Көрме жетекшісі Ш.М. Нұғыманова
Көрмеде суретшінің 2003 жылдан 2015 жыл аралығында жазылған 118 жұмысы жұртшылық назарына ұсынылды.
Ю.Г. Кульевская 1946 жылы 15 сәуірде Омбы қаласында дүниеге келді. Ол өмірде ғылымды басты орынға қойды. Қазақ Мемлекеттік университетінің (бұрын С.М. Киров атындағы) «ядролық физика» мамандығы бойынша физика факультетін тәмамдады.
Университетті аяқтағаннан кейін радиоктивті сәулелену кафедрасында ғылыми қызметкер ретінде жұмысқа қалдырылды. Химия ғылымдарының кандидаты Юзефа Григорьевна 20 жылдан аса уақыт Қазақстан Ғылым Академиясының Органикалық катализ және электрохимия институтында және тағы 20 жыл Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығында еңбек етті. Кескіндемемен 2003 жылдан бері айналысып келеді. Сүйікті жанрлары – пейзаж бен натюрморт. Ю. Кульевская неғұрлым мазмұнды әсер беру үшін түрлі техниканы қолдана отырып, өз туындыларын майлы бояумен, акварельмен, акрилмен жазады.
Оның түрлі пландағы кенептеріне келетін болсақ, өзінің шеберлігімен және бояу реңдерімен көңіл күйін беруімен таңғалдырады. Оның пейзаждарының сюжеттері өзіндік ерекшеліктері бар Еуропа бекіністерін, Ресейдің табиғи ландшафтарын, ұшы-қиыры жоқ қазақ даласын мадақтайды.
Орыстың белгілі пейзажшы-суретшісі И.И. Левитан: «пейзаж – бәрінен де адам сезімін, әсіресе суретшінің өзінің сезімі мен көңіл-күйін жеткізетін ең жақсы амал» деген.
Кульевскаяның барлық туындысы жарқын да өршіл.
Суретшінің ендігі бір жақсы көретін жанры – натюрморт. Натюрмортты жазуға отыру үшін ол өзіне ұнайтын заттар мен түстерді мұқият таңдап алатын болар, сірә. Оларды өзінің талғамымен, көңіл-күйімен жайғастырып барып, шығармашылық процеске кіріседі.
«Түрлі түсті жұпаргүл», «Ашық күлгін вазадағы жұпаргүл», «Күлгін айылқияқтар» және тағы басқа натюрморттары ашық, қанық түсті дақтардың колористік молдығымен жеткізілген. Дәстүрлі кескіндеме тәсілдерін пайдалана отырып, Кульевская жай қарапайым заттарды мерекелік алуан түсті көрініске айналдарып, контрасты түстік гамма жасайды. Мұндай натюрморттардың әрбір бөлшегі бір-бірімен сезім арқылы байланысқан.
Кульевскаяның туындыларын бейне бір музыка дерсің, себебі олар құдіретті сезімдерді білдіріп, адамға ерекше әсер ете алады.
Суретші Ә. Қастеев атындағы ҚР МӨМ қабырғасында бірнеше рет өзінің жеке көрмесін өткізді, сондай-ақ, суретшілердің топтық көрмелеріне қатысты.
Ю.Г. Кульевскаяның картиналары Қазақстанның ғана емес, АҚШ, Польша, Германия және Ресейдің жеке жинақтамаларында сақтаулы.