2016 жыл – Қазақ елі үшін аса маңызды уақыт деуге болды.Мемлекет тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы республика көлемінде кеңінен насихатталып, іргелі іс-шаралар, науқандар өткізілді. Бұл айтулы күннен ешбір ұлт азаматы шеттеп қалған жоқ, қал-қадірі жеткенше еңбек етіп, үлесін қосты. Өнер қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, спортшылар, т.б. қоғам мүшелері өздерінің шығармашылық жеңістерін дербестіктің дүбірлі тойына арнады.
Төл мәдениеттің арналы бір саласы – драматургия 2016 жылы өзінің алдыңғы жылдардағы бағытынан жаңылмай өрісін кеңейтті. Осының куәсіндей ұлық мереке қарсаңында республика театрларының қоржыны жаңа қойылымдармен толықты. Өнер ұжымдарының 2016 жылғы репертуарын жіті саралай келе біз отандық сахнагерлер әлі де уақыт талқысынан сүрінбей өткен, өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан авторлардың шығармаларын қоюға пейілді екенін аңғардық. Мәселен, бүгінгі ұлт драматургиясының керуенін алға тартқан жазушы-драматургтер: Дулат Исабековтың «Жүз жылдық махаббат» (Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық-драма театры, режиссері Х.Әмір-Темір, премьерасы 31 наурыз), «Құстар фестивалі» (Талдықорғанның Б.Римова атындағы қазақ драма театры, режиссері Н.Өтеулинова, премьерасы 21 желтоқсан) пьесалары, Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» (Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық-драма театры, режиссері Б.Темірбеков, премьерасы 23 маусым), «Ең жақсы еркек» (Талдықорғанның Б.Римова атындағы қазақ драма театры, режиссері Б.Ұзақов, премьерасы 6 сәуір), «Сағыныш пен елес» (Түркістан сазды-драма театры, режиссері А.Наурызбаев, премьерасы 28 желтоқсан) пьесалары, Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» (С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театры, режиссері Ф.Молдағали, премьерасы 13 желтоқсан) мюзиклі қойылып, репертуардың ажарын кіргізді. Сонымен қатар, жазушы Жабал Ерғалиевтің «Есігімді қаққан кім...» (Астананың Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ академиялық музыкалы-драма театры), Медеу Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншек» (Өскеменнің Жастар театрында, режиссері А.Салбан, премьерасы 12 мамыр), Роза Мұқанованың «Сарра» (Астананың Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ академиялық музыкалы-драма театры, режиссері Г.Мерғалиева, премьерасы 17-18 мамыр), ақын Ұлықбек Есдәулетовтың «Қара пима» (Семейдегі Абай атындағы қазақ музыкалық-драма театры, режиссері А.Сапышев, премьерасы 29 қазан), Баянғали Әлімжановтың «Қара қаптан шыққан қара қыз» («Супер Серкеш» деген атпен Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, режиссер Ж.Хаджиев), Болат Бекжанның «Өмір» (С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры, режиссері С.Жұмағали, премьерасы 1-5 наурыз) драмалары да осы маусымда сәтті сахналанды.
2016 жылы пьесалары сахна төріне ең көп қойылған жазушы-драматургтер қатарына Рақымжан Отарбаев пен Иранбек Оразбаевты (Иран-Ғайып) жатқызамыз. Бұл қос автордың туындылары бойынша ұлан-ғайыр отанымыздың екі өңірінде арнайы театр фестивалі ұйымдастырылып, өнер сүйер қауымның сезіміндерін серпілтті.
Шырайлы Шым қалада өткен «Театр көктемі - 2016» өнер фестивалінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Рақымжан Отарбаевтың жеті бірдей: «Бас» (Ж.Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театры), «Аяулым Анфиса» (Сайрам өзбек театры) және «Двойник» (Оңтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театры), «Мұстафа Шоқай» (Түркістан сазды-драма театры), «Түнек торы» (Жетісай драма театры), «Қараша қаздар қайтқанда» (Оңтүстік Қазақстан облыстық әзіл-сықақ және сатира театры) және «Сағыныш шөбі» (Облыстық қуыршақ театры) туындылары жұртшылық назарына ұсынылып, талғампаз көрерменнің және театр мамандарының жоғары бағасын алды.
Еліміздің оңтүстігіндегі той көші қазан айында батыс өңіріне ойысып, Орал жерінде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халықаралық «Алаш» және тәуелсіз «Тарлан» сыйлықтарының иегері Иран-Ғайып атындағы республикалық театрлар фестиваліне ұласты. Өнер додасында ақын-драматургтің поэтикалық дастандары: «Ән-Мұхит», «Мәңгілік елдің Алтын адамы», «Қорқыт», «Махамбет», «Мен ішпеген у бар ма...», «Фатима», «Естайдың Қорланы», «Абылай хан», «Адасқан бақ құсы», «Аждаһаның әлегі» пьесалары бойынша қойылған спектакльдер көрсетілді. Иранбек Оразбаевтың шығармашылығына арналған бұл фестиваль бір ақынның ғана тойы емес, барша халықтың мерекесіне айналғаны сөзсіз.
2009 жылдан бастап өнер шығармаларын жандандыру мақсатында жарияланған «Тәуелсіздік толғауы» бәйгесі 2016 жылы жетінші мәрте өткізілді. Сайыстың ең үздік шығармалар ретінде: Тұрлыбек Мәмесейіттің «Таңжарық», Айдана Мұратқызының «Бір күндік ғұмыр», М.Қосынның «Мен жоқ жердегі менің өмірім» атты пьесалары танылды. Ал балаларға арналған Т.Бейсембековтің «Самұрық келген таң», А.Жолтайқызының «Қуыршақ қызбен достасу», А.Әбдіхалық пен М.Төленің «Аяз би» туындылары жеңімпаз атанып, республика театрларының назарына ұсынылды. Осылайша, бүгінгі қазақ драматургиясының екі бағытта дамып отырғанын аңғару қиын емес. Біріншісі, белгілі жазушы-драматургтердің мерейтойына байланысты ұйымдастырылған іс-шаралар арқылы және екіншісі – драматургиялық бәйгелердің ықпалымен өркендеуде.
2016 жылы қазақ драматургиясы жаңа есімдермен толықты. Биылғы маусымның жаңалығы ретінде жас қаламгерлер Мұрат Қолғанат пен Мадина Омарованы айтамыз. Қос драматургтің пьесалары ел өнерінің қарашаңырағы М.Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театрының сахнасында қойылып, тиісті бағасын алды. Ал, жат елде жүрсе де өз халқының өнері мен мәдениетін өркендетуге үлес қосып жүрген жас та болса, алымды драматург Олжас Жанайдаровтың пьесалары көп ұлтты республикамыздың маңдай алды театрларын бағындырып үлгерді. Оның «Жұт», «Бір.. екі.. үш...», «Жастық туралы» пьесалары жазылу стилінің өзгешелігімен, көркемдік қуатының даралығымен ерекшеленеді.
Енді биыл жарыққа шыққан, біздің қолымызға түскен пьесалардың көркемдік сипатына үңілсек, олардың тақырыптық, жанрлық ауқымы сан қилы. Мәселен, «деректі драма» эстетикасында жазылған Мадина Омарованың «Ақтастағы Ахико» пьесасы тарихи тақырыпты арқау еткенімен ешқандай шежірелік дәлдікке бағынбайды. Драматург үшін нақты тарихи тұлғаның өмірін көрсету маңызды емес. Автор Кеңес өкіметінің қанды диірменіне түскен қарапайым адамдардың басынан кешкен тауқыметті тағдырын, жалпы халықтың жинақтық бейнесін жасауға талпынған. Қылышынан қан тамған кезеңнің зұлматты кескінін жеткізуді көздеген. Пьесада бас кейіпкер ұғымы сақталғанымен, оқиғаның даму барысында бізге таныс та, бейтаныс: жас ақын Ахмет, Сейфолла, Сәдуақас, Ақайдың Қасені, т.б. сынды кейіпкерлердің тағдырымен ұштасып, олардың ішкі қасіреті мен мұң-наласы жапон жігіті Ахиконың шерменде өмірінен кем түспейтіндігін байқатады. Драматург қаһармандарының тағдырын көркемдік параллель арқылы жеткізіп, тұтас бір заман келбетін көрсеткен.
М.Әуезов театрының сахнасындағы тағы бір жаңа қойылым – «Бақыт кілті» драмасы. Жас драматург Қолғанат Мұраттың бұл шығармасы тың тақырыпты қозғауымен құнды. Қолғанат Мұрат – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Кинотеледраматургия» бөлімінде Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті жазушы-драматург Дулат Исабековтың шеберханасынан білім алған. Қазіргі таңда оның пьесалары Арқалық Жастар театры мен Ақмола облыстық қазақ музыкалы-драма театрларының сахнасында қойылып үлгерген. «Бақыт кілті» пьесасы бүгінгі таңда елімізде көп айтыла бермейтін кен байыту өндірісі тақырыбын арқау етіп, осы ауқымды салада жүрген жұмысшылардың сан қилы тағдырын, әлеуметтік шындығын драма тілінде жеткізуге тырысқан.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында адал еңбегімен ел игілігіне тер төгіп, қарабастарының қамы үшін ғана емес, бұқара жұрттың да әлеуетін ойлаған азаматтар баршылық. Бірақ халық түсінігінде «бизнесмен» деген кейіпкер тек бір жақты жағымсыз түрде қарастыру дәстүрі бар. Ал бұл кеңестік кезеңнен қалған стереотип. Драматург қалыптасқан осы ұғымға қарсы шығып, бас қаһарман Бауыржан арқылы зиялы кәсіпкер бейнесін жасауды құп көрген.
Бүгінгі рухани құндылықтардың күйреген кезеңінде Бауыржандай іскер жігіттің, жағымды кейіпкердің бейнесін жасау заман талабы. Дегенмен, драмада протагонист бейнесі сақталғандықтан оны дәстүрлі пішіндегі пьесаға жатқызамыз.
Әлем театры мен драматургиясы бүгінгі таңда постмодернистік (модерннен кейінгі) бағытта дамып отыр. Оны «постдрамалық» деп те атайды, яғни тікелей аударсақ, драмадан кейінгі деген мағынада. Басқаша айтсақ, театрды драманың экспанциясынан арылту. Постдрамада сөз бен мәтін басты ролінен айырылды. Сондықтан да пьесалардың көлемі күрт қысқарады. Постдрама демонтаж, деконструкция әдістерін еркін қолдана отырып, айтылар сөздің астарлы салмағына басты назар аударады.
Әзірге қазақ авторлары таза постдрамалық шығармаларын өмірге әкеле қоймағанымен, алғашқы талпыныстардың бар екенін байқадық. Солардың бірі Айдана Мұратқызының «Бір күндік ғұмыр» монодрамасы. Айдана Мұратқызы да Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Кинотеледраматургия» бөлімінің түлегі. Драматург Сұлтанәлі Балғабайдың шеберханасында кәсіби білім алып, қазірде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет етеді.
А.Мұратқызының аталмыш пьесасы қазіргі таңда ең өзекті болып табылатын кәрі қыздар тағдыры тақырыбын көтереді. Автор демонтаж әдісін қолдана отырып, бас кейіпкер Дариғаның өмірін көлемі жағынан шағын үш бөлімге сыйғызған. Бойжеткеннің басынан өткен оқиғасын 35 жасынан бастап кері қарай 30-25 жасындағы кезіне қайта әкеледі. Драматург саналы түрде әдеттегі пьеса жазу әдісінен қашып, оны жаңа қалыпқа (формаға) салған. Осылайша, автор адам өз өміріндегі қателіктерінен қалай қашуға болатыны жайлы ой қозғайды. Алқашқы бөлімде «менің кінәм не?!» деп зарлаған 35 жастағы Дариғаның соңғы бөлімде осыншама аянышты жағдайға түсуіне өзінің (25 жасындағы шағы) тікелей себепті екені ашылады. Ал «Мінсіз ханзадасын» күткен Дариға сынды замандастарымыз қаншама. Жауапкершіліктен қашып, жұмысбастылықпен жүргенде қыз дәурендері құрдымға кеткен құрбыларымыздың мәселесі туындыда ешқандай моральсіз-ақ қылаң береді. Пьесада ашық тартыс жоқ. Ештеңені үйретпейді, тәрбиелемейді, барлық мәселені қаз-қалпында көрсетеді. Ұғын да, жан-дүниеңе үңіл, болашағың жайлы ойлан дейтіндей.
Бүгінгі таңда фестивальдік форматқа сұранып тұрған бұл монодрама режиссерлердің назарына ілігетініне шубә келтірмейміз. Сондықтан Айдана Мұратқызының бұл пьесасын осы маусымның жақсы жаңалығы деуге болады.
2016 жылғы театр репертуарларын бағдарлай отырып, қазақ драматургиясына деген орыс театрларының салқындығын байқадық. Осы маусымда тек Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Игорь Вербицкий басқаратын Оңтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театры Р.Отарбаев пен Иран-Ғайыптың пьесаларын сахналапты. Басқа өнер ұжымдарының қазақ драматургиясына деген зейіні тым солғын. Осы мәселені Қазақстан Жазушылар Одағы бас болып көтеруі керек-ақ.
Ал балалар мен қуыршақ театрларына арналған драматургия мәселесі де өз алдына үлкен әңгіме.
Қорыта айтқанда, 2016 жылы қазақ драматургиясы үшін қолайлы жағдайлар жасалып, дамуына оңды ықпал еткенін байқадық.