Мақала / #студентСөзі
Әсет Есжанның бейне сомдаудағы ерекшелігі
Оның сахнада ұжыммен байланыса жұмыс жасауы өз ролін жақсы алып шығуына ықпалын тигізген. Сахнада әрқашан әрекет үстінде жүретінін байқаймыз. Жай қарап немесе состыйып тұру Әсет Есжанға тән емес. Топ ішінен өзін көрсете білетін қабілеті бар
Бөлім: Театр
Датасы: 20.11.2017
Авторы: Ұлжан Құрманбай
Мақала
Әсет Есжанның бейне сомдаудағы ерекшелігі
Оның сахнада ұжыммен байланыса жұмыс жасауы өз ролін жақсы алып шығуына ықпалын тигізген. Сахнада әрқашан әрекет үстінде жүретінін байқаймыз. Жай қарап немесе состыйып тұру Әсет Есжанға тән емес. Топ ішінен өзін көрсете білетін қабілеті бар
Бөлім: Театр
Датасы: 20.11.2017
Авторы: Ұлжан Құрманбай
Әсет Есжанның бейне сомдаудағы ерекшелігі

Қазіргі таңда театр өнерінің дамуына ат салысып жүрген жас актерлердің бірі – Әсет Есжан. Сегіз қырлы, бір сырлы жігіт бала кезінен-ақ өнерге жақын болып өседі. Жастайынан халықтың жүрегін әсем әнге бөлеп, көңілін тербейтін әнші болуды арман еткен. Шалғайдағы ауыл баласының бұл арманы, өсе келе, оң-солын танып білген соң, актерлік өнермен, киелі театр сахнасымен ұштасады. Болам деген баланың белін буып, биікке самғауына белгілі актер Шаяхмет Имашұлы әсер еткен. Мектепте жүрген сәтінен сегіз қырлы, бір сырлылығымен көзге түскен Әсетке ұстазы Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨ колледжіне оқуға түсуге нұсқау береді.

Колледжде талантты ұстаз – Есім Сегізбаевтен дәріс алса, 2008 жылы Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ өнер академиясына түсіп, Т.Жаманқұловтың шәкірті атанған. Білімі мен білігі келіскен актер оқуды тәмамдаған соң Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры сахнасында өнер көрсете бастады.

Театрда 5 жылға жуық қызмет істеп келе жатқан актердің, ауыз толтырып айтар ролі көп. М.Мақатаевтың «Мен ұмытылмаймынында...» – жігіт, Г.Хугаевтің «Қара шекпенінде» – шопан, У.Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасында» – Меркуцио, Т.Ахтановтың «Антында» – Бөкенбай, С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісінде» – Хаким, Д.Исабековтің «Құстар фестивалінде» – Көң қарға ролінде көрінсе, балаларға арналған В.Ливановтың «Бремен музыканттарында» – Трубадур, С.Балғабаевтың «Ең алғашқы жаңа жылында» – Мультик, Р.Киплингтің «Мауглиінде» – Шерханды сомдап, өнер өлкесіндегі өзіндік ерекшелігі бар актер екендігін дәлелдеп келеді.

Актердің бірден бір табысты ролі Г.Хугаевтің «Қара шекпеніндегі» – шопан. Жан-жануарларға адам мінезін салып, кейде хайуандардан да төмен дәрежеге түсіп бара жатқанымызды айқын көрсететін спектакль. Берері мол, ойы терең қойылымда жалғыз ғана адам бейнесі бар. Ол – шопан. Ә.Есжан сомдаған кейіпкер қойылым басында және соңында бой көрсетеді. Оқиғаның шешімін қабылдау осы кейіпкердің үлесіне тиген. Актер алғашқы сахнасында, малдарын өріске жайған қарапайым адам болып шығады. Оқиға жалғасы оның жануарларға деген титтей де аяныш сезімінің жоқтығын көрсеткен. Пайда қуған малшыны есекке тонналап артқан жүгінен білуге болады. Тек жүгін артып қоймай, оны ұрып-соғуы тағы бар. Бұл сахнадағы Ә.Есжан сомдаған шопан бейнесі ызақор, қанағатсыз мінезімен көрінеді. Актердің бұл кейіпкерді сомдаудағы ерекшелігі, оның ызақорлық пен қанағатсыздықтың ушықпаған үлгісін, бастапқы кезеңін көрсете білуі. Кейіпкерден күйбең тіршілікке берілген, қалтасын толтыруға асығатын бейнені анық аңғарамыз.

Шопан қаптаған жан-жануар ішінен Тұзар атты итке қатты көңіл бөледі. Олардың арасындағы достық сезім ертеден қалыптасқан иттің адамға деген адалдығынан туған. Иесіне адал Тұзар ролін сомдаған актер Данияр Базарқұлов. Актерлер арасында өзара түсінісу, көзбен ұғынысулары қимылдарының көркем шығуына әсер етті. Тұзардың сахнаға атып шығып, иесіне тізерлеп, қолын шопанның кеудесіне шынайы да жарасымды басуы сол көркемдіктің дәлелі.

Достық үлгісін көрсеткен актер екінші сахнада өзгеше кейіпте көрінеді. Қабағы қатуланып, арсыздықтың ушыққан түрін кескіндеген. Қыстай шекпенін күзетіп, азып-тозған Тұзарды көргенде актердің тез түрленуіне тура келеді. Сахнаға кіріп келіп Тұзарды кездестіргендегі қуанышы мен шекпенін көргендегі қуанышы екі бөлек. Осы тұста шопан адамның пендешілік қасиеті көзге бірден ілігеді. Адал досы иттен қайдағы бір шекпенді артық бағалауы кейіпкердің мінезін толықтай аша түседі. Актер Тұзарға аяушылықпен, жиіркенішпен қараған сезімін жеткізе білген. Итінің ешнәрсеге жарамсыз кейпін көрген иесі қолындағы қаруымен, оны өлтіруге оқталып барғанын, оған айтқан сөздерін естіп, иесіне еш қарсылықсыз бейшара халде тұрған итті көріп, қыл көпірдің үстінде тұрғандай сезімде боласың. Актер оны жай ғана ата салған жоқ, барлық қорқыныш сезімдерді беріп, өз монологымен достық пен пайда жағын таразыға салып барып атады. Өз ролін нанымды сомдай білген актердің арқасында үстіңнен мұздай су құйып жібергендей сезімде боп, «расымен атты ма?» - деп шопанды кінәлайсың. Көрермен секілді шопанның өзі де «расымен аттым ба?» - деген сезімді бастан кешіріп тұрғаны сахнадан анық көрінеді. Актердің ойлы кейпі мен аяғындағы діріл осыны аңғартады. Актер толықтай өз кейіпкерінің ішкі болмысына еніп, көрерменге шынайы жеткізе білген.

Асхат Маемиров қойған бұл спектакль халықаралық деңгейде көптеген жетістіктерге жеткен. Драматургиясы мен режиссурасы, костюмі мен актерлік құрамы ұштасқан, жоғары деңгейдегі спектакльде Шопан ролі де сәтті шыққан бейнелердің бірі болды.

Әрқашан ізденісте жүретін Ә.Есжан үшін талант, талап, еңбек басты қасиеттер болып саналады. Ол бір сұхбатында бір ролін екінші роліне ұқсатпауға тырысатынын, сол үшін де әрқашан өзін-өзі жетілдіріп отыратынын айтады. Бұл сөзінің дәлелі деп, У.Шекспирдің әлемге әйгілі ғашықтары «Ромео мен Джульеттасындағы» – Меркуционы айтамыз. Мүлдем басқа кейіпкер, басқа тіршілік, басқа өмір. Актер бұл спектакльде өз ролін жасауда басқа Меркуциолардан ерекшеленеді. Трагедияға ерекше бір комедиялық сәттер берген. Оны көргенде, көрерменнің езуі жиылмайды. Тіпті, көрермендер Меркуционы дәл осындай көңілді кейіпте есте сақтап қалды. Спектакльде ішіп алып, көңіл көтеріп жүретін кейіпкер болғанына қарамастан достарына адал. Меркуцио бейнесін актер түрлі дауыспен, түрлі қимылмен ойнап шықты. Есалаң адамдай кейде «Бә-Бә-Бә» - деп айқайласа, ебедейсіз жүрісі сол қылықтарына әр беріп тұрғандай болады. Ол жай ғана сайқымазақты сомдамайды, сол сайқымазағының астарында қазіргі заманның маскүнемін де көрсетеді. Актер бұл ролін де үлкен жауапкершілікпен, сезіммен ойнап шыққан. Өзін еркін ұстап, кейде киелі сахнаға жарасымды еркелей де білген.

Қойылымда Ә.Есжан үшін физикалық әрекеттер де көп болады. Көңілді маскүнемді, ашулы да батыр досты орындау үшін қаншама кейіпке ену керек?! Ромеоны қағытпа қалжыңдарымен қағытып өтсе, әрқашан Бенволиомен бірге жүріп, серілік құрса, Тибальтпен нағыз ағылшындарша күресуі өз үйлесімділігін тауып, сендіре алған. Оның сахнада ұжыммен байланыса жұмыс жасауы өз ролін жақсы алып шығуына ықпалын тигізген. Сахнада әрқашан әрекет үстінде жүретінін байқаймыз. Жай қарап немесе состыйып тұру Ә.Есжанға тән емес. Топ ішінен өзін көрсете білетін қабілеті бар. Актер өзіне берілген осындай күрделі рольдің үдесінен шығып, өз шеберлігімен, жаңа бейнесімен көрермен жүрегіне жол таба білді.

Оқиға кейіпкерінің жақсы тұстарынан тек адал дос, батыр жігіт ретінде танимыз. Оның бас қаһарманды «Роме-ө-ө-ө» - деп еркелеп, қалжыңдасып шақыратын кезеңдері көптің есінде қалды. Осындай бір ғана әрекетімен көрермен есінде сақталу талайлардың қолынан келе бермесі анық. Бір жағынан дәл осы сахнадағы еркіндігі арқылы, Меркуционың Ромеомен арасындағы байланысты, кейіпкердің маңыздылығын көрсетеді.

Актер өз ролін жоғарғы деңгейде алып шықты, дегенмен, кемшіліктер де жоқ емес. Сахнада асыра сілтеушілік те орын алды. Меркуционың қойылым ортасында дәрет сындыруы еш негізсіз болған. Бұл біріншіден сахна мәдениетіне жатпайды десек, екіншіден сол сәтті алып тастасаң да ештеңе өзгермейді. Бұдан режиссердің бұл бейнеге барынша комедиялық бояуларды қосуға тырысқанын көреміз. Алайда, Меркуционың дәрежесі жайында ұмыт қалдырған секілді. Веронаның белді мырзаларының тектілігін жоққа шығарған. Жай ғана маскүнем ретінде көрсеткен жоқ, онымен қоса мәдениетсіз екендігін де көрсеткен.

Жұлдызбек Жұманбай қойған «Бір сен үшін тудым» (Ромео мен Джульетта) спектаклінде Меркуционың алар орны ерекше. Трагедияға комедия қосатын, спектакльге жаңаша өң беретін сәттің көбісін Ә.Есжан ойнайды. Ол әрбір сомдаған ролінде өзінің таланты мен шеберлігін дәлелдеп келеді десек, артық айтқанымыз емес.

Нағыз актер барлық рольді алып шыға алуы тиіс. Бір ролін екінші роліне ұқсатпай, қимыл-қозғалысын, сөз саптауын қайталамаса ол нағыз өнерпаз, ол нағыз талант. Жас та болса, өзіндік ерекшелігімен көрініп жүрген актердің нағыз нар тұлғалы, кескін келбетті, әсем де құбылмалы дауысты, өнерлі, бесаспап екенін кез келген ойынынан көруге болады. Ә.Есжанның тағы да бір қайталанбас рольдерінің бірі – режиссер Ж.Жұманбайдың ашық аспан астында қойылған «Базарың тарқамасын» спектакліндегі әнші Естайдың ролі. Барлығы құрмет тұтатын сал-серілерді ортаға алып, салт-дәстүр мен татулықты көрсететін қойылымда актер топ жарып құйқылжыта ән шырқайды. Домбырасын қолына алып, ән айтқанда актердің өзіндік ерекше дауысын байқайсың. Басқа да әйгілі өнер саңлақтары атанған әншілермен ойын-сауық құрғанда сол бір Қоянды жәрмеңкесіне тап болғандай сезімге кенелесің.

Спектакльде әрбір кейіпкер өзінше дараланады. Барлық өнер саңлақтары ішінен Майра мен Естайдың махаббатына ден қойылған. Кіршіксіз таза сезім үшін күресетін кейіпкерлерді көрсетеді. Актер, махаббатына тұсау үлкен жанжалға кесек сөзбен жауап қататын әншінің ірі тұлғасын бейнелеген. Ә.Есжанның дауыс ерекшелігіне байланысты өз кейіпкерін толықтай аша алды дей аламыз. Оған Естайдың «Қорланын» айтып халықты бірден өзіне қаратқаны дәлел. Оның сахнадағы еркіндігі, өз бейнесіне енуі халықты шын сендіре отырып, қуанта білді.

Ә.Есжан сахнадағы әрбір сәтті, орынды пайдалана біледі. Кідірістің(пауза), әр бөліктің(деталь), әрекеттің қай сәтте болуы керек екенін әрқашан дөп басады. Мысалы, жоғарыда айтылған шопан ролін сомдауда кідірістер мен бөліктерді сақтау арқылы бейне жасауда өз ерекшелігін көрсетеді. Дұрыс кідіріс көрерменнің сол бірнеше секундта өзіне сұрақ қоюына, қобалжуына, ойлануына мұрсат береді. Ал Меркуцио ролінде әрекет арқылы шынайы сезім тудыра алған. Кейіпкерге ену үшін актер өте көп қозғалыста болады. Сол әрекет кейіпкерді сәтті әрі ерекшелендіріп алып шығуына көмектескен. Тек талантты актер емес, әнші де. Жалпы, актер әнші де, биші де бола білуі тиіс. Бірақ, көркем дауыс барлығына бірдей бұйыра бермейтіні хақ. Ә.Есжан дәл осы дауыс ерекшелігімен Естай болып, сахна төрінде ән шырқағаны мәңгіге есте сақталады.

Актер болу үшін түрлене білу керек. Түрлену үшін талап пен еңбек болуы қажет. Сонда ғана бір қойылым екіншісіне ұқсамай, таптаурындылық жойылады. Оған қарапайым мысал Ә.Есжанның бір-біріне ұқсамас үш ролі. Бүгінде талабы мен таланты келіскен актер өзінің ролдерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді.

Сізге қызық болуы мүмкін:
Кино – бұл өмірдің көзі
Кино Кино – бұл өмірдің көзі
02.11.2017
#студентСөзі