Мақала / #студентСөзі
«Лифт» - ұлт болашағына қойылған диагноз
Астана Жастар театрының «Лифт» қойылымына көзқарас
Бөлім: Театр
Датасы: 25.04.2017
Авторы: Ақнұр Əшірбаева
Мақала
«Лифт» - ұлт болашағына қойылған диагноз
Астана Жастар театрының «Лифт» қойылымына көзқарас
Бөлім: Театр
Датасы: 25.04.2017
Авторы: Ақнұр Əшірбаева
«Лифт» - ұлт болашағына қойылған диагноз

Жақында әлеуметтік желілердің бірінен мына хабарды оқып жағамды ұстадым: «Американың Миссисипи штатында балаларының денсаулығына алаңдап, ақ халаттылардың көмегіне жүгінген ерлі-зайыптылар ДНК сараптамасын жасатып, шын мәнінде бір анадан туған егіз бауырлар екенін білген»…

Астана «Жастар» театры қойған «Лифт» спектаклін тамашалаған соң да осы жаңалық ойыма қайта-қайта орала берді. Бұл жағдайдың күндердің бір күнінде біздің елімізде де орын алмасына кім кепіл?

Бала тағдыры – ұлт тағдыры екені бәрімізге мәлім. Ал біз осыған қаншалықты жауапкершілікпен қарап жатырмыз? Сая Қасымбектің «Тексіздер» пьесасы желісімен сахналанған «Лифт» спектаклінің негізгі көтерген мәселесі де осы. Небәрі бір жарым сағат уақытты қамтыған қойылым мойнына ғаламдық мәселенің салмақты жүгін арқалаған. Оқиға желісі бұзылған лифт ішінде бес кейіпкердің қатысуымен өрбиді. Балалар үйінде, өзі айтқандай «жетімханада» өскен қыз, сот хатшысы, жігіт, жүйкесі тозған әйел мен алимент төлеуден жалтарып жүрген азамат. Тар кеңістікте тағдыры тоғысқан бесеу ерекше мінездері арқылы спектакль барысында өз образдарын өздері ашып береді. Кейіпкерлер характерлері бір-біріне мүлде ұқсамайды. Әрқайсысының өзіне тән мінезімен, қылықтарымен ерекшеленіп тұрады. Бірақ, барлығы да өз өміріне өкпелі.

«Жетімханада» өскен қыз – тік мінезді, өктемдеу келген қыз образы. Көзін ашқалы мейірім көруге зар болып өскен қыз, өзін осы күйге түсуіне себепші ретінде ата-анасын кінәлайды. Ата-анасын тәрбиелеген қоғамды кінәлайды. Әрбір адам өзінің істеген күнәсі үшін ерте ме, кеш пе жазасын алады. Алайда, олардың жасаған қателіктері өздерімен қатар өзгенің де өміріне теріс ықпал етуі әбден мүмкін. «Перзенттерін тастап кеткен барлық әйел мен еркекті соттау керек» деп басты кейіпкер қыздың сотқа келгендегі арызы да осындай. Бастапқыда оның талабын ешкім түсінбейді. Алайда, сот хатшысы алимент төлеуден жалтарып жүрген азамат пен қыздың анасы болып шығатын әйелге үкім шығарады. Келесі кейіпкеріміз жүйкесі тозған әйел мен алимент төлеуден жалтарған азамат – күнделікті өмірде кездесетін қарапайым образдар. Олар қандай жағдайға тап болса да кінәні өзгеден іздейді. Сот хатшысының образы арқылы билік өкілдеріне сын айта отырып, қойылымға нүктені қойғызады. Бұл жерде ең аз маңызға ие болып тұрған образ – жас жігіт. Өйткені, қойылым бойы мәселеге тереңірек үн қоспай, жиі шетте қалып қояды. Жанрға келсек, психологиялық драма деп ойлаған спектакліміз бастапқыда реализм бағытымен келе жатып, ақырғы жағында шашыраңқы болып кетеді.

Тексіздер дегеніміз кімдер? Осындай армияны көбейтіп жатқандар кімдер? «Лифт» пьесасы осы сауалдар төңірегінде көрерменге ой салуды мақсат еткенімен, мәселенің ешқандай шешімін көрсетпеген. Кейіпкерлер қойылым бойы айқайлап сұрақ қоюмен болады. Ал оған жауап беруге ешкімнің шамасы жетпейді. Спектакльдегі басты деталь – сөмке, яғни бомба. Режиссер мәңгүрттену арқылы біз өзімізді құрдымға кетіріп жатырмыз дей отырып, бұл мәселеге диагноз қоюға ұмтылғаны байқалады.

Лифт ішінде өтетін бұл қойылымда декорация мен костюмдерге қарағанда актерлер ойыны басты рөл атқарады. Бастапқы кезде актерлер ойыны атмосфераны жақсы алып келе жатты. Дегенмен, спектакль соңына қарай бәрі де шашыраңқы болып кетеді. Көрермендердің қарапайым қозғалыстарға езу жиырғанына қарап, шығармадан комедиялық элементтер күткені байқалады. Драматургтің көрерменге айтар ойы шығарма бетінде тым қалқып шыққан. Бірақ, кейбір көрермендер үшін идеяны дауыстап айтқан да дұрыс шығар. Шығармада әрекетке қарағанда диалогтар өте көп. Режиссер сахнадағы қозғалысқа қарағанда идеяның ашылуымен жұмыс жасағаны көрініп тұр.

Шығармадағы ең басты талап – идеяны көрерменге жеткізу болса, онда режиссердің бұл еңбегі ақталды. Бұл пьеса арқылы ұлт болашағына диагноз қойды. Сондықтан да режиссер Бекболат Құрманғожаев сахналаған «Лифт» қойылымын тамашалаған кез келген көрерменнің салмақты ой түйіп қайтары сөзсіз.