Беймәлім Қожахмет Қожықов көрмесі ашылды

2017 жылы 14 шілдеде Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде республикамыздағы бейнелеу өнерінің қалыптасуына ат салысып, өзінің үлкен талантымен және еңбегімен үлес қосқан алғашқы ұлттық қылқалам шеберлерінің бірінің шығармашылығымен таныстыратын "Беймәлім Қожахмет Қожықов. 1910-1953" атты бірегей жеке көрме ашылды.
Беймәлім Қожахмет Қожықов көрмесі ашылды

Галина Сырлыбаева

Көрме жетекшісі


2017 жылы 14 шілдеде Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде республикамыздағы бейнелеу өнерінің қалыптасуына ат салысып, өзінің үлкен талантымен және еңбегімен үлес қосқан алғашқы ұлттық қылқалам шеберлерінің бірінің шығармашылығымен таныстыратын «Беймәлім Қожахмет Қожықов. 1910-1953» атты бірегей жеке көрме ашылды. Экспозиция әрі жаппай саяси қуғын-сүргіннің басталғанына 80 жыл толуына да арналады. Суретшінің бірінші рет ұйымдастырылып отырған жеке көрмесі музей қорынан және жеке коллекциялардан алынған 70-тен астам туындыны көрермен назарына ұсынады.

Қожахмет Қожықов

Суретшінің өмірбаяны қысқа болғанмен де, маңызды да мәнді оқиғаларға толы. Қожахмет Қоңғырқожаұлы Қызылорда қаласында дүниеге келді. Әкесі – Қоңырқожа, мұғалім, анасы – Ләтипа, халық шебері, балаларының шығармашылық ынта-талаптарын мейлінше қолдап отырды. Қожахмет те, қалған үш інісі де өнердің барлық түрінің дамуына зор үлес қосып, республикадағы белгілі суретші, кинорежиссер, мүсінші болды. Қожахметтің дарыны өте ерте байқалды. 1926 жылы мектеп бітірген ол бірден Қазақстан Халық ағарту комиссариатынан Мәскеудегі Бүкілодақтық көркемсурет-техникалық шеберханалар жанындағы курсқа жолдама алады. Осы жылдардағы астанада өткен көркемдік өмір ерекше қызу қарқынмен өтті. Қожықовтың заманауи өнердің ең прогрессивтік және сан алуан құбылыстарымен бетпе-бет келіп, өз көзімен көруіне мүмкіндік туады.

Қ.Қожықов еңбек жолын әрі график, әрі кескіндемеші болудан бастайды, баспаларда қызмет етеді, балалар кітаптары мен театр спектакльдерін безендіреді, өзекті тақырыптарға карикатуралар салады, бейнелеу өнері техникумында сабақ береді. Өлең жазады. Жаңа заман, жаңа дәуір тынысы жерде еңбек еткен адамдарға арналып, 1935-1937 жылдары салынған акварельдер топтамасында көрініс тапты. 1930-жылдарға тән, әбден сартап болған тақырып болса да, суретші осы тақырыпты жаңа қырынан аша білді. Ол еңбек процесінің ырғағына жауап беретін ерекше экспрессивтік мәнерде шешілді, ал айрықша түстік үйлесім – сенімді қолдан шыққан динамикалық сарғыш-қызғылт, сары және түрлі реңктегі көгілдір бояулар адам баласының жер бетіндегі болмысының артықшылығын білдіреді.

Аңға шыққанда. Қағаз, акварель

Суретші 1937 жылы тұтқындалып, 10 жыл Поляр аймағына айдалып, шығармашылық белсенділігі үзіліп қалды. Ол 1943 жылы Алматыға денсаулығынан айрылып, өте ауыр халде оралады. Солай болса да, жұмысқа кірісіп, сол кездегі барлық көрмелерге белсене қатысады. Иттері артынан еріп, отарлы қойын бағып жүрген шопандар, атта отырған кісілер акварельдердің туындауына шабыт көзі болған. Өмірдің ауыр сынақтарына қарамастан, ондағы түстер де бұрынғыдай сеніммен өршіл үн қатады, күн шапағы парақ бетіне түгелдей шашырай түскен. Суретшінің қылқаламы да жігерлі, шығармашылық тәсілдің қуаты мен мәнерлілігі де сақталған.

Қожахмет Қожықов тамаша сурет салғыш болды. Образды жасағанда, артық сызық болмайтын. Өзінің композициялық шешімін де анық көрсетіп, адам мен жануардың мүсінін де, қоршаған ортаны да аса дәл сызықтармен бейнелеген суретшінің жарыққа шықпаған болашақ кескіндемелік композицияларының қарындашпен салынған нобайлары болар, сірә, бірдей форматтағы бірнеше суреті сақталып қалған.

Өмірдің ауыр сынағы суретшінің тағдырына салқынын тигізіп, суретші өзінің көркемдік әлеуетін толықтай көрсете алмастан өмірден ерте кетті.

Қожахмет Қожықовтың шығармашылығын бар қырынан осыншама толық көрсетіп отырған көрме қазақтан шыққан тұңғыш дарынды суретшіні қайта еске түсіреді.

Сізге қызық болуы мүмкін: