Мақала
Режиссер шеберлігі. Режиссерлік байлам мен жоспар
Режиссерлік байлам мен жоспар
Бөлім: Театр
Датасы: 29.12.2016
Авторы: Әубәкір Рахимов
Мақала
Режиссер шеберлігі. Режиссерлік байлам мен жоспар
Режиссерлік байлам мен жоспар
Бөлім: Театр
Датасы: 29.12.2016
Авторы: Әубәкір Рахимов
Режиссер шеберлігі. Режиссерлік байлам мен жоспар

Режиссерлік байлам мен жоспар

Режиссердің өзгелерден айырмашылығы қанатты қиялында. Өнердің түріне байланысты суреткердің қиял әлеміне самғауы алуан түрлі. Көркем туындымен танысқан қарапайым адам да түсінгенін көз алдына елестуге тырысады. Пьесаны оқығаннан кейін кейіпкерлердің іс-әрекеттерін, толық болмасада кейбір мінез ерекшеліктерін, күтпеген жағдайлардағы өзекті мәселелерді көре бастайсың. Астарға толы құпияларын ақтаруға асығасың. Күнделікті тіршілігіміздегі оқиғалармен салыстыра отырып бір байламға келесің. Бұл шығарманы сахнаға қоюға бола ма? Болса, не үшін қоймақсың? Ең шешуші де, жауапты кезең осы тұс! Олай болмаған күнде, құрғақ қиялыннан туған үстірт «көріністердің» тұтқынына түсіп алданып, басты сұраққа жауап қарастыруды, тереңінен толғануды ұмытып кетіп, соңынан сан соқтырар өкінішке қалып жатар шақтар да баршылық. Режиссура – болашақ қойылым туралы көкейкесті ойдан басталады. Бұл басты шарт! Актерлармен дайындық жұмыстарын  онсыз бастау мүмкін емес. Режиссер  нені көруі керек: пьесадағы сөз болар оқиғаны ма, әлде сол оқиғалардың хроникалық түрдегі қойылымын ба? Оларды күнделікті баспасөзден оқуға, көгілдір экрандағы хабарлардан көруге
болады. Меніңше, өтіп жатқан оқиғалардың астарындағы ойдың заманауи сұранысқа сәйкестігін көре білуінде дер едім.

Өзгелерге ойыңды таныстырудан бұрын, өзіңнің көкейкесті мақсатыңа бір мезет сырттай сын көзбен қарап көр. Басқа театрда біреулер ол ойды айтқан да, көрсеткен де болар. Мүмкін, сондай қойылымдар жүріп те жатқан шығар. Қайталаудың қажеті бола қояр ма екен? Сенің қойылымың қандай өзгешелігімен, «жаңалығымен» ерекшеленбек?! Екіншіден - режиссер кейінгі жұмыс кезеңінде «құдайдың зорлығымен» жүргендей күй кешсе, өзіне ұнамайтын міндеттерді орындап жүргендей сезінсе, құр зорланғаннан түк шықпайды. Демек, мұны көкейкесті ойдың сүреңсіздігінен, қызықсыз болуынан деп түсінуіміз керек. Үшіншіден - қойылымды қойсамда, қоймасамда бәрібір, келіп-кетері шамалы деп ойласаң, онда қоймай-ақ қойғаның жақсы.

Г.А.Товстоногов: «Режиссер өзін толғандырған пьесаның құпиясын ашу үшін, драматургтың сан-алуан қазынасын игеруге тырысады. Мен үшін пьеса – құлыптаулы құпия қойма. Кілтін таппасаң, бұзып кірмей-ақ қойғаның жөн» - дейді. Кілтін тапқанда қойлымның шешімі де табылады. «Драматургияның кілтін табу» - ондағы қақтығыстың себебі мен салдарын өзіңше көре білу деген сөз. Сонда сен режиссер ретінде: қойылымыңдағы ойнайтын актерларды, безендіруші суретшіні, композиторды да көре бастайсың. Режиссер алмақ болған шығарманың негізгі ойының өзегі мен тұжырымын анықтағаннан кейін, «жансыз» пьесаға қан жүгіртіп, жан бітірудің жолын тапқаннан соң, қойылар спектакльді ой көзімен «нақты көргенде» барып тәуекел етуге болады.

Пьесаны қоюға бел байлаған режиссер қойылымды шығарудың жұмыс жоспарын жасауға кіріседі. Басты міндет – автордың айтпағын мейілінше тереңдете ашу, оны өзінің дүние-танымымен байыта отырып ой айту. Театр ұжымдық өнер ордасы болғандықтан жұмыс барысында қойылым тобының ақыл-кеңесімен де санасуға тура келетінін естен шығармағаны жөн. Қойылым - актерлармен бірге отырып істелетін жұмыстың жемісі екенін ұжым мүшелерінің барлығының білгені аброй. Сонда ғана өзін суреткер санатында сезінген актерлар бар жан-тәнімен жұмыла кіріседі. «Менің ғана айтқаным дұрыс» - деп, кердиіп кеуде қағып отырудың орнына, режиссер сұхбаттасудан, керек жерінде пікірталастан қашпауы керек. Бірақ, пікірталас пьесаға қатысты нақты бағытта болуы тиіс. Кейде уақыт өткізу үшін актерлар жағынан «әдейі» жасалатын «пайдасыз пікірталастарға» жол берілмесін! Жалпылама сөзден аулақ болып, нақты сөйлеуге, қисыны мен дәлелін көрсете отырып немесе мысалдар келтіре отырып түсіндіруге тырысқан дұрыс. Премьераға дейінгі уақытты дұрыс есептеп, әр минутты жемісті түрде пайдалануды жоспарлап қойғаны мақұл. Шығармашылық  жоспардың жөні басқа болғанымен, ұжымның құлшынысына, ізденіс өрісіне бағыт беруді, дайындық кезеңдерін алдын-ала межелеуге әбден болады. Бұл туралы кейінірек, «Жаңа қойылымның дайындық жұмыстары» туралы айтқанда кеңірек тоқталармыз.

Кейбір қойылымға режиссер жылдар бойы, кейде тіпті өмір бойы дайындалуына тура келсе, кейбір қойылымды екі айдың ішінде қоюға мәжбүр боласың. Үйткені, театр – тірі организм. Жаңарулар мен үздіксіз өзгерістер болып тұрмаса тіршілік тынысын тоқтатады. Театрдың тірлігіне дем беретін күре тамыры – жаңа қойылымдар. Режиссердің қоржынында кем дегенде бес-он қойылымның жоспары өзінің сәтті сағатын күтіп жатуы керек.

Атақты Жерар Филипп жарық дүниемен қоштасар сәтінің соққанын біле тұра, Гамлетке дайындалып жатып бақилыққа аттанды емес пе! Өнерге деген адалдықтың, асыл арманның өлімнен де құдыретті екенін дәлелдеп тұрған жоқ па! Режиссердің қойылым туралы арманы таусылған күні режиссер ретінде біткені!..