Мақала / #студентСөзі
Көкше тарихындағы Король Лир
Биылғы маусымда да ұлы Шекспирдің «Король Лир» атты шоқтығы биік туындысын сахнаға шығаруды мұрат тұтып отырмыз
Бөлім: Театр
Датасы: 19.02.2019
Авторы: Әйгерім Дүнгененова
Мақала
Көкше тарихындағы Король Лир
Биылғы маусымда да ұлы Шекспирдің «Король Лир» атты шоқтығы биік туындысын сахнаға шығаруды мұрат тұтып отырмыз
Бөлім: Театр
Датасы: 19.02.2019
Авторы: Әйгерім Дүнгененова
Көкше тарихындағы Король Лир

Қайта өрлеу дәуіріндегі ағылшын театрының биік шыңы болған – Уильям Шекспир. Сонау кезеңдерден өтіп, қазақ сахнасына келіп жеткен Шекспир шығармашылығының бүгінгі күнде орны ерекше. Бір ғана ұлттық театрымызда емес, жалпы әлемдік театр өнерінде классикалық туындыларға ат басын қайта бұрып, бүгінгі күн ыңғайыңа қарай, керемет сахналық әдістермен көркемдік жаңа рең беру арқылы көрермен көкейіне ұялату - дәстүрге айналып отыр. Соңғы жылдары қазақ театрларының ренессанс дәуірінің ұлы драматургы У.Шекспир трагедияларына қайта қол арта бастауын осындай кемелденудің көрінісі деп бағалаймыз. Театртанушы Меруерт Жақсылықова: «Аударма пьесалар, оның ішінде ұлы Шекспир пьесаларын сахналау театр үшін үлкен сын. Шекспир шығармаларын сахналаудан театрдың бүгінгі шығармалышық мүмкіндігі, режиссердің ой-тұжырымы, жинақтаған тәжірибесі мен білімі және актерлердің кәсіби шеберліктері сынға салынады. Классикаға айналған драмалық дүниелерден біздің заманымызға тән үндестік табу, қазіргі көрерменді қызықтырып, өткен күндер оқиғасынан оларға керекті мән-мазмұн іздеу ең басты шарт» [1] - деген ой айтады.

Шекспир туындыларын сахнада тудырған ұлттық режиссурамыздың талабына қошемет көрсетіп, қуаттауға тиіспіз. Атап айтқанда, М. О. Әуезов атындағы театрда А. Пашков қойған «Ричард III» (ауд. Х.Ерғалиев), Қарағандының С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрындағы Ж.Омаров қойған «Макбет» (ауд. Е.Букетов), Қызылорда театрындағы Х.Теміров қойған «Король Лир» (ауд. Ә.Кекілбаев) және республикалық балалар мен жасөспірімдер театрының сахналаған «Гамлет» (қоюшы – Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген өнер қайраткері М.Байсеркенов) спектакльдері – қазақ «шекспирнамасын» толықтыра түскен сахналық туындылар.

Қазақ театры тарихында У. Шекспирдің «Король Лирі» «Гамлетіне» қарағанда театр сахнасына көп қойылмапты. «Король Лирдің» сирек сахналануын театр сыншылары (Ә.Сығай, Б.Құндақбаев, т.б.) ең әуелі аталмыш спектакльдің сюжеттік желісінің күрделілігімен, оқиғаларының қым-қуыт қоюлығымен, диалог, монологтың ұзақтығынан деп түсіндіре келе, бұған бір кездері қоғамдық-әлеуметтік, рухани-моральдық сұраныс та бола қоймаған секілді деген екі ұштылау себептер айтады. Король Лир жайындағы аңыз Шекспирден бұрын көп заманнан бері де проза мен поэзияда талай айтылып келіпті. Бірақ, Шекспир драмасының орны тым бөлек. Қойылым режиссері М.Оспанов: «Театр маусымының біздер үшін жан толқытар сәттерімен ерекшеленеді. Биылғы маусымда да ұлы Шекспирдің «Король Лир» атты шоқтығы биік туындысын сахнаға шығаруды мұрат тұтып отырмыз. Театрдың ішкі мүмкіндігінің елеулі қиындықтарына қарамастан, классикалық дүниеге қол созып отырғанымыз, өз мүмкіндігімізді сынасақ дейміз. Оған театр актерлерінің бүгінгі қалыптасқан қадамы, өзіндік айтары бар қабілет-қарымы жетіп артылар деген үміттемін» - деп өзінің сұхбатында атап өткен [2]. Сонымен, «жығылсаң нардан жығыл» демекші, Көкшетау қазақ театры да Әбіш Кекілбаевтің тәржімалауымен Шекспирдің атақты «Король Лир» драмасын 2001 жылдың 24 шілдесінде жарыққа алып шықты. Қоюшы-режиссері – Мұратбек Оспанов. Қоюшы – суретшісі – Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұрат Мақсұтов. «Драма тек сахнада ғана өмір сүреді. Онсыз ол жаны жоқ тән секілді»[3] деген Гогольдің тамаша сөзі бар. Расында, өлі дүниені өмірге әкелетін сахналық режиссура екендігі сөзсіз. Осы тараптан келгенде көлемі 136 беттік туындыны сахналау оңай емес. Жалпы Шекспир шығармаларының дені – трагедия. Софоклдың «Өнердің басы трагедиядан басталады» деген қағидасын ұстанған біреу болса, ол – Шекспир. Бірақ әр трагедиясының оқиғалық мазмұны, мол идеялық шешімі түрліше болып келеді. Сонымен, Көкшетау театрының «Король Лирі» қандай деңгейде сахналанды? - деген сұраққа келейік. Ол уақыт өтіп, заман өзгерген сайын «күллі адамзаттық ортақ игілікке» (В.Белинский) қызмет ете береді. Ол адам баласына ортақ мұраттарды айтуымен де құнды. Осыдан 4 ғасыр бұрын жазылған туындының бүгінгі күнмен үндесуі неде? Осы тұрғыдан қарағанда режиссураның көздегені, ішкі мазмұндық желісі, тақырыптық ауқымы, характерлік сипаты, кейіпкерлік бет-бейнесі, бүгінгі сіз бен біз өмір сүріп отырған қоғамның өн-бойынан табылатындықтан болар. Осыны режиссер жақсы аңғарған. Лирдің бақытсыздығы мен тағдыры арқылы, бірін–бірі талап жеуге әзір ортаның әлеуметтік сыйқын ашып береді.

Қазақ театр тарихында алғаш рет Король Лирді Қызылорда драма театры тұңғыш сахнаға шығарған болатын. Аталмыш қойылымның өзіне тән жеткен жетістіктерімен қатар, жіберген кемшіліктері туралы мағлұматтар баршылық. «Қызылорда театрының сахнасындағы Король Лирде ұлы драматургтің негізгі идеясы сақталғанымен, қайсыбір тұстарында режиссер Х.Теміровтің жоғалтып алғандары да баршылық, әсіресе, Кент пен Глостерге байланысты оқиғалардың тым қысқарып кетуі қисынсыз-ақ»[4] деп жазады Б.Дәрімбетов. Осындай пікірлерден құлағдар болғандықтан, Көкшетау театры пьесаны күрделі өзгерістермен, қысқартулармен мазаламапты. Оқиғалар желісі, кейіпкерлер ара-қатынасы түгелдей сақталған. Театр актерлері де, қойылым режиссері М.Оспанов та бұл шығармаға үлкен даярлықпен келгенін байқауға болады. Режиссер мен суретші М.Мақсұт бірлесіп, спектакльдің сыртқы бейнесі мен шешімін ұтымды ойластырған. Шекспир заманының қайсыбір сұмдықтарын ішіне түйген келбетін көз алдымызға әкелетін қойылымның бейнелік шешімі ретінде сахнаға шахматтық ретте тізіле ілініп тұрған қылыштар көрсетілген. Трагедия кейіпкерлерінің өмірі қылыштың өткір жүзінде өтіп жатыр деген ойға жетелейтін бұл шешім Шекспир пьесасының өзегінен шыққан. Суретші Шекспир заманының зұлымдығын, сол дәуірдің күрделі атмосферасын көркем бейнелеу тәсілдерімен тамаша жеткізген. Жер шары бейнелес домалақ сфераның «символдық» бейне декорация ретінде алынуы да әр түрлі ойды меңзейді. Ол - бөлінбеген енші мен байлық, көздің құрты қу нәпсі немесе дөңгеленген дүние һәм корольдің басы деген символдармен берілген. Бұл шардың қойылымның басынан аяғына дейін үлкен рөл атқарып тұрғанын айта кету керек. Мәселен, шымылдық ашылғаннан бастап, Лирдің шарды ұстап тұрып айтатын монологы, қойылымның әр кейіпкерлерінің сол шардың айналасынан ұзап кетпей әрекет етулері үлкен пәлсапалық ой тастайды. Спектакль басында бұл шар тіреуіште (подставка) орналасып тұрғанын байқаймыз. Яғни, суретші Король Лирдің жаны орнында, тыныштықта деген ойға жетелейді. Бар байлығын үш қызына бөліп бермекші болған король кіші қызы Корделияның жауабына көңілі толмаған соң бұл шарды ыза мен ашуға берілу арқылы тіреуіштен түсіріп, жерге домалатуы, корольдің еңсесі түсіп, кіші қызынан үміті үзілгенін көрсетеді. Корольдің: «басымдағы тәжімді, алыңдар тең бөліп» - деген сөзін айтқаннан кейін тәжін шешіп, бос сүйемелдің ішіне салуы – корольдің бос әуреге салынып отырғанын болжайды. Сұр түсті шардың орта тұсында шашыраған қан іспеттес қызыл түсті бояумен салынған. Бұл - Шеспир заманының зұлымдығын көрсетсе, бірде Лирдің қанға батқан жаны немесе басы іспеттес деген ойларға жетелейді. Корольдің үш қызы Гонерилья, Регана, Корделия үштігінің мизансценалары осы шардың айналасында өтіп, үшеуінің бір-бірімен айқас диалогтары кезінде шарды бір-біріне қарай жек көрінішпен итеріп домалату арқылы әр қызының ішкі-зарындағы «менен аулақ жүр» деген сөздің жаны бар екенін сездіретіндей. Бұл сахналарда шар сахна радиусы бойынша қойылған мизансценалар арқылы домалайды. Аталмыш шешім лирдің жаны тіреусіз қалған, қауіп-қатер, қасіретке толы деген ойды аша отырып, «жақын адамдары оның жанын ойыншық көріп жүр» дегенді түсіндіреді. Осы сахналардағы атмосфера көрермен жүрегін тебірентпей қоймасы айдан анық. Әсіресе Лирдің жан дүниесіндегі арпалысты көрсететін көріністегі найзағай оттары мен дауыл әдемі үйлесім тапқан. Қойылым финалында Шардың жоғары қарай көтерілуі Лирдің жан тәсілім еткенін түсіндіреді.

Суретші заман тынысын жеткізуде ұтымды шешімге қадам жасаған. Қазақ сценографиясының бастауында тұрған талантты театр суретшісі Мұрат Мақсұт ізденістері осындай астарлы ойлылығымен қымбат.

Қойылым әуені де Шекспир заманының зұлымдығын көрсету мақсатында ұтымды таңдалған. Спектакль шымылдығы ашылғаннан бастап бір аса жағымсыз ащы дыбыс көрермен бойына қорқыныш пен үрей шақырып, оқиға атмосферасын аша түседі. Спектакльдегі кейбір сахналарда осы әуен ойналып, қазір бір қауіп-қатер төнеді деген рефлекс сезімін тудырады. Аталмыш әуен көрерменді оқиға желісіне одан әрі беріліп, қойылымның маңызды тұстарын жіберіп алмауларына үлкен ықпал көрсетті, әрі көмекші құрал бола алды.

Аталмыш спектакльдегі күллі қақтығыстар мен оны туғызатын оқиғалар қазір біздің де айналамызда болып жатыр. Ізгілік пен зұлымдық, бірбеткейлік пен екіжүзділік, сараңдық пен сатқындық тәрізді алма-кезек айқасқа түсе беретін бітіспес күштердің өзара айқасы бүгінде өмір сахнасында берік тұр. «Қартайдым» деп бар иелігін үш қызына бөліп бермекші болған аңғал король әзәзілдің сөзіне еріп адал перзенті – кіші қызы Корделияға қарғыс батасын беріп, жасау-жабдықсыз Францияға аттандырады.

Даңғой королдің ендігі тағдыры екі қызы Гонерилья – (Ж. Құсайынова) мен Регана – (Г. Жакилина), Корнуэль герцогының (Е. Мұстанов) және граф Глостердің (Қ.Қалқатаев) некесіз ұлы Эдмундтың (Е. Дүнгененов) төңірегінде айналады. Осы адамдардың бойындағы жыртқыш мінезден король ғана емес оның кіші қызы-Корделия (А.Жүнісова), Кент-(Т.Көңбайұлы), Эдгар (Ж.Қалдаров), Альбан Герцогі (Б.Иманғазиев), сайқымазақ (С.Шаймерденов), Глостер (Қ.Қалқатаев), сарай қызметшісі Освальд (Б.Ерсін) секілді адал жандар қаншама азап шегіп, жазықсыз опат болады. Альбан герцогінің «Опасызға – көр азап пен тауқымет» деген сөздері соңғы үкім тәрізді. Спектакль қым-қуыт оқиғалардың ширығуымен үдей отырып өзінің кульминациясына да жетеді. Азап пен қорлықтың мазағына айналған, бір жағы өзінің ақылсыздығынан болып, барынан айырылған Лир ақыры жан тәсілім етеді. Бақ қайда, дүрілдеген баяғы атақ қайда? Бәрі жалған. «Опасыздық жүрген жерде оңған өмір болмайды» деген ой айтады. Екі жарым сағатқа созылған қойылымның үзіліссіз жүруі де оның ішкі динамикасынан туындап жатыр. Сәт сайын үдей түсетін драмалық қақтығыстарды, әртүрлі характерлердің іс-әрекетін үзіп алуға болмайтын тәрізді. Бұл жөнінен режиссура дұрыс шешімге келген. Актерлердің пластикасы кәсіби талапқа сай игерілген. Сөз саптаулары, дауыс интонациялары әртүрлі болғанымен, қатаң талапқа негізделген бірізділікті аңғартады.

Лирді ойнаған Қайрат Мырзаболатов өз кейіпкерінің болмысындағы кезеңдік өзгерістердің (есінен адасатын тұсына дейін және есінен алжасқаннан кейін) арасын нақтылы бедерлей білген. Бірақ әлі де болса мәтінді ішке түсіріп, жаттандылықтан арылып, ширыға әрекет ету керек. Дегенмен, актер Қайрат тез ашуланшақ келетін король бейнесіндегі аңғалдық пен ақымақтықтың кілтін жақсы таба білген. Оның спектакльдің алғашқы сахнасынан-ақ байқауға болады. Мәселен, корольдің екі үлкен қыздарының жағымпаздықтары мен жалған мақтауларына сеніп, кіші қызының шынайы махаббатын түсінбеген кездегі актердің декорация рөлін ойнап тұрған шарды тіреуіштен астан-кестенңін шығарып домалатып, барып қызына қарғыс батасын жаудырғанынан білеміз. Яғни, патша ашуға ерік берген. Мұны актер Қайрат дөп басып түсінгеніне еш күмән келтірмейміз.

Алайда ақ өлеңмен құрылған терең пәлсапалық жағдайларды беретін ұзақ монологтарды ойға тоқып, оны жеткізе білу оңай емес. Осы жағынан алып қарағанда әттеген-айлар да болды. Спектакльге қатысатын кейбір актерлік құрам асқан шеберлікпен ерекшелене қоймаған. Көбінесе кейіпкерлердің сыртқы түр-тұлғасына зейін қойып, олардың жан-дүниесіне терең үңілуді жөн көрмеген. Сөз бен әрекеттердің үйлесімін тауып, мінез ашу жағынан діттеген межеге жетпей жатты. Мысалға, Т.Көңбайдың Кенті, Б.Иманғазиновтың Альбан герцогында қазақи қалып, ұлттық канон байқалатыны аңғарылып, ең бастысы әрекеттің жетіспеушілігімен түсіндірер едік. Жалпы, актер техникасы элементерінің шоғыры – әрекет арқылы тәрбиелеуді үлгі тұтады. «Сахналық әрекет» деген түсінікке Н.П.Хмелевтің мынадай анықтаманы алсақ:

2. Н.П.Хмелевтің әрекет туралы анықтамасы: «Мұнда, актер әрекеті деп, тек ишарат пен белсенді мизансценаны ғана емес, сонымен бірге әрекетті тудыратын ойды, серіктесімен қарым-қатынасын, қоршаған ортаға шынайы реакциясын және т.б. айтады. Басқа сөзбен айтқанда сахнада әрекет ету дегеніміз, ойлай білу және кейіпкердің өмірімен шынайы өмір сүре білу» [3].

Байқасақ, осы айтылғандардың барлығы күрделі болып көрінеді. Бірақ, қалай болғанда да, актерге әрекетті анықтау, әрекет тізбегін ашу қажет. Себебі, актер өнерінің материалы, негізі – өзінің әрекеті деген қорытындыға келеміз.

Жалпы актерлердің осы драмаға жан-жақты дайындықпен келіп, үлкен жауапкершілікті сезініп, шығармашылық мүмкіндіктерін барынша пайдаланғандары аңғарылады. Әсіресе, бөле жара, Лирдің үш қызы (Гонерилия) – Ж.Құсайынова, Регана – (Г.Жакилина), және Корделия – (А.Жүнісова) кейіпкерлерінің бір-бірімен байланыс линиялары, әрекеттері, мизансценалары мен олардың бір-біріне деген көзқарастарынан актрисалардың аталмыш рөлдерге үлкен жауапкершілікпен келгендерін байқадық. Лирдің Корделия атты ең кіші қызының киімі де Регана мен Гонерилиядан өзгешеленіп, ақ түсті болуы да, оның әкесінің алдында пәктігі мен адалдығына толық дәлел бола отырып, сахналық костюм жағынан да ұтымды шешім деп қабылдауға толық негіз бар. Бұл шешімнің де мағынасы өте астарлы. Корделияның: «Мен сізді жақсы көремін. Қарызым талап еткендей, не көп емес, не аз да емес» - деген сөзі оның әкесіне деген махаббаты мен құрметінің соншалықты жоғары екендігін, өз сезімін көптің көзінше көрсеткісі келмейтіні арқылы түсіндіреді. Корделияның Регана-Гонерилья жұбынан өзгешелігі – оның тек әділдік пен адалдық заңын алға тартатын жан екенін меңзей отырып, оның қойылым соңында ақыры о дүниелік болатынын (аруақ) да аңғартады. Осы жағынан актриса А.Жүнісова кейіпкері Корделияның жан тазалығы мен адалдығын өте нанымды жеткізе білген. Актриса өзінің дауыс тембрі мен келісті фактурасы арқылы да көрерменді өзіне еріксіз баурайды.

Ал, Гонерилья мен Регананың киімдерінің қара түсті болуы олардың анығында дүниеқоңыз, екіжүзділіктерін, байлық үшін әкесінің жанын беруге даяр тұрған жандардың бейнесін көз алдымызға әкеліп тұр. Лир мен Корделиядан кейінгі тұрған Шекспир кейіпкерлерінің негізгі жұбы – Гонерилья мен Регана атты үлкен қыздары. Олар спектакль барысында үнемі бірге пайда болып, жағымсыз әрекеттері арқылы адамның ығырына тиіп отырады. Олардың ойлары мен көзқарастары өте жақын. Екеуінің бір-бірін жақсы түсінетінін және сіңлілері Корделия мен әкелері Лирді жек көретіндерін Ж.Құсайынованың орындауындағы Гонерилья Реганаға: «Егер ол мұнда тұрғысы келмесе, саған барсын, Регана! Екеуміздің ойымыз бір жерден тоғысатынына сенімдімін. Қу қарт! Билікті бөліп берем дегенімен, барлығын өзінің қол астына алмақшы. Біліп жүрсін, екеумізге бұйрықтың жақпайтынын» - деген сөзінен-ақ түсінуге болады. Осылайша, аталмыш жағымсыз жұптың жағымды жұпқа қарсы тұрғанын байқаймыз. Актриса кейіпкерінің психологиясын жете түсінген, ойыны жанға иланымды әрі нанымды көрінді. Регана мен Гонерилья бейнелері ашып көрсеткен басты мәселе – балалардың ата-аналарына деген ризашылығы мен құртметтерінің жойылуы деген ойға жетелейді. «Зұлымдық күштері» деп жазады Д. Стеффер, «Король Лирде үлкен масштабқа ие болады және екі түрлі зұлымдық түрлерін ұсынады: бірі Регана мен Гонерилья ұсынған хайуандық, енді бірі Эдмунд ұсынған теориялық тұрғыда негізделген атеизм. Және бұл екеуін араластыру мүлдем мүмкін емес».

Эдмунд (Е.Дүнгененов) – граф Глостердің некесіз ұлы. Оқиғаның басынан бастап оның жағымсыз кейіпкер екенін байқау қиын емес. Ол Глостердің ұлы Эдгар екеуінің арасына от салып, жанжалдастырады. Кейін Глостерді Корнуэль герцогына тапсыру арқылы сатқындық жасайды. Оған қоса, Альбан герцогына қарсы өсек таратып, Регана мен Гонерильяға бірдей сезімін білдіреді. Және де, Корделияны өлтіру туралы бұйрықты оның өзіне-өзі қол жұмсағандай етіп жасауы сынды Эдмунд қылмыстарының тізбегін актер Е.Дүнгененов нақтылы бедерлей білген. Оның көңіл-күй өзгерістері, кейіпкерінің даму эволюциялары шындыққа үйлеседі десек артық болмас.

Көкшетаудағы белгілі журналист Сағымбала Сүлейменқызы 2001 жылғы «Ақ желкен» газетінің 10 санында «Шахмет Құсайынов атындағы театр» атты мақаласында актерлердің еңбектері жайлы өз ойын былай жеткізген: «Король Лир» - театрдың бес жылдық жұмысының қорытынды емтиханы сынды. Жас өнер ордасының бес жыл бойғы ізденісінің, еңбегінің шеберлік деңгейінің бағасы осы спекатакль арқылы берілмек. Бас рөлді ойнау жас актер Қайрат Мырзаболатовқа жүктеліп отыр. Сөз реті келгенде Қайрат турасында баса айта кету абзал. Қайрат жүре шеберлігі танылып, аяқ асты ашылған актер. Оның ойнауындағы Қарабай бейнесі ешкімге, ешқандай театрдың қолтаңбасына ұқсамайды. Қайрат ешкімді қайталамайтын актер екенін танытып қалды» - деп жазды журналист Сағымбала Сүлейменқызы[6].

Лир бейнесіндегі Қ.Мырзаболатовтың қаталдығы мен қатар жүрген аңқаулығы, кейіпкер Глостерді ойнатқан Қ.Қалқатаев, Сайқымазақ кейпіндегі С.Шәймерденов актерлік шеберліктерін атасақ артық болмас. Себебі, олар өз рөлдерінің оқиға шиеленісінен бастап, қақтығыс (конфликт), шешімге дейінгі аралықты қамтитын көңіл-күй өзгерістері мен кейіпкердің өсу эволюциясын қатаң ұстайтындары аңғарылады.

2000 жылдары Шекспирдің шырқау шыңына сәтті қадам басқан актерлердің алар асулары алда. Қай театр болмасын бүгінгі заманның өзекті тақырыбын қозғайтын шығармаларды сахнадан көрсетуді көздейді. Шекспирдің барлық шығармалары бүгінгі күннің мәселесін көтеріп, халыққа бір ой салары даусыз. Осындай қазынамыздан айырылмас үшін театрдың шынайы жанашыры болып, өнердің алға басуына өз үлесімізді қосып, келешек ұрпаққа мирас етіп қалдыру біздің қолымызда.

Қолданылған материалдар:

  1. Омаров Т.И «Әрекет – сахна өнерінің негізі»
  2. Б.Е.Захава «Мастерство актера и режиссера»
  3. Н.Горчаков «Режиссерские уроки Станиславского»
  4. В.А.Орлов «Творческое наследие»
  5. К.С.Станиславский «Работа актера над собой»
  6. Хұсайынов Шахмет. Алтын қалам (Төл туындылары). Қаламдастар көзімен (Ой-пікірлер). Көзкөргендер сөздері (Замандастарының естеліктері). Алматы: «Арыс» баспасы, 2005. – 352.