Мақала
Режиссер шеберлігі. Режиссер және шығармашылық ұжым
Режиссер және шығармашылық ұжым
Бөлім: Театр
Датасы: 06.02.2017
Авторы: Әубәкір Рахимов
Мақала
Режиссер шеберлігі. Режиссер және шығармашылық ұжым
Режиссер және шығармашылық ұжым
Бөлім: Театр
Датасы: 06.02.2017
Авторы: Әубәкір Рахимов
Режиссер шеберлігі. Режиссер және шығармашылық ұжым

Режиссер және шығармашылық ұжым

Театрдағы қойылымның көркемдік тұтастығы – ұжымдағы еңбек еткен әрбір адамның ортақ мақсатқа қол жеткізуге мүдделі болып, ұйымдасқан түрде ізденулеріне тікелей байланысты екенін түсіндіріп жатудың керегі шамалы. Режиссер Вольдемар Пансо: «Бүгінгі театрдың принципі – үйлесімділікте(ансамблевости). Актерлік немесе режиссерлік театр туралы әңгімелер мен үшін бос сөздер. Заманауи театр – шығармашылық мұраттастардың (единомышленников) театры, не болмаса эклетикалық дерт меңдеген театр» – десе, Әзірбайжан Мәмбетов: «Жақсы қойылым мұраттастардың театрында дүниеге келеді» – дейді. Бұл ойлар режиссердің қарапайым театр ұжымын – шығармашылық ой-арманы, этикалық және эстетикалық көзқарастары ортақ мұраттастардың ұжымына айналдыра білуі керек деген тұжырым жасауға жетелейді. Сондықтан, ондай дәрежеге жетудің негізгі шарттары мен жолдарын өзімізше бағдарлап көрейік.

Ұжымды тәрбиелеу – театр әлеміндегі аса қиын да, күрделі жұмыстардың бірі. Ол режиссерден сахна заңдылықтары мен шығармашылық психологиясын білумен қатар, этикалық тұрғыдан артистерден бастап әрбір сахна қызметкеріне дейін ерекше көңіл бөлуді, санасуды, құрметпен қарауды қажет етеді. Әрине, бұның бірден нәтижелі бола қоймайтыны, белгілі бір уақыт пен төзімділікті керек ететіні сөзсіз. Өзінің шығармашылық көзқарасын, өмірлік ұстанымын түсіндірумен істің бітпейтіні анық. Режиссердің жоспары мен талап-тілегі ұжым мүшелерінің үмітін оятып, сеніміне ие болуы керек. Енді осы айтқандарын уәде деп түсініп, режиссер іспен дәлелдеуі шарт. «Уәде – Құдай аты!» – деген сөзді естен шығармаған жөн. Ұжым – айлық алатын адамдардың тобыры емес. Ұжым – ортақ мақсатқа аянбай тер төгетін азаматтардың қауымдастығы. Әсіресе театр – шығармашылық биік мақсаттарды жүзеге асыратын мұраттас мамандардың киелі орыны, қасиетті ордасы.

МХАТ-ның құрылу тарихының алғашқы кезеңдері – театр ұжымын мүддесі ортақ мұраттастар ретінде тәрбиелеудің тамаша үлгісі болатыны сөзсіз. Олардың өнердің биік сатысына көтерілуінің басты себебі – істі жан-жақты ойластырып, тиянақты түрде ұйымдастыра білуінде. К.С.Станиславский мен Вл.И.Немирович-Данченко «Славянский базарда» 18 сағат отырып болашақ театрдың негізін талқылағанда: театрдың көркемдік бағыты, сахналық этикасы, техникалық жабдықталуы, репертуары, ұйымдастыру жоспары, театр өнерінің екі алыбының өзара қарым-қатынасы мен атқарар міндеттеріне дейін сөз болғанын жақсы білеміз. Ұжымның бар күш-жігері өнер туындысы - қойылымға бағытталды. Шығармашылық процесстерге көңіл бөлінді. Жас театрдың тең дәрежелі қос директорының міндеттері мен құқықтары нақты көрсетілді. Қойылым жұмыстары мен режиссурасын Константин Сергеевич, репертуар мен шығармашылықты ұйымдастыруды Владимир Иванович міндетіне алып, бірін-бірі толықтырды. Немирович-Данченко өзінің Станиславскиге жазған хатында: «Менің сізбен бір арнада тоғысуымның маңыздылығы: мен Сізден өзімде жоқ суреткерлік ерекшеліктердің par excellence (басымдылығын) көремін. Мен бүгінгі көрермен үшін ненің мазмұнды және маңызды екенін терең түсінемін. Жаңалыққа жаным құмар болғанымен, форма табуда ескі сүрлеуден аса алмаймын. Сіздің қиял-өрісіңіз бен шеберлігіңіз менде жоқ. Сондықтан біздің жемісті еңбегіміз – мен  мазмұнын жоғары бағалайтын, ал Сіздің қиялыңызға шығармашылық кеңістік ашар пьеса болсын» – деп, әдеппен түсіндіреді.

Әрине ұжымды мұндай басқару жүйесі үнемі үйлесімдікте болды деуден аулақпыз. Ізденістің пайдалысы да, зияндысы да болады. Содан пайда болған пікірталастар қос басшының келіспеушілігін жиі туындатып отырды.  Мұндай келіспеушіліктің неге әкеп соғарын жақсы түсінген Немирович:

«Арамыздағы ұсақ түсінбеушіліктердің қалыптасуынан қорқамын. Ісіміздің жетістігі Сіз бен біздің ортақ  және етене жақындықпен еткен еңбегіміге тәуелді болғандықтан да, бұл аса қауіпті. Мен Сізсіз ештеңе істей алмаймын. Сіз менсіз де іс тындырасыз, бірақ менімен тізе қоса отырып атқарғаныңыздай өнімді еңбек етуіңіз екі талай. Мен мұны Сізге талай рет айтқанмын және сол пікірімде қаламын» – деп, реформаторға түсіндіру мен татуласудың жолдарын қарастырумен болды.

Менің бұл жерде екі ғұламаның арасындағы қақтығысты емес, этикалық арақатынасты айтып отырғанымды түсіну қиын болмас деймін. Театр ұжымына шығармашылық, қоғамдық немесе қызметкерлердің жеке өмірлерінде болсын этикалық  талаптың биік дәрежеде қойылғанын бәріміз оқыдық. Бір мысал: Немирович, бір актердің ауырып қалуына байланысты, болатын қойылымның орнына Г.Гауптманның «Батқан қоңырау» спектаклін ойнауды белгілейді. Ондағы Генрихтің ролін ойнайтын Станиславский театрдағы жұмыстардан қатты қалжырағандықтан, ойнай алмайтынын айтып хат жазып жібереді. Сол күні ешқандай спектакль болмайды. Немирович-Данченко: «Қойылымды болдырмау – театр үшін масқара-ұят деген ойдан арыла алмаймын. Ең бастысы сіз мені сары уайымға салдыңыз. Біріншіден өзгелердің Сізге еліктейтінін сездіңіз, екіншіден Сіз дәрежеңізге байланысты ешқандай жаза қолданылмайтынын білдіңіз... Сіздің хатыңыз мені біраз сергітіп тастады. Менің Сізге деген көңілім баяғыдай. Мен Сіздің жалақыңыздан 50 рубльге айып салып, Россия театр қоғамының қайырымдылық қорына жіберемін. Одан кейін ескертпелер кітабына Сіздің режиссер, актер ретінде тынымсыз еңбектен қажып, шаршап жүргеніңізді түсінсем де, қойылымда ойнай алмағаныңызды емес, қойылымды «Батқан қоңыраумен» ауыстырмауды ескертпегеніңіз үшін жазамын. Сізді қатты ашуланатын болды-ау деген актерларға: «Константин Сергеевичтің түсініп, қолдайтынына басыммен жауаптымын. Күндердің күнінде режиссерге дұрыс көңіл бөлмей қалғаным үшін сазайымды қалай тартқызамын десе көнемін. Мұның бәрі болашақ үшін, өзгелерге үлгі үшін» – деп жауап бердім. Сіздің ісімізге деген тамаша көзқарасыңыз үшін тағыда рахмет айта отырып, бар болмысмен Өзіңіздің Вл.Немирович-Данченкоңыз» – деген жауап жолдайды. Станиславский өз кезегінде мұның әділ шешім екенін мойындап: «...Тек достық пен сүйіспеншілік бар жерде, жолдастық әділ сын мен өз мініңді көре білген жерде дарын өспек», «Театрға басшы-директор болу үшін өз ісінің дарынды маманы болу, былайша айтқанда өнерді сыншы ретінде ғана емес, актер, режиссер, ұстаз, қоюшы, әдебиетші, администратор ретінде терең түсіну қажет. Театрды теориялық тұрғыдан ғана емес, нақты іс-жүзінде білуі керек. Сахнаның құрылымын, театрдың архитектурасын, көпшіліктің психологиясын, сахнагерлердің мүмкіндігін, актердің табиғаты мен психологиясын, олардың шығармашылық талаптарын тани білгені жөн. Әдеби білімді, ұстамды, ақылды, дарынды ұйымдастырушы болғаны абзал. Бұның бәрі бір адамның бойында өте сирек үйлесім табатын қасиеттер. Ондай үйлесімділік Владимир Иванович Немирович-Данченкода бар» – демей ме!

Бұл күнде бір басына сондай үйлесімдік ұялаған театр директоры бар ма? Әй, қайдам? Жоқ деуге болмас, бірақ өте аз. Креслоны мәртебе санайтындар театрдың мардымсыз қаржысын шашқандарына мәз болып жүрген жоқ па! Таныстықпен директор болғандар Константин Сергеевичтің талабын не қылсын! Театрдың директоры мәнсап емес, мамандық екенін түсіну қажет. Тәртіп пен этика жоқ жерде қағаз жүзіндегі бұйрықпен шығармашылық мұраттастыққа жету мүмкін емес. Тек саналы түрдегі жауапгершілік қана кез келген театр ұжымы үшін шығармашылық  жетістіктің кепілі болар еді.

«Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін», «Өнердегі өзіңді емес, өзіңдегі өнерді сүй», «Жоғарыдан төменге дейінгі барлығына ортақ шығармашылық тәртіп», «Ортақ іс үшін бір-біріне қатаң талап қою» сияқты ұғымдарды бұл күндері көп ескере бермейтініміз, тіпті есімізден мүлдем шығарып алғанымыз өтірік емес. Театрда шығармашылыққа қажетті жағыдай жасалғанда ғана мұраттастық пайда болмақ. Театр басшылары мен қоғамдық ұйымдары (кәсіподақ пен көркемдік кеңес) этикалық нормаларға көп көңіл бөлудің орнына, көбіне «тәртіп бұзушылықты» талқылауды жөн көреді. Актерлік этика оның дарынының ажырамас бөлігі екенін естен шығармағанымыз жөн. Ел арасындағы: «дарынды адамның еркелігі мен тентектігі, жыны болады» – деген ұғымдарды қайда қоймақпыз? Шығармашылық батылдықты – тентектікпен, еркіндікті – еркелікпен, шабытты шақты – жынмен шатастырмауымыз керек. Суреткер – есерсоқ емес, есті, делқұлы емес, терең ойлы адам. Оның шығармашылық ізденісі өзгеге солай көрінуі бек мүмкін. Сондықтан театрдағы, тіпіті жалпы өнердегі әрбір дарынды этикалық өлшем тұрғысынан бағалауымыз керек. Ал, өз кезегінде дарынды тұлғаның да этикалық өлшемнен аспағаны жөн.

Е.Б.Вахтанговтың МХТ-ның үшінші студиясының «Турандот ханшайым» қойылымындағы шеруге қатысқандарға қойған жеті талабында оның шығармашылық және этикалық көзқарастары нақты көрініс тапқан:

  1. Аса жинақылық.
  2. Актер, суреткер екеніңе толық сену. Кішпейіл бола тұра өзіңнің беделіңді осыдан сезіну.
  3. Ешқандай «мүсәпірсу» мен ештеңені көрсетуге ұмтылмау. Мен сенің қызметшіңмін, тәккәпәрмін, халықтың қызметшісі болғандығыма шексіз мақтанамын.
  4. Нақтылық пен тазалық: ой, сөз, дикция, дауыс, қимыл.
  5. Сахнада толық жинақылық. Орынсыздыққа жол бермеу: айталық артық аттап, шалыс басу – қылмыс, өз орныңды әріптесіңнің орнымен шатастыру – оданда асқан күнә, бұларды істеген актер өзін-өзі рухани өлімге байлайды(ондайлар студиядан бір аптаға кетулері керек). Тиым салынған тұстарда жолдастарына көз қиықтарын салу – біздің қағидаларымызды өрескел бұзу және ол ашықтан-ашық ұятсыздық болып саналады. Сапты бұзу – өзіңнің дарынсыздығыңды мойындау.
  6. Ырғақ (ритм) пен симметрияны бұзу - өзіңдегі суреткерді өлтіру.
  7. Шеруге жауап беретін( және жазалайтын) мен, Вахтангов».

Бүгінгі режиссер (мейлі ол басреж. немесе жайреж. болсын) – қоюшы ғана емес, көркемдік жетекші, шығармашылық процесстерді ұйымдастырушы, ең бастысы ұжымның негізгі тәрбиеші-ұстазы. Тек режиссер ғана актерлармен ортақ тіл табысу арқылы айналасына мұраттастарды топтастыра алады. Театрдың репертуарлық бағыты мен өзге театрға ұқсамайтын өзіндік ұстанымын анықтау, қойылымдардың өзіндік формаларын, актерлік ойын үлгісін табу режиссураның ізденісіне тікелей байланысты.

Режиссердің қойылым қарсаңында рольдеріне 70 адамдық актерлар құрамынан қажетті актерді таппай қиналатыны жиі кездеседі. Сондайда труппаның тек штатты толтыру үшін ғана, ешбір есепсіз алына салынғанын байқайсың. Қазіргі келісім-шарт жағдайында өз міндетін атқара алмаған актермен қоштасу оңай болғанымен, «обалсынып» жүре беруде театрға абырой әпермейді. Көптеген театрда актрисалар құрамы басым және дарынды болып келгенімен, рольдердің кемдігінен ойнайтын сәтті шақтарын өткізіп алып жатады. Пьесалардағы әйел кейіпкерлер ерлердікіне қарағанда әлдеқайда аз болатындығы да жасырын емес. Бірлі-жарым арнайы жазылған пьесалар бұл жағдайды түбегейлі өзгерте алмайды. Сондықтан театр басшылары труппаның 65% актер, 35% актриса болғанын қалайды.

Күрделі мәселелердің бірі труппаны жастармен толықтыру. Театрға қабылданған жас актердің тағдырына барлық ұжым жауапты. Ол тек қолпаштау ғана болмай, оның қолынан не келіп, не келмейтінін дер кезінде ашық айтуға да міндетті. Болашағынан үміт күтуге болмайтын жас актердің бар өмірін зая кетіріп, театрға арқандап қойғаннан не пайда? Қайта өзінде жоқты ерте біліп, өмірден өз жолын тапқаны дұрыс болмай ма!? Бұл диплом алып, білмегенін тәжірибе жинақтап жүріп үйреніп алады дейтін мамандықтың түрі емес. Актерлік қабілет не бар, не жоқ! МХАТ-ның кейіннен дректоры болған В.В.Лужский театрдағы дарынсыз актерларына төмендегідей: «Құрметті Пәленше Пәленшеев! Сіз дарындысыз, бірақ... сіз, бізден гөрі басқа театрға аса қажетсіз» – деп, хат жазып, өзінің және көркемдік кеңестің шешімін әдеппен, әдемілеп жеткізеді екен.

Тәртіп – мақсат емес, мақсатқа жетудің амалы. Тәртіп – атқарар қызметіңе деген адалдығың. Ал, адалдықта шек болмайды. Актерлік құрам мен режиссердің арақатынасы туралы ұстазымыз Иосиф Михаилович Туманов былай деуші еді:

  1. Труппадағы әр адамның лауазымы мен дәрежесіне қарамай бабын таба білулерің керек. Бұл сендердің актерлармен қарым-қатынастарыңның негізі болмақ. Сонымен бірге әрбір актердің қандай шығармашылық мүмкіндігі барлығына баса назар аударуларың қажет. Актердің театр үшін қаншалықты қажет екенін ашық, әрі дәлелді түрде айтыңдар. Сондай актерге сусап отырған басқа театрға барса шығармашылығына жаңа мүмкіндіктер ашылар. Кейбіреудің орынсыз өтінші мен ақылға симас талап-тілегінен дәлелді себептерді келтіре отырып, мәдениетті түрде бас тартыңдар.
  2. Әр актердің ең алдымен жақсы қасмиеттерін көруді үйреніңдер. Кемшіліктерін жоюға көмектесіңдер. Актерлік жұмыс – азапты, жүйкені жұқартатын жұмыс. Сондықтан олар сендерден қолдау күтеді.
  3. Труппаның жаңа қойылымдарда мүмкіндігінше жұмыспен қамтамасыз етілуін естен шығармаңдар. Актердің сенделіп бос жүргеннен гөрі, жұмыстың көптігінен қолы босамағаны жақсы. Бір рольге екі немесе үш орындаушыдан тағайындау бұл мәселені жартылай ғана шешеді. Кейде репертурдағы спектакльдерге «қырсыққан» актерлардың орнына, өзге актерді «ввод» жасап кіргізу арқылы – «қырсықанға» сабақ, ойнағанға мүмкіндік тудыруға болады.
  4. Труппаның әр мүшесіне мейірімділік пен тілектестік ниетте болыңдар. Театрдың жұмысына зияны тимесе, шамаңның келгенінше көмек қолыңды соз. Жоқты сылтау етіп жұмыстан сұрана беретін актерларға бұл қағида жүрмейді. Ондай тілегін бір-екі рет орындатқан актер үшін, театрдағы қызметі – басты жұмыс болудан қалады. Ондай актерге шығармашылық қатаң тәртіп тұрғысынан қарап, қажет болса қоштасуға дейін баруға болады.
  5. Құрғақ уәде бермеңдер. Берер уәдеңді, қашан, қалай орындайтыныңа сенімді болғанда бер. Орындай алмасаң уәде берме, себебін айтып түсіндір.
  6. Актермен сөйлесудің тиімді жолын қарастыра біліңдер. Оларға сый-құрметпен қарап, кішпейілдік танытсаңда, өз бағаңды төмендетпе. Үйткені сендердің әр сөздерің мен әр қадамдарың көптің бақылауында. Дайындық барысында айтылған артық сөздерге, орынсыз айыптауларға ұстамдылық танытып, жауабын ойланып барып беріңдер. Өзгені жамандап, өзіңді мақтағанды тыңдаудан аулақ бол. Ақиқатты ажырата білуде өнер. Жақсы сыннан кемшіліктеріңді тани біліңдер.

Актер – өз ісін жетік білетін адам ғана емес, ұжымның эстетикалық принциптерін мойындап, ізденістеріне белсене араласатын тұлға. Ұжымдық өнердің шебері болғандықтан, жас актердің театр труппасы мен оның тіршілігіне қоян-қолтық араласып кеткені дұрыс. Оның театрдағы алғашқы қадамынан бастап, ұжымның бақылауында, қамқорлығында болғаны жөн. Оқығанын іске асыруына режиссура тарабынан мүмкіндік жасалуы шарт. Актерді «тәрбиелеуді» – «оқытумен» шатастыруға мүлдем болмайды. Төрт жыл оқып, диплом алған актерді театрда қайта оқыту – уақыт өлтіру. Өнер академиясының қабырғасында шәкірт режиссерлармен жұмыс істеу, кейіпкер сомдау, шығармашылық ізденістің жолдарын ұстаздарының көмегімен меңгеріп шығады. Ал, театрда жас актер алған білімін өз бетінше іске асыруы керек. Жаңа театр, бейтаныс ұжым, басқа режиссерге өзінің қабілетін тек қана ісімен дәлелдеуіне тура келеді. Олай болмаған күнде бар өмірін театрда мағанасыз өткізген кейбір дарынсыздардың санын көбейткеннен өзіне де, өнерге де пайда жоқ. Жас актерді ұжымға қабылдау конкурс негізінде өткені жөн. Соңғы кездері бұл үрдіс жоғалып барады. Театр басшысы жалғыз өзі қабылдап ала беретін болды. Ондай амплуадағы актер театрға керек пе, жоқ па, актердің мүмкіндігі қандай, оған жағдай жасайтын режиссураның мүмкіндігі қандай? Ондайды ойластырмай жасалған  мұндай қадамдар жас актердің де болашағына қиянат жасаумен бірдей.

Уақыт – актердің қас жауы. Бар өмірін театрда өткізіп, жас шамасына байланысты қабілетінен айырылған актерлардың жайы тіптен күрделі. Зейнетақы алғанымен театрдан кеткісі келмеген қарт актерді аяйсың. Ал, оны сахнаға шығаруға режиссер мүмкіндік таппай қиналады. Тоқсаннан асқанымен сахнадағы актерлік қабілетін жоғалтпаған дарындылар жоқ емес. Соның бірі М.Зелдин 95 жасында Дон Киходты (музыкалы спектакльдің бас кейіпкері екенін ұмытпағанымыз жөн) ойнап жүр. Х.Елебекова тоқсаннан асқан шағына дейін сахнадан түскен жоқ. Ф.Раневская мен Р.Плятт бақилық болғандарынша Д.Дельмардың «Өкінішті өміріндегі» ерлі-зайыпты Куперлерді ойнап кетті.

М.Сүртібаев М.Әуезовтың «Қилы заман» қойылымының премьерасын кереметтей ойнап, сол кеште жол апатынан 80 жасында дүниеден өтті. Бойынан күш-қуатының тая бастағанын сезінген Қ.Қуанышбаев, С.Қожамқұловтар сахнамен қоштасқанымен, күніне бір рет келіп, жастарға ақыл-кеңестерін беруден жалыққан емес.

Сахнаның серісі болған Ш.Мусинды алып қараңызшы: Қазақтың қасіретін айтамын деп өмірінің 20 жылын (2 жылы Семейдің тергеу бөлімінде, 18 жылы Колыма мен Сібірде) түрмеде өткізседе өнерге деген ынтықтығын өлтірген жоқ. Қайта жанына жалау етіп шаң жуытпай алып келді. Мұндай ерлік пен өрлікті көргісі келмеген «пенделердің» қарсылықтарына рухын түсірмей, өнердің биігіне көтеріле білді.

Қанды билікке имеген басын «Құдіртті өнерге» (Шахан ағаның өз сөзі) иіп: «Сахнада буыным қалтырап, дауысым дірілдеп жүргенімше, елім мені Сері-Шахан күйімде есіне алсын!» – деп, біздің үгіттегенімізге көнбей сахнамен қош айтысты. Өнерге құрмет деген осы болар! Демек, кәрілік жаста емес, баста, ақылда, өнерге деген ұғымда!

Өмір бойы мұрат тұтқан өнерді өзіңнен жоғары қоюың керек. Актерліктің театрдағы өлшемі біреу-ақ. Ол – дарындылық! Қабілетсіздігіңді сезсең, сахнаға шығудың қажеті жоқ. Жасы келді екен деп тәжірибелі қарт актерді театрдан мүлде шығаруға болмайды. Кей спектакльдердегі рольдеріне шақыртып ойнатып тұруы керек. Театр басшылығы ондай адамдардың жастарға ақыл-кеңес беретін ақсақалдар алқасы немесе театр мұражайының қызметкері, режиссердің асисстенті сияқты, т.т. толып жатқан пайдалы жұмыстар атқаруына жағдай тудыруы шарт.

Жастардың жаңа леп, жаңаша ойларын жүзеге асыру үшін театрдың басшылық жұмыстарына да араласулары керек. Театр өнері үнемі бір бағытта, таптауырын жолмен өмір сүре алмайды. Ізденіс тоқтаған жерде, өнер де болмайды. Кешегі жақсы дегеніміз бүгін, бүгінгіміз ертеңге жарамайды. Сондықтан, өнер адамының пешенесіне мәңгілік оқып-үйрену мен іздену жазылған. Тез арада мұраттастар ұжымын құрудың үлгісін ешікім, ешқашан нақты айтып бере алмайды. Бұл әр театрдың өзгешелігіне байланысты қарастырылатын әрі шыдамдылық танытар күрделі жол. Солай дегенімізбен, бұл күндері көптеген театрларымыздың өткен жолдары мен тәжірибелеріне сүйене отырып, өзіңнің мұраттастарыңды тәрбиелеуге әбден болатыны сөзсіз.

Театрды құратын, өзіндік бағытын қалыптастыратын – режиссер екенін тарих дәлелдеп берді. Оған дәлелдер жетіп артылады. Ол көшбасшысы болған соң, соңына ерер әріптестерінде сайлап алуы керек. Режиссердің өз мұраттастарын таба отырып, театр ұжымының бар қызметкерлерін тәрбиелеуі үшін сан-қилы қыруар жұмыстарды атқаруына тура келеді. «Қойылымнан өзгеде шаруам жоқ» – деп, қол қусырып отырған жерде шығармашылық жетістіктің де болмайтыны анық. Мұраттастық табу – өзіңнің армандастарыңмен бірге іздену, өнер әлемін шарлау. Жетістігіңе қуанар, жеңіліс тауып құлаған кездеріңде қол ұшын созып, қолтығыңнан демер достар табу.