«Асан» фильмі Ташкенттен жүлдемен оралды

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Асан» фильмі Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында қарашаның 27-і мен 30-ы аралығында өткен 4-ші Халықаралық PROlogue кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды. Режиссері – Берік Жаханов.
«Асан» фильмі Ташкенттен жүлдемен оралды

«Асан» фильмі фестивальдің қысқаметражды фильмдерге арналған конкурстық бағдарламасы шеңберінде көрсетілді. Кинотуынды әкесін ақтық сапарға шығарып салуға жолға шыққан бозбала туралы баяндайды.

- Мен өте қуаныштымын. Маған сеніп, қолдау білдіргендері үшін «Қазақфильм» киностудиясының басшылығына алғысымды айтамын. Бұл жүлде, мен үшін, үлкен мотивация, - деді марапаттау салтанатында жас режиссер Берік Жаханов.

Жалпы фестивальдің халықаралық байқауларына қатысуға 60 елден 280-нен астам өтінімдер келіп түскен екен. Нәтижесінде, конкурстық бағдарламаға 13 елден келген (АҚШ, Польша, Франция, Түркия, Қазақстан, Қырғызстан және т.б.) 31 кинотуынды іріктелініп алынды.

Халықаралық қысқаметражды фильмдер конкурсының қазылар алқасын танымал өзбек режиссері Аюб Шахобиддинов басқарды. Бұл қазылар алқасының құрамына продюсер Фабио Канепа (Италия), актер Филипп Рейнхардт (Швейцария), қоюшы оператор Макс Тцуи (Германия), киносыншы Гульбара Толомушова (Кыргызстан) кірді.

Айта кетсек, халықаралық толықметражды фильмдер байкауында қазылар алқасының құрамына отандық танымал режиссер Рүстем Әбдірашев те кірді.

IV Халықаралық PROlogue кинофестивалі Өзбекстанның жастар одағы және «Өзбеккино» ұлттық агенттігі, Ташкент қаласы әкімдігі, Кинематорграфия даму орталығы, Өзбекстанның ұлттық кинокомиссиясының ұйымдастыруымен өтті.

Естеріңізге сала кетсек, «Асан» фильмі 2017 жылы «Қазақфильм» ұйымдастырған сценарийлер конкурсында жеңімпаз атанып, өндіріске жіберілген болатын. Лента 71-ші Халықаралық Канн кинофестивалінің Short Film Corner аясында көрсетілген болатын.

Үстіміздегі жылдың қараша айының басында  «Асан» фильмі Бакуде өткен 9-шы Халықаралық Start film festival  кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесін иемденді. Сондай-ақ кинотуынды Қазақстан Республикасы кинематографистер одағы тарапынан үздік деп танылып, ұлттық «Құлагер» киножүлдесімен марапатталған болатын.

Сонымен қатар, аталған картина Мұсылман киносы ХКФ қатысқан.  III Baikonyr Short Film Festival фильмнің бас кейіпкері (актер Азат Жұмаділ) үздік ер адам рөлі номинациясын жеңіп алды және VI  «Үміт» ТМД елдері Жастар киносы Форумында арнайы жүлдеге ие болды.

Сізге қызық болуы мүмкін: