Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы еліміздегі мәдениет саласының мамандарын даярлайтын басты ұстахана ретінде алыс-жақын шетелдерге танымал. Ал академияның ғылыми-теориялық негізі базасы «Өнертану» факультеті. Аталмыш факультетке қарасты «Театр өнері тарихы мен теориясы» кафедрасы еліміздегі театртанушыларды, яғни сахна өнерінің тарихшыларын, теоретиктерін, сыншыларын кәсіби тұрғыда даярлайтын білім ошағы болып табылады.
Кафедраның негізі осыдан 30 жыл бұрын, яғни 1990 жылы құрылды. Отыз жылда кафедра болашақ театртанушыларды дайындаудың мол тәжірибесін жинақтап, Қазақстанда театртанушыларды оқытудың қағидаттарын толықтай қалыптастырды. Білім беру ошағы өзінің жұмысында шетелдік үздік театрлық оқу орындарының тәжірибелерін пайдалана отырып, Қазақстан мен шетелдердегі білім беру дәстүрінің синтезі негізінде театртанушы даярлаудың өзіндік моделін жасап шықты.
Кафедраның білім беру бағдарламасы оның стратегиялық мақсаты мен даму жоспары бойынша айқындалып, оқытудың үш деңгейі бакалавриат, магистратура, докторантура бойынша жүзеге асырылды. Бұл мекеменің нәтижелі жұмысын ұйымдастырып, алға дамуына әр жылдары Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, өнертану докторы, профессор Бағыбек Құндақбайұлы және өнертану кандидаттары, профессор Ахметжан Қадыров және Сания Қабдиева басшылық қызметімен еңбек сіңірді. Көрнекті театр сыншысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Әшірбек Сығай сабақ беріп, бірнеше буын шәкірт тәрбиеледі. Білім ұясының қанатының бекуіне белгілі мамандар, профессор Халила Сағатова мен Римма Функоринеоның да сіңірген еңбегі мол. Теориялық білімдері кемел, дүниетанымдары кең оқытушылық-профессорлық құрам сахна мамандарын даярлауда аянып қалған емес.
Кафедраның қазіргі профессор-оқытушылар құрамының 85 пайызы білім ошағының әр жылдардағы түлектері болып табылады. Кафедра оқытушылары академияның «Өнертану», «Театр өнері», «Кино және ТВ», «Музыка өнері», «Хореография» факультерінде қазақ және орыс тілінде сабақ жүргізеді.
Қазіргі таңда кафедрада 1 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 1 «Құрмет» орденінің иегері, 4 профессор, 4 доцент, 1 өнертану докторы, 4 өнертану кандидаты, 3 аға оқытушы және 2 оқытушы дәріс оқиды.
Кафедраның үлкен педагогикалық жұмыс тәжірибесі бар оқытушыларымыз, Қазақстанның сыншылары және театр процесін зерттеушілер бола жүріп, өздерінің қайраткерліктерін ұлттық театр өнерінің теориясымен, тәжірибесімен үйлестіріп отырады.
Кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы әртүрлі деңгейдегі, Халықаралық, республикалық, аймақтық дәрежеде өткізілетін театр фестивальдерінің қазылар алқасы ретінде өз сын-пікірлерін айтып, құнды көзқарастарымен сахна ұжымдарына кәсіби бағыт-бағдар беріп жүр.
Театртанушы-оқытушылар ғылыми монографиялардың, ғылыми-зерттеу еңбектердің және оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың авторлары болып табылады. Зерттеушілердің қаламынан туған мақалалар Республикалық басылымдарда жиі жарияланып тұрады.
Кафедрада білім беретін ұстаздар Халықаралық Театр сыншылары Ассоциациясының, Халықаралық Театр сыншылары бірлестігінің, Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының мүшелері болып табылады.
Кафедра түлектері М.Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театры, Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театры (Алматы), Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық-драма театры (Нұр-сұлтан), Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры (Қызылорда), Ж.Жабаев атындағы орыс драма театры (Өскемен), Ж.Шанин атындағы қазақ драма театры (Шымкент), Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалық драма театры (Павлодар), Н.Жантурин атындағы музыкалық драма театры (Ақтау), С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры (Қарағанды), А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театры (Тараз), Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры (Семей) және Мемлекеттік қуыршақ театры сынды ұжымдарда қызмет атқарады.
Бұдан бөлек, кафедра түлектері М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында, Қазақстан театр қайраткерлері одағы, Қазақстан Жазушылар одағы, облыстық мәдениет басқармалары, сондай-ақ бірқатар бұқаралық ақпарат құраларында, атап айтқанда, «Хабар», «Қазақстан», «Білім және мәдениет» телеарналары, «Театр.kz», «Мәдениет», «Түркістан», «Дидар», «Ақжүніс-Астана» секілді газеттер мен журналдардың редакцияларында жұмыс істейді. Кафедра түлектері Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында, Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде, Қазақ ұлттық қыздар университетінде сабақ береді.
Жоғары білімнен кейін білім беру бойынша кафедра жылма-жыл магистранттар мен докторанттар даярлап, ғылыми мамандарды тәрбиелеуді де жүйелі жолға қойған. Соның нәтижесінде кафедра жаңа буын оқытушылармен табиғи түрде буын алмасу үдерісін басынан өткеріп келеді.
Аға буын театртанушылар салған сара жолды жалғап, өнертану докторы, прфессор, «Құрмет» орденінің иегері Б.Нұрпейіс, өнертану кандидаттары А.Мұқан, А.Еркебай, З.Исламбаевалар, жаңаша біліммен қаруланған PhD Ж.Сұлтанова, Н.Ескендіров, өнертану магистрлері А.Қадыралиева, А.Ахмет, Ж.Ахметова, Н.Құмарғалиева, М.Тәшімова, Г.Өмірзақова, Ш.Смайлова, т.б. сынды театртанушы-ғалымдар еңбек етіп жүр.
Қазіргі таңда кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы алыс-жақын шетелдік мамандармен бірлесіп, Халықаралық конференциялар, шеберлік сыныптар, дөңгелек үстелдер, пьеса оқылымдарын, тағы басқа да сахна өнерінің жобаларын өткізуге ат салысып жүр. Олардың қажырлы еңбегі қазіргі театрлық үдерісті жетік білуімен, яғни теориялық біліммен қарулануынан ғана емес, сахна ұжымдарының алыс-жақын өткен тарихын терең меңгеруінен де анық байқалады.
Ендеше, еліміздегі өнер мамандарын, сахна шеберлерін даярлауда өлшеусіз еңбек атқарып келе жатқан «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасын 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз! Шығармашылық шабыт, отбасылық бақыт тілейміз!