сөнсең жалын мен отты,
Сол арман,
Жалындап тұрып,
Өртеніп кетсең, жоқ арман! (427-бет)
...Мектепте менің ең жақсы көретін сабақтарымның біреуі сурет салу еді. Өкінішке орай, бұл пәнді бізге ешкім оңдыртып оқытпады, кейде тіпті үйге де жібере салатын. Кім біледі, мүмкін менің мынау бүгінгі түсіріп жүрген фильмдерім, суреттерім сол баяғы өтілмей қалған сағаттардың орнын толтырмақ болғаным шығар... (3-бет)