Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының репертуары бұрынғыдан өзге ерекше ертегіге толықты. Олай деуімізге негіз болған Елбасының бастауымен қабылданған стратегиялық бағдарламаны балалар тілінде шебер жеткізген жас драматург Әлібек Байболдың қаламынан туған «Әріптер әлеміне саяхат» ертегісін қамтитын тақырып мен оның мақтауға лайық тың идеясы. Кириллицадан латын әліпбиіне көшу мен оның маңызы, пайдасы мен ұтымды тұстары кез келген сауатты азаматқа мәлім. Драматург бүгінгі күн тәртібінің өзекті мәселесін арқау еткен балаларға арналған пьесасының маңыздылығын жеткізуде жеңіл, бала тіліне сүйенген. Бұл өз кезегінде, оқушы көрерменнің қойылымды қабылдауы мен ондағы айтылған ойларды сіңіруіне ықпал ететін таптырмас құрал.
Ертегіге апта сайын меқтеп оқушылары, әсіресе, бастауыш сыныптың балғындары ағылып келуде. Премьерадан кейінгі бүлдіршіндердің көңілінде қалған әсер де, түйсігіне түйген түйін де спектакльдің негізгі миссиясын орындады десек, қателеспейміз.
Латын және кириллица әріптерінен құралған заманауи ертегі кейіпкерлері қойылым көрермендерінің көңілінен шыға білді. Балақайларды ертегінің баурап әкеткені соншалық, «Бізге латынның керегі жоқ!»,- деп ұрандаған жағымсыз кейіпкердің сөзіне «Керек, керек!»,- деп қарсыласып, шуласа кетеді. Бұл дегеніміз, спектакльдің тек қызықты оқиғасын ғана емес, сонымен қатар, оның танымдылығын алға тартады.
Әріптердің араздасуы, екіжақты пікір ұстанып бөлініп шығуы, кейбіреулерінің кириллицадан латын қаріптеріне ауысып кетуі – бәрі де драматург Ә. Байболдың да, режиссер С. Қарабалиннің де және қоюшы суретші А. Бисембаева тарапынан ұтымды ойластырылған. Оның дәлелі ретінде Б-ның В-ға, Р-ның R-ға, Ө-нің О’-ге сахна сыртына ауыспайақ, оп-оңай сыртқы пішіндерін өзгерткенін айта аламыз.
Спектакль соңында B, I, Z, D, O, S, T, A, R латын әріптері бүтін бір сөз тіркесін құрауы – балалардың қуанышы мен таңданысында шек қалдырған жоқ. Әрине, шет елдік мультфильм қаһармандары мен фантастикалық фильмдердің жанкүйері боп жүрген бала үшін бұл дүние, расымен, жаңалық. Ертегі аяқталғанда көрермен залына үлкен глобус пішіндегі үрмелі шарды балалардың ортасына жібергенінің өзі латын әліпбиі арқылы біз әлемді бағындыра аламыз деген ойды меңзеп тұр.
Балалар қойылымының негізгі қаруы – музыка мен би. Осы ретте спектакльдің музыкасын құрастырған актриса Динара Әбікееваның жұмысын айтпай кетуге болмайды. Би сахналарында актерларға сәл ғана синхрондық жетіспей қалып жатқаны болмаса, би мен музыка үйлесімділігі көрермен көзінің жауын алады. Актерлардың пластикасы мен биге икемділігіне қарай би қойған балетмейстер – Әділет Таменовтың да еңбегі зор. Спектакльде кетіп жатқан аз-маз қателіктер орын алған болса, оның барлығы әр сахнаға шыққан сайын ысылып, әдемі қалып жасап, әлі де болса шыңдалады деген ойдамыз.
Актерлар ойыны мен шеберлігіне келер болсақ, әлбетте, әрбір актердің ертегі кейіпкерін сомдауда бала психологиясын меңгеріп, қиялына шабыт қосатын міндетті мойындарына жүктегені көрініп тұр. Спектакльдің екі құрамы да – талантты әрі энергияға толы актерлардан құралған. Басты кейіпкер – латын әліпбиіне көшуге үгіттеп, оның жақсы және пайдалы жақтарын саралайтын Жақсыбектің ролінде бірінші құрамда театрдың жас буын өкілі Ерден Жақсыбек болса, екінші құрамда да жас актер Рахат Халық. Екі актер де балалар мен жасөспірімдер театрындағы бірінші жылғы қызметіне қарамастан, сахнада еркін қозғалып, көрермендермен тығыз қарым-қатынас жасай білді. Жақсыбек бейнесінің түбегейлі қарсыласы болып табылатын Бұзықбек ролін бірінші құрамда Диас Мырзахмет, екінші құрамда Мерей Әжібеков ойнады. Балалармен жұмыс істеу, оларды барынша ертегі атмосферасына енгізуге тырысудағы негізгі құрамдағы актер Диас Мырзахметтің талпынысы мен өз образын берудегі актерлік қабілеті, екінші құрамдағы әріптесі Мерей Әжібековке қарағанда басымырақ болғанын жасыра алмаймыз.
Әріптердің бір бірімен араздасуы, биден «батл» ұйымдастыруы, оқиға шиеленісіп, қайта шешілгенде достықтың туын тігуі қалыпты (банальный) сюжеттік сызық (линия) болғанымен, оның атап айтарлықтай өз ерекшеліктері көрініп тұр. Драматург әрбір әріпке өзіндік характеристика жасау арқылы шығармаға әр берген.
Қорыта келе айтарымыз, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында режиссер С. Қарабалиннің режиссерлігімен қойылған драматург Әлібек Байболдың «Әріптер әлеміне саяхат» балаларға арналған спектаклі тек Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының ғана емес, өзге де театрлардың репертуарынан балалар аудиториясына арналған спектакль ретінде орын алуға әбден лайықты. Олай дейтін себебіміз, қай салада болмасын, тың дүниені ұлт игілігіне жарату үшін оның ауқымы да мейлінше кеңірек болғаны абзал. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» демекші, «Болашақ – жастардың қолында» деп сенген ел болашағы – біз болсақ, біздің ізбасарларымыз – бүлдіршіндер. Әлем аренасында мәдениет пе, спорт па, білім мен ғылым ба, қай cалада болмасын, бәсекеге қабілетті азамат даярлауда – білім беру алдыңғы орында. Ал, біздегі білім беру ісінің қазіргі жаңалығы һәм бағытының негізі – осы ертегіде көтерілген тақырыптан бастау алмақ. Сәтті жарыққа шыққан «Әріптер әлеміне саяхат» балалар спектаклінің ғұмырының ұзақ боларына сенеміз.