Алматыда XIV Халықаралық Шәкен Айманов Кинофестивалі өтеді

Алматы қаласында 2018 жылдың 17-21 қараша аралығында 14-ші Халықаралық Шәкен Айманов Кинофестивалі өтеді. Өзіндік тарихы бар бұл шара бүгінде елдің мәдени өміріндегі елеулі оқиғаға айналғалы отыр.
Алматыда XIV Халықаралық Шәкен Айманов Кинофестивалі өтеді

Алматы қаласында 2018 жылдың 17-21 қараша аралығында 14-ші Халықаралық Шәкен Айманов Кинофестивалі өтеді. Өзіндік тарихы бар бұл шара бүгінде елдің мәдени өміріндегі елеулі оқиғаға айналғалы отыр. Оңтүстік астанада бұл жолы бас қосатын меймандар дүниежүзінің түпкір-түпкірінен келмек. Шара аясында әлемдік кинематографиядағы таңдаулы туындылар көрсетіледі. Отандық киноөндіріс саласының үлгілеріне дайындалған арнайы бағдарлама бар. Сонымен қатар түркітілдес мемлекеттердің киноларына да баса назар аударылмақшы.

Шәкен Айманов ХКФ-бұл «Шәкен жұлдыздары» атты фестивальдің заңды жалғасы.Көпшіліктің есінде ол жас дебютанттардың туындыларын қарайтын фестиваль ретінде  қалды. Жастарға бағыт-бағдар беріп, оларды қолдап, жаңа есімдердің танылуына көп  үлес қосқан бұрынғы кинофестивальдің ауқымы шектеулі болатын. Уақыт өте келе фестиваліміз өркендеп, құлашын жая түсуде. Мінекей,биыл ол мүлдем жаңа форматта көрініс тауып отыр. Жаңарған кинофестивальдің басты концептуалдық идеясы- Орталық Азия жүрегі-Қазақстанда түркі әлемі кинематографистерінің басын біріктіру. Тарихқа көз жүгіртсек, түбі бір түркітілдес халықтар арасында мәдени байланыстың тамыры ықылым замандардан жалғасып келеді. Сондықтан бұл жалғастықты жаңа деңгейге көтере отырып, қайта жандандыру - уақыт талабы.

Сонымен қатар, Шәкен Айманов Халықаралық кинофестивалі киноөндіріс саласында халықаралық байланыстарды дамытып, ынтымақтастықтың тиімді механизмдерін жолға қоюды көздейді. Ауқымды мәдени шара аясында шығармашылық кездесулер, дөңгелек үстелдер, конференциялар, шеберлік дәрістер ұйымдыстырылып, оған әлемдік киноматография саласында өз орны бар талант иелері қатысады.

ХКФ конкурстық бағдарламасы үш жеке бөлімнен тұрады. Оларға Шәкен Аймановтың картиналарының атаулары берілген. Мысалы «Тоғысу» бөлімінде көрермен дүниежүзіне танымал толықметражды картиналарды көріп, тамашалай алады. «Атамекен»-бұл түркі халықтары фильмдерінің байқауы, ал «Біз осында тұрамыз» бөлімінде қазақстандық киноленталар қаралып, үздік туындыларға ҚР кинематографистер Одағының «Құлагер» ұлттық премиясы беріледі.

Көрермендергеарналған конкурстан тыс бағдарламаның да ауқымы кең. Онда  дүниежүзіне танымал классикалық киноленталардан бастап ірі халықаралық кинофестивальдардың жүлдегерлеріне дейін кездеседі. Сонымен қатар қазақстандық және шетелдік киномайталмандардың  қатысуымен олардың ретроспективасы көрсетілмекші.

Фестивальдің президенті –КСРО Халық әртісі, отандық және кеңестік кинематография саласында аты аңызға айналған тұлға - Асанәлі Әшімов.

-Мұндай кинофестивальдар  халыққа өте керек. Өйткені кино өнері – ең біріншіден халықтың еншісіндегі дүние. Кинофестивальді жоғары деңгейде абыроймен ұйымдастыратынымызға сенімім мол. Бұл қазақ киносының тарихын, оның мәртебесін көтеріп, бізге өз ұстанымы бар басыбайлы ел болудың жолын нұсқайды,- деді Әшімов.

Кинофестивальдің бас директоры- қазақстандық танымал кинорежиссер, ҚР Кинематография Одағының төрағасы Ермек Тұрсынов.

-Біздің мақсатымыз - саналы көрерменді қайтару. Біз оған қолындағы попкорнын ұмытып кететіндей кино көрсетуіміз керек. Көрерменнің талғамына аяқасты қарамай, онымен сапалы кинотілде сөйлескеніміз абзал. Мен шынайы өнер деп айтуға тұрарлық нағыз киноны меңзеп тұрмын, -деді Ермек Тұрсынов өз сөзінде.

Шараны ұйымдастырушы - ҚР Кинематографиястер Одағы

Құрылтайшы- ҚР Мәдениет және спорт министрлігі