Алматыда «Откровение» – Халықаралық орындаушылық өнер фестивалі ашылды

Алматы қаласында 1-13 ақпан күндері өтетін «Откровение» Халықаралық орындаушылық өнер фестивалі ашылды.
Алматыда «Откровение» – Халықаралық орындаушылық өнер фестивалі ашылды

Гүлзия Сәдуақасова

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, театртану, ІV курс


Алматы қаласында 1-13 ақпан күндері өтетін «Откровение» Халықаралық орындаушылық өнер фестивалі ашық деп жарияланды. Театр продюсері Ольга Султанованың ұйымдастыруымен биыл төртінші рет көрерменге жол тартқан бұл фестивальде Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларының және Армения мен Латвиядан келген театрлар өнер көрсетеді. Қазақстандық шоукэйс негізінде мынадай спектакльдерді көруге болады: М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры «Лир патша», «Артишок» театры «Ұят», Неміс академиялық драма театры «Ревизор», «Жас сахна» театры «Лавина», «Дом Q» театр-студиясы «Причины жить», суретші Дарья Спивакованың авторлық жобасы «Психоз 4.48», театр сыншысы Ольга Малышеваның авторлық жобасы «Комьюнити», тәуелсіз «Бункер» театры «Stay true». Ал, көршілес мемлекеттерден келген театрлардың қойылымдары 6 ақпаннан бастап ұсынылады.

Сондай-ақ, фестиваль аясында шетелдік қонақтар лекциялар мен семинарлар жүргізіп, шеберлік дәрістерін көрсететін болады.

Фестиваль шымылдығын «Дом Q» театр-студиясында режиссер Виктор Немченко сахналаған «Причины жить» спектаклі ашты. Марина Цветаева, Зинаида Раих, Гала Дали, Лилия Брик сынды әйгілі әйелдердің өмірінен алынған сюжеттерге құрылған драманың сценариін шығармашылық топ бірігіп жазған. Оқиға ас бөлмесінде өтеді. Әр кейіпкер басынан кешкен оқиғасын, күйініш-сүйінішін, өзіне тән шындығын бір бөлмеде жүріп-ақ, жайып салады. Спектакльдің басынан аяғына дейін актрисалар камераға қарап сөйлеп, мұның бәрі естелік үшін екенін айта кетеді. Режиссер бұл арқылы өздері өлгенімен, есімдерінің өшпейтінін жеткізе келіп, әркімнің өзі қалағанындай өмір сүруге құқығы бар екенін, қателіктері үшін өзі ғана жауап беретінін баса айтқан. Әуеліде пьеса емес, сценарий ретінде жазылғанына қарамастан, Виктор Немченко оқиғалардың бір-біріне байланысын қадағалап, жүйелі өрбуіне ықпал жасаған.