Жуықта театр басшылығының бастамасымен «Сыншылар апталығы» өткізілді. Өскеменге Алматыдан арнайы барған театр сыншыларының назарына ұжым тоғыз спектакль көрсетіп, қазіргі таңдағы шығармашылық ахуалын байқатты.
Апталықтың алғашқы көрсетілімі бүгінде тұрақты көрермені қалыптасқан, қаланың мәдени өмірінде ойып орын алатын сексен бес жылдық тарихы бар Шығыс Қазақстан облыстық орыс театрының Н.В.Гогольдің «Үйлену» комедиясымен басталды. Қазақстан сахналарында жиі қойылатын бұл классикалық туындыны театр бірінші рет қойып отырған жоқ. Қай уақытта да өзектілігін жоймайтын шығармадан әр буын өкілдері өзіне қажеттісін алары сөзсіз.
Шымылдық жабулы. Көрермендер арасынан қолына шам ұстаған, басында қалпақ, үстінде ұзын халаты бар Подколесин (актер С.Астраханцев) шықты. Түнгі ұйқысы бұзылған ол керіліп-созылып, есінеп-құсынап, өзімен-өзі сөйлей жүріп сахнаға қарай беттейді. Подколесин-С.Астраханцев үйленудің, отбасын құрудың қиындығы жайындағы ойларымен залда отырған көрермендермен емін-еркін бөлісіп, тығыз байланыс түзеді. Спектакльдің қоюшы-режиссері А.Воронин комедияның алғашқы сахнасынан бастап-ақ шығармаға бүгінгілік астар беруге тырысқан.
Режиссер автор сөзін қысқартпағанымен, оның сахналық оқылымына айтарлықтай жаңалық енгізе алмағаны өкінішті. Пьесадағы өзекті ойлар режиссер тарапынан епкін берілмегендіктен қарабайыр, көп сөздің қатарында қалып, спектакль әдеби нұсқаны иллюстрациялаумен шектелгендіктен актерлік ойын мәнері де сол төңіректен аса алмаған. Спектакльге қатысушылар барын салып өнер көрсетіп жүргенімен, көптеген бейнелердің қиысынды дамуы көрінбейді. Мәселен, Яичница (актер В.Муравицкий), Жевакин (М.Горбанев), Анучкин (актер С.Пятов) бейнелері бір-біріне ұқсас, жасы жеткен, тіпті, егде жастағы азаматтар ретінде шешілген. Актерлерде режиссер тапсырмасынан ары аса алмай, әдеби түсінік аясында бейнелерін жасаған. Сол сияқты Подколесиннің досы Кочкаревтің де (актер А.Воронин) сахналық мұрат-мақсаты анықталмаған, біржақты көрінеді.
Режиссер шешіміне сай Агафья Тихоновна да көрермен залынан шығады. Сол арқылы ол көрерменнің өз ішінде де Агафья Тихновна мен Подколесиндер жүр деген ойға меңзейді. Қалыңдық роліндегі актриса Ю.Волобуева ойынынан ажарлы, сүйкімді, бірақ оң-солын әлі де айыра алмайтын бойжеткенді көреміз. Актрисаның ойнау мәнерінен екінші план сезілмеді. Сол себепті пьеса астарындағы таңдау және жалғыздық тақырыптары ескерусіз қалады.
Фекла Ивановна, яғни жеңгетай роліндегі актриса Т.Воронинаның ойынынан пысық, біраз жасқа жетсе де өмірден алары бар, өз есебі ішінде жүретін іскер жанды көреміз. Сөзі салмақты, комедиялық ситуацияларға ептілігі бар актрисаның жанрды сезінудегі қабілеті көрер көзге бірден айқын.
Актер С.Астраханцевтің Подколесині еркеліктен арыла алмай жүрген жігіт ағасы ретінде көрінеді. Өзі жалқау, бірақ кейбір кездері философиялық мәселелерді ойлауға бейім. Режиссер бұл бейнені тереңірек ашу үшін оның жеңдерінен салбырап тұратын бауларды қолданады. Агафья Тихоновна мен Подколесиннің жеке қалып сырласатын сахнасында қалыңдық күйеу жігіттің бауын байлап береді. Сол кезде Подколесин бойында «үйленудің де жақсы жақтары бар екен ғой!» дегендей ой туындайды. Бір қарағанда еленіп-еленбейтін көрініс, бірақ бұл сахнаның бейнені толықтыруда алар орны маңызды болды.
Режиссердің актерлермен жұмыс жасаудағы жетістігі спектакльдің бірқатар тұстарында жақсы көрінді. Мәселен, Агафья Тихоновнамен танысуға барған күйеу жігіттердің киімін ауыстыруға кеткен қалыңдықтың бөлімесіне үңіліп, сығалайтын көрінісі жанр табиғатына сай шыққан. Сол секілді, қалыңдықты айттыра барған Яичница, Жевакин, Анучкин, Подколесин арасында өтетін күйеу жігіттер сайысын қоюшы-режиссер ән айтқызу арқылы шешкен. Әр күйеу жігіт көзге түсіп қалу мақсатында шама-шарқысы келгенше өлеңдетіп жатса, ал үйленуге құлқы жоқ, қашып кетуге сылтау таппай тұрған Подколесиннің қанша тырысса да даусы шықпайды. Осылайша спектакльдің комедиялық ажары ашыла түседі.
Нақты режиссерлік оқылымның жоқтығына қарамастан спектакльде жарқын актерлік ансамбль бар. Бірақ оқиғалар арасындағы ауысулар созылып, әрекет дамуы, яғни спектакльдің ырқақ-екпіні түсіп кететін жерлері өте көп. Спектакльдің бейнелік шешімі де, актерлердің сахналық тіршілігі де дәстүрлі пішінде (формада) қалып қойған. Комедия атмосферасы түзілмегендіктен, жанр тазалығы сақталмай, ақыр соңында финалдық сахна да бір сарындылыққа ұрынды.
Қорыта айтқанда, спектакльдің замануи үні бәсең болғанымен, оның актерлік ансамблі көңіл аударуға тұрарлық.
Осы театрдың келесі қойылымы – Ағартушылық дәуірінде жазылса да құндылығынан айырылмаған П. де Бомаршенің «Фигароның үйленуі» комедиясы. Режиссері – Т.Баева.
Аталмыш пьесаны оқығанда-ақ езуіңізге еріксіз күлкі үйірілетіні бар. Себебі Бомаршенің шебер тілі, ұшқыр ойлылығы, қайнаған қуаты бей-жай қалдырмайды. Жігерлі Фигароның өз бақыты үшін күресі жағдайлар комедиясына негіз болып, өмірдің жазылмаған заңдарына қарсы шыққан қызықты тайталасқа ұласады. Осынау жіті ауысып отыратын оқиғалардың тізгінін өз уысында ұстайтын бас қаһарман Фигаро ақыры өз көздеген мақсатына жетеді.
Спектакльдің режиссерлік оқылымы толыққанды жүзеге аспағанын баса айтқымыз келеді. Костюмдерден де, сахналық шешімнен де, тіпті актерлік ойын мәнерінен де режиссердің батыл қолы байқалмайды. Әсіресе, сахналық костюмдер ғасыр ерекшелігін, тыныс-тіршілігін жеткізбейтіні өз алдына, тіпті орындаушыларын ажарын бұзып тұрғандай әсер қалдырады.
Ең бастысы, спектакльде Фигаро бейнесі шықпаған. Артист И.Снегиревтің Фигаросы боркемік, жалынсыз, ынжық кейіпте көрінеді. Сол себепті қойылымның екпіндері ауысқан. Комедияда бірінші планға актриса Е.Глушкова сомдаған Сюзанна бейнесі шыққан. Ол күллі оқиғаны байыппен барлап, қажет жерінде Фигароны жөнге салып, тіпті, кей-кездері оның алдын орап кетіп отырды. Режиссер комедиядағы әйелдер бейнесіне көп салмақ бергендіктен, спектакльде де Графиния-М.Соколова, Сюзанна-Е.Глушкова, Марселина-И.Красикова, Фаншетта-Е.Емельянова ойындары жарқын-дығымен ерекшеленді. Ал ер-азаматтар рольдері ауыр, әрі жігерсіз көрінді. Тек спектакльдің соңына қарай оқиға жанданып, қыза түскендей болғанымен, финалда тақап қалған еді.
Қорыта айтқанда, театр классикалық комедияны сахналауда жоғары жетістікке қол жеткізе алмаған және сахна суретшісінің жұмысына да жіті назар бөлген дұрыс деп ой тұжырымдадық.
Өскемендегі орыс театрының назарымызға ұсынған үшінші спектаклі «Монша күні» драмедиясы (орысша атауы «Банный день»). Ресейдің шалғайында жатқан орыс деревнясының өмірінен бір үзік сырды баяндайтын бұл спектакльге театрдың барлық еркек кіндікті актерлері жұмылдырылыпты. Бір қарағанда тұрмыстық болып көрінгенімен пьеса заманауи тақырыпты арқау еткен. Дін және ұлтаралық байланыстар мәселесі, көріпкелдікке сеніп, өз тағдырынан, арманынан бас тарту, ішкілікке салынған адамдар жайындағы езу тартқыза отырып, ойлантатын дүние.
Шымылдық ашылғанда сахнада көпір, монша, жазда шәй ішетін күркеше орналасқан. Сіз бен біз көзіміз үйренген орыс ауылының тынысын суретші жақсы жеткізген. Спектакльдің авторы, әрі режиссері С.Астраханцев өзін алаңдататын тақырыптарды қозғаудан қорықпай, өз тұжырымын реалистік шешімге құрып, актерлерден де сахналық шынайылықты талап еткені сезіледі. Қойылымда өмір шындықтары, сахналық реализммен астасып актерлердің сөз астарынан да, сахналық іс-әрекеттен де еркін байқалады.
Дегенмен, спектакльде режиссер қолы жетіспегені де бірден көзге түседі. Музыкалық қатар әр сипатта, орынды-орынсыз қолдалыған саздың әр түрлілігі қиялыңды сан-саққа сандалтады. Кейіпкерлердің барлығы бірдей, өз алдарына даралықтары, айырмашылықтары жоқ. Сондықтан спектакльдің бүгінгілік астары толымды түрде ашылмай жатты.
Оймызды жинақтай айтсақ, пьесадағы руханият жайындағы күрделі мәселелерді спектакльден толыққанды көре алмадық. Оларды ашу үшін әрине, ең бірінші режиссердің мықты тұжырымы болуы басты шарт.
Театр спектакльдерін көргеннен кейін, ұжымға жаңа буын жас актерлер мен актрисалардың қажеттілігі бар екенін түсіндік. Болашақта театр басшылығы осыны назарға алса.
2002 жылы қазақ труппасы ретінде құрылып, жас режиссер Р.Есдәулетов басқарған кезде жеке дара өнер ұжымы ретінде еншісін бөліп шыққан Шығыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры бүгінде өз кескін-келбетін қалыптастырып үлгерген үлкен мекеме. Олар сыншылар назарына репертуарындағы елеулі үш спектаклін ұсынды.
Алғашқысы – «Күшік күйеу» комедиясы Т.Ахтановтың өткен ғасырдың 70-ші жылдарында жазылып, қазақ сахнасының ажарын кіргізген өміршең туындылар қатарында. Жалғыз қыздың бақыты үшін бәріне даяр Гүлжамал мен Биғайша бейнелері арқылы автор өз замандастарының қала салтына қарай өзге елдің дәстүріне еліктеу, қазақылықты қор көру сынды келеңсіздіктерін күлкімен түйреп, әжуаның астына алады. «Елу жылда ел жаңа» демекші, Т.Ахтанов қаламынан туған аталмыш пьесаны сахналаудың да өзіндік қиындығы жоқ емес. Пьесаның меңзер ойы мен ондағы қоғамдық мәселелердің ескірген тұстары бары да сезіледі. Бұрындары мінелетін кейбір жағымсыз қылықтар бүгінде қалыпты болып есептелсе, ал керісінше, қарапайымдылық, қарапайымдылық сынды қасиеттер мін саналары рас. Мәселен, бай жермен құдаласу, қоғамда жоғары орында болу, т.б. алға шығып, адамгершілік мәселелері сөз жүзінде ғана айтылар әңгімедей әсер беретіні сөзсіз.
Осы орайда пьесаға заманауи рух беру режиссер еншісінде. Біз көріп, куә болған Шығыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының «Күшік күйеу» спектаклі де жоғарыда айтқан «ескіргендіктің» орнын толтыра алмағандай. Режиссер С.Акелеев спектакльге бүгінгілік астарды музыкалық көркемдеу арқылы жүзеге асырады. Қазақ эстрадасы (Төреғали Төрәлі, т.б.) мен шетелдік музыканы көп қолданған ол көреремендердің талғам-танымының аясынанда ой қозғап, сол арқылы олардың көңілін баурауды мақсат етеді. Сәйкесінше, көрермен режиссер шешіміне ілесіп, комедиялық қақтығыстар сәтінде қол шапалақтап, актерлерді қанаттандырып бақты.
Режиссер автор мәтініне еш өзгеріс енгізбей-ақ, актерлер ойынына көп көңіл аударған. Гүлжамал (актриса С.Қопабаева) мен Биғайша (актриса Г.Бақтыбаева) арасындағы күйбің-тірлік, «күшік күйеу» жайындағы өзара диалогтан жалғыздың қамын жеген аналар бейнесі көз алдымызға келді.
Ал Қабанбай (актер Е.Какимов), Бекболат (актер Қ.Мұқышев), Тюрянчик (актер Ж.Серкетаев), Кубик (С.Алысбаев), Ботка (актриса Д.Жанымханова), Алма (актриса Н.Айдынова) бейнелерінен бүгінгі таңда арамызда жүрген замандас қыз-жігіттердің тыныс-тіршілігін жазбай таныдық. Режиссер талабын дұрыс ұғынған актерлер қауымы қарым-қабілеттері жеткенше өздеріне жүктелген міндетті ойдағыдай орындап шықты. Режиссер спектакльдің екпін-ырғақтарын нақтылап тағы бір пысықтаса комедияның көрермені көбейері сөзсіз.
Сахнадан классикалық шығармалар қойылғанын естігенде, режиссер қандай жаңалық енгізер екен деп елеңдейтініміз рас. Ал, бүгінде бір топ белсенділер театрларда «қойылмасын», бір тобы «қойылсын» деп екіұдай көкпарға түсіп жүрген Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері -Ақтоқты» трагедиясымен сахнадан қайта қауышуымыз әр түрлі ойға жетелейді. Суреткер мен қоршаған орта мәселесін арқау еткен бұл трагедия Ғ.Мүсіреповтың сөз жоқ асыл мұрасы.
Әрбір қоғам мүшесінің ойында Ақан серіні толғандырған мәселелер (бұл жерде тарихта болған шын Ақан серіні қарастырып отырғанымыз жоқ, жазушы-драматург қиялынан туған романтикалық кейіпкерді ғана сөз етеміз) бар екені рас. Еркіндік, таңдау құқығы жайындағы бұл пьесаны тарих танымынан емес, көркемдік биігінен қарауымыз да сондықтан.
«Сүю деген дін бар» дейтін Ақан алдымен махаббаты емес, жалпы адамды сүю ұғымын алға қойғанына бас көңіл аудару керек-ақ. Классикалық пьесаның жаңа нұсқасына да осындай сан-алуан тұжырыммен келдік.
Қоюшы-режиссер Б.Рамазан мен суретші Д.Алдабергенов спектакльдің бейнелік шешімін шартты түрде жеткізіп, сахна кеңістігін ашық қалдырған. Актерлердің қимыл-қозғалысына ыңғайлы. Бірақ көремендер кезек-кезек ауысатын оқиғалардың қай жерде өтіп жатқанын түсіне алмай, шатасып қалған сәттер де кездесті.
Спектакльде Ақан серінің домбырамен «әу» деп ән салмай, әуеннің барлығы фонограмма арқылы берілуі біршама әбестеу көрінді. Жалпы, актерлердің ән салатын қабілеттері болса да, фонограммаға жүгіну қазақ театрларында жиі ұшырасатын құбылыс. Ал, фонограмма өз кезегінде сахналық жалғандыққа апаратынын режиссерлер ұмытпаса дер едік.
Аталмыш спектакльде де фонограмма қолданылып, шығарманың көркемдігін кемітіп жібергенін айтпасақ айып. Режиссерлік ұтымды тұжырымның жоқтығы актерлік ойындардан да байқалып жатты. Поэтикаға толы мәтінді жеткізуде шорқақтық танытқан роль орындаушылары бар шығармашылық мүмкіндіктерін көрсете алмады.
Қорыта айтқанда, классикалық шығарма жоғары көркемдік биіктен көріне алмады.
Соңғы жылдары қазақ сахнасына батыл еніп, көрерменнің көзайымына айналған осетиндік драматург Георий Хугаевтің «Қара шекпен» («Черная бурка», аударған Қ.Төлеуішов) пьесасы Шығыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының репертуарына да еніпті. Жанры әпсана (притча) деп берілген пьесаның аллегориялық кейіпкерлері – жабайы аң-құстар мен жан-жануарлар. Автор сол бейнелер арқылы жақсылық пен жамандықтың, күшті мен әлсіз арасындағы бітіспес күресті, ал олардың өзара диалогтерінен адам бойындағы жат қылықтар мен келеңсіздіктерді ашып көрсеткен. Пьесаның айтар ойы терең, берері мол дүние деп танығандықтан театр таңдауын құптадық.
Дегенмен пьесаның сахналаудың өзіндік күрделі жүгі бар. Адамдар әлемі мен жан-жануарлар әлемінің арасындағы шекараны анық жеткізгенде ғана пьеса жалпыға түсінікті болмақ. Сондықтан режиссерге түсер міндет те екі еселенбек.
Қоюшы-режиссер А.Қозықанов оқиғаны қазақ топырағына көшірген. Спектакль домбырадан төгілген күймен басталып, жаздыкүні жайлауға жөкіле көшкен отар қойдың биіне ұласады. Жусап жайылған отардың қожайыны – Шопан мен оның қорғанышы, әрі күзетшісі Тұзар ит те көштің қасында. Олардың өзара тату қарым-қатынасын режиссер Шопанның үй мақұлығын қолдап-қолпаштауынан және оның қолына қамшы беру арқылы шешеді. Бишік пен қамшы биліктің белгісіндей қабылданады. Яғни отар тағдыры Тұзар қолында деген ойды осы бір емеуріннен еркін оқуға болады. Дегенмен, спектакльде нақты режиссерлік концепция байқалмағандықтан оқиға өтетін орын жалпылама сипат алған. Жеке режиссерлік шешімдерден гөрі қойылым әдеби нұсқаның ізімен жүріп отырғандығы сезілді. Қоюшы режиссердің жастығынан ба екен, әлде тәжірибенің аздығы ма белгісіз, қайсыбір сәтте оқиғалар легі анық ашылмай (мәселен, Тұзар мен Көкшуланның алғашқы кездесетін тұсы, олардың арасындағы махаббаттың дамуы барысы, т.б.), спектакль соңына қарай түсініксіз жәйттер көп орын алады. Оқиға бір орнында тапталып қалғандай әсер етіп, көрермендерді жалықтырып алған кездер де ұшырасты.
Дегенмен, актерлік құрам спектакльде бар ынта-жігерімен өнер көрсетті. Бас қаһарман Тұзар ролін ойнаған актер А.Сақанов физикалық дайындығымен де, актерлік қарым-қабілетімен де толымды бейне жасай алған. Ал Көкжал роліндегі актер Қ.Мұқышевқа әлі де ізденістер қажет-ақ. Әсіресе, көпті көрген түз тағысының ішкі-сыртқы пластикалық сыр-сымбатын қайта бір қайыра қараудың артығы жоқ дер едік. Майра Арғынбекованың орындауындағы Қосүрей-қоян бейнесі көрушісінің көңілін баурады. Кико-есекті кескіндеген актер Е.Мұхаметханов өз кейіпкерінің асықпай басып, аңдамай сөйлейтін мінезіне баса назар аударған. Қорыта айтқанда,
Шығыс Қазақстан облыстық жастар театрының «Нәзи» мелодрамасы қырғыз драматургі М.Байжиевтің «Жекпе-жек» пьесасы негізінде бойынша қойылыпты. Еліміздің театрларында жиі қойылатын бұл шығарманың айтар ойы адамгершілік пен ізгілікті ту ету еді. Адам қолынан жасалған апаттың құрбаны болған (Чернобыль оқиғасы) теңіз офицері Азиздің санаулы ғана ғұмыры қалғанда екіжүзділік пен өтіріктің құрбанына айналған Нәзиді жолықтырады. Осылайша, экзистенциалды таңдау алдында тұрған қос мұңлықтың тағдыры бір арнада тоғысып, жүректерімен ұғысады.
Шымылдық ашылғанда аурухананың жеке бөлмесінде емделіп жатқан Нәзиді көреміз. Ол «Мен, Нәзимін, жасым 21-де» деп әңгімелей бастайды. Режиссер осы экспозициясы арқылы спектакльдің негізгі жүгі Нәзидің иығына артылып, неге пьеса атауының өзгергенін жеткізгендей.
Қазіргі таңда театрларда кеңінен қолданылып жүрген (тіпті, жауыр бола бастаған) бейне проекторды қолдануды жөн деп тапқан қоюшы-режиссер С.Қамиев, оның көмегімен оқиға орнын анықтаған. Теңіздің толқындары жағаны соғып, кейіпкерлердің де ішкі буырқаныстарымен астасып жатқанын көрсетуді көздеген болар деп отырдық. Бірақ проекторден берілген теңіздің шынайы бейнесі сахналық шындыққа қайшы келіп, оқиғамен таласқа түскенін ашық айтуымыз керек. Роль орындаушылары да өз ойындарында теңізбен байланысқа түсе алмаған. Су жағасында емес, теннис кордында жүргендей ойнайды. Осы сияқты, режиссер назарынан тыс қалған қайсыбір әттеген-айлар баршылық. Музыканы қолданудағы әркелкілік, оқиғалар арасын жымдастырудағы олқылықтар, спектакльдің екпін-ырғағы, бәрі-бәрі актерлер ойнына кедергі келтіреді.
Режиссердің Нәзиді есірткіге тәуелді етіп, емделуге мәжбүр болатындығы оқиға барысында қисынды, әрі анық көрсетілмегендіктен және сол қадамға апаратын көңіл-күй мен себеп-салдар болмағандықтан спектакльдің түсініксіз жерлері бар. Актерлер режиссер ұсынған ойды шама-шарықтары жеткенше дамытуға тырысқанымен, пьесаның өн бойынан емес, «аспаннан тартып алынғандай» әсер қалдыратын күмәнді шешімдер көп сенімсіздіктер туғызады.
Нәзи – М.Елтайқызы, Азиз – Е.Амантаев, Ескендір – А.Нұрмағамбетов ойындары әдеби нұсқадағы кейіпкерлер аясында қалыпты. Режиссер талабынан аса алмаған актерлер өз рольдерінің авторы деңгейіне жетепегені өкінішті. Қорыта айтқанда, «Нәзи» спектаклі режиссер ұсынған жасанды шешім мен актерлердің режиссермен қоян-қолтық еңбек ете алмағандығынан жоғары деңгейден көрінбеді деуге негіз бар.
Орыстың белгілі драматургы Л.Разумовскаяның жастар тақырыбына арнап жазған «Қымбатты Елена Сергеевна» (ауд.Е.Жуасбек) атты драмасы бүгінгі қоғамда аса маңызды болып табылатын ұрпақтар тәрбиесі мәселесіне арналды. Әлеуметтік драмаға философиялық астар беру мақсатында қоюшы-режиссер А.Салбанов спектакльді шартты түрде шешкен. Пьесаны жаңаша оқуда қалыптасқан дәстүрлі жолдан қашқан жас режиссер ауа, жер (топырақ), су, от, т.б. қолданып, сахналық метафораларды бірінші орынға шығарған. Кейіпкерлердің әр қайсысы қолына ұстаған тасы арқылы барлық пенденің өз мәселесі бар деген идеяны оқысақ, топырақты ойнату арқылы былыққа батып, өмірде өз жолын таппай шатасқан жастардың бейнесін көрсетеді. Ал оқиғаның аса маңызды сәттерін су арқылы шешіп, кейіпкерлердің таңдау алдындағы қалпын, сумен тазару барысында жеткізеді.
«Өнерге әркімнің бар таласы» демекші, режиссер ізденісі қызықты. Актерлерде ол ұсынған шешімді толықтыруға бар күшін-жігерін арнапты. Режиссерге көзсіз сенген актерлер спектакль барысында өзара тығыз сахналық қарым-қатынаста болып, серіктестіктің тамаша үлгісін көрсете алды. Бірақ бейнелермен жұмыс жасауды әлі де тоқтатпаған жөн. Әрбір кейіпкердің даралықтарын ашуда, бір сахналық күйден, екіншісіне ауысуда нақтылықтар қажет-ақ. Бейненің психологиялық тебіренісі мен үнсіздіктеріне де жіті назар аударса спектакльдің одан ұтары мол.
Режиссер мен актерлік құрамның жаңашылдыққа деген талпынысын құптай отырып, енді ғана өнер әлеміне имене енген жастар театрынан көптеген шығармашылық батылдықтар күтеміз.
Соңғы түйенің жүгі ауыр демекші, осы сапарымыздың соңғы нүктесін қойған Думан Рамазанның «Керей – Жәнібек» спектаклі болды. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай дүниеге келген бұл қойылым өз мақсатын толықтай орындаған деуге болады. Осы уақытқа дейін көрсетілген спектакльдер арасынан режиссерлік оқылымы жағынан сауатты әрі етек-жеңі жинақы туынды.
Спектакльдің бейнелік шешімі тарихи шығармаға тән. Сахна ортасында көненің көзіндей әсер қалдыратын, қаншама қантөгіс пен бақытты сәттердің куәсіндей болған сом бал-бал тас орналасқан. Бірде хан сарайы (екі басты жылан бейнеленген таңбалы белгі түсірілгенде), бірде көшпелі елдің тұрағына (бал-бал тастың маңайы) айнала қалатын сахна кеңістігі актерлердің қимыл-қозғалысына өте ыңғайлы ойластырылып, туындының көркем идеясын қуаттай түскен. Қойылым суретшісі Д.Алдабергенов ізденісі спектакльдің табысына қызмет еткен. Қоюшы-суретші жұмысын өз тұжырымына оңтайлы қолдана білген тәжірибелі режиссер тарих тынысын жеткізу үшін көштің кинохроникасын проектор арқылы береді де, бұл көріністі Б.Тілеуханның орындауындағы Қазтуған жыраудың «Алаңда, алаң, алаң жұрт» термесімен сүйемелдейді. Осылайша, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманының келбетін жеткізген. Сауырынан саяқ құрлы сая таппаған көшпелі елдің тарихын жеткізуде музыка мен кинохрониканы аса орынды, әрі дөп басып қолдана білген режиссер шешімі ұтымды.
Спектакльдің драматургиялық негізінің әлсіздігі, ондағы оқиғалар легінің түсініксіздігінен де (мысалы, Әбілқайыр желісі мен Рабия Сұлтан бегім желісі аяқталмаған, оқиға бірер күннің емес, бірнеше айдың жүзін жеткізеді), мінездердің біржақтылығынан жақсы байқалады. Соған қарамастан режиссер Болат Ұзақов ұлттық салт-дәстүрлерді, ырым-түсініктерді (марқұмды жер қойнына тапсыру рәсімі, атамекенге, жаңа қонысқа деген тағзым ретінде жермен амандасу, т.б.) қайта жаңғыртып және оларды спектакльде сәтімен қолдану нәтижесінде халықтың рухын асқақтататын тарихи кесек туынды жасай алған. Спектакльдің Керейді ақ киізге салып, хан көтеретін тұсы да жарқындығымен ерекшеленеді. Қойылымға қатысқан барлық актерлік құрам режиссер мақсатын дұрыс түсінген. Керей (актер С.Маратбек), Жәнібек (А.Қозықанов), Әбілқайыр (актер А.Хамзин), Асан қайғы (актер Қ.Ниязбеков), Сақ (А.Сақанов), Ана (актриса М.Арғынбекова), Ақжол (актер Е.Мұхаметханов) бейнелері өз мүддесіне қарай дұрыс шешілген. Спектакльде берік актерлік ансамбль бар.
Қорыта айтқанда, өскелең ұрпақ үшін маңызы зор тарихи тақырыпты арқау еткен «Керей-Жәнібек» спектаклінің кем-кетігіне қарамастан айтар ойы терең, берері мол дүние деуге болады.
Шығыс Қазақстан облыстық театрындағы «Сыншылар апталығы» осылайша аяқталды. Бір ғимараттағы үш шаңырақтың шығармашылығына кеңінен талдау-талқылаулар жасалды. Театрлар режиссура мәселесіне жіті көңіл аударып, келешекте труппалардағы актерлердің барлық мүмкіндіктерін ашатын режиссерлермен жұмыс жасауына тілектеспіз. Ендігі жерде театр репертуарынан бүгінгі күннің аса маңызды мәселелерін арқау еткен заманауи қойылымдарды көргіміз келеді.