Сәуір айының 5 жұлдызында өткен аталмыш іс-шара Т.Жүргенов а-ғы ҚазҰӨА мен «Туран» университетінде «Режиссура» мамандығында оқитын II курс студенттерінің курстық жұмыстарының көрсетілімімен бастау алды. Назарларыңызға Болат Қалымбетов, Аманжол Айтуаров, Серік Әбішев қатарлы еліміздің белді режиссерлерінің шеберханаларында оқитын жас киногерлердің фильмдеріне жазған «Кинотану» мамандығында оқитын студенттердің пікірлерін ұсынамыз.
Мария Пилтан,
Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА
«Кинотану» мамандығының 4 курс студенті
Бұл көрсетілімде сегіз фильмнің ішінен екі фильмді ерекше атап өтуге болады. Атап айтар болсақ, Жәдігеров Әлішердің «Балық сорпа» атты туындысы мен Дастанұлы Рүстемнің «Незнакомка» фильмі. «Балық сорпа» фильмінде режиссерлік ізденістер көп, кәсіби деңгейде түсірілген. Туындының ең басты жетістігі – драматургиясының экрандық заңдылықтарға сай қиюластыруында. Режиссер ауыл өмірінде елеусіз өтетін қарапайым оқиға сюжетін өте сезімталдықпен монтаж тәсілдерін пайдалану арқылы шебер көрсете алған. Жас актерлардың камера алдында өздерін емін-еркін сезінуін режиссердың тағы бір жетістігі деп бағалауға болады. Олардың алдына қойылған мақсат айқын, оқиға өтетін орта сипаты бала мінезіне жақын атмосферада ойластырылған.
«Балық сорпа» фильмінде ауруханаға түсіп қалған аналарының жылдамырақ жазылуы үшін балықтан жасалған сорпа ішуі қажет болғандықтан екі кішкентай балақайлар қайткен күнде балықты табудың амалын қарастырады. Фильмнің алғашқы кадрларынан-ақ оператордың шеберлігі айқын көрінеді. Ойын баласы сипатындағы екі кішкентай кейіпкер арқылы режиссер сюжеттік тармақтарды кәсіби деңгейде өрбіте білген. Сәтті қолданған монтаждық тәсілдері арқылы кадр аралығындағы байланыс көрерменін жалықтырмайтын деңгейде берілген. Ал, оқиғадан оқиғаға өту барысындағы жас актерлердің іс-әрекеттері сюжетті біртұтастықта аса шынайылықпен қабылдауға мүмкіндік береді. Осылайша, жас режиссер Әлішер Жәдігеров ауылда өмір сүріп жатқан жанұяның бір күндік өмірін, яғни, басына іс түскен отбасының шешімін қарапайым, қабылдауға жеңіл мәнерде жеткізген.
Ал, «Незнакомка» фильміндегі режиссердың ізденісі арқылы театр өнері мен кино өнерінің арасындағы көріністік айырмашылықтар жаңа тәсілмен жақындастырылған деуге болады. Сахналық өнер элементтерін кинодеталь ретінде пайдалану осы фильмнің өзіндік ерекшелігін айқындап тұр. Фильмдегі екі кейіпкер, түрлі себептерге байланысты өмірден түңілген жандар. Көмескі көріністер астарында олардың бет-әлпеттері айқын емес. Кездейсоқ жағдайда тоғысқан екеуінің арасында тылсым тыныштық арқылы түсініксіз сезім пайда болады. Тылсым тыныштықты экран арқылы сезінуге мүмкіндік берген тәсіл – кейіпкерлердің диалогсыз орнаған қарым-қатынастары. Олар сөйлемейді, дыбыстық қатар арқылы берілген кейіпкерлердің ішкі диалогтары сюжеттік линияға сәтті енгізілуі арқылы басты кейіпкерлердің сезімдері мен ішкі толқыныстары көрерменге жұмбақ түрінде жеткізілген. Режиссер тарапынан сахна элементтерін экранға бейімдеу тәсілдері жарықты пайдалануда да ескерілген, сол арқылы кадр тереңдігі қамтамасыз етіледі.
Бағдарламада көрсетілген барлық фильмдер сәтті деп айту артық болар, алайда, бір ғана тақырыптың өзін бірнеше қырынан ашуға ұмтылған жұмыстар да байқалады. Көрермен назарына ұсынылған Әлішер Жәдігеровтың «Тәубе» атты кезекті туындысында режиссер қазіргі таңдағы өзекті мәселелерді символизм арқылы жеткізген. Аталмыш фильм арқылы мүмкіндігі шектеулі жас жігіттің құдайға сенімділігі жайлы тақырыпты қозғағанымен, нақты бір сюжеттік линия ұстанымы қалыптаспаған. Ал, «Гүл» және «Сохраненные кадры» туындыларында сипатталатын махаббат тақырыбы жеке кейіпкерлердің сезімдік шеңберінен шыға алмай қалғандығынан болар, көрерменін тарта қоймайды. Жалпы көрсетілім бағдарламасындағы біршама фильмдерде сапа жағынан кемшіліктер болғанымен, әр студент өзінің не сезінетінін туындылары арқылы жеткізуге талпынған. Ұлттық кино өнеріміздің ертеңі осы жас мамандардан қалыптасады. Сондықтан да, студенттік фильмдердің көрсетілімін аса қажет әрі маңызды шаралардың бірі деп санаймын.
Мөлдір Бектұрсын
Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА
«Кинотану» мамандығының 3 курс студенті
Аталмыш көрсетілім барысында ерекше атап өтуге тұрарлық туынды ретінде көңілге медет, жанға демеу болған Әлішер Жәдігеровтың «Балық сорпа» фильмін айтуға болады. Қарапайым ғана ауылда тұратын шағын ғана жанұяның тыныс-тіршілігі суреттелетін бұл фильмнің қозғаған тақырыбы өзекті. Себебі, шынашақтай ғана қос бүлдіршіннің аналарына деген алып махаббатын "балық сорпасы" арқылы аңғаруға болады. Жолдарында қанша қиындық кездессе де, ағаштан ойып қармақ жасап, балық үшін кішкентай жүректі бүлдіршін суға жүгіріп, бауырын құтқару үшін әпкесі артынан секіріп, өлімнен арашалап қалғаны қазіргі қоғамға жетіспейтін бауырмалдық, нәркес сезім, қамқорлық секілді дүниелерді дөп басып берген. Сонымен қатар, фильмдегі ауыл әжесінің сөзшеңдігі, аңқылдақ, ақкөңілділігі өте шынайы берілген. Фильмде інілі-әпкелі қос бауырды сомдаған бала актерлер де өз рөлдерін нанымды аша білді. Яғни, барлығын шынайы өмірдегідей көрсеткен. Иә, фильм кілт-тосын жағдайда аяқталып тұр. Бұдан отбасының бір-біріне деген ыстық ұлы махаббатын аңғаруға болады.
Ал, Мамашева Аяжанның «Сохраненные кадры» атты фильмде қыз бала бойындағы ұяңдық пен кеудедегі қорқынышы, күнделікті күйзелістері ашық суреттеледі. Бір қызығы, маңайына мін тақпай, бақ пен сорын өзінен ғана көретін қыздың меңдеген мұңын, жігіт атаулысына деген өкпе-ызасын, жан мен тән қиналысын, көзінен аққан әрбір тамшы жасын айнытпай келтірген осы фильмнің режиссері өз басынан өткергені жайлы айтты. Шындығында, бұндай сәттер мен естеліктер қыз-қырқынның бәрінде болатыны жасырын емес.
Тұрсынбаев Әділдің «Гүл» атты фильмінде әйел затының тағы бір ауыр тағдыры бейнеленеді. Бірқалыпты қайталанған өмірден әбден шаршап, жуасып, ата-анасына жаутаңдаған қыз ғұмыры. Әйелінің көзіне шөп салып, сырттан қызық іздеген ер-азаматтың күнделікті өмірі тағы бар. Режиссердің көрерменге салған ойы, үйленбей тұрып әрең қолы жеткен нәп-нәзік гүлін баптаудың орнына, сыртқа назары ауып, барын бағаламай жүрген азаматтардың баршылық екенін ескерту. Сондай-ақ, дәл осы отбасының кешкен күйі секілді сүйгеніне қарамай, ажырасудан аяқ тарту. Қазіргі отбасылардың мәселелесі боямасыз, бүкпесіз сурететтелетін бұл кинофильм біраз ер-азаматтарға ой салады деген ойдамыз.
Дастанұлы Рүстемнің «Незнакомка» фильмі театрландырылған қойылым іспеттес түсірілген. Фильмде аспалы көпірден өзін тастап, мына жалған дүниемен мәңгілікке қош айтысуға бел буған бейтаныс аруды жігіт байқаусызда көріп қалып, өлімнен арашалап қалады. Жігіт бойжеткенді құтқарып алғаннан кейін, қыз жайлы ойлана бастайды. Оның сұлулығына тәнті болған жігіт ес-түссіз ғашық болып, онсыз өмірдің сүреңсіз екенін іштей мойындап, өзінің махаббатын іздеуге бел буады. Әйткенмен, бейтаныс ару бейтаныс күйде қалып, жігітте жауапсыз махаббат, іздеумен өткен күндер және жалт еткен үміті ғана қалады. Екі жастың ішкі сезімдерін дыбыстық қатар арқылы ашып, көңіл-күйлерін жарықты ұтымды пайдаланған оператор шеберлігі арқылы жеткізілген бұл туынды өзіндік стильде түсіріліп, ешкімді қайталамайтын өзгеше әлемге жетелеуімен көрерменді тәнті етті.
Ермахан Асқардың «Шегіртке махаббат» атты туындысы залда отырған көрермен қауымның көзайымына айналған фильмдердің бірі. 11-12 жас шамасындағы балалардың әрқайсысының өміріндегі болған жайттар жайында баяндалатын фильмде өзінен әлдеқайда үлкен қызға ғашық болған жасөспірім жігіттің пәк сезімі жайлы көрсетіледі. Басты рөлді сомдаған бала еш диалогсыз өз образына еніп, көпшілік қауымды сендіре білсе, қызды сомдаған актриса өз сырт келбетімен, шырайлы жүзімен көрерменді тәнті етті. Фильмде жұмыс жасаған оператор да өз жұмысын жауапкершілікпен алып шыққандығы көрініп тұр.
Қорытындылай келе, көрсетілім барысында көңілге түйгеніміз көп, жүрекке алғанымыз мол болды. Жас режиссерлардың тапқырлығы мен қиял ұшқырлығына тәнті болдық. Әрине, өзге фильмдерді нашар деуге ауыз бармайды. Әйткенмен, әркімнің талғамы әр түрлі екені даусыз. Көпшілікке ұнағаны, көңілге жаққаны осы туындылар деп ойлаймыз.
Мақпал Бақыт
Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА
«Кинотану» мамандығының 3 курс студенті
Көрсетілім барысында алғаш болып режиссер Әлішер Жәдігеровтің «Тәубе» фильмі көрермен назарына ұсынылды. Бар-жоғы 12 минутқа созылатын фильмнің айтар ойы мен түпкі мағынасы терең. Қазіргі таңда қоғамымызда орын алып жатқан түрлі жәйттар мен ащы мәселелер авторға бұл фильмді түсіру үшін түрткі болғаны анық байқалады. Дегенмен, дін мәселесі астарлы түрде жеткізілген туынды көрерменнің біріне ұнаса, енді бірінің көңілінен шықпады. Бұл таңқаларлық жағдай емес. Өйткені, бұл мәселе қоғамдағы ең бір көп талқыға алынатын мәселелердің бірі. Бір отбасының өмірімен үлкен дүниенің бетін ашуға тырысқан режиссердің батыл шешіміне тек тәнті болдық. Отбасы демекші, қазіргі таңда да ерлі-зайыптылардың отбасылық өмірі ұзақ жалғаспай жататыны да рас. Фильмде олардың бір-біріне екі тілде сөйлеп, екі тілде жауап қайырғанының өзі осы мәселені ашып көрсетеді. Техникалық жағынан да өзге фильмдерге қарағанда бір қадам алда тұрған «Тәубе» фильміндегі декорация мен ұтымды композициялық шешімдер көңіл қуантты. Көрермен жас режиссердің ойы мен талғамының жоғарылығына көзайым болды.
Аталмыш фильмінің ізін суытпай, Әлішер Жәдігеровтің «Балық сорпа» атты қызыққа толы сюжеттерден қабырғасы қаланған екінші фильмін тамашаладық. Картинаны көре отырып, қарапайым студент емес, құдды бір қолтаңбасы қалыптасқан режиссер маман түсірген бе деген ойға келесін. Фильмдегі бала актерлердің ойыны да ерекше сәтті орындалған. Қай жағынан алып қарасаңыз да өте сапалы түсірілген туынды мазмұны мен айтар ойы терең, өте әсерлі болып шыққан.
Ал, Рүстем Дастанұлының «Незнакомка» атты фильмі театрдың сахнасын декорация ретінде қолданған фильмде қазіргі таңдағы өзекті болып табылатын өз-өзіне қол жұмсау мәселесі көтерілген. Сюжеттік құрылымы жағынан өзгеше, берілу формасы да ерекше. Техникалық жағынан да жоғары деңгейде орындалған. Атап айтар болсақ, режиссердің жарық қолдануы, ракурс таңдауы, оқиғаны баяндау тәсілі ерекше.
Аяжан Мамашеваның «Сохраненные кадры» туындысының алғашқы кадрлардан-ақ режиссердің жынысын бірден байқауға болады. Себебі, ешбір ер режиссер әйел адамдардың ішкі жан дүниесін аталмыш фильмдегідей әсерлі етіп жеткізе алмайды, яғни, әйел жан-дүниесін сезіндіре алмайды. Фильм идеясы мен мазмұны да тікелей осы тақырыпты қозғаған. Автордың айтуынша, ешбір сценарийсіз, идеясыз, тек өзінің жан дүниесі қалаған нәрселерді көрсеткен. Техникалық жағынан алғанда өзге картиналарға қарағанда осалдау. Дегенмен, әртүрлі план арқылы режиссер кейіпкердің ішкі әлемін әсерлі таспалай білген.
Ермахан Асқардың «Шегіртке махаббат» атты туындысы көрермен көңілін қуантып, әсерлі эмоцияларға бөледі. Балғын балалық шаққа саяхат жасаған жас режиссер картина сюжетінің өз өмірінен алынғандығын жасырмады. Ал, сюжетіне қысқа ғана тоқталсақ, ауылға қаладан жас бойжеткен демалысқа келеді. Бұрын-сонды бұндай сұлу көрмеген басты кейіпкеріміз сол қызға көз тастап, жуынып жатқан жерінен сығалайды. Сұлумен сол бойы тіл қатпай, әлгі қыз соңында қалаға кетіп қалады. Қыздың жуынып жатқан кадрларын қарап отырып есімізге Дәрежан Өмірбаевтың «Кардиограмма» фильмінен кадрлар есімізге түсті. Алайда, «Шегіртке махаббат» фильмінің режиссері Өмірбаевтың туындысын көрмегенін айтты.
Қорытындылай келе, аталмыш іс-шарада көрсетілген барлық фильмдер өзіндік талғаммен жасалған режиссерлік шешімдерімен есте қалды. Бір қуантатыны, тамашалаған фильмдеріміз қазіргі таңдағы саны көп, сапасы жоқ комедиялардан алшақ. Жас болса да талантты режиссерлар жиналған бұл іс-шарада көңіліміз бір серпіліп, жанымыз жайланып, жүзіміз нұрланып қайттық.
Әлішер Жәдігеровтің «Балық сорпа» фильмі мен Рүстем Дастанұлының «Незнакомка» туындысын айрықша атап өткен «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі, профессор, кинотанушы Гүлжан Құрманғалиқызы айтпақшы, көрермен назарына ұсынылған фильмдер бір-бірінен асып түседі.
Алтынай Тайжанқұлова
Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА
«Кинотану» мамандығының 3 курс студенті
Іс-шараны ашып берген «Тәубе» фильмі Болат Қалымбетовтың шеберханасының 2 курс студентті талантымен қоса талабы бар, жас болсада бас болып келе жатқан режиссер Әлішер Жәдігеровтің туындысы болып табылады. Фильмде бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің біразы етене жеткізілген. Отбасы мәселесін діни көзқараспен ашу — режиссердің ұтымды шешімі. Фильм өзіндік идеясымен ерекше.
Аталмыш фильмнен кейін Әлішер Жәдігеровтың «Балық сорпа» атты туындысы іс-шараны жалғай түсті. Аталып өткен туынды да көп фильмдерден кездестіре бермейтін ой мен сюжеттік құрылым бар. Фильмдегі актер ойыны да керемет деңгейде. Анасына балық сорпасы керек екенін естіген балалар өз бастарын қатерге тігіп балық аулауға тырысуындағы олардың іс-әрекеттері мен диалогтары өзіндік жылулық сыйлап, кәсіби адамның жұмысының деңгейін көрсете алды.
Көрсетілім Болат Қалымбетовтың шәкірті Рүстем Дастанұлының «Незнакомка» атты фильмімен жалғасты. Фильмнің алып отқан мәселесі өте өзекті. Өзіне қол жұмсамақ болған қанша жастың эмоциялары мен әрекеттері 14 минут аясында толық ашылған. Кейіпкерлері де фильмге жақсы таңдалған. Және олардың сыртқы дауыстары арқылы тілдесуі де өте әсерлі шыққан. Сондай-ақ режиссер техниканы жақсы меңгергенін өзінің алғашқы фильмінде-ақ дәлелдей алды. Керемет әуен мен камераның сәтті қозғалысы жоғары деңгейдегі фильмнің тууына үлкен негіз болған.
Болат Қалымбетовтың тағы да бір шәкірті Ермахан Асқардың «Шегіртке махаббат» атты заты да, аты да қызық жас баланың махаббатынан құралған туынды болды. Картина көп ойлануды қажет етпейді, керісінше ондағы әдемі кадрлар мен кейіпкерлерге қарап демалуға болады. Фильмнің тақырыбына түсініктеме беретін болсақ,режиссердің өзінің айтуы бойынша шегірткенің айғыры өзінен үлкен ұрғашыларға ғашық болады екен. Фильмде де дәл солай жас балапан қаладан келген жасы үлкен аруға ғашық болып қалады.
Қорытындылай келе көрсетілген бар фильмнің ерекше талғаммен, бір деммен түсірілгендігін айтқымыз келеді. Көрермен сынынан қорықпай өз фильмдерін ұсынған режиссерлар өздеріне керекті сыни пікірлермен қатар, фильмдері туралы қызықты мәліметтермен де бөлісті. Жас мамандар үшін қаржы мәселесі де үлкен қиындық тудырары бәрімізге мәлім. Соның салдарынан сюжетке сәйкес келмейтін актерлық құрамды алуға мәжбүр болатын режиссерлардың туындыларынан атақты актер аға-апаларымыздың демеуін көрсек өте сапалы дүниелер шығатын еді дегіміз келеді. Алдағы уақытқа жас мамандарға сәттілік тілей отырып, озық туындыларды әкеледі деген үлкен сеніммен қараймыз.