Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (I.1.3)
I ТАРАУ. Қазақстандағы кино өнерінің алғашқы қадамдары (1920-1930 жж) 1.3.Хроникалық сюжеттер мен деректі фильмдер
Бөлім: Кино
Датасы: 01.02.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
Мақала
«Қазақ киносының тарихы» (I.1.3)
I ТАРАУ. Қазақстандағы кино өнерінің алғашқы қадамдары (1920-1930 жж) 1.3.Хроникалық сюжеттер мен деректі фильмдер
Бөлім: Кино
Датасы: 01.02.2017
Авторы: QAZAQ KINOSY
«Қазақ киносының тарихы» (I.1.3)

Назира МҰҚЫШЕВА

Өнертану кандидаты, кинотанушы


1.3.Хроникалық сюжеттер мен деректі фильмдер

Деректі кино өнерінің негізі – кино өнерінің алғашқы дүниеге келген 1896- жылы ағайынды Люмьерлердің “Поездың келуі”(“Прибытие поезда”), “Жұмысшылардың заводтан шығуы” (“Выход рабочих из завода”) сюжеттерінде пайда болады. Өмірдің өзінен боямасыз алынған  күнделікті үйреншікті бұл  көріністер актердың ойынынсыз, декорациясыз көрсетіледі.

Яғни, кино өнерінің алғашқы қадамы репортаж әдісімен түсірілген хроникалық сюжеттерден басталады. Ал, Ресейде жиырмасыншы жылдары хрониканың дамуы нәтижесінде кино өнерінің жаңа түрі – материалды образды-публицистикалық түрде ұйымдастыру принципі бар деректі фильм пайда болады. Оның негізін қалаушы – көрнекті режиссер Дзига Вертов.

Вертовтың фильмдері пайда болғанға дейін хроникалық-деректі кино тек ақпараттық тәсілмен түсірілген сюжеттермен ғана шектеліп отырды. Революцияға дейінгі сюжеттерде (1917-жылғы) әскери шеру, қылмыстық оқиғалар, сән үлгілері, үкімет басшыларының таққа отыру сәттері бейнеленді.

Революциядан кейінгі совет хроникасының мазмұны түбегейлі өзгереді. Алғашқы күннен бастап-ақ негізгі мақсаты - Кеңес үкіметін үгіттеу, ал кейіпкері - революция мен азамат соғысында жеңіске жеткен, жаңа социалистік құрылыс жүргізіп жатқан халықтың бейнесі болды. Бұл сюжеттер Дзига Вертовтың ұйымдастыруымен жиі шығып отырған  “Кинонеделя” (1918-1919жж), “Киноправда” (1921-1923жж), “Союзкиножурнал” (1923-1925жж) атты Бүкілодақтық киножурналдардан көрсетілді. “Кинонеделя” алғашқы советтік кинохроника журналын шығара жүріп, Дзига Вертов азамат соғысының оқиғалары бейнеленген “Революцияның бір жылдығы” (1918ж) , “Царицын түбіндегі ұрыс” (1920ж), “ВЦИК поезы” (1921ж), “Азамат соғысының тарихы” (1921ж) сияқты фильмдерін түсіреді. Бұл фильмдердің оқиғалары тек ақпараттық мақсатқа құрылған.

Дзига Вертов, совет деректі киносының өзге де шеберлері - Э.Шуб, М.Кауфман, И.Копалин сияқты режиссерлар хроникалық материалды бейнелі түрде көрсетудің өзге жолдарын іздестіре бастайды. Осы мақсатпен “Киноправда” журналын шығаруды қолға алады..  Ендігі жерде азамат соғысы, ашаршылық, т.б. көрініс тапқан кадрларды монтаждаудың өзгеше тәсілін, совет үкіметінің бейнесін толыққанды көрсету барысында монтаждың жаңа заңдылықтарын ашады.

Дзига Вертов, Эсфирь Шуб деректі кино өнеріндегі шығармашылық ізденістерін жүргізіп жатқан жиырмасыншы жылдары Кеңес үкіметі орнаған республикалардың кеңістігінде алғашқы түсіру жұмыстары басталады. Украинада, Әзірбайжанда, Өзбекстанда, Грузияда Кеңес үкіметінің ала келген жаңа болмыс пен үрдісті баяндайтын сюжеттер түсіріледі. 1920-жылдардың басында  түсірілген “Әзірбайжан”, “Өзбекстан”, “Самарқанд” сияқты тағы басқа көптеген  фильмдер тақырып, мазмұны тұрғысынан бір-біріне өте ұқсас болды.

1919 жылдың 19 тамызында Халықаралық Комиссарлар Кеңесінің «Фотографиялық және кинематографиялық сауда мен киноөндіріс орындарын мемлекеттендіру» жөніндегі Декретке  В.И.Ленин қол қойған сәттен бастап, бұрын Ресейдің отары болған, енді “азат етілген”  елдерде кино өнерін дамыту жұмысы қолға алына бастайды.  Қазақстанның өмірі тек жиырмасыншы жылдардың ортасында ғана экранда пайда болады. Бұған дейін қазақтың тыныс-тіршілігі бірде-бір сюжетте бейнеленбейді. Фотограф Е.Блехман 1924-жылы Қазақстанның сол кездегі астанасы Орынбор қаласына С.Буденныйдың келуін пленкаға түсіріп алады.  Сюжет Москвадан шығатын киножурналдардың бірінде көрсетіледі. Бұл – Қазақстанның шеңберінде түсірілген алғашқы сюжет болатын. Осы сюжеттен кейін іле-шала “Қызыл әскер”, “Ликбез мектептері”, “Ауылдағы кооператив” сияқты очерк мәнерінде түсірілген сюжеттер пайда болады. Негізгі тақырыбы - революцияның қазақ жеріне ала келген алғашқы өзгерістері. Барлық сюжетке тән ортақ мақсат - Кеңес үкіметі жүргізіп жатқан шараларға жергілікті халықты қоса жұмылдырып, үгіттеу болды.  “Қызыл әскерде” алғашқы қазақ жастарының қызыл әскер қатарына өтуі, олардың әскери шеберлікті меңгеріп, Кеңес Одағын адал қорғауға шақырады.  “Ликбез мектептері” сюжетінде қарттар мен жастардың, әйелдер мен ер-азаматтардың білім алудағы алғашқы қадамын бейнелейді. Бұл алғашқы хроникалық ақпараттар нақты үгіттеу міндетін атқарды.

Жоғарыда аталған сюжеттердің бәріне тән кемшілік - оқиғалардың бір нүктеден жалпы планда түсірілуі, кадрлардың ұзақ бөлшектермен монтаждалуында болды.  Ірі пландар өте сирек кездеседі. Монтаждау әдісінің қарапайым, яғни,  мазмұны бірінен-бірі өрбіп отыратын кадрлар өзара біріктірілуі, бұл Қазақстанда түсірілген алғашқы деректі фильмдердің барлығына тән ортақ қасиет болды.

Қазақстан туралы  “Қазақстанның бес жылдығы” , “ҚССР Кеңесінің  V - съезі” атты деректі фильмдері 1925-жылы Қызыл-Орда қаласында түсірілді. Екі фильмнің де авторлары - Москвадағы Мемлекеттік Кинематография техникумының студенті Яков Толчан және қазақстандық фотограф  Е.Блехман болды.

Е.Блехман революцияның алғашқы жылдарынан бастап Ревкомда, Губ ЧК, ВЧК және КазЦИК-те жұмыс істейді.  Қазақстандағы Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарынан бастап, жергілікті халықтың өмір-тынысы бейнеленген  мыңдаған фотографиялар түсіреді. Қазақтың тұрмыс мәдениеті, шерулер, съездер, қалалар, фабрикалар мен заводтардың құрылысы, алғашқы колхоздар сияқты жаңа құбылыстың барлығы Блехман түсірген фотографияларда көрініс тапты. Олардың ішінде 1918-1919 жылдары түсірілген Амангелді Иманов, Әліби Жангельдиннің бейнелерін де көруге болады.

1922-жылы  Е.Блехман Орынборда “Пате” кино түсіру аппаратына ие болады. Таңсық, әрі беймәлім құрал фотографты өте қызықтырады. Бұған дейін киноаппаратпен жұмыс істеп көрмеген, тіпті, өзгелердің түсіру жұмысымен таныс емес ол алғашқы түсіру жұмысын бастайды. “Қазақстанның бес жылдығы” атты деректі фильмінің көріністерін түсіріп жүрген  Я.Толчанмен қатарласа,  мерекені, митинг пен шеруді, Қызылорда қаласының өмірі мен тұрмысын пленкада бейнелейді.

1928-жылы Ақтөбе, Қостанай, Ақмола облыстарындағы ауыл кеңестерінің жұмысын тексеру үшін Мемлекеттік комиссия құрылады. Бұл комиссияның құрамында фотограф және кинооператор ретінде Е.Блехман жұмыс істейді. Комиссия мүшелерімен бірге бірнеше ай бойы түсіру жұмысын жүргізген ол, Қазақстанның түкпір-түкпірінде, алыс аудандарында Кеңес үкіметін орнату шаралары туралы бай киноматериал ала келеді.  Бұл материалдарда ауылдағы қазақтардың тұрмыс ахуалының жұпынылығы бейнеленеді.  Батырақтар мен кедейлер, қазақ әйелдері мен комсомолдар қатысқан жаңа Кеңеске сайлау сәттері көрініс тапқан бұл сюжеттер Москвадан шығатын киножурналдар мен деректі фильмдерде қолданылады.

1929-жылдың сәуір айында Қазақстан Кеңесінің VII – съезі өтті. Бұл республиканың тұтасымен ұжымдандыру және индустрияландыру жолына түсіп, бесжылдықтарға аяқ басқан кезең болатын. Е.Блехман осы съездің бүкіл жұмысын және Бірінші Мамыр күнгі мерекелік шеруді түсіріп алады. Осы сюжеттерді қолдана отырып, “Кеңестердің VII-съезі” фильмін монтаждайды. Бұл – қазақстандық кинооператор түсірген алғашқы деректі фильм болатын.  Фильм 1929-жылы  4-маусымда тұңғыш рет көрермен назарына ұсынылады.

1929-жылы 19-шілдеде Алматыда Түрксіб темір жол бойымен келген алғашқы поезды қарсы алу мерекесіне  бүкіл қала халқы вокзалдың басына жиналады. Оқиғаны түсіруге Москвадан келген оператор және Е.Блехман қатысады. Москвалық оператор жалпы пландарды, ал Е.Блехман жиналған халық арасынан  жеке адамдардың ірі пландарын түсіреді. Е.Блехман 1930-жылы түсірген екінші  деректі  фильмін  шекарашылардың қызметіне арнайды.

Отызыншы жылдардың бірінші жартысынан бастап ол кино түсіру жұмысын тоқтатады. Қолындағы “Кинамо” аппаратын  студияға тапсырып, ендігі ғұмырын фотография өнеріне арнайды. Өмірінің соңғы күндеріне дейін осы салада еңбек етіп, 1980-жылы тоқсанға қараған шағында дүние салады.

Қазақстан туралы “Қазақстанның бес жылдығы” атты алғашқы деректі фильмді 1925-жылы Москваның культкино студиясының арнайы тапсырмасымен Я.Толчан түсіреді.  Фильмде Кеңес үкіметінің Қазақстандағы алғашқы қадамдары, бес жыл ішіндегі республиканың жеткен жетістіктері көрініс табады. Қазақстанда түсірілген алғашқы сюжеттер мен деректі фильмдердің авторлары Ресейден келген операторлар мен режиссерлар болды. Бұған себеп Қазақстанның жеке кино базасы мен киномамандарының жоқтығы еді.

“Қазақстанның бес жылдығы” фильмінің авторы Я.Толчан былай деп еске алады: «Культкино» студиясынан арнайы тапсырма алып, алыстағы белгісіз Қазақстанға сапар шегуіме тура келді. Дзига Вертов қоштасып тұрып, қолыма 300 метр пленка мен ескі “Эклер” киноаппаратын ұсынды да, Кеңестік Қазақстанның бес жылдығы тойланады, сол жөнінде деректі фильм түсіру керек деп тапсырды. Қазақстанның сол кездегі астанасы Қызылорда қаласына мерекенің алдында екі күн бұрын келдім де, түсіру жұмысына кірісіп кеттім. Қалада мерекелік көңіл-күй атмосферасы орныққан екен. Салынып жатқан мектеп және аурухана құрылыстарын түсіріп алдым...Мереке басталған күні жүздеген шақырым жерден малшылар мен қойшылар үздіксіз ағылып келіп жатты...”

Республика шеңберінде түсірілген киносюжеттердің саны біртіндеп көбейе бастайды. Олардың негізгі тақырыбы - революцияның қазақ жеріне ала келген өзгерістері мен жаңалықтары болды. Яғни, бұл сюжеттер Кеңес үкіметін насихаттау және мадақтау мақсатымен түсірілді. Олардың барлығы дерлік ақпараттық мәнерде бейнеленіп, Москвадан шығып отырған “Кинонеделя”, “Киноправда”, “Союзкиножурнал” атты Бүкілодақтық киножурналдардан көрсетіліп отырды. Олардың көпшілігі 1960-жылдары түсірілген “Ширек ғасыр”, “Советтік Қазақстан”, “Бақыт туралы толғаныс”, неміс режиссерлары Андре және Аннели Торндайктардың   “Орыс ғажайыбы” фильмдерінде қолданылады.  Советтік Қазақстан туралы алғашқы фильмдердің қатарында 1927-жылы Москвадан келген операторлар тобы түсірген “Қызыл Армия - ҚСРО күзетінде” фильмін айтуға болады. Фильмнің режиссеры П.Малахов “Советский экран” журналының 1927-жылғы 35-санында былай деп жазады: “... Біз Кеңес Одағының түкпір-түкпірін аралай жүріп, Қазақстан, Өзбекстан, Түркменстан, Әзірбайжандағы Қызыл Армияның тұрмысын, тыныс-тіршілігін түсірдік. Бұрын түсіру камерасымен кездеспеген қазақстандық қызылгвардиялықтар таң қалумен болды. Біз қазақша, олар орысша тіл білмегендіктен, арамызда  мұғалім аудармашы қызметін атқарды... Олардың ат құлағында ойнауы біздің кавалеристерден де асып түседі екен...”

1928-жылы РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесі жанынан Бүкілресейлік “Востоккино” тресі құрылады. Негізгі мақсаты – Ресей Федерациясының құрамына енген халықтардың тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін фильмдер түсіру және ұлт өкілдері арасынан талантты киномамандар даярлау болды. “Востоккино” акционерлік қоғамының өкілдері 1929-жылы бірінші болып Алматыға келеді. Осы жылы “Востоккино” тресінің Алматыдағы өндірістік бөлімі ашылып,  лаборатория, монтаждау цехы, мультипликация және жазуларды түсіріп алатын цехтар салынады.

          “Востоккино” тресінде түсірілген деректі фильмдер

 “Востоккино” тресінің Алматыдағы бөлімінің ашылуындағы басты мақсат  – Қазақстанда біртіндеп өз киностудиясының ашылуы болды. Өндірістік бөлімде “Соңғы жаңалықтар” деген айдармен бірнеше кинохроникалық  журналдар экранға шығады. Журналға енген сюжеттер Алматыдағы әртүрлі құрылыстар, еңбекшілердің алғашқы мерекелік шерулері туралы баяндайды. Толығымен болмаса да, Қазақстанның шаруашылығы мен мәдени өмірінен алынған күнделікті оқиғалар осы журналда көрініс тапты. 1929-жылы “Востоккино” тресінің Алматыдағы бөлімшесінде В.Турин әлем кино тарихына көрнекті шығарма ретінде енген “Түрксіб” фильмін (сц.авторлары – Е.Арон, В.Шкловский, А.Мачерет, В.Турин; операторлары- Е.Славинский, Б.Франциссон) түсіреді. Фильм Түркістан-Сібір темір жолының құрылысы туралы лирикалық поэма формасында әңгімеленеді. Шығармада бір-біріне мазмұны тұрғысынан қарама-қарсы кадрлерді қолдану тәсілі кеңінен көрініс тауып,  параллельді монтаж арқылы бұл кадрлерді көрсетуде салыстыру тәсілін қолданады. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан өңірінің аптап ыстығы мен Сібірдің қақаған аязы, түйе мен паровоз, киіз үйлер мен көп қабатты зәулім үйлер, тіршілік нышаны білінбейтін аңызақ дала мен жаңа салынып жатқан құрылыстар, т.б. көріністер арқылы кешегі мен бүгінгі күнді салыстырады.

“Түрксіб” фильмінің драматургиясы әлем киносына үлкен әсерін тигізді. Егер, Дзига Вертовтың фильмдері мазмұны тұрғысынан бір-біріне қарама-қарсы эпизодтардың қақтығысы негізінде құрылып, елдің тарихи даму жолын бірыңғай нүктелер арқылы көрсетсе, ал, “Түрксіб” фильмі өмірдің диалектикалық күрделілігін ескі мен жаңаның бір кезеңде өтетіндігін, кешегі уақыт пен бүгінгі күнді қайнаған өмір ортасында бейнелейді. Фильм жаңа кезеңнің пайда болу диалектикасын ашады. Бұл жиырмасыншы жылдардың соңында кино өнерінің жаңа бейнелеу тілі, жаңа драматургиялық құрылымының пайда болған нышанын білдірді.

“Түрксіб” фильмінің драматургиясы, яғни, кеше мен бүгінгіні салыстыру принципі Қазақстан деректі киносының кейінгі жылдардағы даму тарихына әсері болды. Мысалы, “Абсент” фильмі  аты әлемге әйгілі сәйгүліктің кешегі жұлдызды сәті мен  бүгінгі “қартайған”  кезі арасындағы қақтығыс негізіне құрылады.  “Өткен шағын” әртүрлі халықаралық олимпиадаларда жұлдызы жарық болғанын дәлелдейтін хроникалық кадрлар арқылы бейнелейді.  Ал, хроникалық кадрлар “Абсент” фильмінде екі түрлі роль атқарады: біріншіден – бұл Абсенттің өткен күндерінен хабар береді; екіншіден- А.Филатовтың Абсентпен кездесуіне көрерменді эмоциональды түрде алдын-ала дайындайды.

Сондай-ақ, “кеше мен бүгін”  принципін  “Бір хаттың ізімен”, “Жоқтау” фильмдерінен көруге болады. “Түрксіб” фильмі әлем кино экранын аса сәттілікпен аралап шығып, тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл кеңес кино өнеріне шығармашылық табыстар әкелді. Белгілі киносыншы Жорж Садуль Франция кино өнерінің дамуына әсер еткен ең үздік кеңес фильмдерінің қатарында “Түрксібті” де атайды. Фильмнің кадрлары екі түрлі кезеңнің алмасуын баяндайтын символы болып қалды. Әлі күнге дейін “Түрксіб” фильмінен алынған эпизодтар көптеген тарихи-деректі фильмдерде цитата ретінде қолданылып келеді.

“Түрксіб” фильмі шын мәнінде 1920-шы жылдардағы деректі киноөнерінің дамуында орын алған сан алуан пікірлер мен ойлардың қорытындысы болды. 1929-жылы “Советтік экран” журналында жарияланған  “Түрксіб сабақтары” мақаласында режиссер В.Туриннің өзі былай деп жазады: “Түрксіб” фильмі көркемдік сапасы тұрғысынан экспримент ретінде түсірілген жоқ. Ол ең алдымен  мың ойланып, мың толғанған еңбектің нәтижесі ретінде өте маңызды. Фильмнің барлық кадрлары автордың ойына және идеясына тұтасымен  бағынышты болды ”.

Қазақстан кино өнерінің тарихында   Бүкілресейлік “Востоккино” тресінің Алматыдағы бөлімінде  Қазақстан тақырыбына түсірілген фильмдер өте маңызды роль атқарады. Олардың саны оннан астам және  көпшілігі бір-екі бөлімнен тұрады. Тек “Жайлауда” фильмі ғана  бес бөлімнен құралды. Мұнда Қазақстанның кең даласы, мал шаруашылығына ыңғайлы жайлаулар көрсетіледі. Ал, “Қазақстанның жануарлар әлемі” (1930 ж, операторы- В.Доброницкий) фильмі  “Жайлаудың”  көріністерін қайталағанымен, мазмұны жағынан өзгеше. Фильмде адамның күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қажетті еті мен сүті қолданылатын мал шаруашылығын дамыту туралы мәселені қозғайды. “Алтын жағалаулар”(“Золотые берега”-1930 ж, реж.опер.- А.Лемберг) фильмі Ертіс өзені туралы, әдемі табиғат көріністері, Ертіс өзені бойымен Өскеменнен Павлодарға дейін салынып жатқан құрылыс жұмыстары көрсетіледі. Салыстырмалы түрде Ертістің жағасына қоныс тепкен қазақтардың революцияға дейінгі өмірі бейнеленеді.  Ал, “Астық жинау” фильмінде алғашқы ауыл шаруашылық артельдер  жұмысының нәтижесі баяндалады. Жоғарыда аталып өткен фильмдердің көркемдік тәсілі әрқалай.  Мысалы, “Жайлауда”, “Қазақстанның  жануарлар әлемі” фильмдері ғылыми-көпшілік киносының, ал, “Астық жинау” деректі әңгіме жанрларының тәсілімен түсірілген. Сондай-ақ, Қазақстандағы жаңа өндіріс тақырыбы “Соғыс жариялаймыз”(1928ж), “Миллиондарға арналған рапорт”(1928ж) фильмдерінде көрініс табады.  Алғашқысында Алматы заводының металлургиялық цехы мен Ембі мұнай өндірісі, ал екінші фильмде Қарсақбай мыс балқыту заводының іске қосылуы туралы баяндалады.

1920-30 жылдары Қазақстан деректі киносында жиі көрініс тапқан тағы бір тақырып – Түркістан-Сібір темір жолының салынуы, Түрксібтің ашылуы, алғашқы поездың келуі болды. 1929-жылы атақты “Түрксіб” фильмінен өзге, бір бөлімді “Бірінші поезд”(1929ж.”Первый поезд”) фильмі түсіріледі. Сібір және Орта Азия елдерін жалғастырып тұрған темір жолдың торабында орналасқан Алматы станциясына келген алғашқы эшалондар, №1 Москва поезының келуі, мақталы өңірлерге Түрксіб темір жолымен алғашқы нан жіберу көріністері орын алады. Ал, 1930-жылы түсірілген екі бөлімді “Түрксібтің ашылуы” (опер. Л.Косматов) фильмі Түрксіб темір жолының ашылуына орай ұйымдастырылған мерекелік шеруді баяндайды. Осы жылы Түрксіб тақырыбына арналған тағы бір “Түрксіб торабы”(реж.В.Немоняев, опер.Б.Козлов) фильмінде Түрксіб құрылысының оңтүстік және солтүстік бөлімдерінің бір жерде кездесуін көрсетеді. Мұнда мерекелік митинг, Тұрар Рысқұловтың баяндамасы, алғашқы паровоз, Түрксіб құрылысшыларының И.Сталинге жолдаған хатының мәтіні көрініс табады.

Сонымен, 1920-30 жылдардағы Қазақстанда болған үлкен оқиғалардың бірі – Түрксіб темір жолының тарихы экранда кеңінен баяндалады. Сондай-ақ, алғашқы қазақ ұлттық дивизиясының құрылуы туралы тақырып “Ұлттық полк”  (опер.С.Нестеров) атты  бір бөлімді деректі фильмінде көрініс табады.

“Востоккино” тресінің Алматылық бөлімшесінде екі қазақ жұмыс істейді. Бірі - белгілі ақын, жазушы Ілияс Жансүгіров сценарий бөлімін басқарса, екіншісі – И.Тынышбаев оператордың асситенті қызметін атқарады. Қазақстанда кино өнерінің алғашқы қадамына, фильмдердің түсірілуіне І.Жансүгіровтың тигізген ықпалы зор болды. Ол Москвадан алғашқы кинооператор А.Зельберникті, лаборант Н.Бакинді шақыртады. Ал, кино түсіру техникасын алғаш меңгерген И.Тынышбаев пен И.Нығматулиндер “Ауылдағы жыр”, “Алматы маңында”, “Дала өмірі” сияқты тағы да басқа деректі фильмдерді түсіреді.

Алғашқы түсіру жұмысының бір сәтін И.Тынышбаев былай деп еске алады: “20-жылдардың соңы. Жап-жас кезім. Қарқарадағы атақты Жетісу жәрмеңкесін түсіріп жатқанмын. Кенет назарымды кимешек киген сұлу келіншектің келісімді бет-әлпеті өзіне аудартты. Дәл осы табиғи қалпында түсіріп алсам деген ой мазалады... Ол тұратын киіз үйдің жанына жақындап келдім де, түсіре бастадым. Самауырын қайнатып отырған кейіпкерім  қолымдағы камераға жалт қарады...Сондағы көздеріндегі қорқынышты көрсеңіз...”

Қазақ киностудиясының негізін қалау мақсатымен ашылған “Востоккино” тресінің Алматыдағы бөлімшесінің қызметі ұзаққа созылмайды да, 1931-жылы жабылып қалады. Оның себебі - фильм түсіруге қажетті өндірістік базаның әлсіздігі, ұлттық киномамандарының жеткіліксіздігі болды.

Республикалық “Советская степь” газеті 1931-жылдың 9 мамыр күнгі санында: “Алматы өндірістік бөлімінде фильмді түсіру, монтаждауға мүмкіндік болмай кетті. Сол себептен, барлық жұмыс Москва қаласына ауыстырылды”- деп жазды.

            Деректі кино тарихында дыбысты кезеңнің басталуы

1931-1935 жылдар аралығында Қазақстанда деректі кино өндірісі тоқтайды. Бұл кезеңде бірде-бір деректі фильм немесе хроникалық сюжет түсірілмейді. Ал, есесіне, 1930-жылдардың басы кино өнерінде дыбыстың пайда болып, жаңа бейнелеу әдістерін іздестіру кезеңі ретінде маңызды.  “Мың мылқауға тіл бітті” (“Еңбекші қазақ” газеті, 1930-жыл, 4-қараша) атты мақаласында І.Жансүгіров дыбысты киноның алғашқы қадамын құптай отырып, былай деп жазады: “Дыбыстың келуі кино өнеріне түпкілікті өзгерістер енгізе отырып, көркемдік бейнелеу әдісін байыта түседі...Киноға дыбыс келіп те үлгерді, ал бізде әлі күнге дейін өз кинематографиямыз пайда болған жоқ...Біздің міндетіміз - өз кино өнерімізді дүниеге әкелу”.

Осы пікірдің айналасында мәдениет, өнер қайраткерлерін ғана емес, қарапайым халықтың мақалалары да баспасөз беттерінде үздіксіз жарияланып, кино өндірісін дамыту туралы өз ойлары мен пікірлерін ортаға салады. Қазақ жастары арасынан іріктеп, кинематографиялық жоғарғы оқу орындарына жіберу, кино өндірісінің материалдық – техникалық базасын құру туралы жоспар қолға алына бастайды.

1932-жылы Бүкілодақтық “Союзхроника” тресі ұйымдастырылады. Осы кезеңнен бастап, ұлттық студиялардың жанындағы хроникалық сектор және бюросы жекелеген студиялар болып құрыла бастайды. Жарты жыл бұрын (1-шілде, 1931 жыл) Москва кинофабрикасының құрамынан хроника секторы бөлініп шығып, Бүкілодақтық кинохроника фабрикасы (ол кезде студиялар фабрика деп аталынатын) болып қайта құрылады.

1933-жылы Алматыда “Союзхроника” тресінің қазақстандық базасы ашылады да, “Советтік Қазақстан” киножурналы мен Бүкілодақтық киножурналдар үшін хроникалық-деректі сюжеттер түсіру жұмысы көзделеді.  1935-жылға дейін  “Союзхроника” тресінің қазақстандық базасы бірде-бір түсіру жұмысын жүргізе алмайды. Киножурналдар санын тұрақты шығарып отыруға мүмкіндік болмайды. Мұның себебі - қаражат  және шығармашылық кадрлардың жеткіліксіздігі еді. Бұл кезеңдегі негізгі түсіру жұмыстарын Ресейден келген кинооператорлар жүргізеді.  Жекелеген сюжеттер “Новости дня”, “Пионерия”, “За социалистическую деревню” киножурналдарында орын алды.

Қазақстандық базаның жұмысын өркендету мақсатымен Ленинградтан бір топ кинодокументалистер жіберіледі: операторлар - Владимир Страдин, Яков Славин, Серафим Масленников, режиссердің асситенті Лидия Кикад Алматыда өз қызметін жалғастырады.

В.Страдин 1936-жылы “Луч Востока” колхозының көп салалы шаруашылығы мен тұрғындары жайлы “Миллионер” атты фильм түсіреді. Сондай-ақ, оператор С.Масленников түсірген “Хан тәңірі” фильмін монтаждайды. Кейін, Ленинградқа оралған соң, хроникадағы жұмысын әрі қарай жалғастырады.

Алматыға ленинградтықтардан бөлек москвалық режиссерлар Репников, Федоров, оператор В.Доброницкий, алғашқы әйел кинооператорлардың бірі О.Рейзмандар келеді.  Қазақстанның он бес жылдығына орай Республика жөнінде кең көлемдегі деректі фильм түсіру дайындығы жүріп жатты. Фильм Я.Посельскийдің жетекшілік етуімен “Балхаш жағалауы даласында” деген атпен экранға шығады.

Алматы базасында 1935-жылы екі бөлімді “Қазақстан” (реж.И.Венжер, опер. М.Глидер, В.Доброницкий, Я.Славин) фильмі түсіріледі. Фильм халық шаруашылығының жетістіктері туралы - Ембімұнай, Қарағандыкөмір, Риддер сияқты ірі өнеркәсіп орталықтарының жұмысы, Коунрадтағы мыс балқыту комбинаты, Бетпақдала арқылы өтетін темір жол, Алтай өлкесіндегі Улба өзенінде салынып жатқан гидроэлектр станциясы құрылыстарын көрсетеді.

1935-жылдың маусым айында Республика экрандарына “Советтік Қазақстан” киножурналының алғашқы номерлері шыға бастайды.  Бұл номерлерде Республика шеңберіндегі ауылдар мен қалаларда өтіп жатқан маңызды оқиғалар көрініс табады. 1935-жылы 3-шілдеде “Казахстанская правда” газеті былай деп жазады: “Союзхроника тресінің Қазақстандық базасы “Советтік Қазақстан” киножурналының екі номерін шығарды, үшінші номері экранға шығуға дайын тұр”. Сонымен бірге, Қазақстанның көптеген жерлерінде дыбысты қондырғылар орнатыла бастайды. 1934-жылдың 25-сәуір күнгі санында “Правда” газеті: “Шымкент қорғасын заводында дыбысты қондырғыны орнату жұмысы аяқталды. 22-сәуір күні завод жұмысшылары тұңғыш рет дыбысты кинофильм көріп тамашалады. Бұл - Оңтүстік Қазақстандағы алғашқы дыбысты киноқондырғы” – деп жазды.

Ұлттық кинематографияның дамуына мән аударған Республика үкіметі “Кинохроника” студиясына бұрынғы Коммерциялық ресторанның ғимаратын (қазіргі Шоқан Уәлиханов және Әнуар Әлімжанов атындағы  көшелердің қиылысы)  ұсынады. “Союзхроника” тресінің Қазақстандағы базасының студия болып қайта құрылу жұмысының басы-қасында Ленинградтан келген Владимир Абрамович Беспрозвенный жүреді. Аз уақыт ішінде түсіру жұмысы ұйымдастырылып, лаборатория, дыбыс жазу цехы, көрсетілім залдары, монтаждау бөлмелері, түсіру  павильоны бар  ғимараттың құрылысы аяқталады.

Келісім шарты бойынша бір жылға келген ленинградтықтар өз қаласына қайта оралады. Олардың орнына операторлар И.Колсанов пен И.Ларионов, кейінірек Дондағы Ростов қаласынан Б.Маневич келеді.

Алматыға келгенге дейін И.Колсанов Ленинград киностудиясында ғылыми-көпшілік киножанрындағы фильмдер түсіреді. Алматы операторларының арасынан алғашқы болып деректі кино режиссурасына ауысады. И.Колсанов  “Манғышлақ түбегі”, “Жамбыл ата”, “Түрлі-түсті металлдар” фильмдерінің автор-операторы болады.  1940- жылдардың соңында ол  “Қырғызкинохроника” студиясына ауысып, кейінірек Ленинград кинохроника студиясына қайта оралады да, 1972-жылға дейін ғылыми-көпшілік фильмдер жанрында еңбек етеді.

Б.Маневич  Ұлы Отан соғысына аттанғанға дейін И.Колсановпен бірге “Жадыраған мамыр”(«Ликующий май», 1938ж), “Көркейген Қазақстан”(«Цветующий Казахстан», 1939ж) фильмдерін түсіреді. Соғыстан кейін Алматыға қайта оралады, көп ұзамай өзінің туған Дондағы Ростов қаласына қайтып кетеді.

1935-жылдың соңында “Союзхрониканың” қазақстандық базасы Алматы кинохроника студиясы болып қайта құрылады. Республикада жеке студияның, шығармашылық және техникалық базаның пайда болуы кино өндірісінің өркендеуіне жол ашты. Жаңадан құрылған студияда 1930-жылдардың соңына дейін жиырмадан астам хроникалық-деректі фильмдер түсіріледі.

1938-жылы Алматы кинохроника студиясына Ленинградтан Г.Новожилов, Бакуден  Б.Пумпянский, Москвадан режиссер А.Яблонский, ал 1939-жылы режиссер Д.Эрдман келіп, студияның соғысқа дейінгі ұжымын құрайды. Ал, жергілікті ұлт өкілдерінен лаборанттар Қ.Аңғаров, Ю.Сейфуллин, Қ.Сәденов, монтаждаушылар Р.Балтабаева, Т.Талапова, К.Жармұхамедовалар жұмыс істейді.

1937-жылға дейін  Алматыкинохроника студиясының  барлық фильмдері мен  “Советтік Қазақстан” киножурналы дыбыссыз, қазақ және орыс тілдерінде жазуларымен шығып отырды.  Тұңғыш рет алғашқы дыбысты номері 1937-жылы ғана шығады. Отызыншы жылдары Қазақстанда дыбысты киноқондырғылардың саны өте сирек болғандықтан, облыс пен аудандарда, ауылдарда дыбыссыз фильмдер көрсетіліп отырды. Сондықтан, “Советтік Қазақстан” киножурналын дыбысты және дыбыссыз болып екі нұсқамен шығару қолға алынды. Егер, айына төрт дыбысты номері шықса, оған қоса, міндетті түрде  тағы да екеуі дыбыссыз түсіріліп отырды. Дыбыссыз фильмдер көп жағдайда музыканың сүйемелденуімен көрсетілді. Күңгірт залдың бір бұрышында  экранға жақын жерде орналасқан пианинода тапердің ойнаған музыкасы фильм мазмұнына қарай құбылып отырды. Біраз уақыт сондай тапердің  ролін композитор Д.Шостакович орындайды.

Қазақстанның алғашқы дыбыс операторы - С.Я.Першин. Ол мамандығы бойынша радиотехник, Ленинград кино хроника студиясының дыбыс операторы Г.Солдатиковтың жанында жүріп тәжірибеден өтеді. Ленинградтан ала келген алғашқы дыбыс жазу аппаратын пайдалану үшін, Алматы кинохроника студиясының дыбыс цехы мен дыбыс жазу залын іске қосу шарасына кірісіп кетеді. Алматыдағы алғашқы дыбысты кинотеатрдың  жұмыс істеуіне көп еңбек сіңіреді. Алғашқы кездері киножурналға қажетті музыкалық шығарма патефон пластинкаларынан, кейінірек, оркестрдің орындауымен жазылды. “Советтік Қазақстан” киножурналының дыбысын жазу жұмысына композиторлар Е.Брусиловский, А.Жұбанов, С.Шабельскийлер қатысады. Олардың негізгі міндеті - әрбір киносюжеттің мазмұнына сәйкес келетін музыкалық шығарманы іріктеу, қажетті өлшемге дейін ықшамдау болды.

Алматы кинохроника студиясында алғашқы дыбысты синхронды сюжет 1937-жылдың наурыз айында Алматы мәдениет сарайында (қазіргі “Қазақфильм” киностудиясы орналасқан жерде) өтіп жатқан Қазақ ССР Кеңестерінің төтенше шақырылған X-съезінен түсіріліп алынады. Мінбеден сөйлегендердің дауысы алғаш рет пленкаға жазылады. 1937-жылдың шілде айында өткен Қазақстан КП(б) - ның 1-съезіне жиналған делегаттардың баяндамасы экраннан естіледі.

1930-жылдардың соңында “Советтік Қазақстан” киножурналына енген сюжеттердің саны кейде сегізге дейін жетіп отырды. Алғашқы ұшқыш-қазақ, алғашқы машинист-қазақ сияқты айтулы оқиғалар хроникалық сюжеттерден көрінді. Балқаш мыс балқыту заводынан бастап, Павлодар трактор заводына дейін, Қазақстанда басталған жаңа құрылыстардың барлығы дерлік “Советтік Қазақстан” киножурналында орын алып отырды. “Қазақстандағы алғашқы сюжетім қазақтардың ішінен шыққан алғашқы машинист тақырыбына арналды. Түрксібтің 8-жылдығына орай түсірілуге тиісті бұл тапсырманы Москвадан алдық. Іле-шала Түрксібтің саяси басқармасының бастығы Голубевке келдік. Машинистердің тізімін қарай отырып, бірде-бір қазақты кездестіре алмадық. Не істеу керек? Тізімді қайта қарап шықтық. Сөйтсек, бұрын әртүрлі жұмысты атқарған Арын Шанышқұлов деген азамат машинист болып еңбек етіп жүр екен. Түрксіб басқармасында бұл айтулы оқиғаға  мән аудармаған болу керек. Арынның әңгімесін Алматы станциясының депосында синхронды дыбыспен жазып алдым. Бұл менің бірінші дыбысты сюжетім болатын...”- дейді алғашқы машинист-қазақ  туралы сюжеттің авторы Г.Новожилов (“В объективе - жизнь”, Алматы, “Өнер” баспасы, 1987ж). Бұдан кейін Г.Новожилов  қазақтардың арасынан шыққан алғашқы ұшқыш Ахметов, дәрігер Журина туралы сюжеттерді түсіреді. Алайда, жаңа уақыт талап еткен тақырыптарды түсіре жүріп, көптеген тарихи маңызды оқиғалар қалыс қалып отырды. “Жаңа құбылысты түсіре отырып, кетіп бара жатқан ескінің көзіне көңіл аудармаппыз. Көпшілігін қазір түсіре алмаймыз. Оны қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Басшылардан тек Ілияс Омаров қана бұл мәселеге аса назар аударған еді”- дейді Г.Новожилов.

Ұлы Отан соғысына дейін Алматы кинохроника студиясында түсірілген деректі фильмдердің саны өте аз болды. Басты назар “Советтік Қазақстан” киножурналын шығаруға аударылады. Республика кеңістігінде өтіп жатқан оқиғалардың басым көпшілігі осы журналда көрініс тауып,  әртүрлі тақырыпты қамтыды. Мысалы, «Советтік Қазақстан» киножурналының 1939-жылғы сандарында мынандай сюжеттер көрсетіледі: “Жаңа Қарағанды”, “Жаңа магистраль”, “Жаңа ферма”, “Жаңа жылу жүйесі”, “Жаңа опера”... осылайша әрбір номер сайын жаңа құбылыстарды бейнелейді. Жекелеген еңбек, мәдениет, өнер иелері де «Советтік Қазақстанның»  назарынан тыс қалмайды: «Атақты темекі өсіруші», «Қойшы Құрнияз Шағманов», «Таня Быкова»... сияқты сюжетер орын алады.

Қазақстанның Жоғарғы Кеңесіне алғашқы сайлау 1938-жылы  шілдеде өтеді. Ал, 18- шілдеде Қазақ ССР-ның Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына кандидаттардың бірі - Совет Одағының Халық артисі, 26 жастағы Күләш Байсеитованың сайлаушылармен кездесуін Г.Новожилов пленкада бейнелейді. “...Бірде-бір мәдени шара Күләштің қатысуынсыз өтпейтін. Біз, хроникерлар ”қазақ бұлбұлын” әрқилы кездесулерде, театр спектакльдерінде жиі түсірдік. Әндерін жазып алу үшін Күләшті студияға шақыратынбыз. Егер, техникадан ақау кетіп, жаңа ғана орындап шыққан партиясын қайталау қажеттілігі туындаса, ешқашан ерінбейтін...”- дейді Г.Новожилов.

Кинохроника операторлары Қазақстанның түкпір-түкпірін аралай жүріп,  шахтерлар, металлургтер, ғалымдар, өнер иелерінің еңбегін пленкада бейнелейді. 1938-жылы Г.Новожилов Орал өзені мен Қосшағылға дейінгі аралықта жүргізілген алғашқы су құбырын салу жұмысын түсіреді. “Мен алғаш Қосшағыл селосындағы су ағып тұрған құбырдың, Орал суымен толған алғашқы ыдыстардың куәсі болдым. Алғашқы су құбыры туралы сюжетімнің кейіпкері жетпіс жастағы мұнайшы Қадырбаев болды. ”(“В объективе - жизнь”, Өнер баспасы, 67-бет). Қазақстанның белгілі операторы-режиссеры Г.Новожилов сондай-ақ, Ембі ауданында табылған алғашқы мұнай көздері туралы сюжеттің авторы болды: “Гурьевте (қазіргі Атырау) кезекті сюжетімді түсіріп жүргенмін. Кенет, Ембі бассейнінің жаңа өндірістерінің бірінде мұнай фонтанының өртеніп жатқаны туралы құлағым шалып қалды. Сол-ақ екен, мұнай өндірісінің Басқармасына келдім де, көлік берулерін сұрадым. Көп ұзамай, алыстан көрінген  өртеніп жатқан мұнайдың түтінін түсіре бастадым. Қып-қызыл болып жалындаған скважинаға жақындау мүмкін емес. Әрі қарай түсіруге жергілікті басшылар рұқсат бермеді”. Осылайша Қазақстан деректі киносының шеберлері Республикадағы алғашқы маңызды оқиғалардың куәгеріне айналады.

“Советтік Қазақстан” киножурналы мен Бүкілодақтық киножурналдарға арналып түсірілген сюжеттерден өзге, Алматы кинохроника студиясының назарынан деректі фильм-очерктер тыс қалған жоқ. Бұл фильмдердің негізгі тақырыптары - колхоз-совхоздардың еңбегі, ақын Жамбыл Жабаев, театр қойылымдары туралы болды.

1936-жылы Қазақстанның театр өнері жөнінде бір бөлімді “Қыз-Жібек” фильмі түсіріледі. Негізгі көріністерінде “Қыз-Жібек” музыкалық операсынан үзінділер, басты партияларды орындаушылар Күләш және Қаныбек Байсеитовтар, Шолпан Жандарбекова, қазақ өнерінің тағы басқа жұлдыздарының бейнесін көруге болады.

Отызыншы жылдары ақын Жамбыл Жабаев туралы бірнеше деректі очерктер түсіріледі. 1937-жылы түсірілген  бір бөлімді “Қазақстанның халық ақыны Жамбыл” фильмінде ақынның Тбилиси қаласында өткен Грузияның ұлы ақыны Шота Руставелидің мерейтойына қатысуы, ал  “Жамбылдың шығармашылығына 75 жыл” (1938ж) фильмінде ақынның Қазақ ССР-нің Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа ұсынылуы, 1940-жылы түсірілген “Жамбыл Жабаев” очеркінде халық ақынының Қазақстанның өнер қайраткерлерімен кездесуін бейнелейді. Жамбылды көзі тірісінде өте жиі түсірген оператор-режиссерлардың бірі Г.Новожилов былай дейді: “...Жамбылды түсіру өте қиын болатын. Жиналыстарда ол әрдайым алдыңғы қатарда отыратын. Біз, әрине, оның әрбір қимылсыз отырысын түсіре бермейміз ғой.  Жұртшылық ұлы ақынның өлең айтуын талап еткен кезде жан-жағынан қаумалап, аппаратымызды ақын қарттың жүзіне бағыттай бастайтынбыз. Бірақ, ақын домбыраны қолына тез алатын да, өлеңін бастай жөнелетін. Осы бір мезетте ғана үлгергендеріміз түсіріп алатынбыз...”

1930-жылдары шығарылған деректі фильмдердің көпшілігі Қазақстанның ауыл шаруашылығын қамтиды. “Луч Востока колхозы”(1937 ж, реж.опер.В.Страдин) фильмі  колхоздың көп салалы шаруашылығы туралы баяндаса, “Қазақстан байлығы” (1938ж,опер.Г.Новожилов) фильмінде пайдалы қазбалар орнын тапқан геологтардың еңбегі бейнеленеді. Ал, 1938-жылы оператор Б.Пумпянский түсірген “Гүлденген шөл дала” фильмінде Бетпақдаладағы ғылыми экспедицияның кешенді зерттеу жұмысы көрініс табады. Б.Пумпянский “Казахстанская правда” газетінің 1941-жылғы санында былай деп жазады: “Хроникердың киноаппараты жазушының қойын дәптері секілді кездесулер, әрбір танысу мен бақылауларын айна-қатесіз пленкаға түсіріп алады. Ал, пленкада кейіпкерлерінің қайталанбас іс-әрекеті, қимыл-қозғалысы, бет-әлпеті бейнеленіп қалады”. Осы номерде оператор А.Гриберман “Бетпақдаланы бағындыру”(1940ж.реж.Д.Эрдман, опер. А.Гриберман) фильмін түсіру кезіндегі көргені мен түйгенін былай деп жазады: “Темір жол станцияларында, үлкенді-кішілі тас жолдарының бойында қаптаған жұрт. Ары-бері ағылып жатқан көліктер. Алыс ауылдардан бірі атқа, бірі түйеге мінген,  ағылып келіп жатқан колхозшылар отряды. Бейнебір бүкіл облыс көшіп бара жатқандай. Бұл – Бетпақдаланы бағындыруға аттанып бара жатқан отыз  мың еңбеккер қарапайым халық болатын. Бетпақдалада бір айдай түсіру жұмысын жүргіздік. Көз алдымызда салынып жатқан каналдың құрылысы аяқталып бара жатты... ”

1930-жылдары Қазақстан, тіпті бүкіл совет деректі киносында үстем болған басты тақырыптар - табиғатты бағындырған “жасампаз” адамның бейнесі, алып құрылыстар, ауыл шаруашылығындағы жеңістер болды. Бұл кезеңдегі деректі кино өнері коммунизм идеясымен “қаруланып”, партияның “публицистикалық” мінбері болды. Қазақ жеріне келген жаңа уақыт уағыздала отырып, бірнеше миллион қазақтың өмірін қиып кеткен ашаршылық пен репрессия құрбандары туралы түсірілген сюжет тіптен де кездеспейді.

1920-30- жылдары ұзақ уақыт бойы адам бейнесін нақты көрсету тек Қазақстанда ғана емес, совет деректі киносында да баяу дамыды. Тек, “Түрксіб”(1929ж.реж.В.Турин), “Көптің бірі”(1931ж.реж.И.Копалин) фильм дерінен кейін тұңғыш рет колхоз тақырыбы келеді де, экранда шаруа бейнесі пайда болады. Ал, фильмдердің басым көпшілігінде жеке адам бейнесі қалың көпшіліктің арасында, шерулерде “сіңіп”, “жоғалып” отырды.


"Қазақ киносының тарихы" (оқулық)

ҚР Білім және ғылым министрлігі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,

Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р. Мұқышева – Алматы: ИздатМаркет, 2005.