Мақала
"Қазақ киносының тарихы" (V.V)
V. Қазақ ұлттық кино өнеріндегі жаңа ағымдар 5.5. Деректі кинодағы жетекші проблемалар
Бөлім: Кино
Датасы: 02.09.2020
Авторы: QAZAQ KINOSY
Мақала
"Қазақ киносының тарихы" (V.V)
V. Қазақ ұлттық кино өнеріндегі жаңа ағымдар 5.5. Деректі кинодағы жетекші проблемалар
Бөлім: Кино
Датасы: 02.09.2020
Авторы: QAZAQ KINOSY
"Қазақ киносының тарихы" (V.V)

Деректі кино өнері – кейіпкердің рухани өміріндегі ішкі жан-дүниесінің қалдырған қолтаңбасы, қоғам өмірінің көрінісі. Қоғамда болып жатқан маңызды оқиғалар мен өзекті мәселелерді ашық көрсету және олардың шешімін табуға тікелей әсер ету – деректі экранның басты міндеті. Сондықтан, деректі киноөнерінің көркемдік сапасы автордың азаматтық позициясымен тығыз байланысты.

Қазақстан деректі киноөнерінің даму тарихы барысында деректі және ғылыми-көпшілік фильмдердің тақырып ауқымы өзгермей, халық шаруашылығы, мәдениет пен өнер, әдебиет саласындағы, өнеркәсіптегі басты мәселелерді бейнелеп келеді.

Қазақ халқының ұлттық шығармашылығының бейнелері көрініс тапқан «Тастар сөйлегенде» (1958ж., реж. Г.Новожилов), «Қазақтың ұлттық өнері» (1967ж. реж. А.Қарсақбаев) көне дүниеден келе жатқан мәдени-тарихи ескерткіштер туралы түсірілген «Ашық алақан сыры» (1969ж., реж. О.Әбішев), «Тастағы таңбалар» (1968ж., реж. О.Әбішев) фильмдерінің тақырыбы 1980 жылдары өз жалғасын табады. Ұлттық ерекшелігін тереңінен аша білу және жанр жолындағы шығармашылық ізденістер Қазақстан деректі киноөнерінің маңызды көркемдік даму тенденциясына айналды.

1980 жылдары осы тенденция айқын көрініс тапқан «Орынбасар әндері» («Песни Орынбасар», 1982ж. реж. Ә.Сүлеева), «Мәңгіліктен бес қадам жерде» («В пяти шагах от вечности», 1983ж. реж. Ә.Сүлеева), «Өмір бояулары» («Палитра жизни», 1983ж. реж. Ә.Сүлеева), «Бақша арасындағы үй» («Дом в саду», 1978ж. реж. Ә.Сүлеева), «Үстірт. Уақыт бедері» («Устюрт. Рельефы времени», 1982ж. реж. Ә.Сүлеева), Е.Болысбаевтың «Сәлеметсің бе ән» («Здравствуй песня»), «Сәлима апайдың ою-өрнегі» (1983ж.), Г.Емельяновтың «Біз шешемізден алтаумыз («Нас у мамы шестеро», 1983ж.), «Күресші» («Борец», 1984ж.), С.Райбаевтың «Әнші ауыл» («Поюший аул»,1984ж.), Ю.Литвяковтың «Аня, Анечка, Айна апа» (1985ж.), В.Васильковтың «Шаяннан шыққан ханым» («Леди из Чаяна», 1984ж.), Ахтановтың «Зергерлер», «Шебердің оралуы» («Возврашение мастера», 1985ж.), Р.Әлпиевтің «Мұғалім» («Учитель», 1985ж.) фильмдері жоғарыда аталып өткен 1950-60 жылдары түсірілген шығармалар тақырыбын терең зерттейді. Ұлттық мәдениеттің мәңгілік қозғалысы, ғажайып өрнектері бұл фильмдерде аса сүйіспеншілікпен орын алады. Мысалы, «Аня, Анечка, Айна апа» фильмі қазақ жеріне тамыры терең жайылып кеткен, «даланың ақ қайыңы» атанған Айна апаның тағдырымен таныстырады. Немесе, «Шаяннан шыққан ханым» – Шаян селосындағы халық театрының актрисасы Гүлшахар Жолышеваның өмірі туралы әңімеленеді. «Мәңгіліктен бес қадам жерде» фильмі көне дүние ескерткіштері, оның маңыздылығы туралы баяндаса, «Қобыз» шығармасы көне ұлттық музыка аспабының тарихына үңіледі. Ал, «Шебердің оралуы» – зергерлік дәстүрлі өнердің бүгінгі тыныс-тіршілігіне назар аударады.

«Шаяннан шыққан ханым» фильмінде кейіпкерлер болмысындағы қайталанбас ерекшелігін ашуға талпынады. «Орынбасар әндеріндегі» – Орынбасар, Ю.Пискуновтың «Суретші болу» («Быть художником», 1984ж.) фильміндегі белгілі суретші Е.Сидоркиндер – мінез-құлқы, бітім-болмысы бір-біріне ұқсамайтын, жадыңда орнығып қалатын кейіпкерлер.

1980-85 жылдар аралығында Қазақстан деректі кино шеберлерінің шығармаларында көрініс тапқан тағы бір тақырып – қорғаған ортаның ластануы айналасындағы өткір мәселелер. «Қала мен түтін» («Город и смог», 1984ж., реж. В.Татенко), «Бізге және немерелерімізге» («Нам и внукам», 1984ж. реж. Ж.Бәйтенов), «Үйлесімділікке адымдау» (1984ж. реж. В.Васильев), «Орал, халың қалай» (1984ж. реж. Ж.Зауырбеков) шығармаларының әрқайсысында авторлардың азаматтық позициясы айқын көрінеді. «Город и смог» – таңертеңнен кешке дейінгі Алматы қаласының көрінісі қалай өзгеріске ұшырайтыны туралы түсірілген кино-бақылау. Әрбір кадр шынайылығымен, нанымдылығымен назар аудартады. Алайда, фильм үшін басты мақсат - мәселені көтеру емес, керісінше сол мәселені шешу жолдарын зерттеу болып табылады. Адам мен табиғат арасындағы өзара байланыс режиссер В.Васильковтың «Қарақұм арқылы өткен 720 мың адым» (1984ж.) фильмінің негізгі тақырыбына айналады. Мұнда табиғат адам мүмкіндіктерін сынаушы ретінде бейнеленеді.

Бүкіл кеңес деректі кино өнеріне ортақ тақырыпты ашып көрсетуде зерттеу тенденциясын қолдану тәсілі Е.Шынарбаевтың «Мәжит Бегалин» (1982ж.), «Жаңа толқын» (1985ж.) фильмдерінде көрініс табады. «Мәжит Бегалинде» белгілі кинорежиссер Мәжит Бегалиннің бейнесі дос-жарандарының естеліктері, өмірі мен шығармашылығындағы кейбір маңызды сәттер арқылы ашылады. Ал, Т.Әбдірашев, А.Мұсаходжаева, Ж.Әубәкірова сияқты талантты музыканттар туралы түсірілген «Жаңа толқын» фильмі портрет-кадрлар қатарынан тұрады. Сәтті шыққан Ж.Әубәкірова туралы новеллада кейіпкердің рухани әлеміне үңіледі.

Деректі кино өнері ең алдымен өмірдің өзімен тығыз байланысты. Оның алғашқы қайнар көзі де, күші де сол өмірден алынған кейіпкерлер. Кейіпкердің болмысы, мінез-құлқы, қимыл-қозғалысы, ерекше тағдыры үнемі алдыңғы қатарда тұрғандықтан, олардың тұлғалық ерекшелігін ашып көрсету – ең күрделі мәселелердің бірі. Фильм-портрет жанрында түсірілген Ю.Пискуновтың «Солдат Михаил Коробовтың әңгімелері» (1985ж.), Ә.Сүлееваның «Өмір бояулары» (1983ж.), А.Байұзақовтың «Момышұлы» (1985ж.) фильмдеріне кейіпкерлердің болмысын терең зерттеу ерекшелігі тән. «Өмір бояуларындағы» суретші әрі актер А.Ысмайылов, Ю.Пискуновтың фильміндегі басты кейіпкер Михаил Коробовтардың шынайы мінез-құлқын көрсету арқылы, режиссерлар кейіпкерлері өмір сүрген уақыт туралы шежіре жасайды.

1980-85 жылдар аралығында өткір мәселелерді көтерген «Рекламация» (реж. В.Задвицкий), «Интервал», «Кольцо» (Реж.С.Әзімов), «Үш жыл өткен соң» (М.Байқанов), «Ыңғайсыз адам» фильмдері пайда болады. Мысалы, 1982 жылы экранға шыққан «Интервал» – қой шарушылығындағы белең алған келеңсіздіктер туралы репортаж-айыптау тәсілімен түсірілген шығарма. Алыстағы ауылдардан қаланың ет комбинатына қарай жем-сусыз ұзақ жол бойы айдалып келетін отар қойдың мүшкіл халі туралы баяндайды. »Интервал» – еліміздегі ең қажетті шаруашылықты осындай деңгейге жеткізген қылмыс туралы батыл дабыл қаққан алғашқы фильмдердің бірі.

1980 жылдардың басында жаңадан бастау алып келе жатқан авторлық деректі кино өнерінде тың тақырыптар мен көркемдік шешімін кәсіби деңгейде табу тәсілдері пайда болды. Бұрын тыйым салынып келген қоғам өміріндегі түрлі өзгерістер мен құбылыстар деректі экраннан көрініс тапты. Бақытсыз тағдыр иелері – ең үздік шығармалардың басты кейіпкерлеріне айналды. »Есімде жоқ» («Не помню», 1982ж. реж. И.Гонопольский), «Тергеліп жатқандар» («Находятся под следствием», 1984ж. реж. А.Байұзақов), «Баршаның ісі» (1985ж. реж. В.Чугунов) фильмдерінде ішімдікке салыну, есірткі ауруына шалдыққандардың тағдыры көрініс табады. Сәтті шыққан фильмдерде кейіпкерлерінің мұндай дертке ұрыну тарихын, себебін зерттеуге талпыныс бар. Алайда, бұл тақырыпқа түсірілген шығармалардың көпшілігі тек сыртқы схематизмге ұрынды. Әртүрлі студияларда түсірілген, бір-біріне ұқсайтын фильмдердің басым көпшілігі есірткіге ұрынғандар, тастанды балалар, жұмыссыздық т.б. тақырыптарды негізгі әңгіме арқауына айналдырады.

1980-ші жылдардың екінші жартысында қоғамда белең алған өткір мәселелер Қазақстан деректі экранында батыл көтеріле бастайды. «Құмшағал тарихы» (1987ж. реж. И.Вовнянко), «Өзім қорғанамын» («Буду защищаться сам», 1987ж. реж. В.Тюлькин), «Саты. Село хроникасы» (1988ж. реж. О.Рымжанов), «Бомж» (1988ж. реж. А.Ким) тағы басқа көптеген фильмдердің көтерген басты мәселелері шығарманың сәтті шығуына кепілдік берді. И.Вовнянконың «Құмшағал тарихы» фильмі әлеуметтік-тұрмыстық публицистикалық жанр ағымын бастаған алғашқы сәтті фильмдердің бірі. Режиссердің «Тенгиз» (1987ж.) фильмі де композициясымен, көркемдік бейнелеу шешімінің ерекшелігімен қызықты. Шопан Кеңесбай Асанбаевтың бейнесі арқылы өткен және бүгінгі уақыттың түйісуін көрсетеді. Фильм-портрет жанрында түсірілген «Бәйтерек» (1988ж. реж. А.Шәжімбаев) фильмдері формасымен, мазмұнының толыққандылығымен әсер береді.

Ал, В.Тюлькиннің «Өзім қорғанамын» фильмінің басты кейіпкері – қылмыскер. Автор кейіпкер тұлғасының қаншалықты жағымды-жағымсыз екенін пайымдауды көрерменнің үлесіне қалдырады. Алайда, режиссер жылдамдатылған түсіру тәсілін қолдану арқылы кейіпкерге қатысты өзінің негативті қарым-қатынасын білдіреді. И.Гонопольскийдің «Өлгендер туралы жаман айтпайды» (1987ж.) фильмінде ішімдікке салынған әйелдер, одан айығу жолдары қозғалады. Қоғам дертіне айналған осы тектес түрлі мәселелер 1980-90-шы жылдар аралығында Қазақстан деректі киносындағы маңызды тақырыптардың біріне айналды. Өйткені, деректі экран мінберіне қоғамдық санаға әсер етудің мүмкіндігі молынан берілген. Алайда, осы тектес көзқарастағы авторлық концепциясын қолдану мысалдары жиі кездесетін құбылысқа айналды.

Сонымен бірге, қазақ өнері мен мәдениетіне еңбегі сіңген тұлғалардың бейнесі М.Васильевтың «Суретші және уақыт» (1988ж.), В.Тюлькиннің «Жалаң аяқ қардың үстімен» («Босиком по снегу», 1988ж.), «Мольер мырзаның өмірі» («Жизнь господина де Мольера», 1988ж, реж. Ю.Пискунов) фильм-портреттерінде көрініс табады. Үш фильмде үш түрлі шығармашылық тәсілдер қолданылады. Суретші П.Зальцман туралы «Суретші және уақыт» – эссе, жазушы И.Шухов туралы «Жалаңаяқ қардың үстімен» – публицистикалық очерк, актер Н.Жантөриннің бейнесі көрініс тапқан «Мольер мырзаның өмірі» – психологиялық портрет жанрында көркемдік шешімін табады.

1980-90 жылдар аралығындағы Қазақстанда түсірілген деректі фильмдердің басым көпшілігіне тән ортақ кемшілік – мәтіннің мазмұнына қарай монтаждалуы болды. Бұл жағдайда көрерменнің басты назарын кадр сыртынан оқылатын диктор мәтінінің мазмұны ғана аудартады. Ал, экрандағы көріністер мәтін мазмұнына жасалынған иллюстрация деңгейінде қалады. Мысалы, А.Әлпиевтің «Қандай бағамен» («Какой ценой», 1985ж.) фильмінде бар болғаны екі қысқаша сұхбат қолданылады. Бірақ, олар иллюстрация қызметін ғана орындайды да, дайын тақырыптық шешімді ұсынады. Нәтижесінде, заңды қайшылық туындайды. Деректі кино өнеріндегі деректі құжаттарды шынайы бейнелеуде қолданылатын барлық құрылым бұл фильмде ізінше жоғалады. Кейіпкердің бейнесі ол туралы айтылған нақты бір пікірмен алмасып, нәтижесінде оның мінез-құлқындағы, бітім-болмысындағы кейбір ерекшеліктер ашылмай қалады. Режиссердің тағы бір фильмі «Золушкаға арналған туфли» (Туфли для золушки», 1983ж.) «Қандай бағамен» фильмінің принципімен құрылады. Яғни, алдымен Жамбыл аяқ киім фабрикасындағы келеңсіздіктерді, одан кейін мазмұны, көріністер тұрғысынан бір-біріне қарама-қарсы (контраст) принципімен «Жетісу» аяқ киім фабрикасынң жетістіктері көрсетіледі. Нәтижесінде, шығармада тартыс пайда болмайды. Бұл принцип 1950, 1960, 1970 жылдардағы Қазақстан деректі киносында белең алған көріністі еске түсіреді.

1985 жылы Г.Шалахметовтың сценариі бойынша түсірілген режиссер С.Сүлейменовтың «Алғашқы ГРЭС қатарға тұрды» («Первая ГРЭС в строю») фильмі басында Екібастұз көмір бассейніне арналған гимн ретінде ойластырылып, алғашқы кадрлары «Советтік Қазақстан» киножурналының принципімен түсіріледі. Түсіру тобы жұмысын бастаған күні станция апатқа ұшырайды. Авторлар бұл жайды айналып өтіп, станцияның ашылуы туралы мағлұматты мерекелік көңіл-күйде баяндайды. Жоғарыда әңгімеленген А.Әлпиевтің фильмдеріндегідей мұнда да автордың тақырыпқа қатысты жеке көзқарасы білінбейді.

1980-ші жылдардың алғашқы жартысында Қазақстан деректі кинематографының көркемдік бейнелеу шешімінде кемшіліктер әлі де кездесіп жатты. Соған қарамастан, жекелеген сәтті туындылар қазақ ұлттық деректі кино өнерінің алтын қорына еніп, қоғам өмірінің белгілі бір көрінісі, тарихи шежіресі ретінде аса маңызды құбылысқа айналды.

Қолданылған материалдар:

«Қазақ киносының тарихы» (оқулық)

ҚР Білім және ғылым министрлігі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,

Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р. Мұқышева – Алматы: ИздатМаркет, 2005.