Ә. Қастеев музейінде график-суретші Батухан Байменнің «NOMADS» атты жеке көрмесі

2021 жылдың 3 наурыз күні сағат 15:00-де Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде ҚР «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері, белгілі график-суретші Батухан Әбдікерімұлы Байменнің Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «NOMADS» атты жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.
Ә. Қастеев музейінде график-суретші Батухан Байменнің «NOMADS» атты жеке көрмесі

Батухан БАЙМЕН – отандық графиканың дамуына зор үлес қосқан, Қазақстанның ең ірі заманауи график-суретшілерінің бірі, линогравюраның новаторы. Суретші шығармашылығында заманауи бейнелеу өнеріндегі жаңа тенденцияларды ұстана отырып, ата-бабаларымыздың көшпелі мәдениетінің баға жетпес мұрасынан шабыт алады. Оның графикалық туындылары ауқымдылығымен, ойының кемелділігімен, бірегей дала бояуымен ерекшеленеді.

Көрмеге суретшінің 77 графикалық жұмыстары қойылған. Бұл жаңа жұмыстар мен соңғы онжылдықтағы таңдаулы туындылар. Ұсынылған гравюралардағы виртуозды техника мен композиция шеберлігі таңқалдарады. Соңғы жылдары Б. Баймен үлкен форматта жұмыс істейді. Линогравюра техникасын сақтай отырып, қағаз парағының орнына матаны қолданады. Суретші бірегей көркем-образдық шешімдерді жасау үшін философиялық ойы терең күрделі-композициялық құрылымдарды таңдайды.

Б. Байменнің мәңгілік құндылықтарға үндеу жасайтын шығармашылығы сан қырлы, қамтитын тақырыптар ауқымы кеңдігімен ерекшеленеді, сондықтан да Қазақстанда да және алыс шетелде де өнер сүйер қауымды баурап алады. Ол өзінің жеке көзқарасы мен өзіндік шығармашылық қолтаңбасымен ерекшеленеді. Суретші Қазақстанның көне және жаңа тарихына тоқтала отырып, туындыларында ежелгі түркілердің тарихын, көшпенділер әлемін, сондай-ақ адам мен оның өмірі және тағы көптеген тақырыптарды бейнелейді. Шығармаларының өзіндік құрылымын метафоралық, символикалық немесе аллегориялық сюжеттермен жасайды. Сөйтіп, әр тақырыпқа ерекше көркем-бейнелік тіл табады. Мысалы, «Түркілер» (2015), «Көшпенділер», «Ұлы дала», «Абылай ханның түсі», «Соңғы ойын», «Тоқырау» (2018), «Зұлмат», «Ұмай ана», «Оспан батыр», Соңғы Nomad (2019), «Атақ қуалау», «Жеңімпаз», «Табыну», «Самғау» (2020), «Аң стилі» (2021) топтамаларында ол драмалық оқиғалар мен ащы шындыққа толы әлемге қарайтын бақылаушының өткір, сезімтал және ақылды көзқарасын бейнелейді. Әрбір парақ композициялық құрылымы жағынан үйлесімді, мазмұны тұрғысынан терең мағынаға толы, оларда халықтың рухы бар. Сонымен қатар, суретші Абай Құнанбаев, Шыңғыс Айтматов, Әлішер Науаи шығармаларына көңіл бөліп, түркі халықтары философиясының бірегейлігін зерделейді. Осы жеке дара топтамаларда ұлттық, эпикалық сезім әдеби шығармаларға үйлесімді түрде енеді. Бұл иллюстрациялар емес, суретшінің әдеби туындыны шығармашылық түсінуі, қабылдауы.

Б. Баймен тек майталман суретші ғана емес, сонымен қатар, қоғам қайраткері, бірнеше рет қалалық кеңестің Бас суретшісі және қала құрылыс кеңесінің мүшесі болды. Ол көптеген медальдар, дипломдар мен Құрмет грамоталары марапаттауларының иегері.

Баймен Батухан Әбдікерімұлы 1955 жылы 17 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы Абай ауылында дүниеге келген. 1977 жылы Шымкент педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін тәмамдады. Өз еңбек жолын Ә. Қастеев атындағы көркемсурет колледжінде мұғалім болып бастап, бүгінде Оңтүстік Қазақтан өңірінде түрлі лауазымды қызметтер атқарып, жемісті еңбек етіп келеді. 1989 жылдан КСРО Суретшілер одағының мүшесі. Ол көптеген республикалық, одақтық, халықаралық көрмелердің қатысушы. Суретшінің жеке көрмелері еліміздің ірі қалаларында, сонымен қатар Германия, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Кипр мемлекеттерінде өтті.

2011 жылы ҚР «Мәдениет қайраткері» төс белгісімен, 2016 жылы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталды. 2019 жылы Кипр елінде жеке көрмесі өтіп, қойылған 55-графикалық туындылар түгелімен Кипрдің түркі халықтарының Заманауи өнер музейіне қалдырылды. Түркі халықтарының заманауи өнеріне сіңірген еңбегі үшін Кипр мемлекетінің Күміс кілті және дипломдар табыс етілді. Осы жылы ҚР Суретшілер одағының «Бейнелеу өнеріне сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Көрме кураторы – Самал Мамытова


Өнертанушы
Ақбота Алимхожина
Сізге қызық болуы мүмкін: