Алдыңғылары – А.Сатыбалды, Б.Қажынәбиева, Б.Айтжанов, Г.Шыңғысова Е.Дайыров сынды театрдың бетке ұстарлары болса, солардың үзігін жалғап келе жатқан соңғы буынның өкілдері деп – А.Шаяхметов, А.Бақытжанова, Л.Тілеуова, Ғ.Оспановтарды айта аламыз. Жүзге тарта актердің басын құраған бас театрда қызмет ететін жас актерлердің ішінде де актерлік шеберлігі мен өзге де әртістік қасиеттерімен дараланып тұратын өнер иесі – Ғалымбек Оспанов. Бүгінде жас актер киелі әкемтеатрының С.Оразбаев, Т.Жаманқұлов, Н.Мышбаева, Т.Тасыбековалар бастаған алып ұжымында өзіндік ерекшелігімен орын теуіп, бас театрдың сахнасында алғашқы сәтті қадамдарын айқын басып келеді. Жұлдызын жаққан алғашқы ролі – «Империядағы кеш» драмасындағы Берікбол. Сондай-ақ, актер бүгінде театр репертуарындағы тарихи құндылығымен жоғары боп есептелетін Ғ.Есімнің «Таңсұлу» драмасында Қалмақ бегін (реж. А.Кәкішева), У.Шекспирдің «Ромео-Джульеттасында» қызуқанды Тибальтты (реж. О.Салимов), «Отеллосында» сенат қызметкері (реж. Н.Птушкина), Д.Эннери мен Ф.Дюмануардың «Дон Сезар де Базанында» Дон Сезар де Базан (ауд. Және реж. Ә.Рахимов), И.Вовнянконың «Қаза мен жазасында» Адвокат (реж. А.Әшімов, С.Асқаров), А.Володиннің «Қоштасқым келмейдісінде»Шумилов (реж. А.Маемиров), М.Омарованың «Көмбе нанның дәмінде» Жайық – Ақеділдің ағасы (реж. А.Кәкішева) т.б.[1] көркемдік дәрежесі сан қилы кейіпкерлердің бейнесін нақышына келтіре сомдап жүр.
Ғалымбек Оспанов десе, испандық Дон Сезар де Базан мен «Таңсұлудағы» Қалмақ бегі ойға оралады еріксіз. Жас актердің төлқұжатына айналған рольдері театр көрермендерінің көңілінен орын алып, біраз бөлігінің сүйіктісіне де айналып үлгерген. Дон Сезар де Базан – әзірге актер шығармашылығындағы алғашқы басты роль. Бес жылдық ғұмыры бар спектакльдің бүгінгі күні репертуардан сирек табылатанына байланысты бұл комедия көпшілікке таңсық келуі мүмкін. Буыны қатпаған актерге басты қаһарман бейнесін жүктеген режиссер Ә.Рахимов тәуекелге барып, жас таланттың үлкен белеске аттанар алдындағы тұсауын кескендей.
Бүгінгі күні еліміздің қай аймағында театр ұжымы болмасын, буын алмасу мәселесі жөнінде қиындықтарға тап болудан аулақ. Барлық өнер ордаларында қызмет етіп жатқан әртістердің тең жартысы – жастар. Әйткенмен, олардың топ етіп келе сала «дайын асқа тік қасық» бола алмайтыны да рас. Труппа аясында өзін шеберлік шыңында көрсете білгендері ғана «олжаға» тап болады. Ғалымбек Оспановтың айтуынша, еңбекпен межелі мақсатқа жетем деген актер үшін мүмкіндік атаулысының барлық есігі айқара ашық[2]. Осы орайда үлкен театрдың сахнасында жаңадан келгендер арасында бақталастыққа толы рольге талас кезінде «қанталапай» салтанат құрары даусыз. Бәсекелестік өзенінен қалай құлаштап жүзіп өтетіні тек актер қабілетінің деңгейі мен өзін таныту ширақтығына тікелей байланысты болса керек.
Актер шығармашылығындағы айшықты рольдердің бірі деп – «Таңсұлу» спектакліндегі қалмақ бегін айта аламыз. Қазақ жеріне қонақтыққа жортқан бір топ қалмаққа бас боп келген Бектің ролін сомдауда Ғалымбек Оспанов өзіндік орындаушылық қабілетінің көркемдік әдістері арқылы өз деңгейінде ойын өрнегін танытты. Сахнаға шыққан бетінен Жойқынның кекете айтқан (актер Қ.Мамыт): «Жігіттер, бәрін атып жүрмеңдер, қонақтардан ұят болмасын», - деген қитығына тиер қисық сөзінен намыстанып, «Рұқсат ет!», - деп қарсыласының сөзін бөліп, көрерменді бір сілкінтіп алады қалмақ бегі. Сол сәтте жиналған топқа өзінің мергендік өнерін паш етіп, кейін қолындағы орамалды Таңсұлуға ұсына бергенде, бір көргеннен жүрегін шымыр еткізген аруға ғашық болған мезетті көрерменге бұрылып, авансценаға қарай жүгіріп, бір тізесін көтеріп секіріп кеп тоқтаған мизансценасымен көрсетеді. «Қазақтардың жырында айтылатындай нағыз хас сұлудың өзі екен!», - деген сөзінде сезімге берілген жұмыр жұдырықтының нәзік тебіренісі емес, «бұл қыз мендік болу керек!» деген айбаттылығы жатыр. Қыз-жігіт қосылған кештен кейін Таңсұлу екеуінің оңаша қалатын кезінде де үлбіреген гүлдей қызға жемтігіне құмартқан жыртқыш аңдай төнеді кеп. Ал, Жойқынмен болатын семсерлесу сахнасында сахнадағы серіктесінмен салыстырғанда әлдеқайда қимыл еркіндігі мен ширақтығы басым түсетінін қай көрерменге болмасын, аңғару қиын емес.
Өзге де спектакльдердегі, әсіресе тарихи драмаларда қойылатын осындай көпшілік сахналарының алдыңғы шебінен актер Оспановты жиі байқаймыз. Осыған қарап сахна қозғалысы шеберлігі – Ғ.Оспановтың ең жақсы жетілген қабілеттерінің бірі деп сеніммен айта аламыз. Осыған байланысты театр педагогы, режиссер М.Чехов өзінің «О технике актера» атты еңбегінде: «Актер может прекрасно и глубоко жить чувствами созданного им внутреннего образа, но этого мало, он должен еще суметь передать их зрителям, а это возможно только тогда, когда все его тело, его голос будут настолько развиты и гибки, что вполне подчинятся ему и смогут легко отразить и передать все, чем живет актер в каждую минуту» [3, 26], - деп көрсетеді. Бұл дегеніміз эстетикалық сұлулық пен ішкі тебіреніс бір арнаға тоғысып, гармониялық құйылыс жасайтын актер өнерінің бір кереметі. Актер Ғ.Оспановтың бойынан мұны көп ретте кездестіріп жүрміз.
Бетін қанға малған сұлуға тізерлеп келе жатып, «Мен сені әйел деп құмартқан жоқпын, мен саған шын ғашық жан едім ғой...», - деп басын жерге ұрған сәтінде махаббат деген ұлының алдында жауыз қалмақтың да дәрменсіз екенін көрсете білді. Осы тұстағы актердің ғашықтық сөздері мен сезіміне көңілің еріксіз жібитіні рас. Бұған дейін арыстандай ақырған қалмақ бегінің сезім сандығы ашылғанына, оның ғашық жан алдында ақтарыла сөйлегеніне куә боламыз.
Актер жанынан туатын сахнадағы өмірдің жүз пайыз сәтті, нақты, нанымды шығуы әркезде әрқалай. Сол сияқты қалмақ бегінің сахнадағы кей сөздері мен іс-әрекеті ақталмай жататын тұстарын да айтып кеткен жөн. «Мен қалмақ бегімін» деген «ұстанымды» ұстанған тұлғасынан кей көріністерде аздап жасандылық байқалады. Әсіресе, Таңсұлуды көріп, бір көргеннен ынтық болатын сахнасында «Менің сүйгенім бар!», - деген қыздың қарсылық білдірген жүзі мен сөзіне қарамай, «Бәрібір мендік боласың!» деген кездерінде кейіпкер бейнесін тек сырттай ашуға талпынғанға ұқсайды. Әйткенмен, жас актер әр ойнаған сайын ысылып, кейіпкері қайта түлеп, келешектегі рольдерінде мұндай кемшіліктер қайталанбайды деген зор үміттеміз.
Сахна санаткерлерінің қай-қайсысында да кәсібилік тұрғысында ақсақ тұстары мен өзіндік артықшылықтары болатыны сөзсіз. Ғ.Оспановтың қолтаңбалық мәнеріндегі бір ерекшелік деп – бейне жасаудағы ізденісін қарастыруға болады. Қазақ театрларындағы кездесетін бір маңызды мәселе, әлемдік не орыс классикасын сахнаға әкелсек, туындыны өз жамбасымызға лайықтап, таза «қазақшалап» жіберетініміз бар. Әңгіме тәржіма жайында емес екені түсінікті. Біраз актерлердің пьеса кейіпкерлерін сол елдің азаматтары емес, қазақ менталитетіне бұрып, төл ұлтына айналдырып бейнелеуінде кәсібиліктің ең үлкен қателігі жатыр. Кез келген кейіпкердің өмір тарихы мен өз шындығы бар. Соған жеткілікті дәрежеде талдау жасалынбайтынының кесірінен, спектакльдің толыққанды жасалуында бірқатар мәселелер туындап жататыны өтірік емес. Бұл туралы: «Актер, играющий роль, плохо им изученную, непроанализированную, уподобляется чтецу, читающему малознакомому ему трудную книгу»[4, 158], - дейді атақты театр реформаторы К.С.Станиславский. Расымен де, рольдің тумауының, бейне жасалмауының басты өзегі – актердің кейіпкерді жіті зерттеп, әр іс-әрекетінің түп байыбына бара алмауында. Ғ.Оспанов испанның Дон Сезарын сол ұлттың харизмасымен, қалмақ бегін қалмақтардың көзсіз батырлығымен, Шумиловты өмірлік және тұрмыстық дүниелерге басын ауыртқысы келмейтін ішуге құмар орыстың пасық еркегі етіп, Тибальтты Шекспир классикасына тән ағылшындық сарынмен, Қобыландыны – өрлік пен тектіліктін нышаны етіп бейнелеуге тырысатындығы – барлық әртісте кездесе бермейтін сирек үрдіс. Бұл дегеніміз актердің бойында рольдеріне беріле қызмет етіп, оған және құрметпен қарай білетін қасиетінің табылғандығы. Сахна өнерінің осындай «адал қызметкерлерінің» қсиетіне куә болғанда, театртанушылар мен сыншылардың көңілі аспандап қалатыны бар.
Театрдағы ауқымды спектакльдердің көпшілік сахналарының бәрінде бір топ жас актерлер. Солардың ішінен оқ бойы озып шығатын жас өнерпаз сахнада алмастай жарқырағанына сүйсінесің. Нақты әрі шебер жасалған би қимылдарына көз тоярдай.
Иә, Ғалымбек Оспановтың актерлік орындаушылық қабілетімен қатар би өнеріне ерекше икемділігін айтып кеткен жөн. Былтыр ғана тұсауы кесіліп, театр жұртшылығының арасында ерекше талқылауға түскен «Жүрегімнің иесі» драмасында басты рольдегі Дариғаның өміріне естен кетпес сезім сыйлаған жігіттің ролін сомдаған кезде де жеке өз алдына айтарлықтай мәтіні болмағанымен, көрермен жадында жарқын кейіпкер болып қалатын бейне кескіндеу шеберлігін танытты. Би қимылдарының мінсіз орындалуынан бөлек актер өз кейіпкерінің тарихы мен сахнадағы серіктесі арасындағы қарым-қатынас өрнегін сөзсіз жеткізді. Жалынды танго биі арқылы жас режиссер Әридаш Оспанбай актерлердің сыртқы қимыл-іс әрекеттері арқылы «екеу» арасында болған түгел оқиғаны көрсеткен. «Сымбаттылықтың темірқазығы сыртқы қимыл-қозғалыс, ым-ишара, айшықты мәнерлілік – бәрі астаса әрекет етіп көрерменді сүйсіндірер сұлулыққа жол тартады да, өнер жайлы тартымды талғам-түсінікпен ұштасады» [5, 18], - дейді А.Құлбаев өзінің «Сахнадағы сымбаттылық» атты кітабында. Профессордің актер тән тіршілігі тақырыбына арнап еңбек жазуы да сұлу өнер иесі – актер тұлғасының негізгі қасиеттерін дұрыс саралай білуінде жатса керек. Алайда, сымбаттылық пен сұлулықты басты назарға алып, ішкі жан тебіреністі екінші планға қоюға да әсте болмайды. Сахнада әдемі қимыл жасағанымен, іші қаңырап тұрса, ол – өнер емес, оны өнер деп қабылдау да қисынсыз. Әртіс Ғалымбек Оспанов өзінің ондай «қуыс кеуде» актерлердің қатарынан емес екенін өз рольдерімен дәлелдеп келеді.
Жан дүниедегі аласапыран мен тыныштықты, жалын мен мұзды көрерменге айнадай жеткізуші – көз. Іштегі тебіреністі екінші адамға жеткізуге көмекші де, кеуде қиянындағы жасырын құпияңды ақтарушы сатқын да – сол. Аузында Гамлеттің сөзі, көзіңде Клавдийдің топастығы тұратын актерлер де бар. Ол олқылықты тек «мүлт кетсең бетіңе басар» сыншылар ғана емес, партер мен балкондағы көрермен сөзсіз сезіп қояды. Сахна өнерін тірі организмге теңейтініміз де сондықтан. Бұл ретте Ғалымбек Оспановтың бейне кескіндеудегі басты құралдарының бірі – көзқарасының нанымды әрі батыл екенін сеніммен айтуға болады. Мен «актерлік көзқарас» тудыра аламын деп, монолог орындағанда орынды-орынсыз екі көзін құр бақырайтып, көрермен алдында визуалды сұлулығын арттырам деп, әдейі әсер қалдырғысы келетін шалалықтан бойын аулақ ұстайды. Актердің бұл қасиетін айшықтайтын «Анна Каренина» трагедиясындағы Александр Вронский бейнесін жасаудағы шеберлігін айта кету керек.
Екі жарым сағаттық спектакльдің тек бір актында ғана, онда да бар жоғы екі-ақ рет бой көрсететін актердің көрермен жадында сақталуына ықпал еткен тұсы – оның отты көзқарасы. Бэтси ханымның: «Оо, Александр Вронский!», - деп қарсы алғанынан бастап өзіне назар аудартатын актердің жүріс-тұрысы мен ым-ишарасынан кейіпкер психологиясынан хабардар боласың. Партер жанындағы есіктен шығып, сахна түбіне беттейтін мизансценасынан-ақ роль иесінің мінезімен таныстырып үлгереді. Қолында шарап. Ортада боп жатқан негізгі оқиғаға Александр Вронский көзімен қарап, баға беріп тұрып, көпшілік сахнаны құраса да, спектакль шеңберінде кейіпкерімен бірге ғұмыр кешеді. Александр Вронский – шығармада айтарлықтай маңызды кейіпкер болмаса да, бас кейіпкерлер айналасындағы адам.
Авансценадан партердің соңғы қатарына дейін созылған подиумда орын алатын ағасы Алексей Вронскиймен болатын диалогында да ишараттар арқылы кейіпкер болмысын, өзара қарым-қатынастарын көзбен-ақ шебер жеткізеді. Екі жақты сөзге кеп қалатын бауырлардың сахнасын замандас әріптестер – Ғ.Оспанов пен Н.Қуанышбайұлы көркем сахналық серіктестікпен нақышына келтіре, үйлесімділікпен тудыра білді деуге болады.
Әдетте, актер ойынының сәтті не сәтсіз орындалуын екінші құрамдағы актер ойынымен салыстыра отырып саралаймыз. Александр Вронскийдің екінші құрамдағы кейіптеушісі – жас актер Шерхан Пірназаров. Оның роль сомдауынан шикіліктің дәмі айқын сезіледі. Актер өз роліне көпшілік сахнадағы кейіпкердің бірі деп қарағанға ұқсайды. Оның жүріс-тұрысынан, алақ-жұлақ еткен көзқарасынан графқа тән мінез көре алмадық. Тіпті бар-жоғы бір диалогының өзінде тілі күрмеліп, репликасын екі-үш мәрте қайталаған кездері де болды. Сахнадағы қимыл-қозғалысы мен әр басқан мизансценасынан батылдық байқамадық. Аталған екі актеріміз де кітаптағы түпнұсқамен бейнелік ұқсастық таппағанымен, бейне жасаудағы кейіпкердің мінез ерекшелігі, оның әлеуметтік жағдайы, принциптері мен өмірлік қағида, күнделікті әдетіне дейін, жалпы ұсынылған жағдайлардың бәрін зерттеп, роль тудыру мақсатына екі түрлі қараған. «Актер рольдің авторына айналуы тиіс» [6, 24], - дейді режиссер А.Маемиров. Расында да, кейіпкер өміріне терең зерттеу жүргізу процесі рольдің басты не қосалқы болуына қатысы болмауы керек. Ал, өз роліне атүсті қараған актердің шығармашылығында сәтті кезеңдер ғана болуы мүмкін әрине, алайда зейін мен еңбек болмаған жерде шынайы өнердің иісі шықпайды. Бұл туралы атақты Станиславский: «Что может быть ужаснее пустого актерского глаза! Он убедительно свидетельствует о том, что душа исполнителя роли дремлет или что его внимание где-то там, за пределами театра и изображаемой жизни на сцене, что актер живет чем-то другим, что не относится к роли» [7, 142], - дейді. Асыра сілтеп, не кейіпкерсындылық мектебін танытып жүрген болса, жасалған еңбектің бәрі бекер. Осылайша Александр Вронскийді өз қиял-шабыты мен шығармашылық қуатының нәтижесінде өзгеше етіп жасай білген актер Ғалымжан Оспановты болашақ рольдерінің үлкен ізденістерден өтіп, шалқар шабытпен суреттейді деп сенеміз.
Жас актерді театрдың тұрақты көрермендері комедиялық актер ретінде де жақсы қабылдайды. Оның комедиялардағы рольдері мен өзге де спектакльдердегі бір-екі рет көзге түсетін көпшілік сахнадағы көңілді кейіпкерлері де көңілге қонымды. Сондай рольдерінің бірі – «Қоштасқым келмейді» драмасындағы Шумилов. 2016 жылы премьерасы өткен спектакльге күні бүгінге дейін зал аншлагпен толады. Қай заманда да аса құндылыққа ие болған және қазіргі қоғамдағы белең алып жатқан өзекті мәселені толғайтын А.Володиннің «С любимыми не расставайтесь» пьесасын қазақ тіліне аударып және сахналаған PhD доктор, педагог-режиссер Асхат Маемировтың спектаклі оқиға сюжетімен де, ондағы айтылатын ойларымен де, актерлер ойынымен де көптің көңілінен шығып, оң бағасын алып келеді.
Мәңгілік тақырыпты өзек еткен пьесадағы кейіпкерлердің психологиясы әртүрлі. Әр үйдің өз жаны мен әні бар. Бір-бірін тапқан жұптың көтерген шаңырағын әп сәтте шайқалтатын екі жарты – бір бүтіндер арасындағы түсінбеушілік пен тірліктің болмашы жағдайлары. Расында да, ең жақындарымызды ең көп ренжітуге, мейлінше бағаламауға бейім келетін жаратылыспыз. Сондай отбасылардың қатарын пьесада – Катя мен Митядан бөлек Козловтар, Шумиловтар, Керилашвилилер, Никулиндер, Беляевтар мен Мироновтар толтырады. Біз өз жағдайымызда Шумиловты сомдаған актер ойынын жеке қарастыралық.
Шумилов – отбасы деген қасиетті ұғымның қадіріне бара бермейтін, күнделікті өмір ағысымен жүзіп жүрген әлсіз қайық. Ал оның әйелі – Шумилова өзінің тарапына келген сөзді тым жақын қабылдайтын сезімтал, нәзік әйел. Актриса Гүлнұр Шыңғысованың сомдауында бұл кейіпкер асыра сілтеушілік не шеберлік нүстесіне жетпейтін дәрежеде болғанымен, Шумиловтың бейнесі сәтті жасалды деуге болады. Сот залында судьяның сөздерін қаперіне алмай тұрған Шумиловтың өз тағдырына немқұрайды қарайтынына куә боламыз. Тіпті, судьяның өзімен қылжақтасып, қылмыңдасып тұратын сахнасы пьесада олай суреттелмегенімен, сол қимылдарын өз жанынан тудырған кейіпкер бейнесі арқылы ақтап шығады (оправданный). «Сіз әйеліңізге боқтық сөз айтқаныңыз рас па?», - дегеніне қыңқ етпеген Шумиловты сомдап тұрған актердің бойынан сол сәтте қалмақ бегінің де, Александр Вронскийдің де, басқа рольдерінің де ұшқыны жалт етпейді. Штамп дертінен ауылы алыс.
М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттеік академиялық драма театр репертуарындағы тұрақты спектакльдердің бәрінде актер көпшілік сахнаға қатысады. Сондағы бір ерекшелігі деп – оның спектакль темпоритміне байланысты жасалатын импровизаторлық шеберлігін айта кеткен жөн. «Актерлік өнердің мықты құралы импровизация әдісі. Ал импровизация өнерін туғызған Италияның ренессанс дәуіріндегі Комедия дель-арте театры өз елінің ғана емес, сонымен бірге бүкіл Еуропа театрының профессионалдық қалыптасуына тікелей әсер еткеніне тарих куә. Сондықтан импровизациялық өнерді меңгерген актер сахна творчествосының негізгі заңы – әрекеттің толассыз дамуын қамтамасыз ететіні, яғни бүгінгі терминмен айтқанда сахналық қатынас (общение) принциптерін бекітететіні өзінен-өзі түсінікті жай» [8, 7], - деп жазады өнертану кандидаты Амангелді Мұқан. Актердің жоғарыда аталған рольдерінен бөлек өзге спектакльдрдегі жалт етіп жоқ болатын, тіпті драматург қоспаған кейіпкерлерді өз қолтаңбасымен кейіптей білетін қасиеті бар. Оның барлығы суырыпсалмалық күшімен дүниеге келеді. Мұның өзі спектакльдің тұздығы іспеттес, оның да қосар мәндік үлесі жоқ емес. Шумилов боп жүргенде де спектакль бойы айтылатын қисық, қыстырма сөздері мен бейнесін айқындай түсуге көмектесуші күлкі шақыратын әрекеттерін орынды жүзеге асырады.
Жас актердің театрдағы орны күннен-күнге айшықтанып, әртіс ретіндегі беделі де артып келеді. 2019 жылдың 13 сәуір күні премьерасы өткен режиссер, ҚЗ еңбек сіңірген қайраткері Н.Жақыпбайдың сахналауымен қойылған «Қобыланды» драмасында басты рольдегі алпауыт батырдың бейнесін қанжығасына алды. Иә, жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай «тебінгі терге шіритін, терлігі майдай еритін» тұлғалы болмаса да, сахна санаткері өзіне белгіленген мақсатты (задача) орындауға тырысты. Бойы биік болғанымен, тығыршықтай ғана денелі актердің сыртқы қасиеттеріне емес, ішкі амплуасына сенім білдірген болса керек режиссер.
Бала кезімізден әрбіріміздің санамызда батырлық жырларындағы Алпамыс, Қара қыпшақ Қобыландының бейнелері жасаған ерліктерімен қоса жаңғырып тұрады. Сондықтан, рольге талдау жасағанда оның түбіне үңілуге, жан-жағымен танысуға мүмкіншілік көп. Ал, актердің оны қаншалықты меңгергендігі, ізденгендігі сахна алаңында оны тамашалап отырған жұрттың басым көпшілігіне байқалып тұрады. Сыртқы белгілеріне байланысты бұл сахналық кейіпкер Қалмақ бегіне де келеді. Әйткенмен, Ғ.Оспановтың екі бейне арасындағы айырмашылықтың аражігін ажырата білгендігі бек байқалады.
Сөзімізге дәлел ретінде Қобыланды мен Құртқа (актриса Л.Қалдыбекова) арасындағы жарасымды сахналарды тілге тиек ете аламыз. Әсіресе, алғашқы сахналарында-ақ Көкланға деген қарым-қатынасын көрсеткенде қыпшақ баласының тектілігін, қыз баласына деген құрметін, жоғары ілтипатын өн бойына жиған. Нәзік жандының алдындағы тізерлеген бейнесін намысының күйреуі деп емес, нағыз жігіттің сырттанына тән мінез деп қабылдаймыз. Шуақ (актер Н.Қуаныш) пен Қарлығаштың (актриса А.Мағзым) махаббатына дәнекер болмаққа жасаған әрекеттері де сабаз ердің бойынан табылар мәрт қасиеттермен парапар. Ерекше көзге түсіп, көңілге қонған қамқор аға мен сүйкімді, ерке қарындасының әрекеттері. Ағасына қарсыласып аяғын басып, қолын тістей бергенде, «Қой дейм!», - деген Қобыландының салмағы жоқ екпінмен дүрсе қоя бергені тарихи драмалық спектакльдің ең тәтті бөлігі.
Ғ.Оспановтың би өрнектерін мінсіз орындаудағы мәнерін осы спектакльде де айқын байқадық. Әр ырғақты би қимылымен бірдеңе айтқысы келгендей. Ал Қазанмен (актер Қ.Набиолла) болатын шайқасында спектакль басынан жайдары мінезді, балакөңіл Қобыландының өзге қыры ашыла бастайды. Шоқпары мен найзасын бір-біріне қағып-қағып жіберіп, қарсыласқа ұмыталтын мизансценаларынан оны байқамау мүмкін емес. Сондай-ақ, мұның бәрі жай ғана жүріс пен қимылда ғана емес, оның қорқыныш атаулысын өмірінде естімеген жүрегінің түгі бар батырлығы мен батылдығын, жауға қарай сенімді басылған қадамдарынан көреміз. Тіпті, аузын ашқан арыстанға өзі жақындаған құрбан іспетті, Көбіктінің (актер Б.Әбділманов) алдына «сен тұр, мен атайын» деген пиғылмен барған кезінде онысына шүбә келтірмейміз.
Бұл жолы да Ғ.Оспановтың екінші құрамдағы әріптесі (дублері) – актер Шерхан Пірназаров. Көрермендер үшін Ғалымбек Оспановтың ойыны кезекті рет басым түскенін жасыра алмаймыз. Оспановтың бойында актерлік шеберлігінен бөлек, сыртқы даралығы (внешние данные) көп жағдайда өзге әртістерден бөлек етіп тұратыны бар.«Шоқты көздері танадай жарқырап, қарасаңыз кескін келбетіне көңіл тойғандай, мүсінінде мысқалдай да мін жоқ, оның сері жүрісіне, отты мінезіне, өміршең де өр күлкісіне иланбаған қызыға көз тастамаған кім бар еді?» [8, 38], - деп сипаттайды Ә.Сығай ұлт театрының тұңғыш көш бастаушыларының бірі Құрманбек Жандарбековтың бейнесін. Сын сардары жасаған актерлік портреттен ғасыр жаңарған кезеңдегі келесі буынға үлгі боларлық жас актер Ғ.Оспановпен ұқсастығын аңғаруға болады. Актер бойында асау аттай айбарлы мінез бар. Сондықтан да болар, театрдағы басым көпшілік рольдері жалынды, жасын бейнелермен байланысты.
Қазақ театрындағы көп әттеген-айлардың бірі де осы. Бір актердің жақсы, оң қырын таныса, соған ыңғайлы бірыңғай рольдерді бөледі. Бұл олқылықтан арылу мәселесінде актер амплуасының кеңдігі маңызды. Осы сұрақ төңірегінде актерлік өмірінің болашағына алаң білдіретін әртістер қарасы аздық етіп жататынын жасырмау керек. Сахналық өнердің жауы мен кеселіне айналған әдеттерден бойын аулақ салып, бұл қарқынынан да ілгері табандылық танытар болса, актерлік портретін жасап отырған актеріміздің театр сахнасында шығармашылық белесіне шығар күн де алыс емес. Кейіпкерлерінің сахнадағы ұшқынды көзқарасындай актер ретінде әр бейнеге әртүрлі ажар беру үшін де барынша қырағылық танытса, қазақ театрының кірпішін нық қалайтындардың қатарын көбейтері сөзсіз.
Қолданылған материалдар:
- Әуезов театрының ресми порталы https://www.auezov-theatre.kz/kk/staff/artists/68
- «Жаңа күн» бағдарламасындағы сұхбатынан https://khabar.kz/kz/muragat/item/83111-zha-a-k-n-akter-alymbek-ospanov
- Чехов М. «О технике актера»
- Станиславский К. «Работа актера над собой в творческом процессе воплощения» - Санкт-Петербург: Азбука, Азбука-Аттикус, 2018. – 416 б.
- Құлбаев А. «Сахнадағы сымбаттылық»
- ХХІ ғасырдағы қазақ театры: дәстүр және инновация. Ұжымдық монография. – Алматы: Print Express, 2017. – 340б.
- Станиславский К. «Работа актера над собой в творческом процессе переживания» - Санкт-: ООО Издательская Группа «Азбука-Аттикус», Петербург 2015. – 512б.
- Қазақ сахнасының шеберлері: шығармашылық портреттер. – Алматы: ЖШС «Print Expressбаспасы және полиграфиясы», 2017-324б.
- Сығай Ә. «Сахна саңлақтары» - Алматы: Жалын, 1998. – 512б.