ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша "САҚ-дала" ЖШС түсірген "Қазақ елі" анимациялық фильмі мамыр айынан бастап көрермен назарына ұсынылған болатын. 2D және 3D технологиялары пайдаланылған туынды – болашақ хандар Жәнібек пен Керейдің балалық шағынан есеюіне дейінгі уақытты баяндайды.
Анимациялық фильмнің жарыққа шығуына ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбай және белгілі жазушы Дулат Исабеков қатысты.
Аталмыш туынды Каир қаласында өткен "ХХ Халықаралық анимациялық фильмдердің форумына" қатысып, "Ең үздік толықметрлі анимациялық фильм" жүлдесіне ие болды. Сондай-ақ, кинокартинаның композиторы Руслан Шынықұлов пен фильмнің әуенін жазуға қатысқан музыкант Жанболат Әділов "Құрмет" дипломымен марапатталды. Айта кететін жайт, анимациялық кинотуындылардың халықаралық фестивальдерге қатысуын Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ жүзеге асырады.
Ақпарат www.kazakhfilmstudios.kz сайтынан алынды
Айжан ЕСЕНГЕЛДІ