2017 жылдан Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде «Жақын шет елдер өнері» деген жалпы атпен 5 жылға есептелген үлкен көрмелік жоба жүзеге асырыла бастады. Өзі халыққа қызмет еткен 80 жыл ішінде музей классикалық өнер мен Қазақстанның ғана емес, бір кездегі Кеңес Одағы деп аталған алып елдің өкілі саналатын басқа да елдердің өнер туындыларының бай коллекциясын жинақтады. Осыған дейін де «Орта Азия республикаларының өнері» көрмесі атаулы жобаның аясында жұртшылық назарына ұсынылған болатын.
Балтық жағалауы республикаларының бейнелеу өнері біздің елімізде аса белгілі емес. Ілгеріректе бірен-саран алмасу көрмелері болып тұрды. Балтық жағалауы қылқалам шеберлері туындыларының бүкіл шығармашылық алуандығын көрсеткен тіптен маңызды.
Аздаған жұмысқа қарап, сол немесе басқа мектептердің ерекшелігі жайлы айту қиын. Мұны негізінде аға және орта буын суретшілердің жеке шығармашылығымен таныстыратын көрме деген дұрыс сияқты. Ұсынылып отырған жұмыстар – 1950-жылдардың ортасынан 1980-жылдардың аяғына дейінгі кезеңде салынған картиналар.
Бұл өңірде еуропалық орта ғасырдың ғажайып мұрасы сақталып қалған, олар – көне тар көшелер, бекіністер, Балтық жағалауы қалаларының естен кетпес әрі өзіндік бет-бейнесін көрсететін көп түсті витраждары бар сәулетті соборлар. Ұлттық көркемсурет мектептері 19 ғасырдың екінші жартысында-ақ қалыптасып үлгерген.
Осы елдердің бейнелеу өнерінің әлдеқандай бірлігі жайында айту мүмкін бе? Бұларды біріктіріп тұрған тақырыптың ортақтығы деуге болады. Латыш өнерінің коллекциясы анағұрлым көрнектірек. Латыш көркемсурет академиясын сонау 1930-жылдары бітірген аға буын суретшілердің кенептері туған өлке табиғатын баяндайды. Олардың арасынан К. Мелбарздис, В. Калнрозе, Э. Калныньш, Л. Свемптің пейзаждарын да кездестіресіз.
Халық өнері тақырыбы әсіресе литван суретшілерінің жұмыстарында ашық көрініс тапқан. Кенеп беттерінде – ауыл тұрғындарының егін жинау, шөп шабу сияқты күнделікті тірлік қамы ғана емес, мереке-жиындары да бейнеленген. Р. Бичюностің картинасында әдемі, сәнді киінген меймандары мен шулы музыка ойнаған ауыл тойы бейнеленген. Халықтық ағаш мүсін өнері пластикасының архаикалық қарапайымдығы А.Савицкийдің өмірдің мәңгілік құндылығы туралы сыр шертетін «Таң», «Күн», «Кеш» триптихының тууына дем берді.
Теңіз тақырыбы барлық республикалардың өнерінде бар, олар теңіз еңбеккерлері – балықшылардың бейнесін жасаған теңіз пейзаждары мен композицияларында жүзеге асқан. Бұл жайында эстон суретшілері Э. Окастың «Балықшылар», Э. Сильмнің «Ауды жамау», О. Мяннидің «Қола балықшы» сынды монументалдық кескіндемелері және мүсіндік туындылары баян етеді.
Көрме 2018 жылдың желтоқсан айына дейін ашық.
Галина Сырлыбаева, көрме жетекшісі