Мақала / #студентСөзі
Шағуан Үмбетқалиевтің шеберлік шыңдаудағы ізденістері
Қазіргі таңдағы актерлер «99% еңбек, 1% талант» деген қағиданы ұстануы тиіс
Бөлім: Театр
Датасы: 25.12.2018
Авторы: Ұлжан Құрманбай
Мақала
Шағуан Үмбетқалиевтің шеберлік шыңдаудағы ізденістері
Қазіргі таңдағы актерлер «99% еңбек, 1% талант» деген қағиданы ұстануы тиіс
Бөлім: Театр
Датасы: 25.12.2018
Авторы: Ұлжан Құрманбай
Шағуан Үмбетқалиевтің шеберлік шыңдаудағы ізденістері

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық жасөспірімдер мен балалар театрының жас та талантты актерлерінің бірі – Шағуан Үмбетқалиев. Театр әлеміне аяқ басқанына аз уақыт болса да өзін мойындата білген актер, қазірде М.Горькийдің «Шыңырауында» - Васька Пепел, Сайын Мұратбековтың «Жусан иісінде» - Әжібек, Т.Ахтановтың «Күшік күйеуінде» – Қабанбай сынды рольдерді сомдап, көрермен жүрегіне жол тауып үлгерді. Актер 1995 жылы 30 қаңтарда Батыс Қазақстан облысы, Атырау қаласында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүргенде Атырау қаласындағы Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер акдемиясының актерлік бөліміне оқуға түседі. Онда Астана жастар театрының актерлерінен сабақ алып, Нұрқанат Жақыпбайдың мектебінен тәлім алған. Арманын Алматы қаласындағы Т.Қ.Жүргенов атындағы өнер академиясында білім алумен жалғастырады. Өнер ордасында Тұңғышбай Жаманқұловтың үздік шәкірттерінің бірі болған. 2016 жылы студенттер арасындағы «Дидар» халықаралық театр фестивалінде А.П.Чеховтың «Аққудың араздасуы» экпериментальдік қойылымы үшін «Ең үздік актер» номинациясын жеңіп алады. Өз өнерімен додаға түскен студентке шақырту жіберген театрлардың бірі Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық жасөспірімдер мен балалар театры болатын. Оқуын аяқтаған жас актер қадамын осы театрдан бастайды. Театр сахнасындағы алғашқы ролін М.Ахмановтың режиссурасымен қойылған «Ай мен Күн» атты балалар спектаклінен алған. Шықбермес Шығайбайды сомдаған актер режиссерлер назарына іліге бастайды. Осыдан кейін балаларға арналған «Сиқырлы терезе» спектаклінде Бэтмен ролінде ойнайды.

2017 жылдың 15 маусымында актер Данияр Базарқұловтың алғашқы режиссерлік жұмысы «Шыңырау» спектаклінің премьерасы өтті. М.Горькийдің «На дне» пьесасының желісімен қойылған экспериментальдік қойылымда Ш.Үмбетқалиев Васька Пепелдің ролін сомдайды. Алғашында классикадан аяқ тартып, тартыншақтанғанын жасырмайтын актер режиссердің үмітін ақтап, өз ролін ойдағыдай алып шыққан. Қазірде театр репертуарындағы үздік қойылымдардың біріне айналған спектакльде Васьканың ойып тұрып алған өз орны бар.

Қойылымда шыңырау түбіне батқан он кейіпкердің өмірін көрсетеді. Алдарында мақсаты, үміті жоқ адамдар. Олар тек армандайды, оны жүзеге асыруға тырыспайды да. Шырғалаңдағы сол бір кейіпкеріміз – Васька. Актер кейіпкерінің:«Ұры. Ұрыдан туған ұры деуші еді жұрт»,- деп барлық өмірін сол жұрттың сөзіне байлап қойғандығын көрсетеді. Васька ірі мінезді, тік сөйлейтін жігіт. Алайда, өмірінің ағысын қалай жақсы арнаға бұру керектігін білмейді.

Актердің кейіпкер тағдырын көрерменге жеткізу үшін көп еңбектенгені анық байқалады. Қатігез болып өскен жігіт бейнесін бұйырумен, жекірумен көрсеткен. Сонымен қатар махаббат алдындағы әлсіздігі де нанымды шыққан. Наташаға –Толқын Нұрбекова деген алып-ұшқан сезімін дәлелдеуге тырысады. Биік болып жүрген нар тұлғалы актердің, бір сәтте қыз аяғына тізерлей қалуынан, кейіпкерінің ішкі әлемін түсіне білгенін көреміз. Ірі денелі, гүрілдеген, жуан дауысқа ие актер, өз кейіпкерін сомдауда оның бұйырушы екенін бірінші кезекке қойған.

Спектакльде актерге физикалық тұрғыдан күш салатын сахналар да жеткілікті. Мысалы Васлисамен болған би. Г.Байбосыновамен құштарлыққа толы биі көрерменді өзінің ішкі жан-дүниесіндегі арпалыс сезімге нандырып, кейіпкерлер арасындағы ара-қатынасты анықтап көрсетеді. Ал, Наташаға келгенде олардың сезімдерін бір-біріне алыс тұрып жеткізулеріне тура келеді. Өз билерімен қашықтықтағы, қосыла алмас ғашықтарды шынайы бинелей білген. Би арасында кейде жанжалды, кейде төбелесті көрсеткенімен, режиссер соңғы сәттегі Костылевтің – А.Мажитов өлімін мүлде басқаша көрсетеді. Ш.Үмбетқалиев ешқандай арпалыссыз, ұрыссыз сахнаның жоғарғы бөлігіндегі Костылевтің қолын жұлып алады. Бұл – кейіпкердің өмірін қиғанының белгісі. «Актер мен режиссердің биік мұраттарының бірегейі – кейіпкерді көркемдік бейнеге айналдыру арқылы көрерменнің ойына қозғау салу,» – деген белгілі қазақ режиссері Ә.Рахимовтың айтқанына сай, режиссердің ұтымды шешімдері, актердің бейне жасаудағы еңбегі бейнеге көркемдік бере алған.

23 жасар жас актер, театр сахнасында өз еңбекқорлығының арқасында, көрермен жүрегіне жол тауып, нанымды бейнелер шығаруда. Қазірде, марқұм Жанат Хаджиев сахналаған «Күшік күйеу» спектакліне ввод жасап, Қабанбай ролін ойнап жүр.

Жас ұрпақтың тәрбиесі жайындағы мәселені қозғайтын спектакль қай күнде де өзекті. Актер өзінің тік мінезіне байланысты жатақханадан қуылған, ауыл баласын сомдаған. Қалалық бай әрі ерке балалардың ортасына тап болып, қызықты оқиғалар басталады. Қызға деген қыры жоқ, рахаттана билеуге қысылатын, алдына қойған мақсатынан алыстап кетуден қорқатын кейіпкерін әр сахнада өсіріп отыру актердің қолынан келген. Алғашында Ботка мен Алма жақындап кетсе, көздері алақ-жұлақ етіп қашатын. Кейіннен өтірік арасына өтірік қосылып, кейіпкеріміз өзін-өзі қорғауда шыңдала түскенін байқаймыз. Қарапайым әзіл сөзді көтере алмай, жұдырығын ала жүгіретіндей көрінетін кейіпкеріміздің ашуын ақылға жеңдіре алатынын көрсетеді.

Қабанбай ролінде Ержан Жарылқасын, Еділ Рамазанов, Бейбіт Қамаранов сынды театр саңлақтары ойнаған. Әрине, әр ойын жеке дара, жоғары бағаланды. Театр өнерінің қыр-сырын жақсылап меңгерген актерлердің ойынынан, қазіргі құрам ойыны да асып түспесе, кем түспейді. Қойылымнан студенттік өмірді, атмосфераны сезіне аласың. Жалындаған жастық шақтарын сахнаға алып келіп, көрерменге шынайы жеткізе білген. Бұдан түйер қорытындымыз жас қаһармандардың ролін жастарға беру керек. Сол атмосфераны сезіндіре алатын талантты жастар ойнауы қажет.

Актердің мол табысқа ие болған тағы бір ролі – Әжібек. 2017 жылы желтоқсан айының 6-13 күндері режиссер Ж.Жұманбай «Жусан иісі» спектаклін көрермен назарына ұсынды. Арқаға аяздай батар соғыс жылдарындағы ауыр қайғы қасіретті сахналаған. Актер сол кездегі жүгенсіз кеткен, «әй, дейтін әжесі, қой дейтін қожасы жоқ» баланы сомдады. Еш ойсыз, қамсыз жүретін кейіпкер бейнесін ашу актерге жеңіл түспегені анық. Барлығы мұңайып, қайғырғанда ол комедиялық сахналарды жасайды. Алғаш шыққанда-ақ: «Сенің көкеңнің артынан қара қағаз келді», - деген қаралы хабарды жеткізуге қымсынбайтын, мінез-құлқы шайпау баланы сомдаған. Өзінен жасы кіші балаларға әлімжеттік көрсетіп, қорқытатын. Ал соңғы сахнасында алғашқа махаббатының намысы тапталғанына ренжіп ауылдан біржола кетеді. Бұдан кейіпкерге тек өсуді емес, ер адамға тән намысты бергенін көреміз. Актер өзіне берілген рольді өте жақсы деңгейде алып шыққан. Ауылдың қызығын келтіріп жүретін бір сотқарды шынайы бинелей алған. Қойылымда кейіпкерінің қотыр ауруы бар екенін естен шығармай, әрқашан қышынып отырғанынан актердің бейнеге еніп кеткенін байқайсың. Бала көңілмен Ырысбектің – Б.Қамаранов асты-үстіне түсіп, жауынгер болып, жүріп-тұрғанда Әжібектегі бір аңғалдық пен тазалықты көрсетеді. Оның кейіпкеріне берген есте қалар еркелігі мен мінезі жеткілікті. Мысалы өз-өзіне «вольно» деп көрерменді бір күлкіге батырған.

Әжібекті сомдағанда актер сахнадан жанып тұрады десек артық айтқанымыз емес. Өз кейіпкерін тапқандай еркелеп, есерленіп ойнайды. Өзіне тән сүйкімділігі, қылығы бар кейіпкерін актердің жан-тәнімен ойнайтынын анық байқайсың. Қанаттың – Мақсат Сәбитов «Әжөка» деп еркелеткенінен, актерді сол Әжөка деп есте сақтадық.

Сахна төріндегі әрбір актер таланттардың арасынан іріктеліп алынған. Бірақ сол таңдаулылардың барлығы өз мүмкіндігін көрсете алмайды. Басты себеп ізденіс пен еңбектің аздығы. Жас актер Ш.Үмбетқалиев таланты мен талабын ұштастыра алғандықтан, театр әлемінде жарқырап, жанып келеді. Еңбекқорлығының арқасында бейне жасауда өзге актерлерден ерекшелене бастады. Режиссерлердің өз қойылымдарында көргісі келетін актерге айналды. Бастысы көрермен көзайымына айналып, ыстық ықыласына бөленді. Осы жетістіктің барлығы актердің ізденісі мен еңбегінің арқасында келген. Сондықтан қазіргі таңдағы актерлер «99% еңбек, 1% талант» деген қағиданы ұстануы тиіс.