Бірінші рет «Астана - Ұлы дала інжу-маржаны» фотокөрмесі әлемдік қауымдастыққа үстіміздегі жылғы сәуірде Ресей астанасы Мәскеуде және Испанияның Мадрид қаласында ұсынылды. Таяу арада фотокөрме Санкт-Петербург, Пекин, Лондон, Берлин және Париж қалаларында жалғасады.
40-қа жуық картинасы бар Астананың бірегей құрылыстарының фотокөрмесін Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген Қазақстан Халқы Ассамблеясының кезекті сессиясының делегаттары және шақырылған қонақтар көре алды. Олардың арасында белгілі қоғамдық және саяси қайраткерлер, сондай-ақ мәдениет және өнер қайраткерлері, этномәдени орталықтардың өкілдері және дипломаттар болды.
Фотокөрменің тұсаукесерін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының Лауреаты, Қордың жанындағы Шығармашыл жастар кеңесі төрағасының орынбасары, «Астана Опера» театрының концертмейстері Гаухар Тасбергенова өткізді.
«Астана - Қазақстанның інжу-маржаны» қазақ мемлекеттігінің жеңісіне және ел жетістігінің жарқын үлгісіне, тәуелсіз мемлекеттің символына айналды. Биылғы жылы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың елорданы Астанаға көшіру туралы тарихи шешім қабылдауына 20 жыл толады. Ел Президентінің Астананы дамытуға деген назары мен тұрақты қамқоршылығы қаланың қарқынды дамып келе жатқан, Еуразияның ультразамануи және бәсекеге қабілетті мегаполисіне айналуына ықпал етті. Жаңа тұрғын үй алабы мен үйлер, сондай-ақ әкімшілік ғимараттар сыртқы келбетімен бір-біріне ұқсамайды, қайталанбас өзіндік бірегей бейнесі бар. Осының барлығын біз фотокартиналар арқылы көрсетпекшіміз», - деп тұсаукесер барысында Гаухар Тасбергенова атап өтті.
Картиналар арасында әлемдік деңгейдегі мәдениет объектілерін, атап айтқанда Астананың басты бренді, ғаламның эпикалық 90 ғимаратының қатарына кірген - «Бәйтерек», әлемнің ең әсем президент сарайларының ТОП-10-ға енген Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясы «Ақ Орда», Астананың ЭКСПО-орталығындағы диаметрі 80 метр сфера нысанындағы ерекше құрылыстардың бірі «Нұр-Әлем» ғимаратын көруге болады. Сондай-ақ белгілі британ сәулетшісі Норман Фостердің жобасымен салынған бірегей құрылыстарды, атап айтқанда: «Пирамида» - Бейбітшілік және келісім сарайы, шатыр нысанындағы әлемнің ең ірі ғимараты ретінде Гиннес рекордтар кітабына енгізілген «Ханшатыр» сауда-ойын-сауық кешені, сондай-ақ «Назарбаев орталығын» тамашалауға болады.
Көрменің қонақтарының айтуынша, Астана - бүкіл Қазақстан мақтанышы және осындай фотокөрмелердің арқасында бүкіл әлемге бас қаламызды таныстыра аламыз.
Сонымен бірге, көрме қонақтарына Тұңғыш Президент Қорының тапсырмасы бойынша елорданың 20 жылдығына арнайы әзірленген «A day in Astana» фотоальбомы ұсынылды. Фотокөрмегедегі суреттерді Қазақстанның үздік фотографтары ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының тапсырмасы бойынша әзірлеген.
ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының Баспасөз қызметі, тел. 8 7172 708 367, 708 356