Рольдерді бөлу
Көкейкесті мақсатың айқындалып, белгілі бір жүйеге келе бастауы, қойылымның қай жанрда шешім табатындығына тікелей байланысты. Ендігі жерде роль бөлу кезеңі басталады. Бұл кезеңнің азабы мен жауапгершілігі мол, себебі актерлердің дарыны мен дәрменсіздігі, мүмкіндігі мен қабілеті, қажет десеңіз олардың театрда қалу, қалмауы туралы тағдыры сынға түседі. Сонымен қатар, қойылымның қалай болары мен режиссердің де тағдыры шешіледі. Режиссер пьесадағы кейіпкерлерді суреттелуіне және белгілі бір актердің бойындағы қасиетіне байланысты елестетеді. Санасында туындаған осы екі бейнені бір-біріне қабыстыру арқылы, актердің бойындағы қасиеттердің артығын алып, кемін толықтыра отырып қажетті кейіпкерін жасайды. Режиссердің ойы актер арқылы жүзеге асатындықтан, оған сенуі керек. Оның кейіпкермәнділікке көтеріле алатындығына үміттенуі және актерді де сендіре білуі қажет. Кейде актердің өз мүмкіндігіне күдікпен, қорқынышпен қарайтын кездері болады. Режиссерге актердің жан-дүниесіндегі сол жасырынып жатқан қабілетін көре білгені және іске асыра білгені абзал. Актердің сырт пішіні, түр-тұрпаты көрермендерге белгілі бір бейненің келбетін елестетеді. Сахнаға шыққан актердан көпшілік елестеткен бейнесінің іс-әрекетін көруді іштей асыға күтеді. Парасаттылық, батырлық, қулық, арамдық, аңқаулық, әзілқойлық, қырттық, т.т. туралы көрермендер санасында қалыптасқан белгілі бір ұғымдар болады. Онымен есептеспей тағы болмайды. Бірақ ол сол нанымды бұзуға болмайды деген сөз емес.
Қалибек Қуанышбаев (Қаллеки) «Ақан сері – Ақтоқты» спектакліндегі Мылқаудың бейнесін қалай жасағанын біздерге (шәкірт кезімізде) әңгімелеп беріп еді. Бұл рольді бұйрық бойынша Құрманбек Жандарбеков пен Елубай Өмірзақов екеуі дайындаған. Олар Мылқаудың қылықтарын салып, жұртты қыран топан күлкіге батырып жүрген кейіпкер жасауға күш салған. Көңілі толмаған Қаллеки режиссерден Мылқауды ойнауға рұхсат алады да, оның трагедиялық жағына баса көңіл аударады. Қиналған сәттерінде саусағын тістеп күңіреніп, жан-жағындағыларға кінәлі көзқарасымен қарап, Ақтоқтыны бауырына басып әлдилейтін көріністері Қаллекидің актерлік көрегендігінің жемісі еді. Ақырында Мылқау бейнесі қазақ сахнасының шоқтығы биік қазынасына айналады.
Сол сияқты жиырма сегіз жасында Шәкен Айманов жасаған Жамбылдың, Нұрмұхан Жантөрин жасаған Шоқанның, Сәбира Майқанова мен Фәрида Шәріпова жасаған Толғанайдың бейнелерін алып қараңыз!
Сондықтан, мәселе «қалай ойнауда» емес «кімнің ойнауында». Бұл жасқа да байланысты емес. Жасы келген актер қарияны «ойнап» әуіре болмайды, өмірлік тәжірибесіне сүйеніп кейіпкерін сомдауда «мен, ұсынылған шартты жағдайдамын» деген талаптың алғашқы сатысынан арыға бармауы мүмкін. Сенімді ойнауы мүмкін. Бірақ ол бейне жасау емес қой. Ал, жас актер қария туралы көргендері мен түсінігін ұштастыру арқылы, автор жазған, режиссер талап еткен бейнені жасауға тырысады. Актер үшін беймәлім бейне жасау жолындағы ізденісі қымбат, көрермен үшін әрине жас актердің бейнеге қаншалықты «бойлай» алғаны қызықты. Жиырмадан енді асқан Бекжан Тұрысқа «Бес бойдаққа бір той» қойылымындағы Қырманбай шалдың бейнесін сеніп тапсырғанда менде сондай бір есептің болғаны жасырын емес. Сонымен қатар, мен оның бойынан ерекше бір қағылездік пен қазақы қалжыңның жылылығын көрдім. Әйтпесе, алпыстан асқан актерлеріміз жетерлік еді. Қырманбайдың бойындағы мінез ерекшелігін Бекжаннан, он үш жасар Жарболды Жұмағали Махановтан көрдім. Орындаушыларды тағайындағанда театр ұжымы сенімсіздік танытқанына қарамастан, өз пікірімде қалдым. Олар сенімімді ақтап, кейіпкер мәнділікке көтерілді, көрерменнің айрықша ықыласына ие болды. Бар мәселе актердің ешкім көрмеген қыры мен сырын қолдана білудің режиссерлік көрегендігіне тәуелді екендігінде!
Актерлік дарын біреуде бірден көрінсе, енді біреуде ұзақ ұйқыдан әрең оянуы, ал енді біреуде мүлдем оянбай кетуі ғажап емес. Өйткені суреткерлік дарын – не бар, не жоқ! Басқаша болуы мүмкін емес.
Орындаушыларды тағайындар кезеңінде кейіпкерлер жайлы режиссердің түсінігі қалыптасып үлгерсе жақсы. Ал, қайсы бір кейіпкерді толық түсініп, нақты елестете алмай, қай актерге тоқтарыңды білмей қиналатын сәттеріңнің болатыны ғажап емес. Оның үстіне өзге қойылымдағы жұмысынан босамауына немесе әлдебір себептерге байланысты өзіңе қажетті актерді ала алмауың мүмкін. Кейде барлық актерді жұмыспен қамтамасыз ету мақсатымен театр басшыларының орындаушыларды таңдауды ерікіңе бермей, керісінше: «Мынау бос жүр, осыны ал!» - деп, мүлдем басқа актерді «ұсыныс» ретінде тықпалап жататыны өтірік емес. Мұндайда белгілі бір межеге дейін келісуіңе тура келгеніңмен, режиссерлік мақсатыңды құнсыздандырып алуға болмайды. Шарасыз тұстарда режиссерлік шешіміңді қайта бір саралап, мүмкіндігіңше труппадағы актерлердің лайығын, тіптен табылмаса сырттан болса да, өзіңе керек орындаушыңды қарастырып, «жеке орындау (разовый)» шартымен жұмыс істеудің жолын қарастыруға болады. Ең дұрысы өзіңе керек актеріңнің қолы босағанға дейін күтуге мүмкіндік табу. Жұмыстың бұл кезеңінде режиссерге ұстамдылық танытып, құрғақ уәде бергеннен аулақ болғаны жөн. «Уәде – құдай аты!» - дегенді аталарымыз бекер айтпаған. Айттың екен, орында!
Пьесаны алғаш оқыған сәттен бастап-ақ, актерлер өздері «қай рольді, қай актердің ойнайтынын» іштей бөліп қояды. Өздеріне лайықты рольді «көре» білсе: «пьеса жақсы», болмаса: «пьеса жаман болып шығатынын» есте ұстаған артық болмайды. Кейбір актердің өзінің қабілет-шамасына қарамай эпизодтық бейнені менсінбей, қомақты рольден дәмететіні болады. Ішін-ара кейбір «пысықтардың» басты бейнені алудың басқа да жолдарын іздестіретіндері де кездесіп қалады. Рольдер мен орындаушыларды тағайындау бұйырыққа қол қойылып, хабарландыру тақтасына ілінгенше құпия болуы керек. Енді таңдау бұйрықпен бекігеннен кейін, режиссер актерлерді бөліп-жармай, рольдің үлкен-кішлігіне қарамай жанын салып жұмыс істеуі тиісті. Актерлердің мүмкіндігін ашу режиссердің ең басты міндеті. Әр қайсысының табиғатын, кейіпкер жасау ерекшелігін, мықты тұстары мен осал жағын, икемі мен ептілігін терең түсініп, пайдалана білуге ұмтылғаны жөн.
Актерді бірден нәтижені (результат) ойнаудан сақтандыру керек. Репетиция – зерттеу процессі екенін ұмытпаған жөн. Терең зерттей білгенге эпизодтық кейіпкерден-ақ кереметтей есте қаларлық тұлға жасауға болады. Керісінше, қаншама үлкен роль болса да, іліп аларлық ой ұшығын көрсете алмайтын кездер де жетерлік екені жасырын емес. Сондықтан да, режиссер армандаған пьесасының орындаушысын ұзақ іздейді. Тапса қояды, шығармашылық табысқа қол жеткізеді. Кейде өмір бойы іздесе де кездестіре алмауы мүмкін. Орындаушысы табылмаған қойылымның ешқашан биіктіктен көрінбесі анық.
Өнер – сұлулық! Оған қызықпайтын, талпынбайтын адам кем де кем. Бойындағы сол қызығушылықты дарынға балап жүрген кемталант актерлеріміз да жетерлік. Ұзақ жыл тәжірибе жинақтаған актер туралы «дарынсыз болса да жақсы ойнайды екен...» деген уәжге мүлде сенуге болмайды. Бір таптаурындылықпен (штапмпен) жылдар бойы жинақтаған жаттанды «әдіс-айласына» салып ойнағанымен ондай актерлердің жансыз бейнеден арыға бара алмайтындары қаншама!? Дарынмен қоса білімнің, үздіксіз ізденістің, талмай талаптанудың ауадай қажеттілігінің мәнісі зор. Бірақ, теориялық білім ақталудың құралы емес, рольмен жұмыс істеудің тәсілі болғаны құба-құп. Ортанқол актерлеріміз: «мен басқаша жасайын деп едім, шықпай жатыр» деп, терминдерге сүйене сөйлеп, режиссерді, болмаса әріптестерін кінәлап, өзін ақтайтын кездері кездеседі. Осындайда Ас.Сүлейменовтың: «Бейталант – бейтарап, ал кемталанттың араласпайтын жері жоқ» - дегені ойға оралады.
Актерге сеніп тапсырылған рольдің режиссуралық шешімдегі атқарар міндеті қандай? Актердің ол міндетті жүзеге асыру мүмкіндігі қаншалықты? Онан кейін бұл рольдің актердің шығармашылық өміріндегі алар орыны қандай болмақ? Міне осы сұрақтарға жауап қарастыра отырып, рольдерді бөлгенде, режиссер театр труппасының көшбасшысы ретіндегі жауапкершілігін естен шығармағаны жөн. Бұдан труппадағы бар артистерді рольмен қамтамасыз ету қажет екен деген ой тумауы керек. Ең басты ұстаным (критерий) болашақ қойылымның көркемдік шешімі мен театрдың көрермен алдындағы ұлы миссиясын ұмытпағанымыз абзал!
Драматургияның стильдік ерекшелігі режиссердің қандай әдіспен, қай бағытта жұмыс істеуін анықтайды: бірде стол басында ұзақ тыруға тура келсе, бірде тарихи деректерді зерттеуге көп уақытты жұмсап архив ақтарса, енді бірде этюдтік-импровизациялық (суырыпсалмалық), тағы бірде тіпті басқаша тәсілдермен дайындыққа кірісуге тура келеді.