Шарипа Оразбаеваның «Тұл» атты үшінші толықметражды фильмі әйел тағдырының күрделі көрінісін бейнелейді. Бұл туындысы жуырда Алматы қаласында өтетін XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің халықаралық байқауында бақ сынайды. Бұған дейінгі «Мариям» және «Қызыл анар» фильмдері де өмірдің сынақтарымен бетпе-бет келген әйелдер бейнесін ашқан еді.
Фильм оқиғасы Аяулым мен оның анасы Раушанның өмірі төңірегінде өрбиді. Аяулым отбасынан алшақта, интернатта білім алады. Сондықтан оның бойын жалғыздық пен сағыныш сезімі жаулап алған. Сыныптастарынан тек озбырлық көрген соң, жылулықты анасының қасынан табуға тырысады. Оқиғаның өрбу барысында анасының өмірінде орын алып жатқан жағдайлармен таныса бастаймыз. Марқұм күйеуінен қалған қарыздар мен күтпеген жүктілік оның өмірін күрт өзгерткен болатын.
Шарипа Оразбаеваның туындыларында басты кейіпкерлердің тағдыры жиі осындай сипатта көрінеді. «Мариям», «Қызыл анар» және «Тұл» фильмдерінде «отбасының тірегінен» айырылған әйелдің өз өмірі мен баласын қорғауға арналған арпалысы басты тақырып ретінде көрініс табады. Мысалы, «Мариям» фильмінде басты кейіпкер балаларын асырау үшін күйеуінің өлі екенін растауға мәжбүр болса, «Қызыл анар» фильміндегі Анар зорлық көрген ұлының құқығын қорғауға ұмтылады. Ал Раушан болса, күйеуінен қалған қарыздардан құтылуға тырысады. Жалғыздық пен дәрменсіздік Шарипа Оразбаеваның кейіпкерлеріне төтеу қоя алмаған. Олардың барлығы да мақсаттарына жетудің бағасын құрбандықпен өтеді. Қоғам көрсеткен әділетсіз қатынасқа қарсы тұра алып, патриархалды ұстанымдардың шектерін бұзып шыға алды деуге болады.
Сонымен қатар, аталған фильмдердегі түстік шешімдер жағынан да белгілі бір ұқсастықтар мен айырмашылықтар бар. Әсіресе, «Қызыл анар» фильмі аспанмен теңелген реңктердегі кадрларымен ерекшеленеді. Сондықтан, Шарипа Оразбаеваның дебюттік және үшінші фильмі өзара байланыста тұрғанын атап өтуге болады. Олар баяу темп пен суық түстер арқылы үндестікте тұр. Қоршаған ортаның мұндай көрінісі кейіпкерлердің психологиясын түсіну үрдісін жеңілдетеді.
Егер «Тұл» фильмін режиссердің алдыңғы жұмыстарымен байланыстыруды жалғастырсақ, бейнелеу өнерінің рөлін атап өту маңызды. Мәселен, оның «Картоп жегіштер» атты қысқаметрлі фильмі Винсент Ван Гогтың композициясының негізінде түсірілген. Ал «Ұят және мен» атаулы деректі туындысына Н.Н. Генің «Ар-ождан. Иуда» («Совесть. Иуда»), Эдвард Мунктың «Жалаңаш әйел» және Анатолий Шумкиннің «Плач» картиналары қосылған. Осының көмегімен сипаттық мәнге визуалдық түсінік беріледі. «Тұл» фильмінде де осыған ұқсас әдіс қолданылады. Сахналардың бірінде Ян Вермеердің «Маржан сырға таққан қыз» («Het meisje met de parel») атты кенебіне сілтеме жасалынған. Бұл картинаны «Солтүстіктің Мона Лизасы» деп те атап жатады. Бұған Леонардо да Винчидің еңбегіне тән құпиялылық пен жоғары деңгейдегі көркемділіктің «Маржан сырға таққан қыз» - дан да танылғаны себеп. Ян Вермеердің қолынан туған өнер туындысы қарапайымдылықтың шырайлығын бейнелейді. Шарипа Оразбаеваның да фильмі дәл осындай мәнерде орындалған. Қоршаған орта мен адамдар қосалқы бояуларсыз-ақ көрікті сипатта көрсетілген. Әрі, жұмбаққа толы Мона Лизалық күлкі Аяулымға мінездеме беріп тұрғандай. Жаңашылдыққа сіңісуде оның көңіл-күйі қалай өзгеретіні жүзіндегі жасырын эмоциялардан байқалады. Аталған элементтердің арқасында визуалдық компоненттерге аса көп назар аударамыз. Сюжет дамуының экрандық көрінісі динамикасыз бейнеленсе де, бұл кеңістікте болып жатқан жағдайларға үңіліп кету оңай. Кейде тіпті музыкалық сүйемелдеудің аз болуының өзі аса байқалмайды. Себебі Шарипа Оразбаева өзінің фильмінде визуалдық тілмен сөйлеген. Соңындағы Аяулымның мұз үстінде кетіп бара жатқан сахнасы бұған тағы бір дәлел. Ол интернатқа оралып, отбасын артта қалдырады. Осылайша анасынан саналы түрде алшақтағаны оқиғаға нүкте қояды.
Сөздің түйініне келе, Шарипа Оразбаева «Тұл» фильмі арқылы әйел тағдырының шынайы әрі әсерлі бейнесін экранға шығарды деуге болады. Туынды режиссердің шығармашылығымен тығыз байланыста тұрса да, өзінің дербестігін де айқындай алады. Бізге таныс қарапайымдылыққа толы кеңістік адам болмысын ашып көрсетеді. Ана мен бала арасындағы қатынас арқылы тұлғалық қалыптасу жолы да сараланған. Визуалдық шешімдердің тиімді пайдаланылуы фильм мазмұнын одан әрі байыта түсті. Сондықтан, «Тұл» фильмінің көрермендерді толғандыра алатын күшке ие екендігі сөзсіз анық.