Қоғам қайраткері, халық жанашыры Темірбек Қараұлы Жүргеновтың 120 жылдығына арналған Орта Азия және Қазақстан театрларының VІІ фестивалі жер жәннаті Жетісудың бас қаласы Талдықорғанда дүбірлетіп өтті. Облыс әкімі Амандық Баталовтың сындарлы саясаты мен өнерге деген жанашырлығының арқасында Бикен Римова атындағы Алматы облыстық драма театры классикалық үлгіде жабдықталған жаңа ғимаратқа ие болды. 30 қазан – 6 қараша аралығына жоспарланған мереке қала халқының көңіліне шуақ шашып, күздің қара суығын бір сейілткен «құс қанатындай» әсер етті. Тәуелсіз таңымыз атқалы ширек ғасыр аралығында театрға деген көзқарас ерекше. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев 2000 жылды «Өнер жылы» деп атап, игі істер атқарылғаны тарихтан мәлім. 18 жылға жалғасқан игі бастама биыл Алматы облысының орталығында өз жалғасын тапты. Фестивальмен тұспа-тұс ашылған жаңа ғимарат театр ұжымын ынталандырып, жаңа шығармашылық белестерге жетелері сөзсіз. Фестивальдердің көптеп орнауы алдымен театр қойылымдарының сапасын арттыруға үлкен септігін тигізері анық. Сонымен қоса, көрермен талғамының жоғарылауына аса зор үлесін қоспақ. Қазақстан театрларымен қатар, өзге мемлекеттерден келген өнер майталмандарының ойынына куә болу шаһар тұрғындарның бағына туған күн. Сирек орнайтын мерекені ескі және жаңа театр ғимараттарында өткізді. Өнер сүйер қауым 11 спектакльдің барлығында да залды лық толтырып тамашалады. Соның ішінде ерекше әсер сыйлаған қойылым Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық драма театрының «Нарком Жүргенов» трагедиясы.
Премьерасы 2016 жылы өткен спектакль Сыр елінің орталық қаласы Қызылордада сәтті жүріп келеді. Фестивальді ұлы тұлғанының есімімен байланыстырып өткерген соң танымдық-қойылымның орын алуы қажетті шығар. Есімі алты алашқа әйгілі жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаев пьесаның авторы. Сахналаған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Хусейн Әмір-Темір. Қойылым тарихи оқиғаға сүйене отырып жазылғанымен көркем шығармаға ауысқан. Сахнадағы прототиптер қазақ тарихында алтын әріппен жазылған тұлғалар қатарында. Спектакльдегі оқиғалар легі көркемдік аллегория мен гротескке бой алдырған. Деректі қойылым қатарына осы есептен жатқыза алмаймыз. Сахнаға тарихи оқиғалардың ең әсерлі тұстарын жиып, тізбектеп қойып бір көркем шығарманы өмірге алып келгендей.
Фестивальдің әділ қазылар алқасының мүшесі театртанушы, өнертану докторы Анар Еркебай қатысушы театрлармен өткен талқылауда «Біз (қазақ халқы) тарихи қойылымдарды аса жақсы көреміз»,-деп Орта Азия мемлекеттерінен келген қонақтарға халықымызды таныстыра айтып кетті. Расында, 500 орындықты жаңа залда ине шаншыр орын болмай біразы есіктің аузына тығылыса тұрып 1 сағат 30 минут алған демін ішіне тартып көрді. Тарихқа шөліркеу себебіміз біршама өзгерістерге ұшыраған және қолдан жасаған жалған тарихтың ақ-қарасын енді ажыратып келеміз. Қойылымда хронологиялық шындық аз. Сол себептен де, көрермен қойылымның әсерінен шығып, шын әрі төл тарихымызға үңілсе екен деген тілектеміз. Режиссердің шырғалаң сәтте бұрмалауға түскен тарихымыздың ара жігін ажыратуға қосқан қасықтай үлесі деп білеміз. Спектакльде Нарком Жүргеновтен бөлек, 1936 жылы 17-27 мамыр аралығында өткен Мәскеу қаласындағы Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіне дайындалушы өнерпаздардың есімдері аталды. Шығарманың деңгейін жақсы бағалағынымен, заманауи шешімдерінің жоқ екені бірден көрініп тұр. Яғни, классикалық үлгідегідей оқиға өтетін уақыт пен заманға сай костюм және декорациялар қою бұрынғы стиль екені жаңа дәуір театр өкіліне аса мәлім. Сыр өңірінен өзге сахнаға шығарудағы басты идея Темірбек Қараұлының арқасында кәсіби білім алып, қазақ халқына еңбек еткен тұлғаларды өскелең ұрпақтың есіне салу. Тарихына қызықпаған баланың болашаққа асыққанынан сескенген өнер ағалардың терең ойлануынан туған қойылым іспетті. Сол себептен де аталмыш шығарма «Нарком Жүргенов» көп жағдайда «көрермен үшін» қойылған спектакльге келетін сыңайлы. Сол арқылы «Бес арыс», «Үш бәйтерек» атанған ұлт жанашырларындай бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу. Яғни, тәрбиелік мәні терең көрермендерге аса қажетті қойылым. «Бір кем дүние» демекші, қойылым да кемшіліксіз болмасы анық. Өрескел қате, я болмаса орны толмас қайғы деп айтудан сақпыз. Дейтұрғанымен, М.Әуезов Абайды асқақтату үшін Құнанбайды кішірейткен. Сол секілді, «Нарком Жүргеновтың» шексіз жақсылығын әсерлі жырлау үшін өзге өнерпаздар эпизодтық бейнеде сахнада жылт етті де жоқ болды. Расында, кейіпкерлердің қай-қайсысы да жеке бір пьесаға лайық.
Темірбек Қараұлы Жүргеновтың негізгі мамандығы заңгер болған. Қазақ даласында бірнеше институттар мен техникумдар, мыңдаған мектептердің ашылуы ұлы азамат Темірбектің арқасы еді. Қазақ білімі мен ғылымы, өнері мен мәдениетін қалыптастырып, көрген бұлағының көзін ашқан тұлға. Ал, эпизодтық бейнеге түскен кейіпкерлер қазақ өнеріне «алтын ғасыр» өкілдеріне айналған жандар.
Қорыта келе, қойылым фестиваль мен заманауи үлгінің шекарасынан тыс болғанымен рухани маңызы үстемді. Алдағы уақытты өзіміздің жанымызға жақын тарихи пьесаларды заманауи үлгіге түсіріп, театр өнерін өз заманымызға қалыптастыра бастаса екен. Жанарында жалыны бар, жүрегі елім деп соққан талантты жастардың қолындағы іске қазірден қамдану қажет. Қойылым көптеген адамдарға, өнерге ғашық жандарға қанат сыйлағанына кәміл сенімдіміз. Ендеше, игі істің бірі негізгі мақсатын сәтті атқарды.