"КиноАРТ - 2018" әуесқой кинорежиссерлер фестивалінің жеңімпаздары белгілі болды. Режиссер, драматург Еркебұлан Жолдасовтың бастамасымен биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған кинофестивальге қатысуға облыс көлемінен 75 үміткер өтініш білдірген. Оның ішінде ұйымдастырушылар сәтті шыққан 11 фильмді іріктеп алып, әуесқой жас режиссерлердің үздіктерін анықтады.
Әділқазылар алқасының шешімімен Қарлығаш Есіркептің сценариі үздік деп танылды. Әйел образын үздік сомдаған әртіс ретінде Ғазиза Таңшолпан танылды. Жылдың «Үздік операторы» Шыңғыс Рысқұлов деп тауып, «Үздік музыкалық көркемдеушісі» номинациясының жүлдесіне Ақниет Нұржігітұлын лайық көрген. «Үздік монтажер» - Нұрхат Зұлпыхар, «Үздік ер образы» Құралбек Оразбекке бұйырды. Ал жүлделі орындарға оралсақ, үшінші орынды «Элюзия» фильмінің режиссері Абзал Төленов иеленді. Екінші орынды «105» қысқаметрлі фильмнің режиссері Қарлығаш Есіркеп жеңіп алды. Бірінші орын мен Бас жүлде «Ғайша» фильмінің режиссері Сәбит Әбдіге бұйырып, жылдың үздік әуесқой кинорежиссері атанды. Оның туындысы Мұхтар Шахановтың шығармасы желісімен түсірілген.
Қазылар алқасы:
- Ержан Жұмабеков, кинотанушы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының PhD докторанты, қазылар алқасының төрағасы.
- Бекайдар Шалдарбеков - оператор, режиссер.
- Рахымжан Калдыкөз - Режиссер, Халықаралық және республикалық фесливальдер дипломанты.
- Ерсін Аманғалиев. Ж.Шанин атындағы Облыстық академиялық Қазақ драма театрының актері.