Мақала
Фестиваль - ізденістер көрсеткіші
Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан театрлар ассоцасиясының ұйымдастырумен халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің мәдени бағдарламасы аясында өткізілген драма театрларының ХХV республикалық фестивалі (Астана қаласы, 9-13 қыркүйек аралығы) көрнекті театр сыншысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Ә.Сығайдың 70 жылдығына арналды
Бөлім: Театр
Датасы: 25.09.2017
Авторы: Бақыт Нұрпейіс
Мақала
Фестиваль - ізденістер көрсеткіші
Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан театрлар ассоцасиясының ұйымдастырумен халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің мәдени бағдарламасы аясында өткізілген драма театрларының ХХV республикалық фестивалі (Астана қаласы, 9-13 қыркүйек аралығы) көрнекті театр сыншысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Ә.Сығайдың 70 жылдығына арналды
Бөлім: Театр
Датасы: 25.09.2017
Авторы: Бақыт Нұрпейіс
Фестиваль - ізденістер көрсеткіші
фото elorda.info сайтынан алынды

Соңғы демі таусылғанша қазақ өнеріне адал қызмет еткен сарабдал сыншы, бірегей театр қайраткерінің шығармашылығын дәріптеп, есімін ел есінде мәңгі қалдыру мақсатын көздеген фестивальге республикамыздан сегіз театр ұжымы - Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Республикалық академиялық неміс драма театры, Атырау облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театры, Астана қаласы әкімдігінің «Жастар театры», Ақмола облыстық орыс драма театры, Шығыс Қазақстан облысы «Дариға-ай» жастар театры, «Жас сахна» театры қатысты.

Фестиваль шымылдығын Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры Т.Ахметжанның «Сұлу мен суретші» шығармасы бойынша қойылған спектаклімен ашты. Сахнадағы оқиға екі кейіпкердің махаббат сезіміне құрылған. Кездейсоқ кездесіп бір-біріне ғашық болған Сұлу мен Суретшінің ғашықтық сезімдерін режиссер Н.Жақыпбай барынша айқын бояулармен беруге ұмтылған. Әсіресе, көпшілік сахнасындағы актерлердің пластикалық қимыл-қозғалыстары арқылы екі жастың жан күйінде болып жатқан бұлқынысытары әдемі жеткізілген. Орындаушылардың би тілімен өрнектелген қимыл-қозғалыстарынан бірде жағаны соққан толқынның үні, бірде кемеріне келіп лықсыған сезімнің бұлқынысы, енді бірде жалғыздықтың салқын ызғары еседі. Сахнаға түсірілген жарық, музыка барлығы да өзара үйлесім тауып, адамды айрықша сезімге жетелейді.

Сұлу - Н.Қарабалина мен суретші - Ә.Ахметов өз кейіпкерлерінің жан дүниесін ашуға ұмтылды. Алайда, екі орындаушының ойынындағы үнсіз үзілістер кейіпкерлердің өзіне тән әрекеті мен ой жүйесіне сай келіп тұрған жоқ. Қайталана беретін үнсіздіктер спектакльдің ырғақ-екпінінің төмендеуіне әкеліп соқты.

Фестивальдің келесі күні Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» романындағы «Раймалы» аңызы мен «Жәмила» повесі бойынша жасалған инсценировка (инсценировка авторы Т.Теменов) негізінде қойылған «Аққудың көз жасы...» спектаклін көрсетті.

Спектакльдің өзіне лайық пішіні режиссер тарапынан дұрыс табылған. Раймалы мен он сегіз жасар Бегімайдың махаббаты туралы аңызды Данияр аузынан айтқызып, оқиғаға жымдастыра алған. Т.Теменов қойылымды лирикалық драма үлгісінде шешіп, бас-аяғы жинақы көркем дүние жасапты. Сонымен бірге кейбір тұстары режиссер тарапынан қайта қарауды қажет ететін тәрізді. Әсіресе, Данияр мен Айғанша екеуінің сахнасында келіншектің қол сумкасынан су араластырған спиртті алып шығып ішулері шындықпен жанаспай қалған. Соғыстың ауыр күндерінде спирт былай тұрсын, бір кесе айранға жарымай отырған тұс қой. Сол сияқты спектакльдің финалында соғыстан оралған Сейіт алдынан шыққан Жәмиланы қамшының астына алып сабайды. Осы оқиғадан кейін Жәмилә Даниярмен кетуге шешім қабылдайды. Шығармада Жәмилә күйеуі соғыста жүрген кезде кетіп қалады. Бұл Ш.Айтматовтың жазушылық шеберлігінен туған шешім екені әлімсақтан аян. Спектакльдің соңы осылай аяқталса, қойылымның көркемдік сапасы жоғарлай түсері сөзсіз.

Спектакльде ойнаған Автор – А.Омар, Жәмиләнің енесі – Т.Атымтаева, Оразмет – К.Нұрланов, Салиха апа – Г.Қылышбай, Ағайша – С.Тоқманғалиева ойындарында психологиялық тереңдік, табиғилылық басым.

Ал Жәмила – А.Танабаева, Данияр – Ж.Оспанов, Садық – Ә.Серіков, т.б. жас актерлер сахнадан сымбатты көрінгендерімен де, рөлмен жұмыс жасауда әлі де болса кейіпкердің ішкі жан дүниесіне үңілу жағы жетпей жатыр.

Бұдан кейін Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры М.Горькийдің «Шыңырау» драмасын көрсетті. Режиссурадағы қадамын енді ғана бастаған Д.Базарқұловтың бұл спектаклі А.Әшімов төрағалық еткен қазылар алқасының әртүрлі пікіріне ие болды. Ресейлік театр сыншысы О.И.Пивоваров «Горький шығармасынан ештеңе қалмаған, режиссерлік қолтаңба айқын емес» деген ойын жасырған жоқ. Біздіңше, жас режиссердің күрделі пьесаға өзіндік көзқараспен келіп, бүгінгі күннің өзекті мәселесін көтеруге талпынуы өз жемісін берген. Сахна түкпірінде созылған қолдардың ілініп тұруы, пьеса идеясын ашуға мол септігін тигізген. Қобыраған қағаздардың арасында әрекет жасаған кейіпкерлердің барлығы да бұрынғы өмірлерін тәрк етіп, жарыққа шыққылары келеді. Бірақ бір-біріне қолдарын созып көмектесе алмайды. Сырт жақтан да, жәрдем жоқ. Спектакльде әдемі актерлік ансамбль болды.

Аталмыш фестивальге Атырау облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театры Р.Отарбаевтың «Бас» тарихи драмасымен қатысты. Режиссер Ж.Телтаевты пьесаның идеясы қызықтырғанымен де, спектакльді көркемдік биікке көтере алмаған. Спектакльде Махамбеттің басы ақынның поэзиясынан докторлық қорғаған ғалымға да, ол басқаратын Әдебиет институтына да, Мәдениет министрлігіне де, музейге де керегі болмайды.

Барымызды бағалай алмағандықтан талай ұлттық құндылықтардан айырылып қалғанымызды режиссер қара костюм киіп шығатын кілең бассыз адамдар арқылы көрсетуге ұмтылған. Бассыз адам-бассыз қоғам. Олардың бір қалыптан шыққандай қозғалып, бірдей жүрулері қоғамды немқұрайлық жайлап бара жатқандығын ұқтырады. Бірақ, осы бассыз адамдардың қайта-қайта сахнаға шыға берулері қайталанып кеткен. Сол сияқты адам басының допша домалап жүруі де режиссер тарапынан ақталмай қалған. Спектакльде кейіпкерлердің бірін-бірі көруі, сөз тыңдаулары, өзара ұғынысуы, зейін қою жағы назардан тыс қалған. Орындаушылар жаттанды сөздерін сырғытып айтып шығумен шектелді. Актерлердің ойынында тұтастық болмағандықтан қойылымның ырғақ-екпіні төмендеп, тым созылып кетті.

Фестивальге Шығыс Қазақстан облыстық Семейдің «Дариға-ай» жастар театры Дина Құнанбайдың режиссурасымен У.Шекспирдің «Ричард–ІІІ» (аударған Х.Ерғалиев) трагедиясымен қатысты.

Спектакль оқиғасы театр сахнасына жайғасқан көрермендердің көз алдына өтеді. Бұл камералық театр ойынын тамашалағысы келген жұртшылыққа өте қолайлы болды. Режиссер трагедияны басынан аяғына дейін бір сөзін қалдырмай қоюды мақсат етпеген. Ол автор идеясын түп қазық етіп алып Ричард болмысын ашатындай оқиғаларды іріктеп бір жарым сағаттық спектакль жасап шыққан. Аталмыш қойылым өзінің пластикалық оралымымен, терең иірімді, қыртысты мазмұнымен, орындаушылардың шынайы ойынымен еркін қабысып көңіл толқытты.

Спектакльдің көркемдік үлгісі, жанр табиғатына сай күңгірт түспен безендіріліп көрермендерді терең ойға жетелейді. Алакөбе жарық арасынан топтан суырылып зымиян күлкісімен ортаға шыққан Глостер Ричард бүкіл оқиғаны өз уысына алып, қанды жоспарларын жүзеге асыруға бел шешіп кіріседі. Бұл рөлде ойнаған Еркебұлан Нұғманов бір бойында данышпандық пен зұлымдық қатар өмір сүріп жатқан адамның жүз құбылатын екіжүзділігін, сатқындығын нанымды бояулармен аша білді. Актердің мәнерлі де, икемді пластикасы, айшықты дикциясы таққа қол жеткізу үшін туған ағасы мен інісін, өзіне бағынғысы келмеген басқа да герцогтардың қанын судай ағызған жауыз адамның қорқынышты келбетін айқын көрсетуге зор септігін тигізді.

Актер ойынында шынайы шыққан көріністің бірі өзі өлтірген адамдардың елесі келіп Ричардты мазалайтын тұсы. Бұл сәтті актердің нанымды ойнағаны соншалық тіпті оның кейіпкеріне аяушылық сезім туындайды. Мұнда Ричард бірінші рет өзінің ішкі жан дүниесіне үңіліп, ар отына өртенеді. Басқалар былай тұрсын, өзін-өзі соншалықты жек көретініндігін, басына топырақ сеуіп, үстіндегі киімдерін шешіп лақтырып, бүкір арқасымен жерге аунап жанының ышқынғанын, сол арқылы өзегін өртеген өкінішін жайып салады. Бір сөзбен айтқанда Е.Нұғманов Ричардтың психологиялық толғаныстарын, бір күйден екінші күйге алма кезек ауысар сәттерін алғырлықпен бере білді.

Спектакльде ойнаған Кларенс – Әділжан Серікқалиев, Королева Елизавета – Айнұр Жадранова, Герцогиня Йорская – Мейрамгүл Алепарова, Бекингем – Елдос Қасымбеков, Лорд Хестингс – Естай Шәріпұлы, граф Риверс – Даурен Төлеубаев, лорд Грей – Ислам Азизов т.б. актерлер өз кейіпкерлеріне тән мінез ерекшеліктерін қарастырып, шамалары келгенше режиссер бағыттаған сілемнен шықпауға талпыныстарын танытты. Алайда, көптеген актерлердің ойынында ой мен сезім бірлігі тұтастық таппай шашырап кеткен. Әсіресе, көпшілік сахналардағы актерлердің қимыл-қозғалыстарын әлі де болса ширату қажеттігі сезіледі.

Қойылым басталғаннан соңына дейін топырағы бұрқыраған сахна үстінде өтеді. Түрмеге түскен Кларнес пен герцогтардың өлтірілуі т.б. жан түршіктірер жазалар жендеттердің қолымен жасалып, спектакль атмосферасын одан сайын ауырлатады. Қан толған шелектерге жазаланушылардың бастарын тығып қорлайтын көріністер Ричард ұстанған саясаттың астарын ашуға жәрдемін тигізген. Режиссер әр қабірге шаншылған қылыштар арқылы символдық тұрғыда Ричард қолынан қаза болған адам санының көптігін аңғартқан.

Жалпы спектакльдің бір деммен ойналатындығы, оның пластикалық ыңғайдағы толассыз қимыл-қозғалыс пен дамылсыз іс-әрекетке құрылуы, бедерлі мизансценалар көрермендердің жалығуына мұрша бермейді. Көз алдарында тақ жолында кісілік қағидаларды тәрк етіп, адамдардың тағдырымен ойнаған Ричардтың Ричмон қолынан мерт болуы бүгінгі қоғамда болып жатқан талай шындықпен үндеседі. Спектакльдің басты идеясы мемлекет басқарушы ел басқару ісінде кісілік пен кішілікті, парасат пен мейірімді қатар ұстанбаған жағдайда жер бетінде қан төгістің мәңгілікке бітпейтінін еске салу.

Сонымен «Дариға-ай» жастар театрының бұл спектаклі фестивальдегі «Ең үздік спектакль» болып бағаланды.

Республикалық академиялық неміс драма театрының спектаклі бұрыннан көзіміз үйренген «Ревизор» қойылымдарының бірде-біріне ұқсамауымен елең еткізді. Н.Дубс спектакльдің сыртқы пішінін әдемі тапқан. Сахнаның шетінде тұрған үлкен кітаптың ішінен бір-бірлеп шыққан кейіпкерлер костюмдерін көрермендердің көз алдында киіп, оқиға басталады. Режиссер пьеса қатысушыларының денін әйелдерге айналдырып жібергендігімен де, сөздеріне өзгеріс кіргізбеген.

Спектакльдің әрбір сахнасы өзара байланысып, шығарманың сатиралық мәні ғана емес, көпшілігіміз байқай бермейтін философиясы терең ашылған. Орындаушылардың іс-әрекеттері сахналық тұтастық тауып, негізгі режиссерлік ой-тұжырымға топтастырылған. Мұндағы кейіпкерлер тап болған оқиға көрермендерді күлкіге кенелте отырып, ойға жетелейді.

Фестивальдің соңғы күні көрсетілген Жас сахна театрының «Көшкін» спектаклі көрермендердің ерекше қошаметіне ие болды. Түрік драматургі Т.Дюженоглудың бұл туындысы бұрын да бірнеше рет қазақ театрларының сахнасында қойылған. Ал, Тәжікстан Республикасының белгілі өнер қайраткері Барзу Абдураззоков режиссурасымен жарық көрген аталмыш қойылым мүлде басқаша оқылымымен тәнті етті.

Тәжірибелі режиссер спектакльдің пластикалық формасын, көркемдік кілтін, бейнелік шешімін дұрыс тапқан. Шығарманың табиғатына лайық мизансценалар құра білген.

Күрделі психологиялық, философиялық ойларға бірден жетелеп әкететін бұл спектакль мықты актерлік ансамбльге бағындырылған. Әрбір кейіпкер өз монологын айтып болып бей–жай отыра бермейді, керісінше спектакль атмосферасында өмір сүріп үнемі көзге көріне бермейтін ішкі байланыста тірлік кешеді. Актерлердің барлығы да Егде әйел - Ж.Серғазина, Егде еркек - В. Изимов, Жас әйел - А.Орынтай, Жас еркек - М.Сарыбай, Еркек - Ә.Ахметов, Әйел – Н.Алпысбаева т.б. өз кейіпкерлерінің мінез – құлқына сай қимыл - әрекеттерді әдемі үйлестіріп, кейіпкер жан дүниесінде болып жатқан арпалыстарды шебер жеткізе алды. Жас сахна театрының актерлері өздерінің қабілеттерін, шығармашылық даралықтарын таныта алды.

Сонымен Астана төрінде өткізілген дүбірілі театр мерекесі бүгінгі Қазақстан театрларында шығармашылық ізденістердің жүріп жатқандығын көрсетіп берді.