Мақала
Жұбанын аңсаған театр
«Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген!» – деп жырлаған ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтың жүз жылдық мерейтойына арналған поэтикалық драманың премьерасымен Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры өз маусымын ашты
Бөлім: Театр
Датасы: 17.10.2020
Авторы: Анар Еркебай
Мақала
Жұбанын аңсаған театр
«Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген!» – деп жырлаған ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтың жүз жылдық мерейтойына арналған поэтикалық драманың премьерасымен Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры өз маусымын ашты
Бөлім: Театр
Датасы: 17.10.2020
Авторы: Анар Еркебай
Жұбанын аңсаған театр

«Жұбан» қойылымның авторлары – еліміздің атақты ақыны Ақұштап Бахтыгереева мен М.Әуезов атындағы академиялық театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі, драматург Мадина Омарованың шығармашылық тондемінің арқасында ұлы ақынның бейнесі сахна төріне шығып, оның бүкіл өмірі бір сағаттың көлемінде көрерменге жол тартты. Олар Жұбан бойындағы философиялық сипат, даралық және типтік ерекшеліктерді дарыта отырып, өлеңдерін шебер пайдаланған. Поэтикалық драманы сахнаға қойған режиссер – еліміздің жас маманы, мұның алдында республикалық фестивальдерде өзіндік ой-тұжырымымен көзге түсіп жүрген Гаухар Адай. Бұл қойылымда да режиссер оқиға желісін ширатуды, кейіпкер әрекетін, тартыстың ішкі динамикасын күшейтуді орынды ойластырған.

Шымылдық ашылғанда авансценада трибунада тұрған ақын Жұбанның жалынды сөздерінен басталған көрініс оның дүниеге келу, есею, ержету сынды көріністермен үйлесіп, бір бірін толықтырып толыққанды картинаны көз алдымызға елестетеді. Ақынның тағдыры әлеуметтік құбылыстармен үйлесім тауып, дәуір сипаты мен тынысын айқындай түскен.

Егер авторлар Жұбанның әрекетін тек шығармашылығымен, ақындығымен шектеп қойса, оның бейнесі плакаттық үлгіден аспаған болар еді. Драматургтер көрерменді ақынның бүкіл өмірінің күрделі баспалдақтарынан өткізді. Ашаршылық, соғыс, және желтоқсан оқиғасы кезіндегі Жұбанның басшылар алдындағы жалынды сөзі сынды оқиғалар мен қақтығыстарда актер Теміржан Матаев ақын мінезіне барынша тереңдейді. Сол арқылы оның өмірлік позициясын, биік адамгершілігін, рухани дүниесін нанымды ашқан. Дегенмен де Жұбандай күрделі бейнені меңгеруде Т. Матаевтың ізденісі үлкен шығармалық нәтижеге жетукізумен бірге, әлі орны толмай тұрған олқылықтары да бар. Жұбанның сахналық тұлғасына көркемдік ірілік пен жинақтылық, іштей салмақтылық, монологтарды айтуда ішкі көңіл-күй мен ой қозғалыстары жетіспейтін тұстар әлі бар көрінді.

Жастық қызумен ұрыс даласында аңқылдақ та, ақ жарқын мінезімен кеткен жігіт Жұбанның соғыста жауынгер достарынан айырылып, біреуіне «кеңестің оғы» тигеніне сене алмауы арқылы актер Құралбек Қатташев ақынның есеюі сәттерін суреттеген. Ал, бала Жұбанды сомдаған Жасқайрат Валиуллиев анасын Жабас байдың (Жылқыбый Жұбатов) қорлығынан құтқарамын деп өзі соққының астында қалуы, балалық мінезбен көз жасын жасыра алмай жылауы, анасына еркелеп, асыр салып ойнауы арқылы өмірге құштар жанның сүйкімді бейнесін жеткізеді. Соғысқа аттанар сахнасында режиссер бала Жұбан мен ақын Жұбанды бірдей шығарып, бұл сәтті екі актердің екі түрлі психогиялық тебіреніспен жеткізуі де қызықты шешім болды. Қ.Батташев оптимизммен болашаққа қарап, өзі барса тап бір соғысты тоқтататындай сезіммен анасымен қоштасса, Қ.Валиуллиев қорқынышын, жас жүрегінің үрейін «бармаймын» деп жылауы, анасының етегіне жармасуы арқылы жауынгер Жұбанның ішкі жан-дүниесін тамаша суреттеген көріністердің бірі болды.

Театрдың жетекші актерлерінің бірі – Б.Исалиеваның әншілік өнері мен драмалық өнері Зеріптің баласына деген аналық сезімін, сағынышы мен күйінішін әлдилеген әнмен, ішкі драматизммен жеткізген. Баласымен «командир мен жауынгер» болып ойнауы, соғысқа кеткенде оның тағдырын ойлап уайым шегуі, іштей тебіреніп күйзеліске түсу көңіл-күйін, психологиялық толғаныстарын спектакльдің әр көрінісінде оқиға мазмұнына, әрекет табиғатына лайықты бейнелеу тапқан.

Ербол Есендосовтың Басшысы бүгінгі ұрпаққа зұламат заманның шындығын жеткізгендей болды. Жоғарыдан төменге қарап тұрып, естімегендей «А?» деуінің өзінде қазақ ұлтына деген менсінбеушілігі анық байқалады. Төменде, аяғының астында тепкіге жығылған қазақ жастарын аппақ қар басқанда да оның үстіне бір қырауда түспей, сол «тап-таза» күйінде мінберінен түсіп аспай-саспай кетіп бара жатып, түк болмаған кейіппен «А?» дегеніне актер үлкен мән берген.

Спектакльде бұлардан басқа өткінші кейіпкерлер рөлдері де өздерінің даралық сипатымен көрінген. Жанаргүл Құрманғалиева (София), Дулат Оқасов (Молдағали), Эльмира Мақашева (әйел), Хорлан Шамелова (кемпір), Саулауат Түменов (шал), Жамбыл Заев (Құбаш) сияқты актерлердің жасаған шағын бейнелері есте қаларлық детальдармен байқалып, әрі бұлар актерлік ансамбль құраған.

Әрбір кейіпкер мінезінің ерекшелігін ашумен бірге, режиссер Гаухар Адай көпшілік көріністеріне, қойылымның өзіндік сахналық үлгісіне жете көңіл аударыпты. Спектакльдің басындағы аштық жылдарын көрсеткенде бір-бірінің жеген тамағын аңдыған, ашынған халықты шығарады. Молдағали өлген кезде актерлердің бірінің үстіне бірі бастарын қоюынан моланың бейнесін көз алдымызға әкелуі өте әсерлі көріністердің бірі. Оқ тиген жауынгерлеріміздің мерт болуын пластикалық қимылдармен көрсетуі – соғыс даласынан елес беріп өтеді. Ал еліміздің талай жылдар отаршылықта болуын аяқтары темір шынжырмен кісенделген, әр адымы сол шынжырдың сылдырауымен өтетін сахнаның эмоционалдық әсері зор. Желтоқсан көтерілісін суреттегенде шынжырдан босанған халық енді оны қолдарына ұстап төбесіне көтеруі арқылы «оянған қазақты», ал жүгірген, сүрінген, құлаған қыз-жігіттердің үстін аппақ қармен жабылуы еліміздің аңсаған тәуелсіздігіне жету сәттерін бейнелеудегі ұтымды табылған детальдар, халықтың намысына тиіп, патриоттық сезімін еріксіз оятатын көріністер болды. Жалпы, қойылымға ерекше темпоритмді берген пластика мен қауырт қимыл-қозғалысқа, хореографияға (балетмейстер Қарлығаш Қайырбекова) негізделген осы көпшілік сахналар болды.

Режиссер мен суретші Гүлдана Жұрқабаева сахна алаңын тұтас қамтып, авансценадан бастап артқы пландарды да ойнатуынан драманың көркемдік ауқымы кеңіп, актерлердің әрекет жасауына қолайлы кеңістік жасалған. Жекелеген көріністердің шешімі, сырт пішіндері тартымды, ой салады. Бұлардан спектакльдің үлгісі құралған. Мәселен, сахна ортасында орналасқан қара түсті конструкцияны ыңғайлы қолданған – үйдің төбесі, әскери эшалон, соңында үлкен ер тоқымға айналады. Ал, көпшілік сахналарда аллегорияға жүгініп шешуі де суретші тарапынан оң табылған әдіс. Алғашқы көпшілік сахнаны көк түсті киім кигізіп, актерлердің беттерін ағартып, көздерін алайтып, шаштарын үрбитіп грим жасауы арқылы Аштықтың жиынтық образын берсе, келесі соғыс сахнасындағы қызыл түсті костюмдер арқылы қан майданды белгілейді.

Авансценаға микрофон алдында трибунадан сөйлеп тұрған Жұбанды орналастыру – қойылымның әлеуметтік желісін әрі қарай жалғастырып әкету үшін табылған ұтымды шешім, шығарманың идеялық-көркемдік ерекшелігінен туған ізденіс. Ал, қойылымның соңын үлкен ертоқымның үстінде отырған Жұбанмен аяқтауы да – ұлттық құндылықтардың сақталауы, қазақ халқының жарыққа, ашық дүниеге, кедергі-қарсылыққа мойымай ілгері ұмтылу, болашаққа үміт арту – спектакльдің философиялық ой-түйіні.

Спектакль ақын мен драматург, режиссер мен суретші және театрдың шын мағынасындағы шығармашылық ынтымақтастығының нәтижесі. Спектакль бүгінгі жас ұрпақты азаматтыққа, белсенділікке, өзінің қадір-қасиетін білуге, адалдыққа шақырып, Жұбандай ұлы адамнан үлгі алуға бағытталған. Мұндай қойылымдар көрерменнің тарихи деректер мен ұлт тұлғаларына деген дұрыс көзқарастың қалыптасуына ықпал жасайды. Сондықтан «Жұбан» қойылымы Орал театрының репертуарында ұзақ тұрақтайды деген сенімдеміз.