"?" деп аталатын көрмеге қылқалам шеберінің 40 тан астам картинасы қойылмақшы. Өзгеше тақырыптағы көрмеде автор өмірдің сұрақтарға толы ерекше сәттерін бейнелеген туындыларын көпшілікке ұсынғалы отыр. "Осы жұмыстарым арқылы мен төл тарихымызға адалдық, өмірді ізгілендіру және қазір де болып жатқан соғыстар туралы тереңірек ойланып, бір сәт қайда бет алғанымызды бағамдауға тиіс екенімізді айтқым келеді", - дейді суретші. Көрме жас кескіндемешінің тұңғыш жеке шығармашылық экспозициясы саналады.
Аршын Қабылбек 1989 жылы ҚХР-да туылған. 2006 жылы Күйтун қаласында көркемөнер колледжін бітіреді. 2011 жылы Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның "Кескіндемеші" мамандығын Жұмақын Қайранбаевтың шеберханасы бойынша тәмамдады.
Жас суретші бірнеше республикалық және халықаралық өнер фестивальдері мен байқауларының жеңімпазы. Айталық, 2007-2008 жылдары Астана қаласында өткен халықаралық "Шабыт" шығармашыл жастар фестивалінің дипломымен, 2008 жылы Алматыда өткен "Бурабай - 2008" атты көркем сурет көрмесінің бірінші дәрежелі дипломымен, 2009 жылы Қазан қаласында өткен Шаңхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы "Жастар шығармашылығы" көрмесінің үздік дипломымен марапатталады. 2010 жылы ҚР Тәуелсіздік күніне арналған "Шетелдегі қазақ жастары және ана тілі" атты халықаралық өнер фестивалінде "Қолөнер және көркем сурет" номинациясы бойынша "Ең үздік суретші" атағының иегері атанса, 2011 жылы Мысыр елінде өткен Жастар шығармашылығы шеберлік сыныбында күміс медаль иегері атанады. 2016 жылы "ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған халықаралық өнер фестивалі" аясындағы "Алматы - Тәуелсіздіктің алтын бесігі" атты суретшілер сайысында І орынды иеленді.
Қазіргі уақытта суретші Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер акдемиясының колледжінде дәріс береді.