Мақала
Режиссер шеберлігі. Дайындықтың сахнадағы кезеңі және мизансцена
Дайындықтың сахнадағы кезеңі және мизансцена
Бөлім: Театр
Датасы: 23.01.2017
Авторы: Әубәкір Рахимов
Мақала
Режиссер шеберлігі. Дайындықтың сахнадағы кезеңі және мизансцена
Дайындықтың сахнадағы кезеңі және мизансцена
Бөлім: Театр
Датасы: 23.01.2017
Авторы: Әубәкір Рахимов
Режиссер шеберлігі. Дайындықтың сахнадағы кезеңі және мизансцена

Дайындықтың сахнадағы кезеңі және мизансцена

Cахна кеңістігі шарттылыққа бағынғанымен, ондағы оқиғалар өтетін уақыт нақты болады. Уақыт («дәл қазір, осы шақта») шарттылыққа
бағынбайды. Ол қай кезді көрсетсе де, «дәл қазір» өтіп жатқандай уақыт
бірілігінде баяндалатындықтан «осы шаққа» тәуелділігінен ешқашан ажырамайды. Ал,
сахна кеңістігі керісінше шарттылық шеңберінен шыққан емес. Оны игеру –
қойылымның композициясы мен безендірілуі бар, актерлардың орналасуы бар, жарық
пен музыкасы бар барлығы көркемдік мәнге, астарлы ойға құрылуы қажет.
Сценеграфия бейнелеу өнерінен гөрі, сәулет пен дизайн өнеріне жақын. Қазіргі
сценографиялық шешімдер шарттылықтың бар мүмкіндіктерін пайдалануға жағдай
тудырып жүр десек қателеспейміз. Мысалы Ю.П.Любимовтың қойған «А зори здесь
тихие» қойылымының декорациясын алып қарайық: Машина кузовының төрт жақтауы –
бірде казарма, бірде монша, бірде орман, бірде тартпа батпақ ретінде
қолданылады. Тапқырлығына тамсана отырып сенесің, шешімдерін қабылдайсың.
Режиссер мен суретшінің эстетикалық талғамының жоғары деңгейін көруге,
қолтаңбасын түсінуге осының өзі-ақ жетіп тұр емес пе! П.Штайнның «Вишневый сад»
қойылымының декорациясы тура өмірдегідей, натурализмге құрылған. Ауқатты
әулеттің бір кездегі сарайға бергісіз еңселі үйі, шөмеле шөптің үстінде серуен
құрып отырған жұрт, бұтақтары жуандап, гүлдеген шие бауларының барлығы өмірдегі
өлшеммен жасалған. Онысын режиссер: «шарттылықтан шаршағандығымен» түсіндіреді.
П.Бруктың «Кармені» құм мен қараған тәрізді бұталармен безендірілген. «Қилы
заман» мен «Бәкей қызды» және «Қамар сұлуды» ала арқандар мен бірде тұтылған, бірде
қанға боялған күн арқылы көрермендерге қозғау салуға тырыстық. Символьдық шешімдер
арқылы астарлы ой айтуға ұмтылдық. Сахна артық заттың орыны емес. Әрбір заттың
көтерер жүгі, өзіндік міндеті болуы керек. «Қойылымның
басында сахнада ілулі тұрған мылтық, соңында атылуы керек»
- деп, А.П.Чехов
тауып айтқан.

Суретшінің эскизі бойынша
декорация мен киімдері әбден дайын болып, режиссер  сахнаға шығады. Актерлардың сахна
кеңістігіндегі орналасуын (мизансценасын) қайтадан қарастырады. Музыка мен
жарық беруді қолға алады. Есеп білетін адамға бұлардың түк қиындығы жоқтай «екі
жерде екі төрт» - деп қоя салуға болатындай көрінуі бек мүмкін. Осындай
түбегейлі теріс ұғыммен кейбір дарынды актерларымыз да спектакль «қоя салуға»
құлшыныс жасап жүр. Қойылымның безендірілуі режиссерлік көкейкесті мақсаттан
туындағанмен, суретшінің де ерекше қолтаңбасына ие күрделі туынды. Оның да
құпиясына қанып меңгеруіміз керек. Актердің сахна кеңістігіндегі әр қимылын,
орналасуын режиссердің ұйымдастыруы - міндет. Мизансценаның түрлері көп
болғанымен негізгі екі топқа бөлуге болады. Біріншісі актерлардың еркін
қозғалысы, екіншісі көрермендерге ой салудың құралы ретінде пайдалану.
Алғашқысы аса бір тер төгуді қажетсінбейді, қайда барып, не істегенін көп
есепке ала бермейді. Ал, соңғысы астарлы ойды, қақтығыстың деңгейін,
кейіпкердің тебіреніс дәрежесін, режиссердің эстетикалық танымын, т.б.
мақсаттарды көрермендерге жеткізу үшін, мың рет ойластырылып, екшеліп барып
жасалынады.

Режиссер дайындық барысында қажетті
мизансценаның қисынды жолмен пайда болуына лайықты, шарттылық жағдайларын
қамтамасыз етеді: кейіпкерлердің іс-әрекетінің себептерін ашады; ұсынылған
шартты жағдайды толық анықтап береді; қақтығыс фактілерінің мәнісін түсіндіреді.
Актерлардың тапқан іс-әрекеттерін жанрлық стильді сақтай отырып, қажетті
мақсатқа бағыттап отырады.

«Барлық мизансценаны күні бұрын үйден
ойластырып келіп, актерларды орналастыра салуға болмас па екен?» - деген сұрақ
туындауы мүмкін. Оған берер жауап біреу ғана: «Олай етуге үзілді-кесілді
болмайды!». Үйде ойлап тапқан мизансцена актердің табиғатына көмектесе ала ма?
Актер оны ақтай ала ма? Міне осының бәрін сахнада дайындық барысында байқап
көру керек. Актер жасай алмаған мизансценалық әрекет пен ақтай алмаған сезімнің
басқа баламасын қарастыруға тура келеді. Бір мизансценаға байланысты
режиссердің бірнеше дәлелдемесі мен баламасы болуы керек. Солардың ішіндегі
көркемдік шешімге сай келетіне таңдау жасалынады. Адам кездесуге немесе қонаққа
барса да кімдердің болатынын, қалай өтетінін іштей сезінеді. Дайындықпен барады.
Жаңа адамдармен танысады. Әдеттегіден өзгеше әрекет етуге тырысады. Ойлағанынан
мүлде басқа әсерге бөленеді. Сонысын бөлісуге тырысатыны сияқты, ойлағаныңды
актердің іс-әрекетімен қабыстыра білген жөн.

Мизансценаға алғаш шыққан кездері табылған
әртүрлі, әрі қызықты физикалық іс-қимылдарға актердің зейінін байлап, «таптық,
осы да жетеді, болды!» деп зердесіне құюдың қажеті жоқ. Егер кереметтей
табылған дүние болса, режиссер есіне сақтасын. Кейінгі ізденістері оншалықты
жемісті болмаған жағдайда қайта оралуына болады. Алғашқы кезеңде табылған
ұтымды мизансценаларды актердің санасына ұялатпаудың тағы бір себебі – кейінгі
дайындық кезеңдерінде қайталана берген іс-әрекет актерді  зеріктіріп, әбден мезі қылып жібереді.
Құлшынысының өшуіне әкеп соғады. Ізденуден қалған актердің сезімі де суынады, іс-әрекетте
жаттандылыққа бой ұрады. Қызығу жоғалған тұста өнерден қызық та, құпия да
кетеді. Оларсыз өнер жоқ!

Мизансценаның психологиялық жүгі
мен дәлдігі - пьесадағы көріністерді сөзсіз ойнағанда да түсінікті болатындай
болуы керек. Кейіпкерлердің тартыс-таласы, жүріс-тұрысы, сезім арпалысы,
барлығы да көкейкесті мақсат үшін жасалынуы қажет.  Мизансцена – ойсыз қозғалыс емес, қойылымның жанрлық ерекшеліктерін
айғақтайтын астарлы әрекеттер. Режиссердің қолтаңбасы мен үні. Ой-қиялдың
шегінің жоқтығындай, режиссердің мизансценаның сан түрін табары даусыз.
Мизансцена эпизодтың, көріністің, актінің айтпағын немесе айтуға тиісті
астарларын пластикалық тұрғыдан көрсетуді мақсат етеді. Оның құндылығы –
мәнінің көп қатпарлы тереңдігінде. Мизансцена – кейіпкердің ойы мен
сезімін жеткізудің көрінісі. Сахналық әрекеттің аса маңызды мәнін бейнелі түрде
берудің мүмкіндігі. Барлығы режиссер шешімінің қажеттілігінен бастау алады.

Кейіпкерлердің іс-әрекеттерінің
бағыт-бағдарлары, оқиғалардың себеп-салдарлары анықталып, авторлық текстке
толығымен көше бастаған кезеңде мизансценаларды нақтылауға көше бастаймыз.
Тапқандарымызды таңдай отырып толықтырамыз, ұнамаса басқа баламасын
қарастырамыз. Дайындықтың бұл кезеңінде қойылымға қатысушы актерлар да
режиссерді айтқызбай-ақ түсінетіндей жағдайға жетіп қалады. Режиссердің қойған
талаптарын түсіністікпен орындайтын, айтқандарын ақтайтын дәрежеге көтеріледі.
«Сахна төріне барып, теріс қарап жатыңыз» - десеңіз, актер оны режиссердің
қандай оймен айтып тұрғандығын бірден түсінеді. Неге екенін сұрамай-ақ,
соншама  дәлдікпен орындай бастайды. Режиссер
де актерлардың ойлау мен сезіну бағытын, іс-әрекеттерімен не көрсетпек болғанын
толық түсінетіндей халге жетеді. Бұл екі жаққа да тиімді, әрі аса қажет
жетістік. Қысқасы шығармашылық мұраттастық (единомышленники) сатысына бір табан
жақындайды.

Соңғы кезеңде декорация, реквизит (сахналық
бұйымдар), музыка, киім, жарыққа қоса гриммен «прогондар» (қойылымды тоқтаусыз
бастан аяқ ойнау) басталады. Қажеттілігіне қарай тоқтатып, қайталап,
пысықтаулар жасалады. Режиссер мен актерлар бірін-бірі толықтыра отырып
мизансценаларды талғам таразысынан өткізіп, бекітеді. Ой мен сезімді тудыратын,
кейіпкер табиғатын ашатын, автор мен режиссердің айтар ойын көрсетер мизасценалардың
музыка, киім, жарықтар мен үйлесімдіктері ескеріледі. «Өткінші» мизансценаларға
орын жоқ. Егер бола қалған жағдайда белгілі бір мақсат атқару үшін арнайы
құрылуы керек. Әр пьеса, әр қойылым өзінің көтерген мәселесі мен мақсатына
қарай ерекше мизансценаны қажет етеді. Ертеңгі дайындыққа да сахналық бейнені
жасаудың бүгінгіден де қызықты да, әсерлі жаңа жолдарын ойластыруы шарт. Іздену
тоқталмақ емес. Премьерадан кейінде үздіксіз жалғаса бермек.

Режиссерлік көрсету.
Дайындық барысында, әсіресе соңғы кезеңінде режиссерлар актерларға «қалай ойнау
керектігін» көрсетуіне тура келеді. Бұл режиссураның ертеден келе жатқан тәсілі
екенін бәріміз жақсы білеміз. К.С.Станиславский, В.Э.Мейерхольд және
басқаларының актерларына «не істеу керектігін» көрсеткендері туралы көптеген
кітаптарда жазылған. Юрий Петрович Любимов дайындық барысында режиссерлік
столындағы лампаға тыным бермей, не істеу керектігін актерларына көрсетумен
болады. Неге солай жасау керектігін түсіндірмейтін. Ал, актерлары көрсеткенін
қағып алып, дамытып, өңдеп, өзіне «сюрприз» ретінде қайтара көрсетіп жатады.
Анатолий Васильевич Эфрос көрсеткендерін түсіндірумен болатын. Әзірбайжан
Мәдиевич Мәмбетов: «Идиоты! Былай, былай жасасайшы» - деп, сахнаға жүгіріп шығып,
қабағын түйіп, көзін алартып көрсетіп жататын. Әрине ол көрсетулердің дәл
өзіндей көшірмесін актер ойнаса көрермендердің түңіліп кетуі ғажап емес.
Режиссер көбіне іс-әрекет пен қажетті сезімді сәл «тұздықтап» көрсетеді. Себебі
актердың өзінен режиссердің «нені талап етіп» отырғанын бірден түсінуі үшін
солай көрсетуге мәжбүр болады. Режиссер актердай жақсы ойнай алмауы мүмкін,
бірақ, кереметтей нақты әрекет етіп, өмір сүретіні анық. Ішкі жан тебіренісіне
сай кейіпкердің сыртқы пластикасын анық көрсете алады. Олай болатыны ол
көкейкесті мақсат пен әр кейіпкердің іс-әрекетін, көңіл-күйін, өзгелермен
арақатынасын терең білетідігінен. Драматургиялық шығарманы актерларға қарағанда
көп зерттегендігінен. Мен алдымен актерларымның қалай әрекет жасап жүргендерін
көрсетіп күлдіріп аламын да, онан кейін қалай жасау керектігін жартылай ғана
түсінерліктей дәрежеде көрсетемін. Немесе өзге мысалдар келтіру арқылы
ишаратпен жеткіземін. Актердің өзіне де «біраз ізденісті» «әдейі» қалдырамын. Этюдтік
және тапқырлық (импровизация ұғымының тағы бір баламасы) тәсілмен жұмысты
шәкірттерге немесе тәжірибесіз жас актерлерге қаншама үйреткенімен, олардың
бірден меңгере қоюы өте қиынға соғады. Бұл олардың өз бетінше істі неден
бастарын білмей дағдарып қалуына әкеліп соғады. Олардың сол көріністегі, сол
сахнадағы ұсынылған шартты жағдай мен фактілерден туындаған мақсаттарын анықтап
беру шарт. Қандай сезімнің жетегінде әрекет етіп жүргендігін қарастыруымыз
қажет. МХАТ-тың актері, әрі режиссері, ұстаз Василий Осипович Топорковтың: «Актер сахнаға бір-ақ минутқа шығады. Бірақ
оны өзгелер жібермей бөгеп қала береді!»
- деген сөзінде – актерлік әрекет
те, сезім арпалысы да, екіпін-ырғақ та, мақсат та жатқан жоқ па! Ұсынылған
шартты жағдайыңыз да көрініс тауып тұр.