14–19 наурыз аралығында "Алтын сақа" жаңа қойылымдар фестивалі өтеді

14–19 наурыз аралығында "Алтын сақа" жаңа қойылымдар фестивалі өтеді

 

Халықаралық театр күні мен Ғ.Мүсіреповтің 115 жылдығына арналған "АЛТЫН САҚА" атты жаңа қойылымдар фестивалі ұйымдастырылып отыр. Театр репертуарындағы 2016 жылдың наурызы мен 2017 жылдың наурызы аралығында сахналанған балалар қойылымдары және кешкі қойылымдар сайысқа түсетін болады. Фестивальге 9 қойылым қатысады:

 

Фестиваль жүлделері:

1. "Жыл актеры"

2.  "Үздік ер кісі бейнесі"

3. "Үздік әйел бейнесі"

4. "Екінші қатардағы үздік ер кісі бейнесі"

5. "Екінші қатардағы үздік әйел бейнесі"

6. "Эпизодтық рольдегі үздік ер кісі бейнесі"

7. "Эпизодтық рольдегі үздік әйел бейнесі"

8. "Көрермен көзайымы"

9. "Театр үміті"

 

Фестивальдің қазылар алқасы:

Еркін Жуасбек - Өнертану ғылымдарының кандидаты

Есмұхан Обаев - Қазақстанның халық артисі, профессор

Сатыбалды Нарымбетов - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ КСР-нің Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Сәуле Әбединова - Өнертану ғылымдарының магистрі 24 наурыз күні, сағат 18.30-да фестиваль нәтижелері жарияланып, концерттік бағдарлама ұсынылады.

 Фестивальге қатысатын қойлымдарға тоқталып өтер болсақ:

 

1. Е.Аманшаев “Ол”  (Е.Аманшаевтың "Үзілген бесік жыры" психологиялық драмасы желісі бойынша)

Қойылымның көркемдік-идеялық мақсаты – қазіргі әлеуметтік қоғамға сай саналы ұрпақ, салиқалы тұлға қалыптастыру. Бұл спектакльдің көрерменге рухани азық беруде маңызы орасан.

Режиссер Ерлан Кәрібаевтың трактовкасы бойынша жеке адамның тағдыры арқылы бүгінгі өмірдегі әлеуметтік қайшылықты көрсетеді. Басты рольдегі актер Данияр Базарқұлов – Ол кейіпкерінің өмірден өз орнын іздеген философиялық толғанысын, шынайы шындықтың құпиясын жан-жақты қарастыруға ұмтылған іштей тартысы кімді болмасын ойландырары анық.

Ақпарат пен техника құралдарының дамыған заманында адам жанының құнсыздануы қазіргі кезде басты мәселеге айналып отыр. Осындай күрделі дүниелердің шешімін іздеуге шақыратын моноспектакльді көруге асығыңыздар.

  

 

2.  М.Әуезов Телғара” ("Жас Абай" трагедия)

Сахналық нұсқа: Ж.Хаджиев

"Абай әлемі –бізді жеті түнде адастырмас Темірқазық іспетті.

Соған қарап тірлігіміздің дұрыс-бұрысын сараптай аламыз."

(Н.Ә.Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті)

 

Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ

Айлаға, ашуға да жақтым шырақ.

Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,

Етекбасты көп көрдім елден бірақ.  (Абай.)

"Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла!" - деген Абай әлемін біз жете түсініп, Абай ғибратына толық қаныға алдық па?..

Азғындыққа қойылар тосқауылдар болады. Тобырлық сананы сілкінтетін не?.. Сұрқия менен сұр жыландарға тас атар кездер де болады. Міне, осындай тіршілік тұтқиылдарын ұғынған бала Абай бірден есейіп кетеді. Есейткен кімдер?- Өз ортасы..

Абай – таусылмайтын әлем! Ендеше, көрермен!

"Жас Абайды" көріп, елге де бір есті керегін сезінгендей боласыз...

 

3.   М.Ахманов  “Ай мен күн

 

4. Альберт ГЕРНИ “Махаббат хаттары”

Американдық өршіл сенатор ғұмыр бойы өзімен хат алысқан әйелдің қазасынан  кейін өткен  өмірін  бір сәт еске алады.

Екі жүрек, шөліркеген кейіп... Құнарсыз күлкі мен тамшы
көз жасы.  Хаттар,  хаттар...

Бір-бірін іздеу,  сағыну,  аңсау, күту,  күю  мен жану...  Әлемнің  әр түкпірінде  өз  өмірлерін сүріп  жатса  да, алғашқы  Махаббатты  ұмытпау.

 

5. Жаңа жылдық оқиға

 

6. “...Бір сен үшін тудым!” У.Шекспир "Ромео – Джульетта" трагедиясының желісі бойынша

Мәңгі махаббат бар жерде, мәңгі машақат бар. Риясыз ғашықтардың айналасындағы әзәзілдер мен азғырушы топ қай заманда да қайғы-қасіреттің қанды шекпенін жамылып жүрген. Әулет пен әулет, топ пен топ, тобыр мен тобырдың кесірінен қаншама махаббат құрбан болды. Бұл – ықылым заманнан  бері келе жатқан ұлтқа бөлінбейтін адамзаттық ахуал. Бұл – тіпті, біздің де, сіздің де, олардың басында болған және бола да беретін мәңгілік мәселе!..

Шекспирдің "Ромео – Джульеттасы" да – солардың кебі...

7. Ж.Әлікен “Сиқырлы терезе”  (ертегі)

Балалардың ой-қиялын ұлттық рухта, өрлікке, батырлыққа, адалдыққа, тазалыққа жетелейтін шым-шытырық оқиға "Сиқырлы терезенің" сырында жатыр. Сиқырлы терезе кішкентай көрермендердің үлкен өмірге үмітін оятып, бірте-бірте арманына айналады. Ертегі елінен келетін елес емес, тарих сахнасынан келіп, бүгінгі өмірдің сан түрлі машақатын жеңіп, батырсымақтарымен белдесіп жеңіске жететін кейіпкер балалардың қуанышын оятпай қоймайды. Заманауи өмірдегі бар қиыншылықтарды басынан өткеріп, жеңе білетін баяғы батырларымыз бүгінгі уақытқа тап келсе, қалай болар еді? 

 

8. Баянғали Әлімжанов “Супер жеңгетай Серкеш” ( комедия )

Заманның сиқы осы ма?.. Адамилықтың құны қайсы?.. Байлықтың буы, ақшаның табы кісіні ісіндірмей қоюы мүмкін бе?.. Жылтыраққа әуестік, жағымпаздықпен сатылу, еңбексіз тегін мал таппақ әуселемізді көтеріп, көсегемізді көгертпек пе?..

Міне, осы заманғы түйткілді сұрақтардың төркіні осындай болып келеді. Бірақ, біз бәрібір, түптің-түбінде адамилық құндылықтың сақталғанын қалаймыз. Соңғылығында, солай болады да...

 9. Олжас Жанайдаров “Жастық туралы...” (аллегория)

Өмірді өз қалауымша сүрсем бола ма? Әлде "көппен көрген ұлы той" деп, ортаның сүре жолынан ауытқымау дұрыс па? Жаратылыстың жазғанына көндігіп, бұйыртқанға тоба дегім келмесе ше? Арманыма ұмтылып, сағынғанымды іздеп, танығым келгенге талпынсам, адасам ба?  

Көрнекі фотолар Ғ.Мүсірепов атындағы театр қорынан алынды.

Сізге қызық болуы мүмкін: