Жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлымен таныстығым оның Республикамыз театрлары сахналарында қойылған пьесалары арқылы әріден басталады екен. Осыдан 3 жыл бұрын Астана қаласындағы Ұлттық кітапханасында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жыл қорытындысы нәтижесінде жарыққа шыққан жаңа кітаптарының тұсаукесерінде алғаш рет жақыннан танысып, баспадан шыққан «Ел мен елес» атты жаңа кітабын қолтаңбасымен сыйлап ағалық ізетін білдіргеннен кейін жақын араласа бастадық. Бізді жақындатқан театр мен драматургия мәселесіндегі ортақ ойларымыз, заманауи қазақ драматургиясы төңірегіндегі өзекті мәселелерге деген ойларымыз бір арнадан табылып, рухани тұрғыдан жақындығымыз.
Қарымды қаламынан туындаған шабыт ұшқындарын тынымсыз еңбек, тоқтаусыз оқу-тоқумен суарған шығармашылығын прозадан бастап кеңінен танылған Ж.Әлмашұлы қазақ драматургиясына түбегейлі бет бұрып өндіріп жазып, әр алуан тақырыптағы пьесаларымен драматург ретінде екінші тынысын ашты. Қарапайым ауыл баласының өмірі мен шығармашылық жолы тынбай еңбектену, үнемі алға басқан өсуден тұрады. Оқу-біліммен сусындап шығармашылығымен ел таныған азамат болып қалыптасуы қоғамдық-саяси өмірдің ауыспалы кезеңіне, кеңестік жүйенің күйреп, тәуелсіз ел болудың тұсымен сәйкес келді. Ол қазіргі Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы Қыраш ауылында (14.02.1957ж.) дүниеге келген қаламгер әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде (1974-1979 жж.) оқыды. Алғашында Қызылорда облысында газеттерде, комсомол жұмысында қызметте болған ол Алматы жоғары партия мектебінде оқып тәуелсіздік алған жылдан бастап Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің аппаратында, Президент пен Үкімет апараттарында қызметтер атқаруы шығармашылық жұмысына да ықпал етіп, шығармаларын қаламгерлік шеберлігі қалыптасқан елшілдік, отаншылдық көзқараста шынайы жазылған туындылардың авторы етті. Ел тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған көркем шығармалар бәйгесінде «Оянған ұрпақ» деген романы жүлдегер атанды. «Біздің команда», «Күн тәртібі», «Жетім жұлдыздар», «Сұлтанбек Қожанұлы», «Нәзір Төреқұлұлы», «Найзашың», «Әуезовке қайта оралу», «Қызыр қонған Түркістан», «Сұлуды сүю», «Қасиетті мекендегі қала», «Ахмед Ясауи қаласы», «Әзірет Сұлтан аңызы», «Зов свободы» секілді кітаптардың, «Оянған ұрпақ», «Ұмытылған ұрпақ», «Күлкі мен жас» романдарының, отызға жуық драмалық шығармалардың авторы. Бізге қалам алып тақырыбымызға тиек болған Жолтай Әлмашұлының шығармашылығындағы сүбелі саласы болып қалыптасқан – драматуриясы, суреткердің драматургтік қырлары.
Жолтай жазушы-драматургтің сөз өнеріне үйір болуы қашан? қайдан басталды? деген мәселеде қаламгердің мойындауынша бұл өнері «ауылдағы қазыналы қариялардан дарыған болар, сірә» – дейді. Ойын қумай ой қуған Жолтайдың айналаға деген көзқарасы, байыптай қарап өзінше бағамдай білуі ауылдың көнекөз қарияларының айтқаны мен көргеніне көкірегіне құйып, оны шашыратып алмай сол қалпында ақ қағаз бетіне ұшқыр қиялмен ұштастыра бере білуі болашақ қаламгердің қауырсынын қомдап, қанатының қатаюына алып келді. Алдымен орта мектепте, азамат болып қалыптасу кезінде еліміздің маңдай алды университетінде ұлағатты ұстаздардан алған тәлімі, қайталанбас кәсіби, өмір сабақтары болашақ қаламгерліктің кірпішін берік қалады. Оның ойынша «Жақсы қаламгер болу үшін ең бірінші керегі – байқампаздық! Сезімтал болмасаңыз, қолға қалам ұстап керек емес. Байқампаздық пен сезімталдық – түйсіктің шапшаңдығы...» - деген ой тұжырымында өзі басып өткен шығармашылық жолдың ерекшелігіне назар аудартады. Бала күнінен оқу-білімге құштарлық, айналасына деген қызығушылық, өмірді сылбыр бақылаушы емес, өмірге қызу араласып, белсенді жасампаздық жас Жолтай бойындағы ажырамас қасиеттер болатын. Қиындығы мен рахаты, қызығы мен шыжығын қатар көріп сезінген, одан барынша өзіне қажетін ала білген ойлы тұлғаның қалыптасу келбетін көреміз.
Болашағынан үлкен үміт күттірген Жолтайдың университеттің бесінші курсында «Біздің команда» деген алғашқы кітабы, ізін ала «Күн тәртібі» деген екінші жинағы баспадан шығады балалар жазушысы атандырады. «Балдырған» журналының бәйгесін «Ала торғай» деген бір беттік шағын әңгімесі жеңіп алып жүлдегері атанады. Балалар әдебиетінің таутұлғасының бірі Мұзаффар Әлімбаев «Қазақ балалар әдебиетіне өз ерекшелігімен тағы бір жазушы келді» деп баспасөз бетінде батасын бергені де әлі есімізде» дейді қатар жүрген замандастары. Өзіне етене жақын балалар әлемін армансыз шарлап, соларға арнап шығармалар жаза бастаған қаламгердің шығармашылығында елеулі бетбұрыс болды. Ол қаламгердің азамат болып есею баспалдағы, қоғам өміріндегі түбегейлі өзгерістермен бірге ізденуге, өсуге, тұлға бойындағы күш-жігері мен бар мүмкіндіктерін ел мен жұрттың назарын аударған құндылықтарды ашу, айқындауға арналған соны тыныс болатын.
Сәуірдің самалымен келген сексенінші жылдардың ортасынан басталған жариялық желі оңынан соғып, алаш ардақтылары ақтала бастады. Міне осы кезде көзі қарақты, санасы ояу барша қазақ өткен тарихы мен әдебиетін, өнері мен мәдениетін терең зерделеуге бет бұрды. Жолтайды да түбегейлі осы тақырыпқа біржола ауыстырып, өткен тарихпен, оның айтылмай, ашылмай келген бірнеше қатпарлы беттерімен, ақтаңдақтарымен зерттеуге бет бұрғызады. Осы кезең туралы қаламгер бір сұхбатында: «Тұлғаларды зерттедім. Кітап жаздым, кандидаттық диссертация қорғадым. Осылай балалар әдебиетінен жылыстап кетіп қалыппын. Алаш асылдары мені жетектен шығармай, үлкен прозаның майданына салып жіберді» - дейді. Айтса айтқандай, қазақтың өткені мен бүгініне тәуелсіздік тұғырынан суреткерлікпен шиырлата көз салып тереңнен толғайтын ізденушілік, ой толғаған зерттеушілік, қазақ тілінің сөз маржанын терген қаламгерлік шеберлік осы жерде кеңінен көрініс береді. Театр өнерінің құдіреті сол, бүгінгідей кітап оқушылар саны еселеп азайған кезде драматургия арқылы сан мыңдаған көрермендерге айтпақ ойыңды төтелеп жеткізе алатын тиімді құрал екендігін ерте ұққан қаламгердің көздеген мақсаты орынды әрі тиімді екендігін уақыт, өмір көрсетіп келеді.
Көркем әдеби үдеріске 1979 жылы тұңғыш проза кітабымен жазушы болып аттаған қаламгер Жолтай Әлмашұлының драматургияға бет бұруы 2000 жылдан бастау алады. Аға драматург Дулат Исабековше айтқанда: «...ол әдебиеттің ең бір қиын жанры – драматургияға ат басын оқыс бұрды. Оның қаламынан туған драмалық шығармаларының байыптылығы, ауқымдылығы, оқиға барысының әр көрініс сайын ширығып, ширатыла түсуі, кейіпкер бейнесінің бірте-бірте айшықталып, сомдала түсуі – өзі өткен проза саласындағы сәтті ізденістерінің нәтижесі екенін байқаймыз. Оның көркем проза саласындағы жемісті ізденістері драматургия жанрына еркін баруына көп ықпалын тигізгені даусыз» (Д.Исабеков. «Іздеген жетер мұратқа»)- дейді. Иә, өзінің салмақты прозалық туындыларымен танылған жазушының «жақын, жақын да болса алыс» драма жанрымен мықтап тұрып айналысуы назар аударуға тұрарлық құбылыс.
Біздің білуімізше драматургия жанры Ж.Әлмашұлын сол қаламгерлікпен айналысқан алғашқы қадамдарынан-ақ өзіне тартқан. Пьеса жазуды сол балаларға арналған шығармаларын жазумен қатар бастаған. Тырнақалды жазылған пьесалары («Туған күнгі қаза», «Бәріміз білетін шындық») айналасындағы алғашқы оқырмандарының «қатал сынынан» кейін «мүлдем жарамсыз» деп танылып бұл пьесалар аяусыз көзі құртылған. Ол жайлы драматургтің «Жан қиналмай, жақсы драма жазылмайды» деген атпен берілген сұхбатына назар аударсақ: Тегінде, мен драма жазумен студент кезімнен айналысқанмын. Бірақ, ол кезде қағаз бетіне түскен бір-екі пьесам достарымның сынынан өтпей қалды. Жастық па, жоқ әлде турашылдық па, білмеймін, сол драмаларды қайта қарап шығып, жетілдірудің орнына, шалт қимылдап, жыртып тастаған едім. Ашуға ерік беріп, «енді драма жазбаймын» дегенім есімде. Сөйтіп, шынымен-ақ жиырма жыл бұл салаға бет бұрмаппын. Соңғы жылдары тәуекелге бел буып, қолға қалам алдым. Алғашқы пьесаларыма жазушы-драматург һәм сыншы ағаларым Т. Әбдіков, Мұрат Әуезов, Д. Исабеков, А. Смайыл, Ә. Сығайлар оң баға берді. Әрине, кемшіліктерін де көрсетті. Сосын марқұм Р. Сейтмет және Х. Теміров, Ж. Хаджиев, О. Сәрсенбек, т.б. режиссер ағалар оқып, сахналауға болады деген пікірлерін айтты. Мені осы сөздер қанаттандырды» (27.04.2009 18:41http://m.inform.kz/) - дейді.Байқасақ, кезінде шығармашылық қызығушылық тудырған күрделі драматургия жанрынан Ж.Әлмашұлы біраз жылдарға қол үзіп кеткенімен, жинақталған жазушылық тәжірибе мен шеберлік, оқу-тоқумен келетін ғылыми-зерттеушілік ой қорытулар қаламгерді заңды түрде осы жанрда табандата отырып еңбетенуге алып келді. Оған автордың еліміз театрларында қойылып жатқан пьесалары мен тұрақты өткізіліп жатқан республикалық және халықаралық деңгейдегі жаңа пьесаларға арналға жабық бәйгенің жеңімпаздары қатарынан тұрақты көрініп жүргендігі дәлел.
Театрдың шикізаты болған драматургия жанры қай кезде де тапшы болып келгені белгілі. Ж.Әлмашұлы драматургияға түбегейлі келіп, соңғы 15 жыл көлемінде өндіріп 30-ға жуық пьеса жазған авторлардың бірі. Бұл қазіргі қазақ драматургиясындағы заманауи үдерісте өзіндік ізі бар қаламгердің алатын орнын айқындайды. Кез келген қаламгер шешіліп бара бермейтін драматургиядағы осындай олқылыққа жазушы болып қалыптасқаннан кейін назар аударған Жолтай әр алуан тақырыпта ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін, рухани ортамыздың танымал тұлғаларын халқына танытатын, өткен тарихтың даңқты беттерінен сыр шертетін туындыларымен тұрақты көрініп келеді.
Қазақ драматургиясына 2000 жылдары теориялық және практикалық тұрғыда жақсы дайындықпен қаруланып келген қаламгер Ж.Әлмашұлының туындылары, онда көтерілген тақырыптары сан алуан. Автордың өмірге деген көзқарасының кеңдігі, шығармашылық қиял мен ұрпақ жадын байланыстыра алған өткеннен сыр тарқату, өз уақыты мен замандастарының бойынан пьесаға, хикаят пен романға келетін тақырыптарды суыртпақтап ала біледі. Қаламгердің шығармашылығы жайлы «Жеті жебе» атты драмалық хикаяттар, әңгімелер, новеллалар кітабына «Асау жардың жалына жармасқан» атты алғысөз орнына жазылған мақаласында ой толғаған аға әріптесі Сұлтанәлі Балғабаев: «Ж.Әлмашұлы нені жазса да, қай тақырыпты қолға алса да ең алдымен бәрін терең зерттеп, кейіпкерлерінің жан дүниесі мен басынан өткізген оқиғаларын өзінің ой санасында сараптап, оларға қаламгерлік тұрғыдан нақты бір пайым, қорытынды жасап барып кіріседі. Бұл әсіресе, драматургтің тарихи тұлғаларға арналған пьесаларынан ерекше аңғарылады» - дейді. Бұл айтылғандарға қосарымыз, автор өзінің күрделі прозалық шығармаларын жазу тәжірибесімен бөліскенде: – Әдебиетке әп деп келгеннен бері саналы ғұмырымды арнаған, зерттеп, зерделеп жазған үш романым бар. Трилогия деп те айтуға болады... Бұл кітаптың идеясы мені жас күнімнен мазалады. Алаш ардақтыларын зерттеп жүргенде ұлтымыздың тарихына тереңірек үңілдім. Өткен ғасырда халқымыздың басынан өткен ауыр қайғысы, мұң-наласы мен трагедиясы, жүрекке шемен болып қатып қалған тағдыры, тарихы неге жүйеленбейді деген ойлар жүрегімді жиі бүретін еді. Оның үстіне менің аталарым сол зұлмат уақытты бастан кешті. Романдағы оқиғалардың жартысы – біздің әулеттің басынан өткен тарих. Киелі Сыр еліндегі Жаңақорған жерінде ғұмыр сүрген аталарымыз тәркілеу кезінде қолдағы бар малды тартып алғаннан кейін, амалдың жоқтығынан бір шоғыр болып, Сырдариядан өтіп, Өзбекстанға, одан әрі Тәжікстан, Түркіменстанға барып, Ауғаныстан шекарасына табан тірейді. Әрі қарай өте алмай, елге қайтады. Осы жолда адам айтқысыз, жантүршігерлік зобалаңды, нешелеген қиыншылықтарды көреді» Ж.Әлмашұлы: Әдеби жанр – көркемдiктiң алтын кiлтi. // http://www.astana-akshamy.kz/zholtaj-almashuly / -дейді. Осы секілді әр пьесасының өзіндік жазылу тарихы, шығу жолы бар. Оның бәрі драматургтің азаматтық позициядағы көзқарасы мен елі мен халқының болашағын ойлайтын тұлғалық таразысына тартылып барып халықтың игілігіне айналды. Және алдымен прозада, диссертациялық ғылыми-зерттеу жұмысының тақырыбы болған еліміздің тарихи кезеңі, тарихи тұлғалары Жолтай – драматургтің пьесаларының бел ортасынан ойып тұрып өз орнын алады.
Драматургтің әр шығармасының жазылу тарихында, оқырман мен көрерменге бөліскісі келетін өзіндік себептері болады. Бұл беймаза шақта таңдап алынған тақырыптар, кейіпкер аузынан айтылатын әрбір сөз бен тұспалдаулардың бәрі негізгі шығарма мазмұны мен авторлық ой-идеяны ашуға жұмылдырылады. Оны біз драматургтің шығармашылық лабараториясына сығалай қарағанда байқаймыз. 1937 жылғы ел басына төнген нәубетті жылдарға арналған «Санадағы сырқат» атты драма-триптихінде бірі екіншісін іліп алып кететін ой жалғастығын көреміз. Барша түркі әлемінің ортақ тұлғасы ақын Мағжан Жұмабаевтың түрмедегі ақырғы түні шынайы да тебіреністерге толы «Абақты-ғұмырда» бейнеленеді. Осы тақырыпты жалғастырған «Сана дерті» Кеңес дәуірінде КСРО-ның Сауд Арабиясындағы елшісі бола білген қазақтан шыққан дипломат Нәзір Төреқұловтың соңғы күндерін баяндайтын, сайқал саясатың қитұрқы қырлары көрсетіледі. Осы екі шығарманың жалғасы әрі қорытындысы – «Сүю серті» шығармасы ҚАРЛАГ темір торының ар жағындағы жазықсыз жандардың қайғылы халі, сезім иірімдері мен тебіреністері сөз болады. Осы және өзге де туындыларында драматургтің ел басына нәубет болып келген қаралы күндер мен сұрқия саясаттың құрбаны болған халқымыздың асыл азаматтарының тұлғалық, азаматтық келбетін аршып, барынша арашалап ұзақ жылдарға көз жазып қалған халқының ортасына оралуына себепкер болу. Бұл аға ұрпақ алдындағы жауапты міндетті театр сахнасы арқылы жүзеге асырудың тиімділігін драматургтің жақсы сезінуі. Белгілі қаламгер Әбіш Кекілбай қалдырған пікірінде Жолтай – драматургтің осы типтихті жайлы айта келе «Осы үш шығармасы арқылы Жолтай тар заман туралы өрелі ой, терең мазмұн, тұңғиық сыр шерте алған. Әлі де қалтарыс-құпиясы толық ашылып болмаған 1937 жылғы сойқанды драма тілінде бар бітім-болмысымен мейлінше аша түскен, сол кезеңдегі сырқат сананы біз бен сізге кеңінен, молынан жайып салған» [Әбіш Кекілбай «Драматургия асау жанр» ] - дейді.
Қазақтың бағына туып, заманның аумалы-төкпелі кезінде маңдайына сыймай кеткен Алаштың қайраткер тұлғалары туралы зерттеп жазған қаламгер Садықбек Сапарбеков, Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұловтардың т.б. тарихи-көркемдік келбетін, елі мен жері үшін жасаған қайраткерлік қырларын сомдап халқымен табыстырды. Әрине бір шығарма көлемінде бұл қайраткерлер жайлы бәрін айтып тауысу мүмкін емес еді. Бұл кісілердің өмірі мен шығармашылығы туралы айтылмай жатқан әлі де тың деректер мол екендігін мойындаған автор бұл жазбаларының тұлғатанудағы алғашқы қадамдары ғана екендігіне назар аударады. Ол: «Оны толық ашып, тауысып жазу мүмкін емес. Қазақтың басынан кешкен кешегі жиырмасыншы жылдардың орта кезінде болған ауыр зұлматтарды бүге-шігесіне дейін, індетіп жазу үшін сол кездегі тарихи құжаттар айналымға молынан енуі қажет. Біз әлі мұхиттағы айсберг секілді оның үштен бір бөлігін ғана көрдік. Үштен екісі су түбінде қалған секілді архивте жатуы кәдік. Сондықтан біз қолға түскен деректермен ғана арыстар жайында сөз қозғадық. Оның бастаушысы, қайраткерлерімізді там-тұмдап халыққа жеткізуші болдық. Жоғарыда айтылған тұлғалардың барлығы ұлтымыздың тарихында өз орны бар ардақтылар екендігі анық» - дейді. Ақпараттардың ағыны тасқын болып құйылып жатқан заманда білу, оқу, көру бар да сол оқып білгеніңді драма тілімен көрерменге баяндап беру, жүйелі, бас-аяғы бүтін толыққанды пьеса жазып шығу үлкен шеберлікті талап етеді. Автор осы міндетті орындап шыға алған.
Драматургтің жазған пьесаларына сұраныс, жарияланған бәйгелерде алған жүлделі орындары оның бүгінгі театр репертуарына қажетті пьесаларды таңдап жазудағы шеберлігін танытқандай. Авторға драматургтік танымалдылық 2005 жылы Астана қаласында, сол кездегі ең үлкен Конгресс-холл сахнасында «Бәйтерек басындағы кездесу» атты психологиялық драмасының көрсетілуі болатын. Көрші Қырғыз елінде, Ыстықкөл жағасында өткен Ортаазиялық театр фестиваліне қатысып, «Бала бейнелі бақа» деген психологиялық драмасы Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан театрларының сахналарында қойылуға мүмкіндік беретін арнайы сертификатпен марапатталды. 2006 жылы маусымда Астана күні қарсаңында қала меценаттарының тұңғыш рет ұйымдастырылған тәуелсіз «Керемет» сыйлығы «драматургия» аталымы бойынша Ж.Әлмашұлына беріледі. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан жылда өткізіліп келе жатқан дәстүрлі «Тәуелсіздік толғауы» бәйгесінің («Жапон аруының арманы» екінші орын 2009, «Ай астындағы алтын шаһар» үшінші орын 2011, «Шамда сөнген шырақ» немесе «Әл Фараби арманы» 2015), Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған «Алаш тарихының ақиқаты» атты жабық бәйгесінде (2015) драматург Ж.Әлмаштегі «Мырзабидің жазасы» тарихи драмасымен екінші орынды иеленіп жеңімпаздар қатарынан көрінуі әрине бұл үлкен жетістіктер.Міне осылай жалғасып кете беретін драматургтің жеңістері автор қаламын ұштап сан алуан тақырыптар мен жанрлық ерекшеліктерімен көрінеді.
Ж.Әлмашұлының шығармаларының жанрлық ерекшеліктері, оларды анықтап ен тағуы да әр алуан үлгіде болып келеді. Ол жаңа шығармасын қай жанрға жатқызуға байланыста мәселеде бір жақты мүйіздей қатқан қалыпқа сыймайтын еркін суреткер. Экспериментке барудан, жаңаша бір көзқараста қалып жасаудан қашпайды. Оны біз әлемдік драматургияда қалыптасып қазір де жалғасып келе жатқан дәстүрлі жанрлар «трагедия», «драма», «комедия» деп қоя салмай шығарманың тақырыптың атмосферасын айқындап ашатын анықтаулармен айшқтайтынын көреміз. Оның бір ғана «Жеті жебе» (- Астана: Нұра-Астана, 2012. – 480 бет) жинағындағы жеті пьесаларының жанрын: «намыс новелласы, драма-эллегия, табиғат новелласы, психологиялық драма, ана туралы әпсана, соғыс реквиемі, ғұмырнамалық әпсана» - деген анықтаулармен беруі автор тарапынан шығармасының кілтін оқырман мен көрерменге, режиссер мен театр мамандарына болашақ спектакльдің жанрын, бағыт-бағдарын барынша айқындауға жол ашады. Бұл автордың шығарма жазудағы, оны жанрлық тұрғыдан анықтап берудегі теориялық білім деңгейінен де хабар бергендей. Сонымен бірге әрбір пьесаның басында автор «режиссерге кеңес» ретінде өзінің авторлық көзқарасымен, пьесаның негізін ашатын кілті боларлық бірнеше авторлық құнды ремарка-ескертулерімен ерекшеленеді. Қаламгер дүниеге алып келген туындысының түйінді шешімдерін барынша түсіндірмелермен пысықтауынан, негізгі ой-тұжырымдарды айқындап беруінен пьесаның толыққанды авторы екендігін көрсетеді
Жолтай Әлмашұлының әр жылдарда жазылған пьесаларының республика театрлары сахнасында қойылуы прогрессиялық өсу үстінде екендігін көреміз. Осы кезге дейін жазылған 30-ға жуық пьесаларының жартысы республика театрлары сахнасына қойылды. Үлкен жетістік десек те қалған жартысы сахнадан көрінбейді. Бұл мәселенің екі жақты себебі бар. Алдымен, драматургтің жазған шығармаларының бәрі бірдей сахнаға қойыла бермейтінін тәжірибеден көріп келеміз. Оған әр түрлі себептер бар. Театр атты үлкен шығармашылық ұжыммен, оның көркемдік бағыты, репертуары, бюджеті, режиссері, актері, көрермені деген көптеген компоненттер әсер етеді. Екіншіден, осылай өнімді жазып жатқан, әр алуан бәйгелерге қатысып жүлделі орындарымен белгілі драматургтің шығармаларын сахналау мәселесінде әлі де ынталы театрлардың аз екендігін баса айтуға тура келеді. Бұл театрларымызда ұлттық авторлардың шығармаларына деген насихат пен сұраныстың аздығы, автор еңбегінің құнсыздығы, театрлардың ұлттық драматургияны дамытуға деген қызығушылық пен ынтасының азаюын көрсетеді. Соған қарамастан жазудан қол үзбейтін драматургтің жоспарлары көп, көрерменге айтар тақырыптары жеткілікті.
Бүгінгі таңда Ж.Әлмашұлының сахнаға қойылған пьесалары жайлы қысқаша хронологиямен сөз тарқатар болсақ: Түркістан музыкалық драма театрында Р.Сейтметов сахналаған Мағжан ақын өмірінің соңғы сәті суреттелетін «Абақты-ғұмыр» (2004), дипломат Нәзір Төреқұловтың өмірінің соңғы сәтіне арналған «Сана дерті» (2006) және «Тірі жан» (2010), Қызылорда облыстық драма театрында «Күлкі мен көз жасы» роман-дилогиясының ізімен сахналанған «Сүю серті» (2004), Қ.Қуанышбаев атындағы Астана театрының Конгресс-холл сахнасында қойған «Бәйтерек басындағы кездесу» (2005), Қостанай, Семей облыстық қазақ драма театрларында «Мұңмен алысқан адам» (2014), Жетісай музыкалы-драма театрында «Ай астындағы алтын шаһар» (2014), Қарағанды облыстық драма театрында «Сәкеннің соңғы сапары» (2015) спектакльдері театрлар репертуарынан орын алған екен.
Бұдан өзге Түркістандағы Қ.Иассауи атындағы қазақ-түрік университетінің студенттер театры «Тірі жан» (2012), Астанадағы Л.Гумилев атындағы ұлттық университеттің студенттік «Шаңырақ» театры «Мұңмен алысқан адам» (2014) спектакльдерін сахнаға қойып, гастрольдік сапарлармен бірқатар елді мекендерге спектакль көрсеткен екен. Сонымен бірге еліміздің көптеген елді мекендеріндегі Халық театрлары репертуары автордың «Жеңіс мерекесіндегі жеңіліс», «Мұңмен алысқан адам», «Тірі жан», «Ай астындағы алып шаһар», «Жапон аруының арманы», «Бала бейнелі бақа», «Бурабайға келген бойдақтар», т.б. пьесалары бойынша спектакльдер қойып, көрермендерді тәнті етіп келеді.
Драматургтің жазған дүниесі осылай сахнаға қойылып көрерменімен қауышып жатса автордың шығармашылыққа жұмсалған барлық тынымсыз интеллектуалды ізденістері, күш-жігері мен алтын уақытының еселеп қайтқаны, суреткер мұратына жеткені. Сахнаға қойылу үшін жазылатын пьеса ұзақ уақыт сүрленіп жатып қалса да шабытқа қамшы басылмай, кібіртіктеу алып келетіні белгілі жәйт. Ж.Әлмашұлының драматургиясында осы мәселе жан жақты көрініс берген. Біз білетін Жолтай ағамыздың бойында театрдың табалдырығын тоздырып, бас режиссердің басын ауыртып «менің пьесамды қой!» дейтін өз шығармасын ала шапқын жарнамалауға ұмтылыс көрмедік. Өзінің бір қалпынан ауытқымайтын салмақтылығы, өзімен өзі тоқмейілсінген «маңғаздану» емес, сабырлы, салмақты жанның табиғи болмысы секілді көрінеді.
Жолтай - драматургті бүгінгі театр мен ұлт драматургиядағы болып жатқан заманауи үдерістер толғантады. Ол өзінің шығармашылығын осы мәселелерден бөлек қарастырмайды, бір бөлшегі деп біледі. Сондықтан қазақ драматургия жайлы айтқанда өзінің алдындағы аға буын қаламгерлерді, орта буын замандастарын, кейінгі толқын інілерін ұмытпай ауызға ала отырып олардың шығармашылығындағы ортақ мәселелер жайын «Бізде ізденіс те, жаңалық та бар, тек көрер көз жоқ» деген атаумен берілген сұхбатында кеңінен толғанады. Ол: «...бізде орыс драматургиясынан, қала берді әлемдік драматургиядан бірде-бір кем емес татымды шығармалар жазылды деп толық айта аламын. Бұл жерде жазылды деп отыруымның да себебі бар. Неге десеңіз, драматургиялық шығарманың қай уақытта да екі сатысы болмақ. Біріншісі – мәтіндік саты. Ол – драматургтың қолынан шыққан төл туынды, ендігі тағдыры – режиссердің еншісінде. Дереу сахналана ма, жоқ па – оны ешкім де білгірлік танытып, айта алмас. Қағазға түскен шығарманы оқып, табиғатын дөп түсінген режиссер кездеспесе, он, тіпті жиырма жылдап сүрленіп жата беруі де әбден ықтимал»-дейді. Бұл барша жазып жүрген аға буын драматургтеріміз бен осы салаға енді келіп жатқан қаламгерлерді толғантатын өзекті мәселе. Оны шешу театрларымыз репертуарын ұлт авторларының шығармалармен толықтыру және байыту тұрғысынан ресми қаулы қабылданып барып жүзеге асуы мүмкін шаруа болар. Жоғарыдан берілетін нұсқаумен әрекет етуге үйренген театрларымызда өз бетінше жаңа пьеса іздеп жарыса қою, қатарынан бірнеше замандас драматургтермен шарт жасасып жаңа пьесалардың тууына мұрындық болу секілді қажетті жұмыстар қалып барады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін театр мен драматургтер арасында «драматургия саласының дамымай қалды» деген пікіріне байланысты ойында Ж.Әлмашұлы бұл қалыптасқан жайға әдеби сыншыларын, көрермен-оқырмандарды емес, театрда драматургиямен тікелей жұмыс істейтін режиссерлер қауымына салмақ артады. Қазақ театрының бүгінгі репертуарлық саясатын, көркемдік бағыт-бағдарын режиссура айқындайды десек, театрдың көркемдік кеңесі отырысына ұсыныс жасау, театр өзге режиссерлерді спектакль қоюға шақырғанда қолда бар, қойылмаған, жаңа авторларға басымдық беруге ынталы еместігін баса айтады. Режиссерлеріміз «жазылып жатқан жаңа драматургиялық дүниелерді не оқымайды, не ішіне бойлап енгісі келмейді. Өресі жетпейді десек, маңдайдан қос қолдап ұрған болармыз. Ондайға бармай-ақ қоялық. Меніңше, осындай бір селқостық режиссер ағайындар арасынан көптеп байқалады. ... мүйізі қарағайдай белгілі-белгілі драматургтеріміздің бірқатар шығармалары, сәтті еңбектері әлі күнге дейін сахналанбай жатқаны тағы рас. Өзіммен тұстас Серік Асылбекұлы, Рахымжан Отарбаев, Роза Мұқанова және басқа да саусақпен санарлық драматургтердің бірді-екілі шығармалары сахналанып жүр. Ауызды қу шөппен сүртудің тағы жөні жоқ. Дегенмен, бұл өте аз. Мен бұл жерде режиссерлердің еңбегін төменшіктетіп, драматургтерді аспандатып отырған жоқпын, дегенмен, екеуінің арасындағы шығармашылық байланыс тап осы уақытта керемет деуге тағы ауыз бармайды» (http://old.adebiportal.kz/news/ Жолтай Жұмат-Әлмашұлы, жазушы-драматург: «Бізде ізденіс те, жаңалық та бар, тек көрер көз жоқ») - дейді. Бұл республикалық театрлар мен жазушы-драматургтер арасындағы ертеден келе жатқан түйінді мәселе. Осы қалыптасқан өліара қалыптан шығу үшін істелінетін жұмыс барысын шешуге арналған бастамалар бар. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде қазақ театрының репертуарын қарастыратын арнайы көркемдік кеңес құрылуы түбінде оң шешімін табуға ықпал етеді деп білеміз.
Жолтай Әлмашұлының кәсіби пьеса авторы ретінде қазақ драматургиясының келешегіне көзқарасы салмақты және орынды. Әлемдік қауымдастықпен тығыз араласуға, бәсекеге қабілетті алдыңғы қатарлы дамыған елдер сабына ұмтылған қазақ елінің драматургиясы мен театры да уақыт талабына сай болуы керектігін белсенді шығармашылық тұлға, мемлекеттік қызметкер ретінде тереңнен түсінеді. Ол: «Қазақ елінің драматургиясы әлемдік драматургияның ағысына үлес қосатындай, ілесетіндей деңгейге жетсін десек, біз бірінші кезекте ұлттық драматургияға мейлінше көңіл аударуымыз керек болмас па! Ұлттық драматургияда, әрине, тек қазақ ұлтының проблемасы емес, адамзаттың проблемасы айтылуы тиіс. Бірақ соның ішінде қазақ ұлтының тағдыры тыс қалмағаны жөн. Неге десеңіз, қазақ ұлтының талайлы тағдыры да әлемдік өркениеттің бір бөлшегі емес пе?! Құдайға шүкір, 17-18 миллионбыз! Өсіп келе жатқан елміз. 20 миллионның да төбесі көрініп тұр. Бір миллионға жетер-жетпес халықтардың өзі әлемдік өркениеттен өз орындарын алуға ұмтылып жатыр. Ол – заңдылық! Ал біздің өркениетімізді әлемдік деңгейге шығарудың ең оңтайлы жолы – драматургияны дамыту»- дейді. Бұл жерде ұлт драматургтерінің таңдаған жолы, алған тақырыптары, көтеретін мәселелері, көздеген түпкі мақсаттары да анық айтылады. Біздіңше, Ж.Әлмашұлының бұл пікірі мемлекеттік көзқарастағы қайраткердің драматургия саласын дамытуға қатысты өте орынды да дәйекті айтылған ой. Себебі ұлт драматургиясы театр сахнасынан тек қазақ ұлтын толғандырар мәселемен шектелмей, қазақ тарихы, қазақ тағдыры, қазақ ауылы, әрбір қазақты толғандырған тақырыптармен көрінгенде, ол барша адамзатты толғандырғанда өзектілігі артады. Драматургтің бұл тақырыпты көтеруі орнымен. Ұлт театрларының өз қазанында қайнамай әлемдік кеңістікте дәрежесі тең спектакльдер көрсетуі де осындай кең тынысты сапалы пьесалардың жазылуымен айшықтала түспек.
Ойымызды қорыта келгенде бүгінгі таңда қазақ драматургиясында өзіндік қолтаңбасы бар, қарымды қаламгер – драматург Жолтай Әлмашұлының шығармашылығы арнайы зерттеуді қажет ететін тақырыпқа айналғаны анық. Бүгінге дейін біраз асуларды бағындырған қаламгер алған бетінен қайтпай әлі талай жаңа белестерден көрінеді деген ойдамыз. Оған барлық алғышарттар бар. Өмірлік бай тәжірибе, қоршаған орта мен өмірді, қоғамды терең бағамдап білу, жазушылық ұшқыр қиял, драматургтік шебер шешім мен тәжірибе. Осыншама қасиеттер бір адам бойында ұштасқан жерде қазақ оқырманы мен көрермені әлі талай тылсым, қызықты шығармалармен жүздесетініне кәміл сенеміз.